Сейсенбі, 12 Мамыр 2026
Бұ не мазақ? 234 0 пікір 12 Мамыр, 2026 сағат 14:35

Тәйтік депутаттың тайтаң қылығы

Сурет: qazaqtoday.info сайтынан алынды.

Баяғыда бір тентек атамыз айтқан екен: «Бәрімізде әкемізді сабаушы едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көрдік», - деп. Парламенттің төменгі палатасының халық қалаулылары әлемде жоқ «ұлт сайлаушыларының намысын арбаға байлап қойып сабаудың» небір атасын өмірге әкеле бастады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттарының арасында «ел мақтаған қыз тойда жел шығарадының» керін жасаған Ардақ Назаровтан басталған кеспатың толқынын іліп әкеткен әріптесі Дәулет Мұқаев бұл эстафетаны«гештальт жабу» форматында жалғастырып, әйелін туған күнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми хатымен құттықтаймын деп елдің табасына қалды.

Депутат бейнежазбада әйелінің гештальтін жапқысы келгенін айтып, «Парламент тарамай тұрғанда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалдым»,–дейді. Депутаттың бұл қылығана күйінген жұрт: «Ардақтан кем түскен жоқ», «Ұят-ай», «Депутаттық мәдениет қайда кеткен?» «Депутаттарымыз білгенін істеді ғой», «Бәрі жаппай тілек айтуға шыққан ба?», «Парламенттің беделін түсірді»,– деп өз ойларын ортаға салды.

Оның  бұл әрекеті әріптестеріміздің де назарына тыс қалған жоқ, журналистер Гүлбану Әниятқызы мен Диас Нұрақын жазба арнап, мейманасы асқан депутатсымаққа оңдырмай әлеуметтік желіде соққы берді.

Гүлбану Әниятқызы: «Картоп қымбаттағанда депутат басымен мәселені көтерудің орнына әйеліне картоптан букет сыйлағанда «ақылының жеткені сол шығар» деп күліп қоя салғанбыз. Енді міне, заң шығарушы органның атауын әйелін құттықтауға пайдаланып, онысын «гештальт жаптық» деп тұр. Әр депутат 5 мың теңгеге сатып алып, әйелін, туған-туысын, құда-жекжатын Парламенттің атынан құттықтай берсе, жетіскен екенбіз. Кетуіне бір жарым ай қалғанда қойшы деп ем, бірақ мына концертіне шыдамадым. Кластасыма күліп ек, мынауың одан қалысып тұрған жоқ», – деп әлеуметтік желіде қынжыла жазса.

Диас Нұрақын ұлттың қанын басына шығарған бұл тәйтіктігіне шүйлікті:

«Ардақ Назаров анасын Мәжіліс мінберінен құттықтап еді. Енді Дәулет Мұқаев деген депутат әйелінің туған күніне Парламенттің атынан адресат жасатыпты. Гештальтын жапқым келді дейді. Заң шығарушы орган гештальт жабатын жерге айналған ба? Мыналарға тоқтам салмасақ, алдағы уақытта аурулары асқынып, құда-жекжатын Ақорданың атынан құттықтап, той-томалаққа Президенттің «Алғыс хатын» апарудан тайынбайды», – деп жазды журналист Диас Нұрақын.

Атың шықпаса жер өрте дегендей,  Ардақ Назаровтан асып түсіп, Мәжілісті мазақ қылған Мұқаевтың бұл әрекеті депутаттық мәдениетке жат екенін  Мәжіліс өз депутатына ұқтыра ала ма, қандай шара қолданады осы жағы жұртқа қызық бола түсті. Мәжілісті баланың ойына айналдырып, ойларына келгенді істейтін Ардақ пен Дәулеттің бұл тірлігі онсызда Мәжілістен көңілі қалған жұртты жерге бір түкірткені анық.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2554
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1775