Бейсенбі, 9 Шілде 2026
46 - сөз 745 0 пікір 7 Шілде, 2026 сағат 12:26

Гендерлік саясат: күнгейі мен көлеңкесі

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

«Гендер» түсінігі о баста батыстық феминизмнен бастау алады.  Онда, капитализмнің алғашқы кезеңінде орын алған батыстағы отбасылық дағдарыстың көрінісіне қарсы турудың алғашқы қадамдары жасалды: зауыт‑фабрикаларда әйел еңбегінің төмен бағалануы,  тұрмыстағы әйелдерге деген зорлық‑зомбылыққа қарсылық, әйел қауымының құқықтарының теңдігі сияқты өзекті мәселелер қамтылады. Уақыт өте келе, бұл қозғалыс саяси сипатқа ие болып, мемлекет заңдарынан көрініс табады...  Қазір ол әлемдегі ең маңызды саяси қозғалыстардың біріне айналды. 

Қазақи «гендеризмге» тарихи шолу

Бұл туралы қоғамдағы пікір біркелкі емес. Ол түсінікті, өйткені, осыған дейін қаншама заман қазақ даласында «әйел құқы тапталуда» деген ұғым болған емес еді.  Қазақ болмысында әйел затына деген ерекше дүниетаным формасы орын алған: ол – Ана ұғымымен тікелей байланысты. Қазақ жұрты өз қыздарын жас кезінен «жат жұрттық» деп санай отырып, оған қыз кезінде, оң босағада ерекше сый‑құрмет көрсетіп келген. Біздің далада «қыз туды» деп, қызды қорлауға ешқашан жол берілмеген – ұл да, қыз да Тәңірдің береген сыйы деп қабылданған.

Осы түсінік болашақтағы одан әргі қыз тәрбиесінен орын алып, «қыз намысы – ел намысы» атты парадигмаға ұштасатын. Себебі, ол кезде рулық қауымдасу арқылы өмір сүрген елде, халықтың қатаң Шежіре заңына байланысты, өз руласынан қыз алууға қатаң тиым салынғаны белгілі. Мысалы, Алматы түбіндегі Қалқаман‑Мамыр жер атаулары сол жазаға тап болған, жазаланған жастардың есімін сақтап қалған деседі. (Ол шындықты поэма етіп жазан Шәкәрім).

Міне, осы Шежіре заңына сай, аулдардағы әрбір қыз өз руластарына кіндігі бір қарындас болып келеді де, жігіттерге үйлену тұрмақ,  қарындастарына ғайбат сөз айтуға, оғаш қылық көрсетуге тиым салынады. Өйткені, әр қыздың намысы сол ауылдағы бар жігіттің намысы!

Міне, осы ереже қазақ халқының о бастағы «гендерлік саясатының» түп негізінде жатады да, «әйел теңдігі» мәселесінде көп қиыншылық туғызбайды. Әрине, әйел баласы мен еркектің табиғи болмыстары бөлек: еркекке табиғаттан күш берілсе, әйелге – нәзіктік тән. Себебі, оның басты табиғи миссиясы – өмірге ұрпақ әкелу, әулеттің, рудың өмірін жалғастыру. Сондықтан, оған кедергі болатын «қара күш» әйел затының табиғатында  жаратылысынан шектеулі. Ұрпақты өмірге әкелгенде, бойын идіріп сүт шығаруға қара күш емес, нәзіктік қажет. Ол мейіріммен, аналық сезіммен ұштасуы қажет...

Ежелден мал баққан қазақ табиғатты бақылай келе, осы қасиетті тез байқаған, әрі, оны жалпы өмір сүру қалыбына келтірген: ол – әйелдің табиғи еркіндігі.

Келесі кезекте, жылқы мәдениетін меңгерген халық, сырғып көше жүріп, осы көштегі әрбір тірі жанға «көш субъектісі» деп қараған. Онда бала жастан бастап, еңкейген кәріге дейін, әрбір ер азамат пен қыз‑келінге, әжелерге дейін өз функциялары нақтыланған. Олар да оны жағсы білгендіктен, қазақ жэұрты көшті тез, әрі, ың‑жыңсыз, өзара іштей үйлесімдікпен аотқаруға әбден дағдыланған. Әйткені, дер кезінде көшіп үлгеру – осы жұрттың өмірінің, малды сақтаудың, азықсыз қалмаудың, боранға ұшырамаудың кепілі еді! Бұл – жалпыға бірдей, қатаң сақталатын ереже. Ондайда «гендерлік» мәселесі емес, «ері  мен жұбайының өзара түсіністік мәселесі» алда тұратыны анық.

Міне, осы ережеге сай, қазақта отбасылық құндылықтарды өзара ынтымақ пен береке‑бірлікке шақыратын мақал‑мәтелдер көп айтылған.

Қазақ заңдарында келіннің «өз жұрты» боп оның келген елі саналады. Бұл, әулет пен рудың ұрпақтарының шашырамауына, елдің ел боп тұруына қолай жасалған шарт. Сондықтан, отбасы қайтыс болған кездері, одан тараған ұрпақтың өз елінде қалуы – бұлжымас заң болды. Міне, осы заң күші қазақта «ажырасу» деген құбылысты жоққа тән еткен...

Мәселен, біздің дүниетанымда «талақ» ұғымы мүлдем болмаған. Оның орнына «әмеңгерлік» заңы жүрген. Ол бойынша, күйеуі қайтыс болғанда, жылы өткен соң, жесірге «әмеңгер» қарастырылады. Ол біреу емес, бірнешеу болуы – қалыпты жағдай. Міне, солардың арасынан «жар таңдау» құқы әйелдің өзінде қалады. Бұл‑ нағыз қазақы гендерлік саясат!

Гендеризмге қазіргі көзқарастар

Гендер туралы айтқанда бүгінгі көзқарастар осы себептен бірнеше бағытқа бөлінеді:

Мысалы, белгілі саясаткер Дос Көшім: «Қазақстандағы герндеризм қолдан жасалған, жасанды саясат" деп санайды. Өйткені, қазақ халқының тұрмыс‑тіршілігенде оған негіз жоқ. Елде әйелдер ешқашан «жалақыға» жұмыс жасамаған. Әрбір әйел ортақ істе өз сыбағасын алып отырған... Осы жағдайда, «әйел теңдігі» деп оны саясаттандырудың еш қажеті жоқ», ‑ дейді саясаткер («Ақиқат» журналы, 18‑наурыз, 2018‑ж. «Келелі кеңес» айдары).

Философ Әбдірашит Бәкірұлы: «Батыс пен шығыс түсінгіндегі «гендерлік» бір‑біріне сай келмейді. Сондықтан батыстық үлгіні қаз‑қалпында елімізге ендіреміз деу – қазақты ұлттық дүниетанымнан ажыратады, ұлттық тәрбиеде елеулі қиыншылықтар тудырады» деп санайды. Мысалы, қазір жалғызбасты аналардың саны күрт көбейіп кетті. Соңғы жылдары елімізде құрылған некелердің 52 пайызы бір-екі жылдан кейін ажырасып кетеді екен. Сол 52 пайыздың ең аз дегенде 40 пайызында бала өмірге келсе, қаншама бала тірі жетім қалып жатыр. Неге бұлай? Бұған кім кінәлі? Ер-азаматтар кінәлі ме, қоғам кінәлі ме, болмаса әлеуметтік саясат кінәлі ме? Болмаса жат мәдениеттің ықпалы ма? Оны біз қалай анықтаймыз және әрқайсысының осы мәселеге қатысты зиянының мөлшері қанша? Міне, бұл зерттеуге тұратын мәселе. Өйткені, отбасы ажырасқаннан кейін біздегі заң бойынша басымдық анаға беріледі де, бала ананың қолына көшіп, әке тәрбиесінсіз қалады. Сонымен бірге, баланың бүкіл материалдық шығыны, жауапкершілігі ананың мойнына жүктеледі. Ал, қазіргідей жалақы деңгейі төмен кезде, тұрмыстық қажеттіліктердің қымбат жағдайында кез-келген ана оған шыдай ала ма? Міне, осының барлығы жинақталып келіп, үлкен түйткілдердің тізбегін құрайды. Сол тізбекті біз ғылыми тұрғыдан анықтап, сараптап, талдау үшін зерттеуші топ құрып, олар үкіметке, құзырлы мекемелерге осы мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынып отыруы керек. Бұл, әрине, бірден шешіп тастайтын мәселе емес, үздіксіз жүріп отыратын үдеріс».  (Сонда)

Философ Берік Аташ:  «Қазір біз­дің қоғамда да, әлемде де ген­дерология бойынша екі түрлі көзқарас бар: ген­дерологтар (генде­ро­логияны қол­­даушылар) және антигендерологтар. Бұл гендерлік саясатты дұрыс түсінбегеннен шығады. Әуелде ХІХ ғасырда Америка, Еуропа елдерінде феминизм көзқарасы пайда болған. Одан гендерлік саясат туған.

Ал, қазір гендерология деген арнайы ғылым саласы қалыптасты. Енді, гендерологияның жаңа сатысы ретінде неогендерология деген пайда болып жатыр. Ендеше, бұл ретте мәселені дұрыс түсініп алу керек ‑ гендерологияға қарсы келушілер оны феминизммен шатастырады. Ал, феминизм мен гендерлік саясат екеуі мүлде бөлек: «гендер» – әйел мен ер адамның теңдігі. Мұнда екі жақтың құқы тең қорғалуы тиіс. Мәселен, біз әйелдердің түрлі кемсітушіліктерге, зорлық-зомбылыққа ұшырайтындын айтсақ ‑ отбасындағы ер адамдардың жағдайын ұмытпауымыз керек. Гендер осыны айтады. Мысалы, ер адамдар да отбасында көп жағдайда әйелдер тарапынан психологиялық қысымға ұшырайды. Өйткені, оған отбасын асырау міндеті жүктелген. Егер, олар тең болса, әйел адамға да ол міндет жүктелуі қажет еді ғой.

Немесе әскер қатарына ер адамдар шақырылады. Ауыр жұмыста көбіне өлім-жітімге душар болатын да солар. Содан болар, ер адамдар, негізінде, психологиялық жағынан әлсіз болып келеді. Сондықтан, ерлердің де мүддесін қорғау маңызды.

Біз «теңқұқылық» дегенді шатастырып жүрміз. «Тең» басқа, «бірдей» басқа. Әйел мен ер адам ешқашан бірдей бола алмайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да. Биологиялық, физиологиялық жағынан айырмашылық бар. Психикалық жағынан да бірдей емес. Әлеуметтік рөлдері де бөлек. Тіпті, ақыл-ой деңгейі, сана, ойлау жүйесінде де айырмашылық бар.

Енді, қазақ қоғамына ойысайық. Негізі, қазақта гендер баяғыдан бар. Халқымыз бұрыннан әйелдерді құрметтеген. Бірақ, құрметтеу деген еркіне жіберу емес. Белгілі бір деңгейде шектеу де оған кіреді. «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» дейді. Сонымен бірге, «Жаман әйел жақсы еркектің басын жерге сүйрейді, жақсы әйел жаман еркектің басын өрге сүйрейді» деп айтады. Неге «жақсы еркек жаман әйелді өрге, жаман еркек жақсы әйелді жерге сүйрейді» деп айтпаған?..

Қазақта батыстағыдай «әйел» деген бір ғана ұғым жоқ – қыз бала, ару бойжеткен, жар, ана, әйел, әже бар. Олардың әрқайсысының мәртебесі әртүрлі. Мысалы, қыз балаға әдеппен, тыйыммен қараса, әжеге ерекше құрметпен қарайды. Осыған байланысты, Қазақ Мемлекеттік қыздар педа­гоги­калық университетінің әлеуметтік ген­дерологиялық зерттеулер институтының қыз­меткерлері «Батыстың гендері бізге үйлеспейді, біз оны ұлттық мүддеге қарай бұрайық» деп өз жобамызды ұсындық. Оны этногендерология деп атадық».

Міне, осы үш көзқарастан, біз тәуелсіз ел ретінде батыстың да, шығыстың да жетегінде кетпей, өзіміздің ұлттық болмысқа сай гендерлік саясатты түзеуіміз қажет деген қорытынды шығады.

Кейінгі кезде, осы бағытта дисбаланстар пайда болды. Шеттен оқып келген дін өкілдері бізге тіптен бөлек мәдени полатформаға сүйенген «гендеризмді» ұсынуда. Ол – ортағасырлық араб елдеріндегі қалыптасқан әйелге деген қатынас формалары. Осыны тыңдап алған көп жастар, қазір өз ұлттық болмысынан бөлек «ерлердің отбасылық доминанттық ролі» моделін ұсынуда. Соның бірі, әйел баласының жан‑дүниесіне үңілмеу, әйелді «қызмет көрсету функциясымен» ғана бағалау.

Міне, осы жағдайда, мемлекеттің өз құзырын пайдалана отырып, нақты белгіленген Гендерлік заңдарды жасауы аса қажет. Гендеризмді үгіт‑насихатпен, немесе, ағарту жұмыстарымен атқарамыз деу – еліміздің зайырлылық сипатын жойып,  «әйел құқын қорғау» мәселесін заң аясынан тыс қалдырар еді. Оған жол беруге болмайды.

Әрине, сонымен бірге, біз унитарлы мемлекет ретінде қоғамға тән мағыналы «этногендерлік» ұстанымдарымызды үздіксіз қалпына келтірумен айналысуымыз қажет. Біз үшін одан өзге жоғары құндылық жоқ ‑ өзгелері бізге жат.

Мысалы, қазіргі кездегі «гендерлік стихиия» – неке мәселесінде көрініс табуда: материалдық құндылықтар басым болғанда қыздарымыз өзге елдердің «уәдеде тұрғыш» жігіттерімен қол ұстасып кетіп жатыр...

Бұл – ұлттық намыстың «шаршағанының» белгісі емес пе екен?

Мұның болашақ «зардабы» не, «пайдасы» қандай болмақ – ол белгісіз...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір