Мәслихат депутаттарының іссапар шығындары төленеді
Мәжіліс депутаттары «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева атап өткендей, заң жобасы өңірлердің әлеуетін күшейтуге және жергілікті өзін-өзі басқарудың мәртебесін арттыруға бағытталған.
– Жоба жиын және жергілікті қауымдастық жиыны деген ұғымдарды нақты бөліп, заң жүзінде бекітеді. Жиын – өзін-өзі басқару органы болса, ал қауымдастық жиыны – тұрғындардың қатысу формасы. Сондай-ақ аумақтық кеңестердің құрылу тәртібі мен функциялары нақтыланды. Бұған дейін аумақтық кеңестер туралы норма іс жүзінде жұмыс істемеген, қолданылмаған. Бұл ірі ауылдар мен қалалар тұрғындарының басқаруға көбірек қатысуына мүмкіндік береді, – деді Екатерина Смышляева.
Өзгерістердің тағы бір бағыты – мәслихаттардың рөлін күшейту.
– Депутаттар әкімдердің халықпен кездесулерінен кейін қабылданған жоспарлардың орындалуын бақылауға қатысады. Сондай-ақ депутаттарға бюджетке өзгерістер енгізуді бастауға, бюджеттік комиссия жұмысына қатысуға және басқа да мүмкіндіктер беріледі. Мәслихаттардың коммуналдық нысандарды басқаруға қатысуы да кеңейтіледі. Енді мәслихат депутаттарының депутаттық сауалдары ашық түрде жарияланатын болады, – деді депутат.
Сонымен қатар мәслихат депутаттарының әлеуметтік кепілдіктері күшейтіледі. Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу қарастырылған. Ал мәслихат таратылған жағдайда штаттық негізде жұмыс істейтін депутаттарға төлемдер төленеді.
Бұдан бөлек, мәслихат аппаратының басшысын тағайындау және қызметінен босату тәртібі бекітіледі. Енді бұл өкілеттік тікелей мәслихат төрағасына беріледі. Аппарат басшысына кадрларды басқару және қызметкерлерді тағайындау құзыреті беріледі.
Мәслихат таратылған жағдайда аппарат басшысының қызметіне қатысты мәселе де шешіледі.
– Президенттің тапсырмаларын орындау аясында, ауыл әкімдерімен диалог алаңында және мәслихат депутаттарының форумында заң жобасы бірқатар ұсыныстармен толықтырылды. Соның ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар енгізілді. Жергілікті бюджеттер қосымша үш түрлі төлем мен айыппұлдарды иеленеді. Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаражатты бөлу мен шешім қабылдауда көбірек еркіндік алады, – деп атап өтті Смышляева.
Тағы бір маңызды бағыт – мәслихат қызметінің ашықтығын арттыру және цифрландыру. Мысалы, сессияларды онлайн көрсету, құжаттарды жариялау және хат алмасуды жүргізу талаптары енгізіледі. Заң жобасы депутаттардың жауапкершілігін күшейтіп, мәслихат төрағасының өкілеттік мерзімін шектейді.
Abai.kz