Сәрсенбі, 22 Сәуір 2026
183 0 пікір 21 Сәуір, 2026 сағат 21:31

Инвестициялар мен таланттар басымдықта: Қазақстан көші-қон саясатын жетілдіруде

Screenshot

Қазақстанда инвесторлар, кәсіпкерлер және сұранысқа ие мамандар үшін елге кірудің жеңілдетілген ережелері қолданылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның көші-қон саясаты шетел азаматтарының келу мақсаттарына қарай сараланып құрылады, яғни еңбек көші-қоны мен тұрақты тұруға көшу нақты ажыратылады.

Оның сөзінше, мұндай тәсіл білікті мамандар үшін экономиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, елге құнды кадрларды тарту үшін жеңілдетілген кіру тәртібі енгізілген.

«Инвесторлар, сұранысқа ие мамандық иелерібарлығы жұмысқа орналасу үшін жеңілдетілген тәртіппен келеді. Бізде Еңбек министрлігінің бұйрығы бар, онда 51 сұранысқа ие мамандық анықталған. Олардың қатарында, мысалы, жасанды интеллект инженері, нейрохирург дәрігерлер және т.б. бар», – деді Асқарбек Ертаев.

Инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін жекелеген шаралар, арнайы визалық режимдер және өтінімдерді жедел қарау рәсімдері қарастырылған. Сонымен қатар, ЕАЭО аясында ортақ нарықта еңбек ресурстарының еркін қозғалысын қамтамасыз ететін еркін жұмысқа орналасу режимі әрекет етеді.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, ұлттық еңбек нарығын қорғау үшін жеңілдікті тізімдерге кірмейтін шетелдік жұмысшыларға квоталау тетігі қолданылады.

Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығын алуға үміткер шетел азаматтарына белгілі бір талаптар қойылады. Жаңа тәртіп кезең-кезеңімен бағалауды қамтиды: мемлекеттік тілді базалық деңгейде білуін тексеру, сауалнама деректерін талдау, цифрлық скоринг, ведомство аралық тексерулер және қорытынды сұхбат.

Министр атап өткендей, жалпы алғанда Қазақстанның көші-қон саясаты экономика дамуына үлес қосуға дайын кәсіби мамандар мен инвесторлар үшін ашық күйінде қалады. Мемлекет ұлттық мүдделерді, еңбек нарығының қажеттіліктерін және ұзақ мерзімді демографиялық міндеттерді ескеретін теңгерімді әрі прагматикалық тәсілді жүйелі түрде қалыптастырып келеді.

Abai.kz

0 пікір