Таулы аймақтардағы сел қауіпсіздігі туралы депутаттық сауал
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазақстан Республикасының таулы аймақтарында сел қауіпсіздігін және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесінің дайындығын қамтамасыз ету дереу араласуды және жүйелі жұмысты қажет етеді.
Осыған байланысты, биылғы жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі селге дайындалуды тікелей тапсырғанын еске салғым келеді. Дәйексөз келтірейін: «табиғи апаттарды болжау үшін цифрлық тәсілдерді пайдаланбасақ, жұмыстың бәрі босқа кетеді. Бізде қажетті технологияның бәрін пайдалануға мүмкіндік бар. Тек соның барлығы қаншалықты жауапты әрі жүйелі түрде қолданылады деген сұрақ туады.» деді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратын талдау кезінде үкіметтің шұғыл назарын аударатын бірқатар мәселелер мен кедергілер анықталды.
2021 және 2025 жылдар аралығында территориямызда 17 сел оқиғасы тіркелді.
Олардың барлығы залалсыз, «минималды әсер» санатында танылды.
Табиғи қауіп-қатердің басты себебі ретінде қарқынды жауын-шашын деп көрсетіледі. Ал, ұсынылған деректер жалпыланған ақпаратты қамтиды. Тәуекелдер ықтималдығы, елдімекендердің осалдығы немесе өзге болжамдар жасауға қажетті егжей-тегжейлі ақпарат жоқ.
Инженерлік қорғанысты қамтамасыз ететін инфрақұрылым жасақтау қарқыны да алаңдатады.
Соңғы жылдары тек бір ғана ірі жоба аяқталды — Алматыдағы «Аюсай» селге қарсы бөгеті. Бұл Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарын қоса алғанда, басқа селге бейім аймақтардағы ықтимал қауіптердің ауқымына сәйкес келмейді.
Цифрландыруға келсек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» геоақпараттық қызмет көрсетуде, сондай-ақ жергілікті мониторинг жүйелері іске қосылған. Олардан басқа елде жасанды интеллектті пайдаланатын толыққанды алдын-ала болжау, сенсорлық деректерді сараптама модельдермен біріктіру және үлкен деректер жиынтығын өңдейтін жүйелер жетіспейді.
Жобалар ауқымы шектеулі және негізінен Алматы қаласын қамтиды.
Сонымен қатар, кейбір сенсорлар маусымаралық кезеңде істен шығарылады, бұл үздіксіз бақылау деңгейін едәуір төмендетуде.
Сақтансаң сақтайды деген қағиданы еске салғым келеді. Мұндай үнем мен тиімділікті алға тартудың кесірі де тиіп жүрмесін.
Төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелерінің қамту деңгейі - шамамен 50,5% - көрсеткіш тым төмен. Бұл дегеніміз төтенше жағдай туындаған кезде, халықтың жартысына жуығы уақтылы ескерту алмауы мүмкін деген сөз.
Ақпарат ағынына қақпан жоқ ақпараттық дәуірде осындай сын сағаттарда алыпқашпа әңгіме мен жалған сөз азаматтарымыздың өміріне қауіп төндіруі ықтимал.
Селден қорғауға жүйелі қаржыландырудың жетіспеушілігі де анықталды: соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға мақсатты бюджеттік қаражат бөлінген жоқ.
«Mass Alert» жүйесі сияқты заманауи құралдарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда және селге бейім барлық аймақтықамтымайды, ал болжау жүйелерімен интеграция әлсіз.
Мысалы Жапония кешенді тәсілді қолданады. Бұл дегеніміз инженерлік қорғаумен қатар дамыған мониторинг желісі және төтенше жағдайдың орын алуын модельдеу қамтамасыз етілген. Осындай әдістің арқасында қорғаныс қалқаны дене қауіпсіздігін ғана емес, қауіпті жағдайға тап болған мыңдаған адамның ақпаратсыз абдырамай, әрекеті түзу болғанын көздейді.
Дәлдікті менталитет еткен Швейцария транспорт жүйесін сағат тілінің механизміндей уысында ұстап отыруымен әйгілі болғанындай, біздің көтеріп отырған мәселемізде де ұстанымдарына берік. Барлық сенсорлық деректер жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін талдамалы платформаларға жинақталып, өңделеді. Бұл өз кезегінде қауіп-қатерді дәл болжауға мүмкіндік береді. Ал селдік қауіпсіздікті үздіксіз қаржыландыру мемлекетке азаматтарды дабыл беру жүйелерімен 100% қатамасыз етуге мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, табиғи тәуекелдерді басқару, оның ішінде сел процестерін қоса алғанда, кешенді жұмыс істеуі керек: Атап айтсақ мониторинг желісі дамыту, сценарийлер модельдеу, жасанды интеллект қолдану, тұрақты қаржыландыру қамтамсыз ету және ескерту жүйелерін толығымен жасақтау.
Қазақстанда бұл элементтер біркелкі дамымаған және жер-жерде ғана нәтижелі болып отыр.
Осыған байланысты Үкіметке:
1. Сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны әзірлеп және бекітуді;2. сел қаупі жоғары аймақтарда қорғаныс құрылыстарының жеткіліксіз салыну себептеріне аудит жүргізу және төтенше жағдайлар кезіндегі ықтимал залалдың жаңартылған есебіменқамтамасыз етуді;
3. су тасқыны мен сел қаупі бар барлық ауданда халықты төтенше жағдайлар туралы заманауи ескерту жүйелерімен 100% қамтамасыз етудің нақты мерзімдерін белгілеуді;
4. қарапайым мониторингтен жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелерін толық енгізуге және барлық сенсорлық деректі бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіруге сапалы көшуді қамтамасыз етуді ұсынамын.
Қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша хабарлауды сұраймын.
Құрметпен, Әбутәліп Мутәлі,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі
Abai.kz