Сейсенбі, 21 Шілде 2026
Көкмұнар 370 0 пікір 20 Шілде, 2026 сағат 15:18

Бір ел, жеті бағдар: Партиялар сайлауда нені көздеді?

Суреттер: egemen.kz, adyrna.kz, wikipedia.org, baq.kz сайттарынан алынды.

Сайлауалды бағдарламалары – құр жай ғана уәделер жинағы еместігі әмбеге аян.

Сондықтан айтулы додада бағын сынап жатқан әр партияның өз құрылтайында бекітілген құжаттан оның қоғамға қандай көзқарас ұсынғанын, қандай әлеуметтік топқа сүйенгенін және билікке келген жағдайда қай бағытқа басымдық беретінін беймарал аңғаруға болады. Бірі жүйені іштен жаңғыртуды көздеді. Екіншісі экономиканы мемлекеттен «босатуға» ұмтылды. Үшіншісі ауылдың жоғын жоқтады. Ал кей партия әлеуметтік әділеттілік, экология мен саяси бәсекені негізгі ұран етіп атойлайды.

Сол себепті партия бағдарламаларын тек «кім не уәде етті?» деген сұрақпен бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе – әр партия елдің проблемасын қайдан көрді және оны қандай жолмен шешпек болды? Бар гәп осында!?

«ӘДІЛЕТ»: ӨЗГЕРІСТІ БАСҚАРУ

«Әділет» партиясының құрылтайда бекітілген бағдарламасынан мемлекеттік басқару мен жүйелі реформаларға басымдық берілгені байқалды. Партия елдегі өзгерістерді күрт саяси бұрылыс арқылы емес, кезең-кезеңімен жүзеге асатын мемлекеттік саясат ретінде ұсынды.

Бұл – партияның негізгі саяси мақсатын да айқындайды. «Amanat» өзін қоғам мен билік арасындағы негізгі саяси арна ретінде көрсетті. Яғни партияның ұстанымы – өзгеріс керек, бірақ ол жүйені шайқалтпай, басқарылатын түрде жүзеге асуы тиіс дегенге саяды.

«Әділет» үшін басты мәселе – мемлекеттің жұмыс істеу сапасы. Әлеуметтік жағдай, инфрақұрылым және халықтың әл-ауқаты мемлекеттік басқарудың тиімділігімен тікелей байланыстырылды.

«АҚ ЖОЛ»: МЕМЛЕКЕТ АЗ АРАЛАССЫН, ЭКОНОМИКА КӨП ЖҰМЫС ІСТЕСІН!

«Ақ жол» партиясының бағдарламасы экономикалық еркіндік пен кәсіпкерлікке көбірек сенім артты.

Партияның негізгі мақсаты – мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын шектеу, бәсекені күшейту және ұлттық бизнестің мүмкіндігін кеңейту. «Ақ жолдың» саяси ұстанымы айқын: Мемлекет бизнеске кедергі емес, мүмкіндік жасауы керек!

Осы тұста партияның «Әділеттен» айырмашылығы көрінеді. «Ақ жол» экономикалық еркіндікті негізгі шешім ретінде қарастырды.

«АУЫЛ»: АУЫЛДЫ САЙЛАУ АЛДЫНДА ҒАНА ЕСКЕ АЛМАУ

«Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтардың мәселесін ұлттық күн тәртібінің ортасына шығаруға тырысты. Партия үшін ауыл – тек аграрлық сектор емес. Ауыл мәселесі демографиямен, жұмыспен қамтумен және әлеуметтік тұрақтылықпен тікелей байланысты. Сондықтан «Ауылдың» негізгі мақсаты – ауылды ел дамуының шеткі мәселесі емес, стратегиялық басымдығы ретінде көрсету.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ»: ХАЛЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ «ЕСЕБІН» СЕЗІНЕ МЕ?

«Қазақстан халық партиясы» әлеуметтік әділеттілік пен халықтың тұрмыс деңгейіне басымдық берді. Партия үшін экономикалық өсімнің өзі жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оның нәтижесі қарапайым азаматтың өміріне әсер етуі. Сондықтан партияның негізгі саяси мақсатын әлеуметтік теңсіздікті азайту және мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін күшейту деп түсіндіруге болады.

«RESPUBLICA»: САЯСАТҚА ЖАҢА БУЫННЫҢ КЕЛУІ

«Respublica» партиясы өзін жаңа буынның, кәсіпкерлердің және заманауи экономикалық ойлаудың өкілі ретінде танытуға тырысты. Партияның бағдарламасында басқару сапасы, жаңа экономика және кәсіпкерлікке жағдай жасау мәселелері алдыңғы орынға шықты. «Respublica-ның» негізгі саяси мақсаты – мемлекеттің барлық мәселені өзі шешетін моделінен бас тартып, қоғам мен бизнестің белсенділігін арттыру.

«БАЙТАҚ»: ЭКОЛОГИЯНЫ САЯСАТТЫҢ ШЕТІНЕ ЫСЫРЫП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

«Байтақ» партиясы экологиялық мәселелерді саяси бағдарламаның өзегіне шығарды. Қазақстанда экология көбіне жекелеген өңірлердің проблемасы ретінде қарастырылып келді. «Байтақ» бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеруге тырысты.

Партияның негізгі мақсаты – экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру.

«ЖСДП»: ЖҮЙЕГЕ СҰРАҚ ҚОЙҒАН ПАРТИЯ

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» әлеуметтік әділеттілік пен саяси өзгеріс мәселесін алға шығарды. Партия өзін саяси балама іздейтін азаматтардың өкілі ретінде көрсетуге ұмтылды. Оның бағдарламасында әлеуметтік саясатпен қатар азаматтық құқықтар мен саяси бәсеке мәселелері де маңызды орын алды.

«ЖСДП-ның» негізгі ерекшелігі – саяси жүйеге сыни көзқарас ұсынуы.

ЖЕТІ ПАРТИЯНЫҢ ОРТАҚ СӨЗІ – ХАЛЫҚ. БІРАҚ САЯСИ МАҚСАТЫ БӨЛЕК!

Партиялардың құрылтайында бекітілген бағдарламаларды салыстырғанда, олардың бәрі дерлік халықтың әл-ауқаты мен елдің дамуын сөз етті. Алайда әр партия бұл мақсатқа жетудің жолын әртүрлі түсінді.

«Әділет» – жүйелі мемлекеттік өзгерісті; «Ақ жол» – экономикалық еркіндікті; «Ауыл» – ауылдың дамуын; «Қазақстан халық партиясы» – әлеуметтік әділеттілікті; «Respublica» – жаңа экономиканы; «Байтақ» – экологиялық қауіпсіздікті; «ЖСДП» – саяси бәсекені негізгі басымдық ретінде таңдады.

Осы айырмашылықтардың өзі партиялардың саяси табиғатын ашып береді. Бірі мемлекетке көбірек сенді. Екіншісі нарыққа сүйенді. Үшіншісі ауылдың мәселесін алға шығарды. Тағы бірі қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке назар аударды. Ал экология мен саяси бәсеке жеке партиялардың негізгі саяси нысанасына айналды.

Шын мәнінде, партиялардың сайлауалды бағдарламалары – елдің болашағы туралы жеті түрлі көзқарастың көрінісі. Бір ел, бір қоғам, бірақ оны дамытудың жеті түрлі жолы ұсынылды. Сайлаудың саяси салмағы да дәл осы таңдаудан көрінеді.

Abai.kz

0 пікір