Қамшыбек Тәшиевтің құпияланған ісі сотқа берілді...
Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы басшысына қатысты іс бойынша айыптау актісін бекітті. Бұл туралы Kaktus Media хабарлады.
Бұл ақпаратты адвокат Икрамидин Айткулов растады. Оның айтуынша, Қамшыбек Тәшиевке «билікті күшпен басып алуға дайындық» және «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылып отыр.
Қазіргі мәліметтерге қарағанда, Тәшиевке қатысты материалдар Бішкек қаласының Бірінші май аудандық сотына өткізілген. Арнайы қызметтің бұрынғы басшысымен бірге бұл іс бойынша тағы 7 адам айыпталып жатыр.
Адвокаттың айтуынша, іс құпияланған. Бұл сот отырыстарының жабық режимде өтетінін және тергеу мен сот материалдарын жариялауға тыйым салынатынын білдіреді.
Ықтимал айыптаулар туралы ақпарат пайда болғаннан кейін, Тәшиевтің өзі кінәсіз екенін және ел заңнамасы аясында қорғанатынын мәлімдеді.
Бүгін таңертең «Kaktus Media» басылымы ҰҚМК басшысының бұрынғы орынбасары Тимур Шабданбековтің тергеу изоляторынан үйқамаққа босатылғанын хабарлады. Ол да осы іс бойынша айыпталушылардың бірі.
Abai.kz