Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жөнелте ме?
Ресей үкіметінен Қазақстанға отын сатып алу немесе оны гуманитарлық көмек ретінде жеткізу жөнінде ресми өтініш әзірге түскен жоқ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство таратқан хабарламада мұндай сұраныс түскен жағдайда, еліміз өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жанар-жағармай материалдарын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екені атап өтілген.
Министрліктің түсіндіруінше, экспорттық тасымалдар тек ішкі нарықта тапшылық туындамаған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекет үшін негізгі басымдық – отандық тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз ету болып қала береді.
“Қазақстанның ішкі нарығын толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – сөзсіз басымдық болып қала береді. Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін”, – деп жазылған Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Бұған дейін Reuters халықаралық ақпарат агенттігі саладағы жеке дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстан шілде-тамыз айларында Ресейге 50 мың тонна бензинді гуманитарлық көмек ретінде жеткізуге келісті деп хабарлаған еді. Агенттік дерегінше, АИ-95 және АИ-92 маркалы бензин көлемдері Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауытынан және Павлодар мұнай-химия зауытынан жөнелтілуі тиіс болатын.
Дегенмен, Энергетика министрлігі Ресейдің "Татнефть" мұнай компаниясы жеткізетін шикізатты (нафтаны) өңдейтін Батыс Қазақстан облысындағы "Конденсат" зауыты арқылы жанармай жөнелту мүмкіндігін толық жоққа шығармады.
""Конденсат" ЖШС өндіретін автокөлік бензинін жақын арада Ресейге жеткізу мүмкіндігі Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай өнімдерінің жеткіліктілік деңгейіне байланысты болмақ. Мұндай жеткізілім жүзеге асырылса, автокөлік бензині Ресейдің "Татнефть" компаниясы беретін шикізаттан өндіріледі", – делінген агенттік сұранысына берілген ресми жауапта.
Abai.kz