Сейсенбі, 7 Сәуір 2026
Жаңалықтар 175 0 пікір 7 Сәуір, 2026 сағат 14:16

Коммуналдық тарифтердің бағасы өсе ме?  

Сурет: КазТАГ сайтынан алынды.

Ертеңнен бастап ешқандай тарифтер көтерілмейді. Алдымен тиісті өтініш берілуге тиіс.

Үкімет отырысынан соң өткен брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов коммуналдық тарифтердің өсуіне қатысты пікір білдірді. 

Оның айтуынша, коммуналдық тарифтер бірден көтерілмейді және бұл үшін тиісті рәсімдер сақталуы қажет.

– Ертеңнен бастап ешқандай тарифтер көтерілмейді. Алдымен тиісті өтініш берілуге тиіс. Алдын ала берілсе, қарастырылуы мүмкін. Бүгінде тиісті өзгерістер келіп жатыр, олар қарастырады, – деді ол.

Вице-министр коммуналдық тарифтерді бекіту бірнеше кезеңнен өтетінін атап өтті.

– Табиғи монополия агенттігі субъектілерді қарайды, ал Энергетика министрлігі генерация станциялардың тарифін зерттеп, сосын ғана шешім қабылдайды, – деді Сұңғат Есімханов.

Сондай-ақ әр өңірдегі коммуналдық тарифтердің өзгеруі жергілікті деңгейде қаралатыны айтылды.

– Әр өңірдің аумақтық департаменті бар. Олардың әрқайсының мерзімі әртүрлі болады. Әр өңірдің коммуналдық тарифінің өзгеруі тыңдаулар мен өтініштер берілмей болмайды деп ойлаймын, – деді ол.

Вице-министр коммуналдық тарифтердің өсуіне әсер ететін факторларға да тоқталды.

– Мұны ашық айтып жатырмыз. Инфляция бар, тиісті құралдар қымбаттайды. Екіншіден, ол жерде жұмысшылар жұмыс істейді. Сондықтан ол мәселелер объективті түрде қаралып, тиісті себеп болса, өсіруі мүмкін, – деді Сұңғат Есімханов.

Abai.kz

0 пікір