Жұма, 3 Сәуір 2026
Әдебиет 181 0 пікір 3 Сәуір, 2026 сағат 17:07

Тоғысу

Сурет: aqiqat.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

 Хикаят                      

Болат өзі қалап, тағдырынан сұрап алған қызметіне ақыр соңында келе жатты.  Көлігінен түсіп, қаланың индустриялық белдеуінде орналасқан автобус бөлшектерін шығаратын зауытқа қарай қадам басты.  Ат шаптырым аумақты алып жатқан, қаншама тарихты ішіне бүккен зауыт ғимараты Болатқа бала кезінен еңселі, құдіретті көрінетін. Әкесі Сейсен осы жерде алғаш еңбек жолын бастап, кейін бала Болатты талай мәрте сырттай қызықтатқан. Содан бала көңілінде «әкем сияқты зауытта істеймін, жаңа бөлшектер шығарамын» деген аяулы арман пайда болған. Сол арманын жүрегінде құндақтап, Америка аспады ма? Туған елінен жыраққа кетіп, кітап кеміріп, «еліме пайдалы азамат болсам» деген ақ тілегіне жетіп, көңілі семіріп, биыл қайтып оралған. Төрт жылы ауадай қажет білім алумен, тәжірибесін ұштаумен зымырап өте шықты. Оқуда үздік болғаны рас, содан да болар, америкалық ірі ғылыми-зерттеу орталығы жалақысы жоғары қызмет ұсынғанда, жүрегін бала арманына билетіп, өз Атамекеніне қарай құстай ұшқан. Өмірінде өздігінен қабылдаған бұл шешімі өкіндірмесіне сенімі мол. Жас жігіттен  жоғары дәрежелі білікті қызметкер бейнесін көретіндер мұны түсіне алмады. Әсіресе, анасы Нұргүлдің ұлына өкпесі қара қазандай. Жақын-жуыққа «ұлым Америкада білім алып жүр. Түбі сол жақта қалып, өкірген қызметкер болады,»-деп жиі мақтанғаны бекерге шықты. Оқуын тәмамдаған Болат әкесі бүкіл өмірін сарп еткен ескі зауытқа қарапайым инженер болып жұмысқа орналасты. Күлім келешегі ашқан қаншама есіктерді Болат осылай өз қолымен жапты. Ана көңілі перзентінің болашағына адыра қалғыр бала арманы кедергі келтіргеніне қапалы еді.  Апасының әдеміше жүзінен кейіс кетпей жүргені есіне түскен Болат жұмсақ езу тартып, ғимаратқа ене беріп еді, қарсы алдынан орта жастағы, тапал бойлы, шымыр денелі бір кісі жолықты.

– О, шетелде оқыған жас маман, қош келдің. «Арамызда алыс Америкада білім алып келген маман бар» деп мақтанып жүретін болдық. Алғашқы жұмыс күнің құтты болсын!

Даңғырлай сөйлеп, өзі бірінші болып қолын ұсынған қызметкерді Болат шырамытып тұр. Бұрын әкесі үйге әріптестерін ертіп келгенде, оң жақ езуінде қалы бар өрімдей жас, мығым денелі бір жігіт жүруші еді. Өзі тура осылай саңқылдап сөйлейтін.

– Қателеспесем, сіз Жарас ағасыз ба? – деп Болат елпілдеп, жылы амандасты.

– Иә, әкеңмен дәмдес болып, көпті үйреніп едім. Енді баласынан да бір жақсылықтар сіңірсем бе деп жүрмін. – Жарастың әзіліне Болат сыпайы жымиды.

– Қызметіңе кіріспей тұрып, алдымен бастыққа жолық. Бізде жазылмаған заң солай. Сосын маған келсең, жұмыс жағдайымен таныстырамын. – Айғайға бергісіз дауыспен басшының жұмыс бөлмесін нұсқаған Жарас жылдамдата жөнеле берді. Қарапайым кеңсеге кірген Болат бұл жерден қоңторғай тірліктің нышанын байқады.  Қабылдау бөлмесіндегі терімен қапталған қара диван күні өткенін ескірген, уақытқа желінген қалпынан-ақ аңғартып қойды. Хатшы қыз орнынан сылбыр көтеріліп, бұның келгенінен бастығын құлағдар етті.  Содан соң ішке енген Болат алпысқа таяса да, жігерлі қалпын жоғалтпаған, жүзі нарттай жанған Жайдарбектің қолпаштауына көміліп қалды.

– Міне, нағыз азамат келді! Өзін оқытып, барын аямаған еліне қалтқысыз қызмет етуге ниет еткен сендей жастарға әрдайым төрден орын бар.  Төрлет, төрлет!

Расымен де жоғарыдан орын ұсынған Жайдарбектің бұл әрекеті Болатты састырып тастады. Ол жақын тұрған орындыққа қалай отыра кеткенін өзі де байқамай қалды.

– Қысылма! Мына ағаң «төр сенікі» десе, демек, солай болғаны. Сонау Америкада үздік оқыған, көкейіне керек білім тоқыған сені бүкіл ұжым мақтан тұтады. Ол анық!

Жайдарбек сөзге қонақ бермей,  даурыға сөйлеп, бір кідіргенде, Болат әңгімеге араласты.

– Сіздің батаңызбен көгерейін деп, ақ тілегіңізді сұрай келдім. Алғашқы жұмыс күнімді үлкендердің батасын алмай, қалай бастайын?!

Кісі елінде төрт жылын өткізсе де, өз жұртының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін санасынан өшірмеген Болатқа Жайдарбек бұрынғыдан да мейірлене қарады.

– Сейсеннің ұлы болсаң, бата сұрамай қайтер едің?Әкеңнің еңбек жолын сен жалға! Туған еліңді көркейте бер! Елінен безініп, шетке қашып жатқан қайсыбір жастар сенен үлгі алсын!

– Аға, тілегіңіз бұйрыққа көбірек ұқсайды екен. Көп рақмет! – Еркін қалпын енді тапқан жас маман басшыға болмашы қалжыңдап, басын изеді.

– Бір жерде тапжылмай, ширек ғасыр басшы болсаң, сен де әмір бере сөйлеуге дағдыланар едің! – Әзілін оң қабақпен қабылдап, іліп әкеткен Жайдарбекке енді Болат сүйсіне қарады.

– Сұраған батаңды алдың. Енді жұмысыңа кіріс!-деген Жайдарбек Болатты көзімен ұзатып салды. Болат шығып бара жатып: «Жиырма бес жыл бір жерден табан аудармай, басшылық жасау қиын шығар. Еті өліп, үйреніп кетіп, жаңалық, жақсылық орнатпауы да мүмкін ғой, немесе істің жүйесін келтіріп, берекенің көзін тапқан болар,»-деп жорамалдады.

Болат өзіне бекітілген цехқа кіріп келгенде, таңғы жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр еді. Әлемді өзгертетіндей тым салмақты жүзбен кірген бұны әріптестері әзілмен қарсы алды:

– Арамыздағы қырықтан асқандарды жас деуші едік, енді олар жасамыс болып қалды ма?

– Сені кім дейік? Сары ауыз балапан десе жарасар!

Айнала қарап еді, көбі расымен де зейнет жасына таяп қалған бастары бурыл тартып, жүздерін әжім шимайлай бастаған, егде тартқан жұмысшылар екен. Бұған дейін жас атанып келген Мәуленнің өзі қырықтың екінші күзін қарсы алып үлгеріпті.

– Қайырлы күн, ағалар! Жай ғана атыммен атасаңыздар, қуанып қалар едім!

Болаттың бұл сөзі тағы да күлкі шақырды.

– Әй, мына бала ағылшынша сөйлей ме десем, біздің тілімізде сайрап тұр ғой!

– Әлде Америкада қазақша оқытатын университет бар ма?

Ду-ду күліп, өзін бірден бауырына басқан   ұжымына Болат риза болып қалды. Жатсыну жоқ, бауырға басу бар. «Үлкенмін» деп менменсіну жоқ, қарапайым келбет басым.

– «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» дегенді естімеп пе едіңіздер!-Қалжыңға үйір әріптестеріне енді Болат та сықақтай жауап қайтарды.

– Міне, нағыз қазақ жігітінің сөзі! Жылап жіберер ме екенмін?!- Мәулен әзілкештер сайысына түскендей, жеңін түрініп алыпты.

– Сен шайтан суға тойсаң ғана көзіңе жас алушы едің ғой. Жайшылықта да сықсыңдайтыныңды білмеппін.- Жарастың қыжыртпасына бәрі бірдей мәз-мейрам болып күлісіп, шуылдасты да қалды. Тек Болат қана ештеңеден бейхабар күйде, айналасын жіті көзбен бір шолып өтті.

– Шетте оқып келіп, бірден бастықтың креслосына жайғаса ма десек, қарапайым жұмысшылардың қатарынан табылдың. Бәріміз сенің келетініңнен хабардармыз, алайда көпшілігіміз  Жайдарбекпен іштей қоштасып қойғанбыз.- Жарастың сөзі тағы күлкі оятты. Кеңк-кеңк күлгендер, мырс-мырс етіп, иық селкілдеткендер жұмыстарын осы қалыпт арында-ақ тындырып үлгеріп жатыр.

– Жұмыстың уақытында орындалуын барынша қадағала. –Жарас енді байсалды райға ауысып, Болаттың қызметтік міндетін жіпке тізе бастады.

– Жоқ,-деді Болат жұлып алғандай,-жұмысшының қауіпсіздігін басты назарға аламын. Өйткені адам ресурсы бәрінен де қымбат. Техника қауіпсіздігінің толық сақталуын барынша  бақылаймын.

Ант қабылдаған сарбаздай саңқ ете қалған Болатқа үлкен-кіші бірдей көз тікті. Жүздерінде  таңданыс табы бар.

– Менің шетелдік дипломым болса, Қазақст анда мүлде қалмайтын едім,-деп ойлады Мәулен.

– Төрт жылын жақындарынан шалғайда өткізгенде, тапқаны осы құстың ұясындай цех болды ма? Мен бірден басшылық жағына ойысар едім,-деген ойға кетті Жарас.

– Бастапқыда өзін танытуға құлшынып, әркім-ақ сайрайды. Уақыт өте келе бірқалыпты ырғаққа түсіп, тақпағын ұмытып қалар. Бұл- ешкімге сыр ашып, жан баласына жолай бермейтін Жеткергеннің ойы.

Әркімнің бет ажарында ойнаған түрлі көңіл райына мән берген Болат көрінбеді, өзі сатып алған планшетін қолына алып, техникалық көрсеткіштерді тексере бастады.  Байқаса, зауытта станоктардың көбі ескі, қазіргі заман талабынан, уақыт талғамынан кейін қалып қойған. Өзі іс-тәжірибеден өткен америкалық зауыт ойына оралды. Қандай керемет еді!  Сапалы, ұзақ мерзімді қолданысқа жарамды өнім шығару-басты парыз. Өз өнімдерін жарнамалай да біледі, кепілдік беріп, елді сендіруге де шебер. Жұмысшылардың белі ауыр жұмыстан қайыспайды, шаруаның байлауы бір батырма, түймеше ғана. Бұл жерде ондай атылып тұрған жаңашылдық жоқ, жарнама жайлы айтудың өзі артық. Тасбақа аяңнан аса алмаған жаттанды тірлік.

Болат түскі  үзілістен кейін өзге цехтарды аралап жүріп, жұмысшылармен таныса бастады. Танысуы әңгіме-дүкен құру емес, қызмет барысындағы тілдесу ғана. Дәнекерлеу цехына кіріп келіп, бірден өзін таныстырды.

– Бүгін тағайындалған цех инженері Болат Сейсенұлы боламын, - деп қысқа қайырды. Құралбек қорғаныс көзілдірігі мен арнайы қолғабын киіп,  автобус шассисін дәнекерлеуге кірісті. Цех ауасы тым қапырық, күйген, кесілген металл иісі қолқаны қабады. Болат  станоктардың автоматты қауіпсіздік датчиктерін сканерлей бастады. Кенет бір датчиктің қызыл көзі жанып тұрғаны назарын аударды. «Тоқ күші шамадан тыс болғаны ғой,»-леп ойлаған Болат радио арқылы Құралбекке шұғыл хабарлама жасады. «Дәнекерлеуді тез арада тоқтатыңыз. Өрт қаупі бар!»- деген Болаттың шапшаңдата айтқан сөзін естіген Құралбек жұмысын кілт үзді. Өзге әріптестері де үйіріле қалысты. Болат бұлардың жандарына таяп келіп, ақаудың неден шыққанын білмекке шұқшиды. Бәрі бірден жерден шыққан электр сымының дұрыс жалғанбағанын білді.

– Дер кезінде байқап, цехтың отқа орануына жол бермедіңіз.-Көп жылдық тәжірибесі бар Дәрібай көтеріп тұрған жүгі бардай бір күрсінді.

– Одан бұрын Құралбек мырзаның жарақат алу қаупін болдырмадық. Ең үлкен қуанышым да осы,-деп Болат жадырай сөйлеп, бұрыла бергенде, дуылдата қол соққан жұмысшылардың қошеметінен селк ете қалды.

– «Әке көрген оқ жонар» деген осы.

– Шетелде білім алғанның артықшылығы бар екенін бірінші күннен-ақ көрсеттің. Бәрекелді!

– Құралбек мырза деме, көке десең орынды болады,-деп өзімсіне тіл қатқан әріптесі бұған қолын ұсынды. Болат ұзын бойы иіліп кетердей ізет көрсетіп, қарт жұмысшымен қол алысты. Бұл өткен мен бүгіннің табысуы еді. Бұл ескі мен жаңаның өзара қауышуы еді. Бұл өмір көрген үлкен мен жанарында жалын оты ұшқындаған жастың мақсатының бір арнаға тоғысуы еді.  Болат инженер журналына күннің ретін тайға таңба басқандай етіп жазды да: «Тоқ күшінің шамадан тыс қалпы датчиктерден бірден байқалды. Қауіптің алдын алдық. Жұмыс барысында және ауысымдар арасында датчиктерді мүлт жібермей қадағалау қажет. Электр сымдарының тиісінше жалғануын тексеру маңызды,»-деген жазба қалдырды. Компьютердің пернетақтасында көз ілеспес жылдамдықпен ойнайтын саусақтары  қолмен жазуға кәдімгідей тосырқап қалыпты. Журналға едәуір бөгелгені әріптестерінің көңілін аударып жіберді. Бірі сүйсіне қараса, енді бірі таңдана көз салады.

– Қаламмен жазуды ұмытуға жақын едім. Жолдарды әрең толтырдым-ау,-деп Болат журналды жауып, жұмысшыларға сәттілік  тілеу ишарасын білдіріп, бас бармағын көрсетті. Олар да бас шұлғысып, жылы қабақ танытты. Болат шыға бере, Құралбектің бүйір тұсын ала тұрған Сансызбай станоктың даусын басып кетердей зор үнімен сөз бастады:

– Құралбек көке, мына бала сені, тіпті бүкіл цехты құтқару үшін келген екен. «Жақсыдан шапағат» деген осы.

Ызы-қиқы шудың арасында әңгіме тыңдап жылдар бойы үйреніп қалған Құралбек әріптесінің сөзін жауапсыз қалдырмады:

– Тап солай. Біз аңғармағанды қырағы көзі шалып қалды. «Америкадан оқып келген» деп ел-жұрттың гулеп жүргеніне қарап, ақсаусақ біреу ме деп топшыласам, жоқ, істің бабын, жұмыстың жайын білетін жігіт көрінеді.

Сансызбай қорғаныш көзілдірігінің ар жағынан жымия қарады. Мақтау сөзге сараң Құралбектің жас маманды сонша дәріптегеніне таңдай қағып қалған түрі бар. Жай оғындай жылдамдықпен тараған бұл жақсылық хабар ымырт үйірілмей, бас инженер Дабылдың құлағына да жеткен. Ести сала бірден ішінде белгісіз құйын бірден бас көтерді. Ол сезімнің атын атап, түрін түстеп үлгермесе де, мазасы қашқанын анық сезді. Бір зауыттың бас инженері дәрежесінде жүргелі бері патша көңілі асқақтап, көпті көзіне іле бермеуші еді. Темірдің тілін білетін жалғыз өзі сияқты, паңданып, әлдененің жөнін айтуға асықпайтын кербез мінез тапқан. Енді соның бәрін бір жас бала иеленіп, қызғыштай қорып жүрген ризығын тартып алғандай  аласапыран бір күйге түсті.  Бұл қалпын көрген жұртшылық «Е, қайтсін-ай. Жанашыр басшының бірі ғой. Цехта оқыс оқиға бола жаздағанына күйініп тұр ғой,»-десті. Аңқау ел Дабылдың елдің қамына емес, өзінің қарақан басына теңселіп кеткенін сезген жоқ. «Боқмұрынның жолы болғышын! Келе сала жақсы аты шықты. Қай күні сүрінер екенсің?!»-деп  өзіне бейтаныс жігітке іштей тісін қайраған бас инженер кабинетінен шыға беріп, Жараспен соқтығысып қала жаздады. Осы бір бетің бар, жүзің бар демей тіліп түсетін тура мінезді азаматты  суқаны сүймейтін. Бүгін де маңдайын тыржитып, қою қасын керіп, оған тікшие қарады.

– Дәнекерлеу цехында...-Жарастың сөзінің соңын күтпей, Дабыл өзі іліп әкетті. Тіпті жақсының атын естуге дәті жетпей, төзімі таусылып кететін тәрізді.

– Естідім. Бәрін білемін. Цехқа бара жатырмын.

– Болат түбі сенің орныңа отыратын жігіт қой,-деп Жарас жөней берді. Күлімдеп тұрып айтса да, бұл сөзі онсыз да бықсыған Дабылдың көңіліне от тастады. Өзі іштей арман еткен, ығайларды жағалап, сығайларды сағалап жүріп жеткен қызметін әлгі антұрған бала тартып алардай асығыс адымдап, дәнекерлеу цехын бетке алды.  Осы шуға айыптыны тауып, айызы қанғанша жазғырса, көңіл айдыны қайтадан жайбарақат күйге түсердей сезінді. Цехқа кіре сала аюдай ақырған Дабыл бәрін бірдей жазықты деп тапты, жұмысшылар ақталудың ретін білмей састы, күндей күркіреген жағалының зікірінен жұмыстың берекесі қашты.

– Дабыл бауыр, айғайды қой, жасым үлкен,-деп тершіген маңдайын орамалымен сүртіп, таяй берген Құралбекті ашулы басшы көзімен ішіп-жеді.

– Алпысты алқымдасаң да, бір сымның дұрыс жалғануын тексере алмасаң, өйтіп сүрген өміріңді маған бұлдама!-Апатта қалғандай ышқына дауыстаған Дабылға енді Құралбек тесіле қалды. Адамның сан алуан ішкі сырынан хабар беретін көзі болса, Құралбек сол жанарға қадалмай қайтсін! Белгісіз ашуға булыққан басшының көзінен жарты ғасырдан астам жасап келе жатқан Құралбек көп жайтты аңғарды. Дабылдың зығырданын  қайнатқан жұмыс сапасы не ұжымның амандығы емес, қызғаныштан екенін адам тани білетін қартаң жұмысшы тап басты. Содан да оның айғайы көтерген құйынды сап тыйды.

– Дабыл, жетер осы айғайлағаның! Нең бүлінді? Жақсы аттан құр қалдың ба? Жұмыстың берекесін қашырмай, одан да кабинетіңе бар!

Онсыз да жүрегін сор сезімдер тұзақтаған Дабыл Құралбекке ұмтыла беріп еді, өзге жұмысшылар тосқауыл болды. Ақылын ашуы билеп, түзу сөз айтуға мұршасы келмеген басшыны екі жігіт қолтықтап, сүйрелей жөнелді. Дабыл оларға бұдан басқа жол қалдырмаған еді. Қос қапталындағы қарулы жігіттерді итеріп тастап, кабинетіне алқына кірді.  Екі аттап төрге жетті. Терезеден сыртқа үңіліп, өзін-өзі түсінуге тырысты. Көпшілікпен күліп амандасып, сыпайы қоштасатын  сырбаз қалпын жоғалтып алғанына өзі де сене алар емес. Құлағына Құралбектің «Нең бүлінді?» деген зәрлі айғайы келді. Сол-ақ екен, бәсеңдей бастаған жүректегі қызғаныш оты қайта лаулай жөнелді. Көлденең көк аттыны екі сөз жұптап мақтауға сараң оның анау шикіөкпемен қол алысқаны ұжымға аңыз болып тарағаны шымбайына батпады ма? Таңертең бастығы Жайдарбектің жас инженерді  «төр сенікі» деп жоғары бағалағанын ұзынқұлақтан естіп, тұла бойы бір суынып, бір ысынып еді. Өзімен ресми түрде ғана тілдесетін салқын қабақ Жайдарбектің Болаттың алдында неге сонша құрдай жорғалағанын біле алмай, дал болған. Енді Құралбектен сүйегінен өтердей сөз естігені намысын бір шабақтаса, жұмысшылардың   желкелегендей етіп шығарғандары анау. Бұның жылдар бойы тірнектеп жиған беделіне анау шикі баланың бір-ақ күнде ие болғаны  зығырданын қайнатты. Ызамен қолға алған ісі өнбеді, компьютер экранына телмірген болды, құр көзі талды. Журналдарды ақтарып, есеп дайындаған сыңай танытты, әптер-тәптері шыққан қағаздар шашырап, әр жерде қалды.

Бұл кезде дәнекерлеу цехында жұмысшылар қыран-топан күлкіге кенеліп жатыр еді. Бірі Құралбектің даусына салып, оның сөзін қайталаса, енді бірі ашудан безгек буғандай қалшылдаған Дабылдың кейпін келтіреді. Күле жүріп, кешкі ауысымдағы жұмысшыларды қарсы алысты. Оларға күндізгі ең айтулы екі оқиғаны жырдай етіп жеткізіп үлгерді. Асыра мақтағандары сонша, Болатты құтқарушы періште деп барып әрең тоқтасты. Дабылға келгенде, оны даттар сөз таппай, ақыры «адам емес» деп шешім қабылдасты. Бір-біріне сәттілік тілеп, ауысымдарын тапсырып, тыныш көңілмен цехтан шыға берді. Құралбек аулада Жараспен қатарласып бара жатқан Болатты көрді.

– Әй, Болат, тоқташы,-деп дауыстады тісқаққан жұмысшы.

– Иә, көке, не айтайын деп едіңіз?-деп кідіріп, өзіне бұрылған Болатты Құралбек арқасынан аямай ұрып қалды. Мұнысы-разылығының нышаны. Қажырлы еңбектен  шойын болып қалған алақаны қаланың нәзіктеу өскен еркесіне ауырлау тисе де, ол сыр білдірмеді.

– Міне, ақылды бала көкесін екі сөйлетпейді. «Енді мырза деп міңгірлегеніңді көрмейін» деп едім, айтқанымды құлағына құйып алыпты.

– Құрекеңе жақсаң, онда бұл ұжымға біржолата тастай батып, судай сіңдің деген сөз. Дәнекерлеу ісінің шеберіне ұнаған екенсің, бұны атап өту керек. –Жарастың ауланы басына көтере айтқан бұл сөзіне жұмысшылар топтана қалысты. Болат «жүріңдер» десе, мұрнын тескен тайлақтай еріп отыруға даяр. Болат өзі «мәрттік, жігіттік» деп атайтын, ал анасы «ысырапшылдық» деп аса жақтыра қоймайтын дархан мінез әкесінен берілген. Көңіл жықпастық танытуға әзір тұратыны тағы бар. Бес-алты әріптесіне бір дастархан жая алмаса, онда інілігі қайсы? Қалтасындағы ақшасын іштей шамалады да, таяу маңдағы арзан дәмханаға жол бастады.

– Сейсеннің ұлы, жарадың!-деді Құралбек Болатты қабағынан түсініп.

– Сейсен аға да жомарт еді, аңқылдап тұратын,-деп Жарас бұның әкесінің мақтауын келістірді.

– Сенің ағылшынша ағытылғаныңды көріп, қою шайдан сімірейік,-деген Мәулен Болатты иығынан қағып қалды.

– Ағылшынша демекші, бір әңгіме айтайын. Біздің бір жамағайынның ұлы Америкадан оқып келді. Танауын шүйіріп, елде жүрген бізді менсінетін түрі жоқ. Бір күні әке-шешесі алыс-жақын туысқанның басын қосып, мейман етті. Сонда әлгі жас жігітті ортаға алып, «нанды не дейді ағылшын тілінде? Шайды қалай айтады?» деп өзеуреп отырсақ, кеудесіне нан піскен пысықайдың «енді...ондай сөздерді білетіндей ағылшыншам тым тереңдеп кеткен жоқ» демесі бар ма?

Құралбектің сөзін Жарастың даңғаза күлкісі көміп жіберді. Өзгелер де қарап қалмады, әлдері келгенше мысқыл күлкінің атойын салды. Құралбек көкесі жай ыржиғаны болмаса, өңешін жырта қарқылдамады.

– Менен де солай сынақ алмақсыздар ма? Мен дайынмын,-деп Болат күле сөйлеп, дәмхананың есігін ашып, әріптес ағаларына құрмет көрсетті. Олар бұл ілтипатқа мәз-мейрам болып қалды. «Қайран бала көңіл ағаларым-ай!» деп ойлаған Болаттың жүрегі жиі соғып, кісі көзінен таса тұстан үстел іздей бастады. Ондағы ойы кіріп-шыққандардың жолында отырмай, ел көзінен қағаберісте шүйіркелесу еді. Оңашалау жерден үстел де бұйырды,  исі мұрын жарған ас-ауқатқа тола кетті. Дәмді астан қарбыта асағандар әңгімеге де үлгеріп қалып жатыр.

– Болат бауырым, мен өзі бәріне бірдей оң рай танытпайтын адаммын. Сәл жылы қабақ көрсетсем, осылай дәмханаға  бастай жөнеледі. Сол себепті көп ешкіммен қол алыспаймын,-деген Құралбектің сөзіне бәрі бір кісідей күлкіге щат-шадыман болып қалысты.

– Көке, сен  өзі бастықтардың жан дертін тура айтатын тәуіпсің ғой. Бүгін Дабылға  «қызғаншақсың» деген диагноз қойыпсың ғой. –Жарастың қақалып-шашалып айтқанын аңдай қойған өзгелерінің бет-жүздеріне күлкі реңі ойнап шықты. Езуі жиылмай отырған Болат іштей салмақты ойға кетті: «Титықтатып жіберетін жұмыстан қажып шығудың орнына, әзілдері жарасып, ақ жарқын көңілмен отырған бұл ағалар қандай керемет жандар еді! Жат елде қалып қоймай, өз жеріме  оралғаным қандай жақсы болған! Томсырайып жүрген апам да кейін мені түсінер, қолдар. Өйткені ұлы нағыз ұжымын, өз ортасын тапты ғой.»

– Әй, Сансызбай, Дабыл бастықты желкесінен алып, цехтан қуып шыққандарың рас па?-Мәулен отты үрлей түскендей еді.

– Жоқ, қайта жарты құдайымыз ғой деп құрметтеп, қос қолтығынан демеп, кабинетіне дейін апарып салдық.-Сансызбайдың қағытпасына жиналғандар риза бола күлісті.

– Жә, жүріп-тұрғанның бәрін кекете бермей, Болат қа тілек айтайық. Бауырым, бауыр етім...

– Ет жүректі елжірететін лебіздер басталды. Жылап жібермес пе екенмін?-деп Мәулен бет-аузын тыржитып, аянышты кейіпке ене қалды.

– Отты судан ұрттамасаң, несіне жыламсырайсың? Одан да көкеңді тыңда. Болат бауыр, бастаған еңбек жолың сәтті болсын! Биік мансап-биік жартас. Сол биік жартасқа қыран болып қалықтап шық. Біз төменнен саған сүйсіне қарап, мадақ айтып отыруға жарасақ болғаны.

Құралбектің үлкен аға болып сөз алып, жүрегінің түкпірінен қопарыла шыққан шынайы тілегі дуылдасып отырғандарды бірден байсалды күйге шақырды.

– Пай-пай, көке, Абай атамыздың даналық сөзімен тұздықтап айтқан тілегіңіз қандай әсерлі еді! Көп рақмет сіздерге! Жас деп, өзегіме теппей, бауыр деп ішке тарттыңыздар. Тілектестік таныттыңыздар. Бірақ менің аңсағаным биік мансап емес. –Бар көңілімен  ақтарыла сөйлеген інісін Құралбек үзіп тастады.

– Сонда өмір-бақи қатардағы инженер болып жүрмекпісің? Лауазым билеп-төстеу үшін емес, жалпақ жұртты жақсылыққа жеткізу үшін, елге шапағат нұрын шашу үшін керек. Солай емес пе, жігіттер?

Құралбектің сөзін бәрі бір ауыздан қостады. Ақыры Болат амалы құрып:

– Жақсы, көке. Сол сіз айтқан биік жартасқа сіздермен бірге шығайын,-деп сөзін аяқтай беріп еді, Жарастың дарылдаған даусы бөліп жіберді.

– Бәріміз бір жартастың басында не істейміз? Бір-бірімізді құлатып тынбаймыз ба?

– Иә, Жарас, дұрыс айтасың. Абайдың «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын» деп айтқанына ғасырдан асыпты. Қиқымдалғанша, бір басшының аузына қарап, соның айтқанына өріп,  дегеніне қарай жусағанымыз жөн емес пе? –Көпті көрген азаматтың лебізі жартас жайына нүкте қойғандай сәл тыныштық орнады.

– Болат, кейін зауыт директоры болсаң, мені хатшы қылып алшы,-деген Мәуленнің өтініші аз-кем үнсіздікті күлкіге алмастырды.

Жайылған дастарханға ақ бата беріп, жиылғандар түн қараңғысында зорға тарқасты. Болат үйіне кіре бере, анасының ренішті жүзін байқады.

– Сен шаршап келеді ғой деп сонша тамақ әзірлеп едім. Сырттан тойып келген сияқтысың. Елді де қарық қылғаның анық. Әкеңнен аумайсың,-деп күңк етті Нұргүл.

– Апа, дастарханға шақырғаным рас, тентек судан татып алмадық, жай әңгіме-дүкен құрдық. Оның несіне сонша қабақ шытасыз?-деп Болат анасының қолына жармасты. Ұйқы алдында апасының ыстық алақанын жүрек тұсына қою бала кезден бергі дағдысы еді.

– Мен дайындаған тамақтан дәм татпай ұйықтаушы болма! Жүр, жуынып ал да, шайыңды іш!-Ұрысқаны айналайын болып естілген анасының сөзіне бас изеген Болат сәлден соң  үстел басына жайғасты. Бұл кезде өзінен аумай қалған ұлын іштей мақтан тұтып, қоқиланған әкесі төрге орныққан еді. Нұргүлдің «әкеңнен аумай қалғансың» деген назалы  үні оның құлағына майдай жаққан.

– Небір темірді саз балшықтай илейтін Құралбекті бір ажалдан құтқарыпты біздің ұл. Жарадың. –Сейсеннің мына сөзі баласын алыс елге аттандыра алмай жүрген Нұргүлдің көңіліндегі кірбіңді біржолата шайып кетпесе де, езуіне ризашылық жымиысын ұялатты.

– Құралбек те зейнет жасына таяп қалыпты. Сен сияқты жұмыста жүріп жарақат алмай, аман-есен  бейнетінің зейнетін көрсін.-Шешесінің нені тұспалдап отырғанын сезе қойған Болат сөз жұптағанша асықты. Әкесінің дәнекерлеу кезіндегі апаттан көз жанары солып, мүгедекке айналғанын есіне де алғысы келмейтіні, біреу әңгіме қылса, жарылып кетердей бір алай-дүлей сезімге бой алдыратынын ұлы жақсы білетін.

– Әке, бүкіл ұжым мені жас маман ретінде емес, Сейсеннің ұлы деп қабылдады. «Батаменен ер көгереді» деп бірінші жұмыс күніме сәттілік тілеуін өтініп, Жайдарбек ағаға жолыққанымда, ол да «Сейсеннің ұлы болмасаң қайтерсің? Төр сенікі!» деп құрақ ұшты.

Нұргүлдің жақ ашқанынан ескі жарасы есіне түсіп, жүзі суып бара жатқан әке перзентінің мына сөзінен кейін жаны жай тапты.

– Жайдарбек өзі мың болғыр азамат,-деп бастай беріп еді, Нұргүл өткен күннің өрекпіген елесін қөайта оятты.

– Сол азаматың сен зақым алғанда зауыттан бір тиын да көмек бермеп еді ғой. Қалайша тез ұмыта саласың?

– Нұргүл, ескі боқты шұқи берме. Не болатынын өзің де білесің. Шайыңды қабағыңды ашып құйсаң қайтеді?-Сейсеннің төзімі таусылғандай   қабақ шытты.

– Әке, айтпақшы, Жарас аңа «сізден көп нәрсе үйреніп едім, енді баласынан да бір жақсылықтарға қанып қалармын» деп құлшынып жүр.

Баласының сөзінен әкенің жүзі жайнады. Нағыз еңбекті қалап алған ұлына қарап, әке көңілінде бұлбұл сайрады.  Еңбектің азабын көріп, ғажабын да татқан ардагер еңбекшінің тамырында  өмір қаны қайнады.

– Ізімді қуған Болатым барда мен мүгедек емеспін,-деп ойлады Сейсен.

– Мен тек әке жолын жалғаушы емеспін, еңбектене жүріп өз соқпағымды  да салармын,-деген ойға қалды Болат.

– Әкең ауыр зардап шеккен жұмыс орнына барып, мені сары уайымға салдың ғой, кенжем,-деп Нұргүл алаңды ойдың жетегінде отырды.

***

Алматыда күз дәурені тәмам болып, қыс пәрменін жүргізе бастаған. Өзге өңірлерге қылышын сүйрете жеткен қаһарлы қыс оңтүстікте ақпанда ақырып, ақ түтек боранын бұрқыратып, шаһар тұрғындарын мезі еткен. Таң ағара оянып, әке-шешесімен бірге тамақтанған Болат жұмысына келе жатты.  Көңілінде түптөркіні беймәлім мазасыздық бар. «Жарты жыл! Не өзгерді? Қолымнан не келді? Тау жығардай екпінім қайда кетті? Менен үміт күтіп, басқа елден білім алуға аттандырған елім зауыт пен үйдің арасын шаңдатып жүрерімді білсе, бәлкім,  Алматыда-ақ қалдырар ма еді? Қиялымда бір ғажайып зауыт бар, тек соған қалай жетерімді білмей алакөңіл болып жүргенімді-ай!»-деген ойының тұзағында жүріп, зауытқа кіре берді. Күндегі бірсарынды тірлік, құрылғыларды тексеру, қауіпсіздік талаптарын бақылау, қайсыбір станоктардың жұмыс жүйесін қадағалау. Жұмыс киімін ауыстырып киіп, бөлмеден шыға бергенде, Дабылмен ұшырасып қалды. Өзіне ә дегеннен соқтыққан осы қапсағай денелі қара жігітті түсінбей-ақ қойды. Алты аласы, бес бересі болмаса да, мұны мұқатуға, сәті келсе әжуалауға дайын тұрады. Кішілік көрсетіп, елемеген болып қашанға дейін жүретінін өзі де білмейді.

– Ақ түтек боранда адаспай, кешікпей келгенің дұрыс болды,-деп кекетті Дабыл қысқа амандықтан соң.

– Туған жерімде көзімді байлап қойса да, адаспайтыным анық. – Болат та сөз қарымтасынан құр қалмай, жауап қайырып үлгерді. Аял тұтып тұрмай, пресс цехын бетке алды. Таңғы ауысымды тексеріп, көңілін бір көншітіп алғысы келді. Болат дауыстай амандасып, цехқа кіріп келгенде, үлкен пресс машинасы жұмыс істеп тұр еді.

– Күндік межені білесіздер. Соған сай қарқынды іс тындыруларыңызға тілектеспін,-деп сергек тіл қатқан Болатқа оператор Арынтай бас изеді.

– Иә, межеміз анық, күннің жоспары да белгілі. Рақмет, інішек!

Өзін «бауыр, інішек» деп атағандарына құлағы үйреніп қалған Болат бұл сөзге шамырқанып жатпады. Жастарының үлкендігін алға тартқан кейбіреулер мұның атын атамай, бауыр тұтады.

– Ендеше, металл парақтарды кесіп, пресс кезеңіне дайындай беріңіздер,-деп Болат машинаның тетіктерін тексере бастады. Машинаның гуіліне құлақ салып сәл тұрды. Біркелкі жеңіл гуілді ұнатқандай қолын сермеп шыға берді.

– Бұл інішек техникамен кәдімгідей сөйлеседі, оларды тыңдайды,-деп Арынтай қасындағы жұмысшыға жымия қарады.

– Мен бұрын инженер деген айғайлау үшін керек пе деп ойлайтынмын, сөйтсем, ол біздің амандығымызды, жұмыстың оңынан орындалуын ойлап, шыр-пыры шығып жүретін жанашыр адам екен ғой, - деп Бектеміс шешіле сөйледі. Оның ризашылыққа толы сөзі өзге жұмысшыларды қанаттандырып, бәрі тәуліктік жоспарды жабуға жанталаса кірісіп кетті. Олар кесілген металл бөлшектерін пресс машинаға салып, қажетті пішінде июді бастауға даяр еді, Болат асыға қайта кірді.

– Планшетімді ұмытып кетіппін,-деп ақтала сөйлеп, күйгелектігін аңдатып қойған затын қойнына сүігіте салды. Осы сәт Арынтай батырманы басып, пресс машинасын іске қосты. Болат жұмыстың жүзеге асу жайына куә болып, сәл тұрып қалды. Жоғары плита төмен түсе бастағанын бақылап, Болат іштей секундтарды санап тұр. Металл табақ қалыпқа тиіп, алғашқы кернеудің пайда болғаны машина дыбысының сәл-пәл өзгергенінен байқалды. «Темір екеш темірде де тіл бар» деп ойлады Болат көзін монометрден алмай.  Қысым жүз сексен тоннаға жетіп жығылып, металл бөлшек иіле бастады. Қысым үш жүз тоннаны құрағанда, металл қажетті қалыпқа ене бастады.  Арынтай жұмыс үрдісін тоқтатуға ыңғайланғанда, Болаттың қырағы көзі металдың бір шеті баяу қалыптасып жатқанын шалып қалды. Жас инженер ойға уақыт кетірмей, бірден іске көшті:

– Арынтай аға, пресс циклін тағы бес секундқа ұзартыңызшы. Ішкі кернеудің тең бөлінуіне секундтар жеткілікті,-деп өтініш етті. Арынтай сенер-сенбес раймен пресс циклін ұзартты.  Пресс жоғары көтеріліп, дайын бөлшек көрінгенде, Болат металдың екі шеті бірдей деңгейде иілгенін көріп, қуанып кетті. Арынтайға ескерту жасауды да ұмытпады:

– Машинаны басқарып тұрған сіз қажет жағдайда шешім қабылдай да білуіңіз керек. Бір ауысымдағы сапасыз бөлшек бүкіл жұмысты тұралатады. Соған сақ болғаныңыз абзал!

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Біздің цехтан шыққан бөлшек келесі жұмысшылардың қолына тигенде, оларды әуреге салар еді. Жас болсаң да, сенен үйренерім көп сияқты,-деп Арынтай мүшел жас үлкендігін тағы есіне сала сөйледі.

– Сапасыз бөлшек жасауға рұқсат жоқ. Ол бүкіл жұмыс жүйесіне кесірін тигізеді, шикізаттың ысырап болуына алып келеді. Сондықтан сақтық әркімге қажет!

Өз дегенін шегелеп,  асығыс шығып кеткен Болаттың соңынан қарап қалған Арынтай қасындағы жұмысшгылардың оған деген құрметке толы ыстық ықыласын сезді. «Тәжірибе маңызды» деп кеуде қағамыз. Ендеше, бұл жарты жылдық қана еңбек өтілі бар жас жігіттен жиі ақыл сұрайтынымыз қалай?» деген ойға қалды Арынтай.  Өзінің жиырма жылдық тәжірибесіне күмәнданып қалған Арынтайдың ойын оқып қойғандай жанын ала тұрған Қапалбек:

– Осы Болатты көрсем, жаныма белгісіз тыныштық ұялайды. Өзі иман жүзді бала, істің бабын біледі. Қашан көрсең, шапшаңдата қимылдап, шаруаны тасқаяқтай қағыстырады. Аузын ашса, «өмір қауіпсіздігі» деп сарнайды. Қалай риза болмайсың?- деп ұзақ-сонар мақтап барып, әрең тоқтады. Арынтай оған «ісімізді жалғайық» деген емеурін танытты. Жұмыс өзінің бірқалыпты әуенін қайта тапты.

Болат ұзын дәлізді бойлап келе жатып, дәнекерлеу цехына қарай ойысты. Биіктен түнерген терезелер оған біртүрлі суық көрінді. Студент кезінде жайлы, жылы, салтанаты асқан жұмыс орнын елестетуші еді. Әлде өзінің балаң арманы жүрегін қытықтап, көңіл аспанын ала бұлтты ете бергеннен кейін, туған жеріне қайтуға шешім қабылдағанына өкінген қалпы ма бұл? Студенттік қиялындағы кең, жарығы мол, еңсесі биік қызмет орны енді адыра қалып, қабырғалары суық қалып танытып, терезелері сырттағы жарықты ішке молынан жіберуге қауқарсыз терезелерге кәдімгідей бауыр басып алған сыңайы бар. Бұл күйін іштей аңдаған Болат өз-өзінен мырс етті: «Иә, жүйрік қиял арғымағына мініп, жайлы кеңседе қызмет жасауға талпындым. Бірақ жүрегімді арманым билеп, осы кеңес кезінен келе жатқан зауытты таңдап алдым. Дабыл сияқты кеңсе тышқанына айналу ойымда жоқ. Жұмысшылардың арасында, қайнаған қызу еңбектің дүбірінде жүрген кезім қандай тамаша! Тек осы жаттанды тірлікке бір жаңа өң бергім келеді! Бірақ қалай?» Ой кешкен жігіт дәнекерлеу цехына кіріп келгенін байқамай да қалды. Мұндағылардың бәрімен емен-жарқын амандасып, жұмыс жайына шұқшиды. Інісін арқасынан қағып, аса жылы қарсы алған Құралбек әзілдеп те үлгерді:

– Өзі біздің цехқа жиі ат басын бұратын болыпсың. Мына қапырық ыстық ұнай ма, әлде бір-біріне желімдей жабысқан темірлердің қалпы қасиетті көріне ме?

– Көке, мен үшін ең киелі-нағыз еңбек адамы. Қарапайым, әрі қастерлі нақ солар дер едім.

Болаттың ұтымды жауабына риза болған жұмысшылар қауқылдасып, мәре-сәре болып қалды.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демей ме халқымыз?-деп Болат датчиктерге бір көз жүгіртіп, еңбекқор ағаларының көңілін біржолата шыңға көтерді.

– Болат, осы сен небір әдемі сөздерді қайдан тауып айтасың? Кітапты көп оқисың ба, әлде жасанды интелектінің үйреткені ме? –Мәулен Жарас екеуі дәнекерленетін металдарды станокқа орналастырып жатып, Болатқа жайраңдай қарады.

– Білесіз бе, жасанды интелекті ешқашан кітаптың орнын ауыстыра алмайды.

– Демек, кітаппен доспын деші.

– Әдебиетті сүймейтін инженер болмайтын шығар, меніңше. Ғылымның бір ұшығы шарықтаған қиялда емес пе? Инженерлікті оқып бітіріп, ақындық жолға түскен тұлғалар да баршылық.

Болаттың сөзіне онсыз да ду-дүрмегі мол цех іші тіптен дабырлап кетті:

– Е-е, сен де бір күні қоштасу әнін айтып, ақындық жолды таңдап, бізді тастап, тайып тұрма!

– Мына көкеңе арнап түбінде бір өлең шығарарсың!

– Темірді желімдегендер өз жыртығын жамай алмай жүр деп жырлатшы бір!

Сұңғақ бойлы, ақ сары жүзді, жаратылысы нәзік жас инженер әріптестеріне қарап, күлімдей берді. Өзінің жан сыры мөлдіретіп айтқанын әжуаға айналдырғандарға ренжу ойында да жоқ.

– Әй, бауырым, «ғылымның бір ұшығы қиялда» дейсің. Кәне, қиялмен мына қара темірді келесі бір бөлшекке жапсырып көрші. – Құралбектің сөзі у-ду болған жұмысшыларды салқын сабыр ауылына бастап әкелді.

Болаттың қиял ортекесі  бұл кезде өзі көз жүгіртіп тұрған датчиктерден ары асып, зауыттың биік қабырғаларынан қарғып өтіп, ойнақтай жөнелді. Ауыздықсыз кеткен қиял шіркінде тоқтау бар ма? Көз алдында аспанмен тілдескен жаңа зауыт кешені бой көтерді. Бақайшағына дейін заманауи техникамен қаруланған жұмысшылар сымға тартқан күмістей  көзге ерекше түседі. Ешкім терлеп-тепшіп белі қайысып азаптанбайды, алған білімдерін таяныш етіп, қажетті түймешені ғана басады. Адам пішіндес құлтемірлер барлық қара жұмысты атқарады, адам соларды басқаруды ғана біледі. Бәрі отандық жоғары оқу орындарының түлектері, кіммен болса да, бәсекеге түсуге қабілеті бар білікті қызметкерлер. Инженер Болат оларды қабағынан таниды, ал станоктағы ақауды  гуілінен-ақ анықтайды. Бұлардың қолынан шыққан өнімдер жер жүзіне тегіс тарап, қазақы сапаның атағы жер жарады. Қияли жас маманның жүрегі осы сәт тайдай тулап барып, сәлден соң қалыбына келді.

– Болатжан, датчиктен көз айырмай, неге езу тарттың? Бізге де айтшы.

– Оу, ағалар, мен мынадай ойға қалдым. О бастағы әуенінен бір танбайтын осы күйімізді өзгертсек қайтеді? Жаңартсақ, жаңғыртсақ?

Әріптестер күлкіге кенелді де қалды.

– Біз сені бір сұлуға ғашық болып, соны елестетіп, жымың-жымың етіп тұр ма десек?

– Сен тіпті қиялыңда да осы зауытты елестетесің бе? Міне, өз ісіне құлай берілген нағыз инженер!

Болат бұлармен ақылдасып, көңілі жай таппасын сезді де, ыржиған күйі цехтан шығып кетті. Бірақ қиялындағы жаңа зауыттың бейнесі көз алдынан кетпей-ақ қойды. Жайдарбек шақыртып, өнім көлемін арттыруға қатысты бұның ұсынысын талқыға салған кезде де, сол бір ғажайып зауыт пен жаңашыл жұмысшылардың келбеті көлбеңдей берді. Жауаптылар бас қосқан жиында Жайдарбек мәселені төтесінен қойды:

– Болат жас та болса, көптеген игі істің бастамашысы болып жүр. Өнім деңгейін көтеруге ұсыныс айтты. Енді осы мәселені талдап, қорытынды шығару-бүгінгі отырысқа қатысып отырған сіз бен біздің  басты міндетіміз.

– Жайдарбек Айдарханұлы, меніңше, бұлай асқақтауға тым ерте. Менің қолымда жартыжылдық есеп бар. Сонда өнім деңгейінің белгіленген мөлшері ғана көрсетілген. Артық өнімді қайда өткіземіз? –Дабыл ескі әдетіне басып, тәкаппарлана қасын керіп, әр сөзін бипаздай сөйледі. Қолындағы қара папкасын білемдеп ұстап, маңғазданып тұр. Осы тұрысында көпті білетін көшелі басшыға көбірек ұқсайды.

– Жайдарбек аға, өнім сапасы жақсы. Бізден бөлшектер сатып алып жүрген мекемелерден жылы лебіз естіп жүрміз. Мен автобус бөлшектерінің сатылуы мен сипаттамасын күзде өзім ашқан сайтқа уақытында тіркеп отырдым. Біздің өнімді сатып алған мекемелер бөлшекті қолданысқа енгізгеннен кейін ақиқат пікірлерін жазды. Мен сатып алушылардың пікірлерінен өнімнің жалпы бағалану күйін жүйелеп келдім. Назарларыңызға ұсынайын. Алдарыңыздағы планшетке зер салып қарасаңыздар, өткен жылдың өнім есебі ашылады.

Түлеп ұшқан тастүлектей ширыға сөйлеп, шалт қимылдаған Болатқа бәрі бір кісідей көз тікті.

– Бұл жаманның менен озық жері осы-жаңа технологияны жақсы біледі,-деп іштей алас ұрды Дабыл.

– Сөзге шешен, іске бейімді бұл жігіт арамызда ұзақ жүрсе жарар еді, жоғарылап кетпес пе екен?-деп қауіп ойлаған Жайдарбек планшеттің керекті түймесін таппай, абдырап қалды.  «Ұялған тек тұрмастың» керімен көзіне көрінген бір батырманы баса қойды. Жайдарбектің іштей сасқалақтағын байқай қойған сезімтал жігіт оның жанына келіп, қажетті құжатты ашып берді. Басшысына басын сәл иіп, ілтипат білдіріп, мірдің оғындай өткір сөзін жалғай берді:

– Сайттан көріп отырғандарыңыздай, өнімдерімізге көңілі толған сатып алушылардың саны артып отыр. Егер біз қазіргі мөлшерді жартылай ғана көтермесек, олардың сұранысына жауап бере алмасымыз анық. Бар клиенттен айырылып қалу ақылға сыймайды.

– Болат Сейсенұлы,-деп әндете сөзге кірісті Дабыл салқын, ресми дауыспен,-зауыттың өнімдері туралы сайт ашқаныңызды бізге, басшыларға неге хабардар етпедіңіз? Бұл өзім білемдік болып табылады.

– Бізге айтпай, сайт ашу еш заңсыздық емес. Жұмыстың күйін бақылау ғана болып табылады,-деп Жайдарбек жас маманды өзі ақтап алды. Тырнақ астынан кір іздеп, талағы тарс айрылып отырған Дабылға бұл жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Мына инеліктей арық неме ұжымға да абыройлы, бастыққа да әбден жаққан. Не сиқыры бар бұл ұзын тұраның?

– Иә, Жайдарбек аға, өте орынды айттыңыз. Дәл осы мақсатта ашқан сайтым кейін өнімдеріміздің, яғни, біз баптап шығарған автобус бөлшектерінің сатылу деңгейі мен сатып алушылардың пікірін білетін басты құралыма айналып отыр. Байқасақ, біздің бөлшектер тек Алматы қаласы бойынша ғана емес, өзге қалалардан да сатып алушы мекемелер табылып отыр.

– Дұрыс, дұрыс,-деп бас шұлғыды Жайдарбек сайт туралы алып-қосары болмай. Болат түртіп қалып ашып берген бір құжаттан сатып алған мекемелердің қай қаладан тапсырыс бергендері тізіліп, көз алдына самсап шықты. Жерден жеті қоян тапқандай қуанған Жайдарбек орнында қозғалақтап кетті. Басқарма жиынында енді қайтып салы суға кетіп тұрмайтын болды. Болатқа айтып, тамаша бір таныстырылым жасатып алса болғаны. Мақтаулы басшылармен иық қағыстырып, терезе теңестіріп жүретін күн алыс емес!

– Бәлкім, инженерден жарнамашыға айналарсың?-деп амалы таусылған Дабыл Болатты ашық мысқылдады. Оның улы қағытпасына жас жігіт салмақпен тойтарыс берді.

– Дабыл мырза,-деді оның тура өзіндей ресми раймен,-әлбетте, жарнама керек-ақ. Оған арнайы бөлінетін қаржы жоғын ескеріп, осы сайтқа жарнама бөлімін де қосып қойғанмын. Жарнама мәтіндерін сайт парақшасының төменгі жағынан көре аласыздар.

– Иә, жарнама сияқты ұсақ-түйекке бөлетін бізде қаражат жоқ,-деп бас есепші Зайгүл ештеңенің байыбына бармсаса да, ат-тонын ала қашты.

– Артық шығынға жол бермейтіндеріңіз белгілі ғой. Сондықтан біздің өнімдерді көпшілікке танытатын жарнаамалар осы сайтқа орналастырылған. Кез келген әлеуметтік желіге бөлісе аласыздар. Мысалы, былай. –Болаттың салалы саусақтары планшеттің пернетақтасында бірер батырманы басып қалып еді, жарнама Жайдарбектің телефонына келіп түсе қалды.

– Жарнама мәтіні қысқа, әрі адамды арбайтындай күші бар екен. «Отандық нарықта жиырма жыл: сапа, тұрақтылық, қолжетімді баға» деген жалғыз сөйлемде-ақ мақтауын асырыпсың.-Жайдарбек қалта телефонын тұңғыш рет көріп тұрғандай, тамсана қадалды.

– Өнім көлемін арттыру туралы менің ұсынысымды басшылықтың атынан жоғарыға жолдау қажет пе, соны осы жерде шешіп алсақ,-деп Болат саңқылдай сөйлеп, Жайдарбектің желкесінде қадалып тұр. Бастығы «иә» деп айтпаса, осылай қара кешке дейін қаздиып тұра берер түрі бар.Дабыл Болаттың әр сөзіне бас терісі құрысып отыр еді, оның «басшылықтың атынан» дегенін құлағы шалып қалып, еңсесін тіктеп алды.

– Болат Сейсенұлы дұрыс айтады. Басшылықтың ұсынысы деп жоғарыға жолдайық. Мына таныстырылым жұмысын қоса тіркейік. Оларға керегі де біздің нәтижелі жұмысымыз емес пе? Рұқсат беріп, қолдау танытары айдан анық. –Кенеттен қабағы жадырап, құрыс-тырысы жазылып шыға келген Дабылға өзгелер таңырқай қарасты.

– Онда жыл ортасына қарай өнім көлемін арттыруға қала басшылығынан рұқсат сұраймыз. Болат, бар шаруаны өзің қолға ал.

– Қызметтік хатты жаза алмасаңыз, маған алып келіңіз. Қанша жылдан бері мүлтіксіз атқарып жүрген ісім ғой,-деп Дабыл бұлт астынан шыққан күндей жадырап, Болатқа езу тарта қарады. Оның бұл өзгерісін неге жорырын білмей қалған Болаттың келіспеске лажы қалмады.

– Қызметтік хатты басшылықтың атынан жазып, дайындап қой. Мен қол қойып, мөрімді басқан соң, межелі жеріне жолдаймыз.- Жайдарбек те қала басшылығы алдында көтеріліп қалатын өзінің жеке беделін ойлап, Дабылдың сөзін қуаттай түсті. Болаттың атақпен де, абыроймегн де ісі болмады. Ол өзі еңбек жолын алғаш бастаған осы зауытты бір жақсылыққа, титтей болса да жаңғыруға жеткізсем деген ойдың жетегінде ғана тұрды.  Дабылдың кабинетіндегі жұмыс үстеліне тездете жайғасқан Болат қызметтік хатты лезде дайындады. Оны көз жүгіртіп оқып шыққан Жайдарбек өзінің аты-жөні жазылған тұсқа қолын иректетіп, мөрін басты. Оның соңынан  аты-жөнін қосқызған Дабыл өрнек тәрізді қолын қойды. Бұл үшбу хатқа Болаттың есімі бір ноқат болып та түспеді. Оған мұңайған жас маман болмады, цехтарды аралап, жұмысшылармен бауырындай  шүйіркелесіп, еңбектің жалынынан қанат бітіп, бір орында тұрақтамады. Планшетін қолынан тастамайтын дағдысымен келесі цехқа кіріп, жұмысшылардың жайын іштей таразылады. Әне, екі жұмысшы қоймадан автобус есігінң қаңқасын жасау үшін металдарды көтеріп әкелді. Қимылдары асығыс, цехқа кірген бойда металл парақтарды  салдыр-гүлдір еткізіп, тастап жіберді. Онсыз да шаң басқан жер бұрқ ете қалды. «Мұқият қимылдау керек еді,»-деп ойлаған Болат оларды сырттай бақылап тұр. Бірінің қабағы салыңқы, ұйқысы қанбаған тәрізді. Әлде өзін жайсыз сезініп тұр ма? Ал екінші жұмысшы оны дігерлеп қояр емес. «Бәріміздің бір ырғақта әрекет еткеніміз абзал,»-деген ойға қалған Болат пікірін планшетінің «ескертпе» бетіне жазып қойды. Бұл ескертпелерді ол әдетте ешкіммен бөлісе бермейтін, тек жұмыс күнін саралаған кезде назарға алу үшін ғана жазатын.  Әкелінген парақтар пресс машинасында қиылуы тиіс. Болат енді бар назарын металдың кесілу үрдісіне аударды. Қосылғанда біркелкі ызыңдап тұрған станок парақ салынған кезде қырылдағандай дауысқа ұласты. Қабағы кіртиген Нартай батырманы басты да, сұлесоқ күйде бақылаған болып тұр. Болат металл парақтың біртегіс кесілмей жатқанын ұсақ дірілден және шектен тыс мазасыз дыбыстан-ақ ұғынды. «Қысымды азайтып, уақыты созып көріңіз. Сонда мынадай бейберекет дыбыс болмауы керек,»-деп Болат Нартайға сұраулы жүзбен қарады. Ол тілге келместен, пресс станогын жаңа режимге ауыстырды. Енді металл парақ  болар-болмас ұсақ дірілден арылып,  машина гуілдеп ала жөнелді.

– Менімен замандас бұл станок ескіргеннен ысқырып тұр ма десем, мәнісі басқада болып шықты ғой. Болат қарға, біз ширек ғасыр осы машинаның жанында жүріп, оның дыбысына құлағымыз үйреніп кеткен. Сен жаңадан келдің, темірдің «тілі» саған таңсық. Содан да техниканың «сырқатын» бірден аңғарасың,-деп Нартай ақталғандай кейіп көрсетті.

– Егер металл парақтардың шеті тегістеліп қиылмаса, онда қайта өңдеуге мәжбүр боламыз. Уақыт-алтыннан да қымбат.  –Болаттың қадап айтқан уәжіне қарсы келмеген Нартай станокты тоқтатып, жаңа қалыпқа енген металды ұстап көрді. Тәжірибелі жұмысшы қолғаппен сипаса да, металдың шетінің әдемі тегістелгенін сезді.

– Нартай аға, сіз ауырып тұрсыз ба? Сіркеңіз су көтермей тұрғандай көрінеді,-деп осы сәт Болат орайын тауып, оның денсаулығына алаңдайтын жылы ниет танытты.

– Таңнан бері денем ауырлап тұр. Сен хал-жағдай сұрағаннан кейін бойым жеңілдеп қалды,-деп Нартай не қалжыңдағаны, не шынын айтқаны белгісіз, болмашы езу тартты.

– Аға, біле білсеңіз, инженердің қызметтік парызы тек жұмыс қарқынын, еңбектің өнімділігін бақылау емес, жұмысшының, сіздей ағаларымның денсаулығына да зер салу. Осы-менің міндетім.  Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, бастыққа мәлімдеме жазып, сізді ертерек үйіңізге қайтара аламын!-Қамқор көңілін анық танытқан Болатқа Нартай бар денесімен бұрылып, ризашылыққа толы көзбен қарады.

– Рас айтамын, Болатжан, сен халімді сұраған соң, кәдімгідей сергіп қалдым. Адамды жылы сөзбен де емдеуге болады деген осы шығар. Алаңдама, жұмысымды аяқтап барып, елмен бірге қайтайын.

Нартайдың өзіне сенімді сөйлегенінен Болат лажы құрып, оның жұмыста қалуына рұқсат етті.  Бұл кезде қиылған бөлшекті өзге жұмысшылар қолмен тегістеуге кіріскен.  Олардың маңдайларынан тер бұршақтап, қауырт тірлікке көшкендерін көргенде, Болат «Жаңарғанымыз қайсы? Әлі қол еңбегіне мұқтажбыз. Шетелде мұндай істі құлтемірлер атқарады, бізде ағаларымыз жан терге түседі,»-деп өкінішті ойға кетті. Қиялындағы зауыт тағы бір жарқ ете қалды да, шынайы өмір бәз-баяғы қалпын тапты.  Қиылып, тегістелген металл парақтар басқа станокта тағы бапталды. Уақытты бағамдап тұрған Болат  дайын болды-ау делінген бөлшекті дәнекерлеуге  жіберді.  «Шіркін, осының бәрін автоматтандырылған техника атқарса! Ағалар, бір-бір үйдің азаматтары өкпелері шаң қауып, тыныстары тарылмас еді!»-деген ойы жас инженерге зауытты жаңартуға қатысты бір жоба ойлап табуға мығым шешім қабылдады.  Бір бөлшекті даярлауға жұмсалған уақытты есептеп, планшетіне түртіп алған Болат демдерін басып, сәл аялдаған жұмысшыларға бір сұрақ қойды:

– Бәрін қолмен атқару қиын емес пе?

– Е, несі бар? Баяғыдан осылай істеп келеміз,-десті олар маңдай терлерін сүртіп тұрып.

– Жұмысымызды аяқтаған соң бір-ақ барамыз деп аялдамай, түскі үзіліске тура уақытында шығайық, ағалар,-деген Болат көзден таса болды.

– Дабылдың айғайына үйреніп қалған қайран басым осы Болат алғаш жұмысқа тұрғанда, маған таяп келіп, «Халыңыз қалай?» дегенде таң қалып едім. Өзін арзан сөйлеп, жылтыр күлетін жәдігөй біреу ме деп ұнатпайтынмын. Сөйтсем, ініміз нағыз мейірімдінің өзі болып шықты,-деген Нартай  Болаттың жақсы атын жамағатқа жария етті.

– Ақырын сөйлеп, айтқанын орындата білетін бұл жігіт арамызда ұзақ жүре қоймас. Біздің зауыт оның қызмет барысында өсуінің алғашқы баспалдағы шығар,-деп өзге біреу өз күдігін ортаға салды.

– Әй, қайдам, бір жылда тайып тұратын болса, жанын салып жұмыс істемес еді ғой.-Нартай көкірегін кере кең тыныстап, келесі бөлшекті әзірлеудің қамына кірісті. Басқалары да өз міндеттерін атқаруға көшті.

Цехтан шыққан Болат кіреберісте қабырғаға ілінген сызбаға тесілді. Қиылған металды қолмен тегістегенше, оны бірден станокқа неге салмасқа? Осы ойы өзіне ұнап қалған ол жұмыстың кезеңдерін өзара біріктіріп, өзгеріс енгізді. Тіпті бастығы Дабылмен кеңесуі керектігін естен шығарды. «Сол паң немеден келген құқайды көріп алдым» деп өз-өзін жігерлендірген Болат сызбадан сәл де болса жаңа келбет сезіп, жан-жағына масайрай қарады. Жортақтап келіп, бқның жанына тоқтаған Жарас ішін тарта таңданды:

– Атам заманнан келе жатқан қолмен тегістеу үрдісін сызып тастадың ба? Бастығың «бүйректен сирақ шығардың» деп шала бүлінсе қайтесің?

– Бүлінбек түгілі ішегі үзіліп кетсін!-Өзі сыпайы, әдепті санап жүрген жас әріптесінің мына сөзіне Жарас қарқылдай күлді.

– Су жаңа болмаса да, металл тегістейтін станок бар. Біздің жұмысшгылар неге бар күш-жігерін титықтатар дене еңбегіне арнауы керек?

– Әй, Сейсеннің ұлы, Сейсеннің ұлы! Аумаған әкеңсің. Ол да бастықтың алдына барып, шікірейіп тұрушы еді. «Жөні солай, шындық осылай» деп айтарын ақтарып салып, қарап тұратын.-Жарас Болатты арқасынан аямай бір ұрды да, бет алған жағына жөней берді. Бірақ Болат өзінің оң ниеттен туған бұл әрекетінің  насырға шабарын сезген жоқ.  Жұмыс сызбасының өзіне ескертілмей өзгергенін көрген Дабыл бұл жолы айғайға баспады. Жыландай жорғалап келіп, жұмысшыларға тәтті тілмен сөйлеп, оларды Болатқа қарсы айдап салды.

– Оның бар ойлағаны-сендерді қысқартып, жұмыс үрдісін автоматтандыру. Менің бар есіл-дертім-қазіргі жұмыс орындарын сақтап қалу. Осы шаруа үшін онымен жаға жыртысардай халге жеттім. Сенсеңіздер, тіпті Болат Сейсенұлы Жаайдарбек мырзаны өз дегеніне көндіріп, сіздерді қақаған қысқа жұмыссыз қалдыра ма деген ойдан мазам қашып жүр,.

Санап сөйлеп, әр сөзіне ізгі ниет пен жанашыр рай ұялатқан Дабыл ақыры оларды иландырып тынды. Жұмысшылардың арасында «Болат- жанашыр азамат» деген оң көзқарас қалыс қалып, оны даттап, балағаттайтын, теріс жаққа бұра тартатындардың қарасы көбейді.   Ұжымның бірсыпырасы Болаттың түзу мінезіне, ақ-адал пейіліне сенсе де, қайсыбірі Дабылдың арбауында қалды. Енді Болат өзі күлімдеп кіріп, қимай шығатын зауыт қақпасы қияметтің қайымына айналып бара жаьты.Өсек сөз зауыт ішінде желдей есті.

– Жаңа инженер зейнет жасына таяғандарды қыбын тауып қысқартуға жоғарыдан тапсырма алыпты.

– Өзі күліп кіріп, күңіреніп шығатын зымиян екен!

– Демеуші тауып, ескі станоктардың бәрін жаңамен алмастырып, жарты жұмысшыны далаға қумақшы көрінеді.

– Осы зауытта әкесі Сейсен жарақат алып, жұмысқа жарамай қалған. Соған кектенетін тәрізді.

Өрекпіген өсекті құлақ қойып тыңдамайтын Болатты қу тілді Мәулен оңаша шығарып алып, барды баяндады, тілектестігін білдіруден аянбады:

– Мен табиғатымнан өсекші емеспін. Бірақ мына естігендерімді саған жеткізуді азаматтық борышым деп білемін. Мына жұрт біртіндеп саған арқаларын беруге таяды. Даудың басы Дабылдың кеше кешке жұмысшыларды жинап алып, өткізген кішігірім жиынынан басталған. Ол жиында...

Естігенін жырдай етіп жіпке тізген Мәуленге Болат аңтарыла қарады. Өзін көре сала жау тұтқан Дабылдың бұл қылығын тіпті түсіне алар емес.  Еңбек жолын енді бастаған бұдан неге қауіптенеді? Болат оның несін алды, несін тонады?

– Ол креслосынан, қала берді ұжымдағы абыройынан айырылып қалам ба деп қорқады. Өзі іштар, қызғаншақ адам, сенің келуің оған көлеңке түсіріп тұрғандай көрінген шығар ол бейшараға,-деп Мәулен  асыға-аптыға сөз тарқатты.

– Дабыл ел-жұртқа «сендерді қысқартып тастай ма деп, Болатпен күніне мың шарпысамын» деп әсірелеп тұрып айтыпты. Енді саған салқын қабақ танытып, көз алартатындар көбеюі мүмкін. Бірақ сен шұрқ етепе, біз сені қолдаймыз!

– Мұның бір емін табу керек,-деді Болат өзін иығынан қаққан Мәуленге көзі от шаша қарап.

– Әй, бұл жалғанда екі нәрсеге дауа жоқ, бірі әйелдің сайқалдығына, екіншісі күйедей жағылған жалаға,-деп өз өмір тәжірибесімен бөліскен Мәулен Болатты ойландырып тастады. Егер әріптестері жаланың отына күйдірсе, жасаған жақсылығын қаралап, дұшпанын сүйіндірсе, әйбат ісін ғайбатқа баласа, жанашырлығын жәреукелікке санаса, жас жаны қалай төзсін?!

– Құралбек көке,-деді жаланың сөнуі қиын отына күйген кінәсіз жігіт тығырықтан шығар жол тапқандай қуанып кетіп.

– Иә, көкең сені қолдап отыр. Алайда көпшілікті бірдей сөзіне сендіре алмай пұшайман.

Мәулен Болаттың көңілін алдамшы үміттен ада етіп, оны шындықтың көзіне тура қарауға жетектей жөнелді.

– Күрес!-деді Мәулен.-Біз біргеміз өзіңмен! Сөзің-ақ, ісің- әділ, кімнен тайсаласың?!

Мәулен бір талпындырые Құралбек көкесі тағы құлшындырып жіберсе де, Болатқа бұдан кейінгі күндер оңай тиген жоқ. Сызды қабақ, сұсты жүздер оның жігерін құм еткендей еді. Бұрынғыдай етене араласып, әзіл-қалжыңы жарасатын тәтті күндері алыстай берді. Ұсыныс ретінде айтқан ақылын бұйрық деп қабылдап, көз алартты жұрты. Қамқорлық білдіріп, қалбалақтап еді, жағымпазға теңеді. Түсінісуге тырысып, жеке сөйлесуге шақырғанда, онысын ақталғаны деп қабылдады.

– Зейнетке шығуға екі-үш жыл қалғанда жұмыссыздық қамытын киер жайым жоқ. Сен ештеңе жоғалтпайсың. Ертең-ақ жоғарылап, із суытып кетесің. Құқайды мына қара жұмысшы көреді,-деп Жеткергеннің жетімге жекігендей зілденгені жігіттің сағын сындырды. Аз сөзді Жеткергеннің шешілгенін бірінші рет көріп, ішін тартты. Сөзі ірі, тым зәрлі екен.

– Құралбек көкең биыл зейнетке шығып үлгереді. Сондықтан ендігі жылы жүрер қысқарту оған қауіп емес. Содан да сені қорғаштап жүргенін бәріміз білеміз,-деді  жүзін станоктан алмастан. Өзін кісіге санамай, теріс қарап суық қалып көрсеткен Жеткергеннен түңіліп кеткен Болат цехтан атыла шықты. Қалған жұмысшылар қопарыла ішке кіре беріп, ашуға булығып, ызадан түтіккен жігітке қарсы ұшырасты.

– Әй, жол болсын,-деді Құралбек Болаттың қарсы алдына тұра қалып.

– Әлей болсын де!-Мәулен сөзді қалжыңға бұрып, әңгіме ауанын өзгертпек еді, іштей алас ұрған Болаттың көзіне көзі түйісіп, үнсіз тұрып қалды. Жалын атып тұратын жас жанарда бейкүнә сәбидің кемсеңдеген келбеті бар еді.

– Ел не десе, о десін! Сабырлы қалпыңнан танба! Өз қызметіңді жалғастыра біл!-Көкесінің бұл ақылы ойына қонбаған Болат тулап шықты.

– Сәлемімді алмаса, айтқанымды құлақтарына ілмесе, сызданған қабақпен шытынап қана сөйлессе, мен қалай тыныш жұмыс істеймін!-Болаттың даусы әкесіне шағымданған баладай жарықшақтана шықты. Сөзге дарылдақ Жарас араласты:

– Кілең сөзі батымды ағаларыңның ортасында тұрып, неге састың?-Салқын қабақты жылытуға жан салып, әзілге жыға сөйлесе де, Болатты жадырата алмады.

– Дабылмен сөйлесемін,-деп есікке ұмтылды Болат.

– Оның сөз танитын қабілеті барына күмәнданамын,-деді Мәулен Болаттың жолына тосқауыл болып.

– Жайдарбек ағамен тілдесемін,-деп ышқынды жаны күйген жас маман.

– Оған жұмысы жүріп жатса болды, өзге жайға басын қатырмайды. Одан да сен бізге сенім білдір.

Мәуленнің сөзін бәрі мақұлдай жөнелді:

– Ешкіммен сөйлесіп, әуре болма!

– Біз жұмысшылармен лебіздесіп, үркіп кеткен тыныштық құсын қайта шақырамыз,-деп Құралбек күлімдеп келіп, Болатты арқасынан қақты. Әдетінше қатты ұрмай, жылы алақанымен мейірлене сипады.

– Кітапты көп оқисыз-ау,-деп жымиды Болат көңілінің крі кетіп, көзінің нұры ойнап.

– Ауысымды тапсырып, үйге барғанда, шаңыраққа қарап құр жатпайын деп, кітап оқитыным рас. Кейде осылай әсерлі сөйлеп кететінім содан,-деп алпамсадай Құралбек арық жігітті бауырына тартты. Бұл жылылық Болатқа қуат берді, күресте өшпес серпін, сөнбес қайрат сыйлады.

Кештете үйіне жеткен Болатты ата-анасы алғы шептен жеңіспен оралған жаужүрек баһадүрді қарсы алғандай тым жылы шырай танытты. Дастархан кенжелерінің сүйіп жейтін тағамына сықап тұр.

– Қонақ келе ме?-деді Болат әкесінің соңын ала үстелге жайғаса беріп.

– Жоқ, қызметтен шаршап-шалдығып балам келсе, неге дастарханды жайнатпасқа? –Анасы бұған барлай қарап, сыр суыртпақтауға көшті. «Америкада неге қалмадың?» деген өпкесі бұл күндері тарқаған. Небір дәмдіні ұлының алдына қарай ығыстырып қояды.

– Шектен асқан мейірбандылықтың астарында не жасырынып тұр? Соны ойлап отырмын,-деп күле жауап берген Болат майлы қуырдақтан қасығын толтыра асады.

– Жұмысыңда жайсыздық болса, біз бір жағынан демеу болайық деп шештік. –Әкесінің мына сөзіне Болат аңқиды да қалды. Жұмыс қамына қатысты қабағын кірбің шалса, ешкімге сездірмей-ақ, үйге күлімдеп кіретін. Қос ардақтысы баласының жан түкпіріндегі беймаза халді дөп басыпты.

– Иә, ала көңіл болып жүргеніңді әлдеқашан сезгенбіз. Өзің айтарсың деп күттік. Шай ішіп отырып, сыр бөлісерміз,-деп Нұргүл кенжесін көзімен аялады.

– Жоқ, асыра сілтеп отырсыздар. Жұмыста бәрі жақсы.-Шыр-пыры шыққан Болатқа әке мен шеше сенбейтіндіктерін ишарамен-ақ білдірді.

– Қызмет бабында жайнаған жаз да орнайды, қаһарлы қыс та әзірейілдей төнуі мүмкін. –Болат ардақтыларын жұбатамын деп, бұл сөзімен тіптен алаңдатып қойғанын байқамай қалды.

– Жаз дегенің түсінікті. Қыстың алай-дүлей боранын соқтырған кім?-Әкесі мен шешесі бұған телміре қарап, жауап күтті.

– Жай, әсірелеп айтқан сөзім ғой.-Болат жауаптан қашып, бұлталақтай сөйледі.

– Алыс Америкада қалуыңа, қызмет сатысында өсуіңе барлық мүмкіндігің болды. Десе де сен «елім» деп жүрегің елжіреп келдің. Сол бетіңнен танба!-Әкесі ұлының жан алқымнан алып жүрген жайсыздықты сұрағыштап қадалмаса да, көкейге қонар ақылын айтты.

– Өмірдің екінші аты-күрес. Тайталастан қашпа!-Анасы ақ құба өңі құбылып, Болатты жігерлендіре түсті.

– Түу, әке, апа, сіздердің осыншалықты бейнелі сөйлейтіндеріңізді-ай!-Туғандарының қолтығынан демегеніне жас балаша мәз болған Болат бұл түндң тұнжыр ойға шомбай, ақылы аңдағанды жүрегіне жырлатып, қайратын бойына жиып, қолына жанының жебеушісіне айналған ұлы ақынның кітабын алды. Өзі жатқа білетін сөйлемдерді күбірлеп оқып, іштей қайталады:  «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.» Көз алдында ұлағатымен тереңдей берген хакім Абайдың әр сөзі оған өзіне айтылған ұлы кеңестей көрінді. «Иә, әурешілік көре-көре келдік. Енді немен айналысарым айқын,»-деп белін бекем буынып, компьютерін қосты. Көз алдынан қиялдағы зауыттың көрінісі тізбектеліп  өтіп жатты.

***

Алматының май тоңғысыз қысы тәмамдалып, наурызда ерте көктем шаһарға құшағын ашты. Ауадан да жаңғыру мен түлеудің иісі аңқып тұрды. Күннің райы құбылмалы кейіп көрсетсе де, Болат  мақсатынан бір айнымады, жаңа жобасын пісіре түсті.  Қолы қалт етсе, компьютерінің экранына көз талдырады. Жастықтың қырқасының қызғалдағын терген жас көңілі тепсе темір үзердей бұла жігіттің қиялын жүрдектетті, әр ісінен көпшілікті құлағдар етіп, тамсандырып бітті.

Бүгін түнгі ауысымға бекітілген Болат кешкі астан соң тоқ көңілмен үйінен шықты. Отбасында қара шаңырақ иесі екенін естен шығарып, қызметіне құлшына кіріскен. Анасы сондай шақтарда әзілмен бір түйреп алатын:

– Жастық шағыңды сол ескі зауыт ұрлап кетпесін. Келін түсіріп, немеренің қызығын көрсетуді де ойла бір уақ!

– Желік қуатын жасың емес. Сен тіпті оқудан басқаға мойын бұрмай келдің. Бүйте берсең, шешең қара қазанмен ұзақ алысып жүрер,-деп Сейсен де жанары кіреукеленіп, ұлына үмітті көз тастайтын. Жарқыраған жанары сол апатты оқиғадан суалған әкенің жарық нұры, көңілінің жыры кенжесі еді.

– Осы жобамды аман-есен аяқтайын, сосын ...-деп сөз бұйдаға салған Болатты екеуі қос бүйірден қыспай,  базына білдіріп тынған.

Көлігін тізгіндеп, қаланың кешкі кептелісінде тұрған Болат жырақта қалған махаббатын есіне алды. Сүймеді емес, шын сүйді. Қол ұстасып Амераика асқанда, қуанышы қойнына сыймаған. Жүрегінің жыры, көңілінің сыры болған Сезім  елге қайтудан бас тартқанда, іштей күңіренгені де рас. Тағдыр емес, өздері қолдан жасаған қара қамал екі араны бөліп тұрды. Сезім америкалық арманның соңынан кетті. Ал Болат туғандарының ортасына қайтып оралған. «Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» деген сөз рас. Сағыныштан жүрегім шерге толар деп тағдырымнан тайсалып едім. Қарбалас қызмет қамы оның бұл өмірде бар екенін де ұмыттырып жіберді. Мүмкін, о баста оны жан-тәніммен сүймеген болармын,»-деп ой айдынында жүзген Болат зауыт қақпасының алдына келіп тоқтады. Көңілі қалап алған қазіргі өміріне дән риза күйде жұмыс киімін ауыстырып, бірден дәнекерлеу цехына беттеді. Жанына жақын әріптестері осы цехтан табылатын. Түнгі ауысым басталмай жатып, ертелетіп жетуінің төркіні де осында. Ағааларымен ақылдасса, кеңесіп пішкен тонының келте болмасына көңілі сенеді.Ұзын дәлізді бойлвп, келе жатыр еді, бүйір есіктен атып шыққан Жарас қатарласа кетті:

– Саған Дабыл хабарласпады ма?-деді төтесінен.

– Жоқ, ол менімен не деп сырласпақшы?-деді Болат мысқылдап.

– Жайдарбек демалысқа кеткенде, оның міндетін уақытша атқарып отыр емес пе? Өзін зауыт директоры сезініп, көзі тек төбеге қадалған түрін көрсең,-деп қыжыртты Жарас сыр сақтай білмейтін айғай даусымен.

– Менің онда жұмысым жоқ,-деп Болат дәнекерлеу цехының алдына келіп кідірді.

– Білемін, бірақ елдің бәрі қала басшылығының сені шақыртып жатқанын айтып, гулеп жүр.

– Алып қашпа сөзге мән бермеймін, қауесет тарататындардың  соңынан ермеймін, көңіл бөлмеймін. Айналысар ісім жетерлік,-деп Болат ішке кіруге ыңғайланып еді, Жарас  бұрышқа қарай сүйрелей жөнелді.

– Хатшыдан естідім. Қала басшылығы сенімен бірер күнде жүздеспекші екен.

– Онысы қызық болыпты,-деп Болат таңырқай сөйлеп, Жарастың қақпанынан құтылмақ еді, ол тағы алдын орады.

– Дабыл өзі барып, айды аспанға шығарып жүрмесін. Қызметтік хатты сенен жасырып отырса қайтпексің? Онсыз да кейбір жұмысшылардың саған деген ниеттері түзу емес. –Жылы қабақпен айтылған сөзге Болат сүйсініп кетіп, Жарасты арқасынан бірер рет қақты.

– Жоғары басшылыққа қажет болсам, мені өздері-ақ тауып алады. Оған қам жемеңіз,-деп ниеті бір әріптесін цехқа қарай бастады.

– Менікі сенің сыбағаңнан құр қалмауыңнан туған ақ ниет қой,-деп жөнін айтқан Жарас өзге жұмысшылармен күндегідей жөн сұрасып, даңғырлап қоя берді.

– Құралбек көке, жұмысты бастамай тұрып, бірер минут кеңессек қайтеді?-деп Болат өмірінің тағы бір күнін еңбектің әнін салуға арнаған қарт жұмысшыға қиыла қарады.

– Ақылдассақ артық болмас. Не туралы айтайын деп едің? Жігіттер, кәне, түгел бері келіңдер,-деп күндей күркіреген зор даусымен Құралбек жұмысшылоарды бір-ақ сәтте аузына қарата қойды.

– Мен жоба ойластырып жүрмін. Сол жобамның бір тармағы жұмысшылардың цифрлық сауатттылықтарын арттыруға бағытталған. Мен әрбір ауысымның соңына қарай шеберлік тренингтерін өткізсем, сіздер бір кісідей қатысар ма едіңіздер?

– Бетін сипайтын телефонды әрең меңгеріп едім. Енді компьютердің тілін табамын деп ойламаймын,-деп Құралбек бірден ат-тонын ала қашты. Тура мінезімен мәселені ашып көрсетті.

– Осылай дейтіндеріңізді білгенмін. Сондықтан шеберлік сабақтары іш пыстырар дәріс түрінде  емес, тәжірибе деңгейінде өткізіледі. Планшетті қолданудан бастаймыз. –Мақсаты айқын инженер сенімді сөз алып, тауы шағылуға әсте әзір еместігін анық аңдатты.

– Маған тик-ток түсіруді үйретші,-деп әзілге сүйеді Мәулен.  Өзгелері оған дүркірей күлісті.

– Үйренемін деген адам табылса, мен білгенімді сарқып беремін. Абайдың сөзімен айтсам, «...жан құмары-білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.»

– Осы сен Абайдың сөзін мәйек етіп сөйлегенде, қарсы алдымда инженер емес, ақын, жазушы тұр ма деп қаламын!-деп Мәулен тағы езуіне күлкі үйіре беріп еді, Құралбек тыйып тастады.

– Бұралқы сөзге үйірсектеніп, уақыт өлтіргенше, жақсыны үйренейік. Қиналып жатсақ, Болат өзі көмектесер.

Аға буын өкілінің айтқан сөзі жазылмаған заңдай сезілді. Болат дәнекерлеу цехының жұмысшыларына оңтайлы уақыт белгілеп, шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлады. Ойға алған ісі орайын таппады, ертеңіне таң ата қала тарабы шұғыл шақыртып, Болат солай қарай қүстай ұшты.

– Қалаға барғыштауы жиіледі, түбі Жайдарбекті лауазымсыз қалдырмаса болыпты,-деп күңкілдесті күншілдер.

– Жаңа заманның жаңғыруды сүйетін жас маманын қала да ерекше назарға алған-ау,-деп тілегі бір, мүддесі ортақ жұмысшылар өздері мол ризыққа кенелердей қол шапалақтасты.

– Қысқартуға енген жұмысшылардың тізімін әкелмесе жарады,-деп Дабыл сөнуге айналған өсек отын қайта тұтатты.

Қала басшылығы жаңалыққа жаны құмар жас маманды құшақ жая қарсы алды. Белсенді жұмыс істеп тұрған сайт жөнінен хабардар болған олар сөзді қысқа қайырды:

– Қажетті қолдаудың бәрін жасаймыз. Тек жеміс берер жоба ұсына біл!-деп  Болаттың ойға алған ісіне серпін сыйлады. Көңіл құсын шыңға қалықтатып, шабытын шарықтатып, Болат зауытқа жеткенше асықты. Кірген бетте Дабылды кабинетінде жолықтырды:

– Бүгін жұмысшылардың төрт көзін түгел жиып, жалпы жиын өткізуіміз керек. Қаладан арқалап келген арнайы тапсырмаларым жетерлік,-деді.  Бұнысы өтініш емес, әмір болып естілді.

– Жоғары жақтың не дегені маған мәлім. Бірер күн аптығыңды бас,-деді Дабыл жұмыс істеп отырған түр танытып, компьютер экранынан көз алмай.

– Мені қалаға мәлімдеме  жасауға мәжбүр етпеңіз!-деген Болаттың даусы өктем естілді. Алшаң басып шығып кеткен оның  соңынан құр кіжінген Дабылға  ол өткел бермес асау өзендей көрінді. Күндізгі ауысымнан шыққан жұмысшылар зауыттың құстың ұясындай мәжіліс залына тегіс жиналды. Дабыл «маңызды жұмысым бар» деген желеумен жиынға қатысудан бас тартып, сыртқа атып шықты.

Жиын тізгінін біржолата өз қолына алған Болат күлбілтелемей, барды жайып салды:

– Қаладағы жауапты мамандармен жолығып қайттым. Зауыттағы аз-маз жаңашылдықты көріп, айтарлықтай қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.  Сол себепті  мен бірнеше кезеңнен тұратын жаңғыру жобасын сіздерге таныстырайын деп едім. Ең алдымен бәрімізге цифрлық сауаттылық қажет. Баса айтатын жайт-жұмыстың күйі автоматтандырылып, қолмен қағаз жазбайтын дәрежеге жетсек те, ешкім қызметінен қуылмайды. Қысқарту туралы тіпті ойға алудың өзі артық.

Зал толы жұмысшылар дүрлігіп кетті. Болаттың өзіне жауапкершілік ала сөйлеген сөзі олардың көңілдеріндегі түйткілді ыдыратуға қауқарлы еді.

– Зауыт тек шикізат қорымен мақтана алмайды, бұл өндіріс ошағының басты тұтқасы-сіздерсіздер, құрметті жұмысшылар!

– Бекер дауыс көтеріппін бұл інішекке!-деп ойлады Жеткерген іштей өзін жазғырып.

– Дабылдың мәнерлеп айтқанына имандай сеніп, оның торына шырмалып жүре беріппіз. Неткен аңқаулық!-деген ойға қалды Арынтай.

– Екі бастық жоқта өзін көрсетіп қалу үшін «ит жоқта қорада шошқа үредінің» керін келітір сампылдап тұрғанын қарашы,-деп және бір жұмысшы елеусіз ғана алакөзденді.

Бұл кезде болашақ жобаның таныстырылымы қызу жүріп жатыр еді. Қойылған сұрақтарға Болат  ойға қонымды жауап берді,

– Жасанды интелекті ешқашан жұмыс күшін алмастыра алмайды, себебі оларды өздеріңіз басқарасыздар,-деп дәлелін көлденең тартып,  бір терең тыныстады.

Осы сәт есік ашылып, демалысқа жіберілген Жайдарбек есік көзінде пайда бола кетті. Бұл жиында бірінші басшының қатысуы өте маңызды екендігін айтып, жалынып-жалбарынып шақырып алған Болаттың өзі еді.

– Жайдарбек аға, төрлетіңіз. Қызметкерлерді жалпы құлақтандырып, баяндамамды бастап қойған едім.-Бастығына төрден орын ұсынып еді, ол алдыңғы қатардағы жұмысшылардың жанына жайғасты.

– Осы жерден қараған ыңғайлы болады,-деп езу тартты. –Сен жақсы ісіңмен бүкіл қалаға әйгілі болды дегенді естіп, үйімде тыныш жата алмадым.

– Әйгілі дегеніңіз артық болар, аға. Бірінші басшы ретінде жиынға келгеніңіз қандай жақсы болды. Ендеше, мен жалғастырайын. Жобамның келесі кезеңі-есеп беруді йцифрландыру. Бастапқыда қолмен де, сандық түрде де қатар жазатын боламыз. Әбден төселгенде тек цифрлық есеп беру ғана қалмақ.

Зал сілтідей тынды. Ара-тұра көкейлеріндегі сауалдарын ортаға тастағандар болмаса, ешкім сөзге жағаласып, берекені қашырмады. Әріптестерінің назары өзіне қададлғанда, Болат қара терге түсіп еді. Онысын сездірмеуге тырысып, даусын құбылта, жанды ырғақта білгенін паш етуге талпынды. Студент кезінде біршама жоба қорғап, ел алдында сөйлеуге бейімделіп  қалғаны мұнша көмектесер ме?!

– Құр құлақ салмай, түртіп алып отырыңыздар!-деп бұйырған Жайдарбек  кең қалтасынан планшет алып шыққанда, отырғандар ду күлісті. Ескі мен жаңаның тоғысқан кезеңінде тұрған басшы да жаңалыққа құмартып отыр.

– Өз айлығымызға планшет сатып алу бәріміздің қолымыздан келе қоймас. Оқытып отырған баламыз бар, несие төлеуіміз керек дегендей-Көп ішінен Сансызбай суырылып шығып, сөз саптады.

– Е, оның бір мәнісі болар. Жасанды интелектіні меңгерсеңдер, бір батырманы басып қойып, қою шайдан сіміріп отырар күн алыс емес тәрізді.-Жайдарбектің қалжыңын оң қабылдаған жұртшылықтың делебесі қозып, сол келешекті қазір орнатардай желпінді.

Жиынның соңында түйін сөзді сөйлеген Жайдарбек тоқетерін мәлімдеді:

– Қысқарту болмайды. Еш алаңдамаңыздар. Жаңғыру, түлеу болады.

– Жаңа Қазақстанның тұрғыны екенім есіме енді түсті,-деп әзіл-оспақтың көрігін қыздыруды жаны сүйетін Мәулен қасындағы әріптесіне сыбыр етті. Ол елдің алдында болашақтың болмысын баян еткен Болатқа бар зейінін салып, Мәуленге «тыныш» деп  сұқ саусағын біледі. Алқалы топ көрсе, арқасы қозып кететін ежелгі шешендердей Болат жобадан күтілер игіліктерді санамалап, жай оғындай жарқылдады. Өткір,, дәлелді сөз-көрікті сөз, орта жолда жетім қалмай, санаға сіңіп, ақыл таразысына теңгеріліп жатты.

Ертеңіне екінші ауысымның жұмысшыларына арналған арнайы жиын өтті. Жайдарбек еңбек демалысын естен шығарып, таң атпай кеңсесіне келіп, цехтарды аралайтын жаңа әдет тапқан. Тіпті қайнаған еңбектің қызуына берілгені сонша, хатшы қыз тиісті құжаттарға қол қойдыруға цехтарды аралап жүріп, әрең тауып алатын халге жетті.

– Күлтөбенің басында күнде жиын,-деген халайық мәжіліс залына ағылды. Көңілдерінде күмәндары да жоқ емес. «Қағазда ғана сайрап, шындығында іске аспайтын қаншама жоба бар. Бұл да солардың бірі шығар,»-деп дүдәмал көңілмен тыңдағандар да табылды. Қиюы қашқан ескіліктің шымылдығын біржолата түрген тәжірибелік сабақтар болды.  Бұрын жұмыс аяқталса, үйлеріне асығатындар енді сабақты  күтіп, мәжіліс залында ошарылып отыратын болды.

– Жарғақ құлағы жастыққа тимейді деп дәл осы Болат сияқты азаматтарды  айтқан болар халқымыз,-деп егде тартқан жұмысшы инженердің шапшаң қимылына  көз сүйсіндірді.

– Бекер мұхит асты ғой деймісің. Бізге керегі осындай майталман мамандар. Тек жоғары жалақыға қызығып, келген жағына тайып тұрмасын де.-Қасындағы оператор оның сөзін жандандыра түсті.

– Басқаны қайдам, біздің Болат өз елінен ұзап кете қоймасы ақиқат.-Қос әріптес жылдамдатып басталған шеберлік сабағына ынта қойды. Оларға беймәлім, жұмбақ болып көрінген жаңа технология элементтері  сырын ашып, ғаламат тұңғиығына бастай жөнелді.

...Алматыға кербез көктемнің құсы қонақтап, ол өз кезегін жайдары жазға берген. Ғұмыры шолақ жаз-дәурен  қоңыр күзге ойысқан. Кеңес кезінен бері келе жатқан ескі зауыттың екінші тынысы ашылған. Жұмысшылар шеберлік сабақтарын тиянақтап, өзге қалалардағы өндіріс орындарынан келген әріптестерімен тәжірибе алмасуды сүйексіңді әдетке айналдырды.

– «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам.» Дабыл қанша отқа май құймақ болғанымен, ол арандатуынан ештеңе өнбеді. Бұл күндері өзі сенің ықпалыңда қалғандай,-деп күндізгі ауысымнан шыққан Құралбек атойлай сөйледі. Даусында «менің айтқаным жөн болып шықты ғой. Көрдіңдер ме?»- деген масайрау лебі бар.

– Көке, сіз де кектене береді екенсіз. Ер шекіспей бекіспейді. Кей адамдар жаңалықты қатты тосырқайды, тіпті қабылдағысы келмейді. Дабыл аға сондайлардың қатарынан шығар,-деп ауысымын келесі инженерге тапсырып беріп, Құралбекпен қатарласқан Болат көңіліне кірбің алмай шешіле тіл қатты.

– Бәрін айт та, бірін айт. Бүгінгі күннің жаңалығын айт. Бұл күннің тарихи маңызын сен бала ұмытқан сияқтысың?!-Құралбек қасындағыларға қулана көзін қысып, Болатты тергеуге алды.

– Бүгін қыркүйектің нешесі еді?

– Інішек, былтыр осы күні екеуміз қол алысқанбыз.

– Қалайша ұмыттым?-деп Болат өз маңдайын өз сарт еткізді,-жұмыстың жайын ойлаймын деп...

– Ақталма, бауыр. Көкең бәрін біледі. Сейсенге айтып, дастархан дайындатып қойғанмын. Кеттік, жас-кәрі демей Сейсеннің үйіне кіріп барайық!

– Нұргүл жеңгеміздің қолынан шыққан тамақты әлі ұмытпадым, тіл үйіріп, таңдайымда еруші еді,-деп Жарас ентелей түсті.

– Мен неге бәрінен бейхабармын?-деген Болат аң-таң күйде телефонына жармасты.

– Құдайы қонақпыз деп жетіп барсақ, Сейсен мен Нұргүл бізді қуар деймісің?

– Иә, көке, дұрыс айтасыз,-деп Мәулен орта жолдан сөзге килікті,-бәріміз  барайық. Атап өтетін жақсылық көп.

Әріптестерін көзімен бір сыдыртып шыққан жас инженер кенет тұтқиыл сұрақ қойды:

– Жайдарбек аға мен Дабыл басшы...

– Бастықтар әрқашан елдің алдын бермейді ғой. Жайдарбек әлдеқашан Сейсеннің төріне жайғасқан болар.-Құралбектің қалжыңына онсыз да көңілді топ  бір күлісіп алды.

– Дабылды білмедім, айтпақшы, әне көлігі тұр. Демек, әлі кеңседе болғаны ғой,-деп Мәулен қақпа сыртына қаңтарылған басшының сүліктей темір тұлпарын нұсқады.

– Сіздер үйді білесіздер. Бара беріңіздер. Мен Дабыл ағаны арнайы шақырайын, ұят болар,-деп Болат кейін қарай жүгіре жөнелді.

– Таспен ұрғанды аспен ұрмақшы мына бала,-деп Құралбек оның соңынан мейірімге толы көзбен қарады.

– Мәрт жгіт деген осындай болады,-деген Жарас әріптестерін көліктерге бөліп отырғызып, «Сейсеннің шаңырағы, қайдасың?» деп тартып тұрды. Дабылды ертіп Болат кіргенде, бәрі бірдей екінші басшыға Жайдарбектің оң жағынан орын ұсынып, ілтипат білдірісті. Болатты бір жылдық еңбек өтілімен құттықтаған Дабылға қарап отырып, Сейсен  тоқ көңілмен: «Нағыз жоғары дауазымға лайық жан! Сөз саптасы қандай орнықты!»-деп іштей Дабылдың мәдениетіне қанық болып отыр.

Арқа-жарқа болып, асқа қол созғанда Болаттың көзі Дабылмен түйісіп қалды. Мүләйім бір көзқарас!  Өзіне Болат ыдыс толтыра тамақ салып бергенде Дабыл іштей:

– Мына жарқыраған қалпымен біздің арамызға сыя қоймас. Түбі өзінің жолын табары анық,-деп өзін-өзі жұбатты.   Қиялында жасап алған бәсекелесіне  жымиып қойып, Дабыл тамаққа сыпайы қол созды.

Айдарынан жел есіп отырған Сейсен Жайдарбектің лебізіне құлақ салды:

– Зауытымыз түбегейлі жаңармаса да, жақсылықтың алғашқы бәйшешектері қылтиып тұр. Бұрынғыдай журнал құшақтап, жұмысшылар әбігер болмайды. Техникалық есептер де сандық сипатқа көшірілген. Өнімнің мөлшерін арттырып, сапаға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осының бәрі Болат қарғаның, оны дүниеге әкеліп, өсіріп, жеткізген сіздердің арқаларыңыз!

Отырғандар бір ауыздан мақұлдасып, дабырласып жатқанда, Мәулен Болатқа сыбыр етті:

– Мынадай жүрекжарды тілектен жылап жіберер ме екенмін?! Сенің басың айналмай, қалай отырсың?

Болат жүзінде күлкі ойнап, көңілі жемісті кезеңнің дүбірлі тойын тойлап, «алаланбай, бір арнаға тоғысудың бұл тек басы» деп күбір етті.

Айзат Рақыш

Abai.kz

0 пікір