Жаңа Конституция Қазақстанның ғылыми даму бағытын қалай өзгертеді?
Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция жобасы ғылымның ел дамуындағы рөлін түбегейлі өзгертпек. Бұл туралы «Ұлттық ғылым академиясы» басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев айтты.
Оның сөзінше, жаңа құжатта ғылым алғаш рет мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекітіледі.
«Жаңа Конституция аясында ғылым алғаш рет мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Адами капиталды, ғылымды және инновацияны дамыту – мемлекет қызметінің басым бағыттары ретінде белгіленді», – деді ол.
Сонымен қатар ғылым мемлекеттің базалық құндылықтарының біріне айналмақ. Бұл оны егемендік, құқық үстемдігі және адам құқықтары сияқты іргелі қағидаттармен қатар қояды.
«Мұндай тәсіл ғылыми-технологиялық дамуға декларативті емес, міндетті сипат береді және мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді бағдарларын айқындайды», – деп атап өтті Күрішбаев.
Ғылымның рөлі түбегейлі өзгереді
Академиктің айтуынша, қазіргі кезеңде ғылым тек академиялық саламен шектелмей, мемлекеттік басқару мен ұлттық дамудың негізгі драйверіне айналып келеді.
Бұрын ғылым көбіне білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, оның нәтижелері практикалық саясатқа жүйелі түрде енгізіле бермейтін. Алайда қазір ғылымның функциясы кеңейіп, дәлелдерге негізделген басқарудың басты құралына айналып отыр.
«Ғылым енді тек қолдау алатын сала емес, мемлекеттік саясатты қалыптастырудың іргелі негізі ретінде қарастырылады», – деді ол.
Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдер қабылдауда ғылыми зерттеулердің, деректердің және талдамалық модельдердің рөлін күшейтеді.
Жаңа тәсілге сәйкес, ғылым ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің стратегиялық ресурсы ретінде бекітіледі. Ғылыми әлеует енді тек теориялық зерттеулермен шектелмей, экономиканың нақты секторларына, цифрлық трансформацияға және басқару жүйесіне тікелей ықпал ететін факторға айналмақ.
Бұл бағытта ғылыми зерттеулер инновациялық технологиялармен, жасанды интеллект құралдарымен және болжау жүйелерімен тығыз байланыста дамуы тиіс.
Сонымен бірге, ғылым қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын интеграциялық механизм рөлін атқарады. Ғылыми ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл күшейіп, ғылым ұлттық жобалар мен бағдарламалардың мазмұндық негізін қалыптастыруға қатысады.
Біртұтас жүйе: Ғылым, білім және инновация
Жаңа Конституция ғылым, білім және инновацияны өзара байланысты біртұтас экожүйе ретінде қарастырады. Бұл басқару логикасының өзгергенін білдіреді.
«Білім беру жүйесі тек кадр даярлаумен шектелмей, ғылымды өндіретін ортаға айналуы тиіс. Ал ғылым нақты экономикалық және технологиялық нәтижелерге бағытталуы қажет», – деді Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, мемлекет ғылымды қолдаушы ғана емес, оның нәтижелерін іске асыратын негізгі тапсырыс берушіге айналады. Ал ғылыми қызметтің тиімділігі енді жарияланымдармен емес, оның қоғам мен экономикаға қосқан нақты үлесімен өлшенеді.
Реформалар аясында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономикаға енгізу тетіктері күшейеді. Зерттеу нәтижелері нақты жобаларға, стартаптарға және цифрлық шешімдерге айналуы тиіс.
Бұл ретте мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор инновацияны енгізудің негізгі алаңы болмақ. Сонымен қатар жасанды интеллект пен деректерге негізделген басқару жүйесі кеңінен қолданылып, стратегиялық жоспарлау мен болжау процестеріне енгізіледі.
«Бұл – дәстүрлі басқарудан интеллектуалды басқаруға көшу», – деп түсіндірді академик.
Жаңа конституциялық тәсіл ғылым мен қоғам арасындағы өзара ықпалды да күшейтеді. Бұған дейін ғылыми нәтижелердің практикаға жетпеуі реформалардың тиімділігін төмендетіп келген.
Енді ғылым қоғамдық сұранысқа бағдарланып, ал қоғам ғылыми шешімдерді қабылдайтын белсенді қатысушыға айналуы тиіс.
Ғылыми ұйымдар мемлекеттік органдармен, бизнес және азаматтық қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Нәтижесінде зерттеулер нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады.
Цифрлық технологиялар бұл үдерісті одан әрі жеделдетеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер және талдамалық платформалар мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, басқару шешімдерінің дәлдігін күшейтеді.
Ұзақ мерзімді трансформация
Сарапшының пікірінше, бұл өзгерістер тек институционалдық сипатта емес, тұтас қоғамдық трансформацияға алып келеді.
«Ғылым қоғамның сұранысына жауап беретін жүйеге айналып, ал қоғам ғылыми прогрестің белсенді қатысушысы болады. Нәтижесінде, Қазақстанда білімге, технологияға және инновацияға негізделген жаңа әлеуметтік модель қалыптасады», – деп айтты Ақылбек Күрішбаев.
Abai.kz