Бейсенбі, 30 Шілде 2026
46 - сөз 1324 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 15:30

Отандық тарихнамаға олжа салған

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

 XVIII ғасыр  халқымыздың  тарихындағы ұлт және мемлекет ретінде сақталып қалу және қала алмау мәселесіндегі ең бір шешуші кезең болды.  Өйткені осы кезде біздің жеріміз, халқымыз алдымен жоңғарлардың, одан соң Ресей мен Цин империясының қат-қабат шапқыншылығына ұшырады. Жан-жақтан төнген сыртқы күштермен  жанталаса шайқаса жүріп халқымыз ұлттық болмысы мен  мемлекеттілігін сақтап қалды. Қазақ хандығы өзінің ханы, әскері, заңы, халқы, дәстүрі және территориясы бар мемлекет ретінде көрші елдерге танылды. Дәл осы кезеңде Қазақстанның бүгінгі мемлекеттік шекарасының тарихи негіздері айқындалды.  Сондықтан, бұған дейін белгілі болған және белгілі болмаған түрлі деректерді ғылыми айналымға қосу арқылы бұл кезеңнің тарихын дұрыс зерделеу ең алдымен бүгінгі отандық тарихнаманың басты мақсаттарының бірі болмақ. Сол тұрғыдан бүгін тұсауы кесілгелі отырған тарихшы, деректанушы, доктор Бақыт Еженханұлының «Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары» деп аталатын бұл кітабы осы бағыттағы бірегей зерттеу еңбегі болып табылады.

Кітап деректанулық, тарихнамалық бағыттағы еңбек. Бұл екеуі тарих ғылымының жаны. Пайда болу негізіне байланысты, дерек әр түрлі субъекті тарапынан әр түрлі мақсатта, әр түрлі деңгейде жазылуы мүмкін. Сондықтан, деректерді сөйлету, тарихтан дұрыс қорытынды шығару үшін,  оған деректанулық сараптама және сын қажет. Бұл бір. Екіншіден қолда бар деректерді ғылыми айналымға қосу үшін жалпыға бірдей (әлемдік) тарихнамалық ұстанымдар, әдіс-тәсілдер басшылыққа алынады. Осылар негізінде тарих ғылымындағы ұлттық, мемлекеттік аспектілер ортаға шығады. Бұл кітапты жазуда автор осындай деректанулық және тарихнамалық принциптерге берік арқа сүйегенін байқауға болады. Сонымен бірге, Дж. Фербанк, Дж. Миллварт, Н. Д. Космо, О. Такахиро, С. Тору, Ж. Нода секілді шетелдік авторлар мен К.Ш. Хафизова, Е. Ауғали, Д. Әбіләшімұлы секілді қазақ авторларының пікрлеріне, теориялық тұжырымдарына да тоқталған.

Сонымен бірге, жекелеген Қытай зерттеушілерінің  соңғы кездегі қытайлық тарихнаманың кейбір имперлік пиғылдағы концепцияларына және дәстүрлі қытай тілді бұрмаланған дереккөздерге ғана сүйеніп, «Цин патшалығы дәуірінде қазақтар түгелімен Цин патшалығының боданы болған», «Балқаштың шығысы мен оңтүстігі Цин патшалығы дәуірінде Қытайдың жері болған» деген әңгімелерді жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етеді. Оған дәйек ретінде Қытай ғалымы Ли Шэннің 2004 жылы шығарған «XV ғасырдан ХХ ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстан мен Қытайдың Шынжаң өлкесі арасындағы қарым-қатынастар» атты еңбегіндегі көптеген бұрмаланған, қате тұжырымдарды ортаға салады. Өкінішке орай, мұндай кереғар пікірлер көрші  елде білім алатын жастардың санасын күлегейлейді, шатастырады. Сол себепті, бір кезде, тіпті,  кейбір тісқақты ғалымдардың еңбектерінде осындай идеялар орын алған болатын.

Бұл ретте Б. Еженханұлы сол дәуірдегі халықаралық жағдаяттарға толық назар  аудара отырып, екі ел арасында қарым-қатынастың әлемдік, аймақтық қырларына маңыз береді. Қазақ-Цин қарым-қатынасын қалыпты халықаралық, дипломатиялық қатынас тұрғысынан зерделейді.

Ол кезде Ман-Цин империясының мемлекеттік тілі манжу тілі болды. Қытай тілі империя құрамындағы Қытайлардың ұлттық тілі ретінде екінші орында қолданылды және бір бөлім мемлекеттік құжаттар қытай тіліне де аударылды. Сол кезде орда кәтіптері манжушаға аудару барысында түймедейді түйедей етіп көрсетіп, көп нәрсені жандарынан қосып жіберген. Алайда, манжу тілінде қалыптасқан құжаттардың барлығы дерлік аударылған жоқ. Автор осынау манжу тілді деректерді зерттеу арқылы Қазақ-Қытай қарым-қатынасында бұрыннан қалыптасқан әлгіндей кереғар тұжырымдарды теріске шығарады.

Бұл жерде сонау XVIII ғасырдың екінші жартысынан бері қарай қытай тарихнамасында қалыптасқан және жоғарыдағы Ли Шэн сияқты тарихшыларының сөзіне тұздық болып келген Абылайдың Цин императорына жіберген тұңғыш хатының қытайша аудармасы туралы  айтпай кетуге болмайды. Бұл хат көптен бері қытайлық тарихнамада «Қазақ Орта жүзі мен Ұлы жүзінің Қытйға бодандығының дәйегі» ретінде қарастырылып келді.  Алайда жаңадан табылған Абылай ханның 1757 жылы Цяньлунға жазған хатының тотын-моңғол тіліндегі өңделген нұсқасы мен манжу тіліндегі екі нұсқасын бұдан бұрын кең таралған қытай тіліндегі нұсқасымен салыстыра келіп, мынандай қорытынды шығарады: Абылай ханның осы бір дипломатиялық хаттамасын Цин ордасының орда кәтіптері өз мүдделеріне сай етіп өңдеп, өзгерткен. Демек, сол бір жалған құжат негізінде жасалған тарихи тұжырымның ешқандай қисынсыз екені белгілі болды. Бұл туралы Б. Еженханұлы өзінің 2010 жылы жарық көрген «История и легенды: Вокруг первого письма Абылай хана китайскому императору Цяньлуну» және «Абылай ханның Цин патшалығы ордасына  жолдаған тұңғыш хаты және одан туындаған тарихи мәселе» атты мақалалларында және басқа да кітаптарында анағұрлым терең талданған еді. Автор бұл жолы  осы тақырыпты ары қарай жалғастырып, аталмыш тарихи мәселенің өзге де күңгірт тұстарын анықтауға күш салады.

Кітапта қарастырылған тағы бір  мәселе — қытайлық тарихнамадағы аталмыш «Балқаштың шығысы мен оңтүстігіндегі қолдан кеткен жерлер» туралы зерттеулер. 1760 жылы Цин  императоры Цяньлун мен оның Шығыс Түркістанға жіберген шекарашы ұлықтары мынаны айта бастаған: Бұрынғы Жоңғарлардың ат тұяғы жеткен, басқаруында болған жерлер енді Цин әулетінің басқаруында болуы керек. Өйткені жоңғар мемлекетін жойған Цин әулеті! Бұл кезде Абылай мен Әбілпейіз сұлтан және қазақтың атақты батырлары бастаған Үш жүздің қолы 1753-1760 жылдары бас-аяғы 6 жылда жатпай-тұрмай соғысып,  қалмақтарды Қазақстанның қазіргі мемлекет шекарасының сыртына ығыстырып шығарған еді. Демек, Әбілмәмбет хан, Абылай, Әбілпейіз сұлтандар мен қазақтың марқасқа билері, батырлары Ежен ханның (Цин әулеті) күндердің күнінде осылай талап қоярын білген еді. Біліп, жіті қимылдап жоңғарлардан азат етілген Қазақ жерінің шекарасын қазіргі мемлекет шекарасы тұрған шекке дейін жеткізген еді. Соған қарамастан, Цин әулеті әлгіндей сылтаумен қазақтарды Аякөз-балқаш-Шу сызығынан ығыстыру саясатын қолдана бастады. Б. Еженханның пікірінше осы бір кертартпа тұжырымның әсері күні бүгінге дейін жетіп отыр. Алайда жердің түпкілікті иесі қазақ халқы Цин империясының бұл саясатына табанды түрде қарсы шықты. Абылай ханның «бейбіт түрде көшіп кіру» саясатының ықпалымен қарапайым шаруалар жайылымдық жер жетпіспеушілігін көлденең тартып, шекара аттап, жоңғарлардан босаған жерлерге көшіп бара бастады.  Осындай жағдайда Цин шекара қарауылдары бейбіт халыққа қарсы қару қолдануға шарасыз қалды. Қазақ ханы Абылай да осы орайда Цин ордасына хат жазып, қазақтың «ежелгі жерлерін» сұрады. Б. Еженханның жазуынша тарихи құжаттар арасынан манжуша аударма түрінде бізге жеткен Абылай ханның бір ғана хатын ерекше атауға болады. Бұл хатты Абылай хан 1761 жылы Жолбарыс сұлтан арқылы император Цяньлунға жолдаған екен.  Хаттың манжу тіліндегі аударма нұсқасында былай делінеді:

-«Елімнің қоныстары шығысы Чорға жеріне, оңтүстігі Шсары бел, Ортасы лепсіге дейін жетіп тұр».

Автордың зерттеуіне сүйенсек, Чорға жері Тарбағатай тауының қазіргі Қытайдың Дөрбелжін ауылына қарай созылып жатқан шығыс жақ беті, Еміл өзенінің жоғарғы сағасы. Яғни, Тарбағатай тауының екі жақ етегіндегі ұлан жазық түгел Чорға (Шорға) деп аталған.  Қазақтар 1753 жылғы Шорға шайқасы арқылы Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейіне бірдей иелік еткен. Ал Шарбел(Сарыбел) дегені қазіргі Қастек асуы және оған жалғасып жатқан таулы аймақ. Абылай ханның осы хатында қызыл таңба басылған хатты сұрауы Цин ордасы тарапынан аталмыш шекара сызығын мойындатқызып алу үшін еді. Бұл хаттың қалыптасу барысы, ондағы тарихи-географиялық мәліметтер туралы автор өзінің  ағылшын тіліндегі “Sarksaha” (Manchu sdudy journal, 2019. Michigan) жариялаған мақаласында егжей-тегжейлі талдау жасаған болатын.

Автор өзінің хронологиялық шеңберіне кіруден бұрын қытай деректеріндегі қазаққа қатысты деректерге қысқаша тоқталады. Яғни, әңгімені «қазақ» этнонимінің қытай тілінде алғаш толық жазылуынан бастайды. Яғни «қазақ» сөзі ең алғаш Цин әулеті ордасында қызмет еткен белгиялық иезуит миссионер Фердинанд Пербистің 1674 жылы басып шығарған «Куньюй цюаньту» (坤舆全图), яғни, «Әлемнің географиялық картасы» деп аталатын үлкен атласында  加撒基 (Jiasaji- kasaki) түрінде жазылған.  Одан соң, цин әулетінде қазақтар туралы мәліметтер Халқа моңғолдары манжуар тарапынан басып алынған 1697 жылдан кейін жазылған Шилулерде (实录-орда естеліктерінде) кездесе бастайды. Одан кейін, Суан Рабдан өздерінің қазақтардан көрген қорлығын айтып, император Кансиге хат жазып, қолбастап барып кек алуға рұқсат сұрайды.

Демек, манжу-қытай тіліндегі  осындай деректер 1761 жылға дейін көбейе түседі. Бұл деректер Бақыт Еженханның бұдан бұрынғы зерттеу еңбектерінде кеңінен қарастырылған болатын.

Бұл жолы да жалпы талдауға алынған, зерделенген деректер өте көп. Олар негізінен манжу тіліндегі қазаққа қатысты мұрағат қорынан алынған  1761-1783 жылдарға тән түпнұсқа деректер мен Пекиндегі Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының  «Қазақ қорындағы» 1783-1786 және 1787-1791 жылдардағы түп деректерден тұрады. Бұл құжаттар осы күнге дейін еш жерде жарияланбаған. Б. Еженхан бастаған экспедиция 2015 жылы аталған үш қордағы манжуша деректерді толық көшіріп алды. Бұл жалпы 171 құжаттан тұратын, өз кезінде  манжуша қатталған аса мол түпнұсқа деректер қоры еді. Бұл құжаттар Қазақ хандығының шығыс өңірінің 1783 жылға дейінгі тарихын зерделеуге көмектеседі. Өйткені, бұл кезде Абылай хан да, Әбілпейіз сұлтан да дүниеден өткен болатын. Дегенмен, автордың пікірінше аталмыш деректерде 1761-1783 жылдар аралығында Қазақ ордасы мен Манжу-цин империясы арасында болған көптеген дипломатиялық қатынастар толықтай қамтылған деуге келмейді. Құжаттарды зерделей келе, автор 1783 жылға дейінгі кезеңді Қазақ-Цин дипломатиялық қатынасының қалыптасу кезеңі деуге болады дейді.

Кітапта автор  Қытайдың бірінші тарихи мұражайында және басқа да жерлерде сақтаулы 1000-нан астам мұрағат құжатын оқып шығып, олардың ішінен 164 құжатты түпнұсқасынан қазіргі қазақ тіліне аударған әрі тиісті деректанулық, тарихнамалық түсіндірме жасаған. Кітаптың басты жетістігі де осы манжу тілді және қазақтардан барған шағатай, тотын моңғол жазуында жазылған хаттарды аударып, салыстыра зерделеп, ғылыми айналымға қосуы деуге болады. Сондықтан деректердің атауы, тарнскрипциясы, аудармасы, түсініктері толық берілген.

Әр бетінде аса тиянақты, шынайы, іргелі зерттеулерге, ойларға және тұжырымдарға орын берілген бұл еңбекті  тәуелсіздік алғалы бері отандық тарихнаманың қол жеткізген айырықша, ірі жетістіктерінің бірі деп бағалауға болады. Алайда, бұл жеке бір ғалымның  біліктілігі мен ізденісінің, қажыр-қайратының  арқасында  жарыққа шыққан еңбек екенін де айта кеткен жөн. Автор бүгінде миллиондаған қаражат жұмсап, жобалық ретінде іске асыруға тұрарлық  аса ауқымды әрі күрделі жұмысты бір өзі орындап шыққан.

Кітаптың тұсаукесеріне орай өз ойларымызды қысқаша оылай ғана жеткіздік. Алдағы уақытта бұл ғылыми еңбек туралы тереңірек тоқталатын боламыз. Тұсаукесер құтты болсын! Сөзімнің соңында отандық тарихнамадағы Б. Еженханұлы сынды табанды, тиянақты, принципшіл әрі кез-келген мәселеге өте жауапкершілікпен қарайтын нағыз заманауи ғалымға деніне саулық, шығармашылық табыстар тілеймін.

Тұрсынқан Зәкенұлы

Abai.kz

0 пікір