Бейсенбі, 21 Мамыр 2026
Әне, көрдің бе? 191 0 пікір 21 Мамыр, 2026 сағат 14:30

Эйнштейн Құдайға сенген бе?

Сурет: arzamas.academy сайтынан алынды.

Эйнштейн үшін Құдай дәстүрлі діндердегі секілді адам тағдырына араласатын құдірет иесі емес еді. Ол Құдайды ғаламның үйлесімді заңдылығы мен шексіздігінің поэтикалық метафорасы ретінде қабылдады. Эйнштейннің түсінігінде бүкіл әлем дәлдікпен құрылған ұлы гармония болатын. Ал сол гармонияны тану – адамзаттың ең ұлы міндеттерінің бірі.

Ол адам өміріндегі ең терең сезім – «құпиямен бетпе-бет келу» деп есептеді. Ғарыштың шексіздігіне қараған сәтте адамды билейтін үрей мен таңданыс аралас сезім Эйнштейн үшін «ғарыштық діни сезімнің» бастауы еді.

Сондықтан да ол кванттық физиканың кездейсоқтыққа негізделген табиғатын қабылдай алмады. Оның әйгілі «Құдай асық ойнамайды» деген сөзі осы сенімнен туған. Эйнштейн зайырлы еврей отбасында дүниеге келді. Ата-анасы өздерін мәдени тұрғыдан еврейміз деп санағанымен, діни рәсімдерге аса мән бермейтін. Тіпті олар ескі діни түсініктерді «көне ырымдардың қалдығы» ретінде қарастырған.

Бала кезінде Эйнштейн католик мектебінде оқыды. Ол католиктік сабақтарды ерекше қызығушылықпен меңгеріп, үздік оқушылардың бірі болды. Алайда тоғыз жасында Мюнхендегі еврей діни мектебіне ауысқан соң, күтпеген жерден дінге беріліп кетеді. Қарындасының естелігіне сүйенсек, жас Эйнштейн еврейлік қағидаларды қатаң сақтап, кошер тағам ғана жеген, тіпті Құдайды мадақтайтын әндер де жазған.

Бірақ бұл кезең ұзаққа созылмайды. Он екі жас шамасында оның өміріне ғылым енеді. Эйнштейндер отбасына жиі келетін кедей медицина студенті Max Talmud оған жаратылыстану туралы ғылыми кітаптар әкеліп береді. Әсіресе Аарон Бернштейннің ғылымды қарапайым тілмен түсіндіретін кітаптары жасөспірімнің санасында төңкеріс жасайды. Ғылым арқылы әлемді тану Эйнштейнді қасиетті мәтіндерге күмәнмен қарауға итермелейді. Кейін ол бұл сәтті «санамды күйреткен тәжірибе» деп сипаттайды.

Сол кезден бастап ол діни рәсімдерден алыстап, өмірінің соңына дейін ұйымдасқан дінге сын көзбен қарады. Эйнштейннің дін туралы көзқарасы анық көрінетін маңызды құжаттың бірі – оның 1954 жылы философ Eric Gutkindке жазған хаты. Бұл хатта ол: «Құдай сөзі – адам әлсіздігінің жемісі» деп жазады. Ал Інжіл мен қасиетті кітаптарды «құрметке лайық, бірақ бәрібір қарабайыр аңыздар жинағы» деп сипаттайды.

Оның ойынша, ұйымдасқан діндердің бәрі ғылымға дейінгі кезеңнің жемісі еді. Сондықтан ол ешбір халықты немесе дінді ерекше деп санаған жоқ. Дегенмен Эйнштейн толық атеист те болған жоқ. Ол XVII ғасырдағы голланд философы Барух  Спинозаның идеяларына ерекше тәнті болды. Спиноза Құдайды табиғаттың өзімен теңестірген еді. Бұл көзқарас Эйнштейнге өте жақын болатын.

1929 жылы раввин Herbert S. Goldstein «Сіз Құдайға сенесіз бе?» деп сұрағанда, Эйнштейн: «Мен бар дүниенің үйлесімді заңдылығында көрінетін Спинозаның Құдайына сенемін. Бірақ адамдардың тағдырына араласатын Құдайға сенбеймін» деген жауабын айтады.

Эйнштейн үшін Құдай – ғаламның өз тәртібі еді. Оның бұл ғарыштық таңданысы музыкаға деген махаббатынан да байқалатын. Анасы Паулина сыйлаған скрипка Эйнштейннің өмірлік серігіне айналды. Ол әсіресе Wolfgang Amadeus Mozart шығармаларын ерекше сүйіп тыңдайтын.

Ол Моцарт музыкасы туралы «Оның әуендері соншалық таза әрі сұлу. Мен одан ғаламның ішкі сұлулығын көремін» деген еді. Оның биографы Alexander Moszkowski «Музыка, табиғат және Құдай Эйнштейннің жан дүниесінде біртұтас моральдық үйлесімге айналған» деп жазған.

Эйнштейн өзін діни адаммын деп санады. Бірақ оның діні мешітте де, шіркеуде де, синагогада да емес еді. Оның «діні» – ғарыш алдындағы таңданыс. Белгісізді тануға деген шексіз құштарлық. Ғылым арқылы әлемнің терең сырын ұғуға деген рухани ізденіс.

Бір сөзбен айтқанда, сол себепті Эйнштейн үшін ең қасиетті нәрсе – адамның ғаламды түсінуге ұмтылған сәті болатын.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2998
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2099