Дүйсенбі, 4 Мамыр 2026
Қауіп еткеннен айтамын 158 0 пікір 4 Мамыр, 2026 сағат 14:29

Келімсектер көбейді: Қазақ қайтіп күн көрмек?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Соңғы жылдары әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп, ірі державалардың экономикалық жүйесіне айтарлықтай қысым түсе бастады. Оны өздерініз де байқап жүрсіздер. Солардың қатарында, Ресей Федерациясының экономикасы да бар.

Сонау бір кездері табиғи ресурстарға сүйеніп, тұрақты өсім көрсеткен бұл елдің шаруашылығы бүгінде сан түрлі санкциялар мен ішкі құрылымдық әлсіздіктердің салдарынан тығырыққа тірелді. Тірелгенде онбай тірелді. Экономикалық тоқырау, инфляцияның өсуі, халықтың тұрмыс деңгейінің күрт төмендеуі – мұның бәрі қоғам ішінде әлеуметтік күйзелісті күшейтіп, көші-қон үрдісін жандандыра бастады.

Экономиканың әлсіреуі Ресейде ең алдымен халықтың күнделікті өмірінен көрінеді. Бағаның шарықтауы, жұмыс орындарының қысқаруы, шағын және орта бизнестің тұралауына байланысты табыс кеміді. Әсіресе, қалалардағы орта тап өкілдері үшін жағдай күрделене түсті. Бұрын тұрақты жалақы алып келген мамандар енді қысқартуға ұшырап, жаңа жұмыс табу қиындады. Ал ауылдық аймақтарда жағдай бұдан да мүшкіл – инфрақұрылым әлсіз, инвестиция жоқ, жастардың болашаққа деген сенімі мүлде жоғалды.

Күнделікті Ресей жаналықтарынан оқып, көріп, білгеніміздей, азық-түлік бағасының өсуі, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы қарапайым тұрғындардың қалтасына ауыр соққы болуда. Әсіресе, импортқа тәуелді тауарлар бойынша тапшылық байқалып, өз кезегінде нарықтағы бағаның одан әрі өсуіне әкеліп отыр. Сондықтан, тығырыққа тірелген халықтың көп бөлігі шетелге қоныс аударуды қарастыра бастады.

Енді сұрақ туындайды: Олар қайда қоныс аударады? Жағрапиялық тұрғыдан қарасақ, Ресеймен шекаралас елдің алғашқы бағыты Қазақстан -  соңғы жылдары оларға тартымды бағытқа айналды. Біздің елде визалық режимнің жоқтығы, шекараның мүлде ашықтығы, орыс тілінің Қазақстанда Кеңес Одағындай әліде өз күшінде тұруы, көші-қонды мүлде жеңілдетіп жіберді. Қазіргі күндері олардың ағылып келіп жатқандығыда содан. Кейбір деректерге сүйенсек, осы және келесі жылдары елімізге біраз миллионға жуық жұмыссыз, табыссыз, ашыққан Сібір, Поволжье, Алтай өлкесінің тұрғындары қоныс аударуы мүмкін, - деп айтылуда. Әрине, құдай бетін әрмен қылсын!

Сонымен, әрі кеттік.

Қазіргі, Ресейден келіп жатқан жұмыссыз, табыссыз қалған тұрғындарға шектеу қою үшін келесі іс-шараларды қабылдау керек секілді. Бұл өзіміздің ойымыз және пікіріміз.

Алдымен, еңбек нарығын қорғау шаралары қажет. Ресейден келгендердің көпшілігі жергілікті халықтың жұмыс орындарының біразын алып қоюы мүмкін. Сондықтан негізгі салаларда шетелдік жұмыс күшіне квота енгізу, ал стратегиялық маңызы бар секторларда (мемлекеттік қызмет, қауіпсіздік, инфрақұрылым) шетел азаматтарының жұмыс істеуіне мүлдем шектеу қою керек. Сонымен қатар жұмыс берушілерге де жауапкершілік жүктелуі тиіс — заңсыз еңбекке тартқаны үшін қатаң санкциялар қарастырылуы жөн-ақ.

Сондай-ақ, қаржылық және кәсіпкерлік қызметке бақылау орнату маңызды. Ресейден келетін тұлғалар санкциялардан айналып өту үшін Қазақстанды пайдалануы мүмкін. Мұндай тәуекелдерді істетпеуге, яғни банктер мен қаржы ұйымдары күмәнді транзакцияларды мұқият тексеруі, ал жаңа ашылатын бизнес субъектілерінің түпкі бенефициарларын анықтау тетіктері күшейтілуі тиіс. Бұл Қазақстанның халықаралық беделін сақтау үшін де маңызды.

Және, тағы бір нақты айтарымыз, ақпараттық және идеологиялық қауіпсіздік жағдайы. Сырттан келген адамдар өздерімен бірге ақпараттық күн тәртібін алып келуі мүмкін. Сондықтан, ел ішінде арандатушылық, ұлтаралық араздықты қоздыру, жалған ақпарат тарату сияқты әрекеттерге қатан тиым салу керек. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік ғана емес, қылмыстық жауапкершілік қарастыру орынды-ау дейміз.

Сонымен қатар, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені бақылау керек. Мектеп, аурухана, тұрғын үй нарығы сияқты салаларға сырттан келетін адамдар қатты әсер етеді. Сондықтан олардың елімізге, қазақтардың кезіндегі аштықтан босып кеткеніндей ағылып келуіне нақты шектеу қою керек. Оған қоса, қазір жылы айлар басталды.

Қорытындылай келе, Қазақстан Ресейден дамылсыз, тоқтаусыз келіп жатқан, жұмыссыз, ашыққан тұрғындарға қатысты нақты әрі қатаң саясат жүргізуі керек. Бақылау, шектеу және жауапкершілік тетіктері күшейтілсе, ел ішіндегі тұрақтылық сақталады және сыртқы тәуекелдер тиімді басқарылады.

Бейсенғазы Ұлықбек, 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 1419
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1136