Трамп Иранға атом бомбасын тастай ма?!
Иран ислам билігінің партизандық соғыс тактикасынан әбден шаршаған Трамптың «Иранды тас ғасырына жіберемін, мәдениетін күлге айналдырамын» деп күнде тепсініп келе жатқаны белгілі. Соған байланысты әлем баспасөзінде «Трамп Иранға атом бомбасын тастауы мүмкін» деген қауесет ақпарат желдей есуде. Оған АҚШ вице-президенті Вэнстың айтқан сөздері себеп болған.
Будапештте Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен бірлескен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Вэнс Иранды «экономикалық терроризммен» айналысып, әлемдік мұнай мен газ тасымалын бұзуға тырысты деп айыптаған. Иран Ормуз бұғазы арқылы экономикалық құрсауын қоймаса Америка Құрама Штаттары Иранды үлкен бодау төлеуге мәжбүрлейтінін ескерткен.
Ол сондай-ақ: «Бізде кейбір құралдар бар, және біз оларды әзірге пайдалану туралы шешім қабылдаған жоқпыз. Америка Құрама Штаттарының президенті бұл құралдарды пайдалану туралы шешім қабылдай алады, ал егер ирандықтар өз мінез-құлқын өзгертпесе, оларды пайдалануға шешім қабылдауы мүмкін», - деген.
Артынан Ақ үй X әлеуметтік медиа платформасының «Rapid Response» аккаунты арқылы сыртқы сынға жауап беріп, «Вэнс ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі туралы меңзеді» деген айыптауларды тікелей жоққа шығарып, Вэнстің сөздерінде «ондай ештеңе жоқ» деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, CNN бұл мәселемен таныс дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Өкілдер палатасының демократтары республикашылдарды Трамптың Ирандағы соғыс өкілеттіктерін шектеу туралы қарарды қолдауға белсенді түрде үгіттеп жатқанын хабарлады. Сейсенбі күні Өкілдер палатасының азшылық жетекшісі Хаким Джеффрис және басқа да Өкілдер палатасының демократ жетекшілері республикашылдарды АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтату туралы дауыс беру үшін Өкілдер палатасына қайта шақырды.
Сондай-ақ АҚШ президенті Трамп Иранға қарсы шабуылдарды екі аптаға тоқтата тұруға келіскенін мәлімдеді. Трамп өзінің «Truth әлеуметтік желісінде» «Ираннан он тармақтан тұратын ұсыныс алғанын» және оны «келіссөздерді бастау үшін пайдалануға болады» деп санайтынын жариялады.
Бұл Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифтың АҚШ президенті Дональд Трампты сейсенбі күні кешке қойылған ультиматумды екі аптаға ұзартуға шақыруынан кейін орын алды. Трамп бұған дейін Иран Ормуз бұғазын қайта ашпаса, «Иранның бүкіл өркениеті жойылады» деп қорқытқан болатын.
Abai.kz