Жұма, 22 Мамыр 2026
Әдебиет 76 0 пікір 22 Мамыр, 2026 сағат 12:26

Қоңыр

Сурет: автордың жек архивінен алынды

(Әңгіме)

Күздің қара суығы енді білініп келе жатқан шақ еді. Алматының аспанын сұр бұлт торлап, таудан соққан дымқыл жел адамның сүйегінен өтетін. Шалғынбай таң ата автобекетте екі дәу темірді көлікке тиеді.

Жүргізуші мен қасындағы серігі қараторы, жылы жүзді жігіттер екен. Екеуі де оңтүстіктің мақамымен жұмсақ сөйлейді.

-Аға, уайымдамаңыз, аман жеткіземіз, - деді жүргізуші күліп.

Шалғынбай Қазақстанға келгелі «Оралман» деп менсінбеді. Ал мына екі жігіттің қарапайым мінезі жүрегіне жылы тиді.

Автобус қала сыртына шыққанда кіші асыр болып күн қиғаштап қарай бастады, жүргізуші темекісін тұтатып алып:

-Аға, ана бағаға болмайды екен, - деді кенет. - Жол қымбаттап кетті.

Шалғынбай селк етіп қарады.

-Кеше келістік қой.

-Иә, бірақ ана темірлеріңіз өте ауыр екен. Артқы рессор отырып қалды. Тағы ақша қосасыз.

Қасындағы серігі де қостады:

- Әйтпесе түсіріп кетеміз бір жерде. Біз де өлместің күнін көріп жүрміз ғой.

Шалғынбай үндемей қалды. Автобус зулап келеді. Терезе сыртында күзгі дала созылып жатыр. Сарғайған жусан, анда-санда қарауытып көрінген қыстақтар артта қалып барады.

Ішінде ашу қайнады. Бірақ бұл елде жалғыз екенін, жүгін жол ортасында тастап кетсе не боларын ойлады. Қалтасындағы ақшасы да санаулы.

- Қанша қос дейсіңдер? - деді ақыры.

Жүргізуші бір соманы айтты. Ол ақша Шалғынбайдың Түркістаннан қайта келуіне жететін қаражаты еді. Біраз үнсіздіктен кейін ол ақшаны суырып берді. Жүргізуші күліп алды да, ақшаны қалтасына басты. Әлгі жылы жүздің ар жағында да тіршіліктің қатқыл есебі жатқанын Шалғынбай сол сәт анық сезді. Жолаушылардың көбі қалғып кеткен. Іште бензиннің иісі мен адамдардың ауыр тынысы араласып тұр. Терезеден анда-санда алыстағы жалғыз шам жылт етеді. Автобус қара түнді жарып жүйткіп келеді.

Шалғынбай ұйықтай алмай қойды. Көңілі құлазып отырды.

Сол кезде жүргізушінің серігі артқа келіп, қасына отырды. Қолына ыстық шай ұстап алыпты.

-Аға, ренжіп қалдыңыз ба? - деді жай дауыспен.

Шалғынбай үндемеді.

-Біз де оңып жүрген жоқпыз. Кеше ғана кредит төледік. Үш балам бар. Кейде амалсыз қатаясың.

Автобус түнге қарай Шуға жетті. Бұнда адамдар көздерін уқалып әжетқанаға кіріп барады, біреулер асхананың ішінде бүрісіп отыр...Шалғынбай терезеге қарады. Аспанда бұлт арасынан ай көрінді. Сол айға қараған сайын жүрегі тағы да Алтынайды есіне түсірді.

Бір мезет оған ай сәулесінің ішінде бір мұңлы жанар қарап тұрғандай көрінді. Жылаған көз. «Кеш қалып барасың...» Түсіндегі дауыс қайта құлағына келгендей болды.

Түн бойы теңселген автобус шаң басқан көшелермен баяу жылжып келеді. Аспанның шығыс жақ шеті ғана қызғылт тартып, күн әлі толық шықпаған. Қала үстінде бір ерекше тыныштық бар еді. Сол тыныштықтың өзінен көне заманның демі сезілетіндей. Шалғынбай автобус терезесінен сыртқа қарады. Жүрегі әлденеге шым ете қалды. Мынау өзі бала күнінен қиялдап келген қазақ даласының жүрегі секілді көрінді. Тып-тыныш.

Бірақ сол тыныштықтың астында ғасырлардың үні жатқандай.

Кейде оған жусанды желмен бірге бабалардың сыбыры естілгендей болды. Ат тұяғының дүбірі... қылыш сартылы... азан үні... көш керуенінің дабылы... бәрі көмескі күйде ауамен араласып кеткендей.

Қала ортасындағы кесене алыстан мұнартып көрінді. Көк күмбезі таңғы жарықпен бірге баяу нұр шашып тұр. Шалғынбай көз алмай қарады.

Осы бір ғимаратты көргенде ішіндегі әлдене босап кеткендей болды.

Қытайдағы тар бөлмелер... жат елдің салқын қабағы... шекара асқан күндер... бәрі алыста қалғандай сезілді. Бірақ тағдырдың салмағы әлі иығынан түспеген еді. Автобус ескі базар маңына тоқтады. Шалғынбай төмен түскенде құрғақ ауа бірден өңешін қарып өтті. Топырақтың дәмі таңдайына жабысты. Алматының дымқыл самалына үйренген адамға мынау басқа әлем секілді.

Айналада көбіне аласа, шығыстық үлгідегі үйлер. Саз қабырғалы ескі тамдар мен жаңадан көтерілген сауда орындары араласып жатыр. Таңғы шайханалардан жаңа піскен тандыр нанның иісі шығады. Бір жақтан қой айдаған адамның дауысы естіледі. Шалғынбай ауыр темірлерді түсіріп жүріп, бір мезет аспанға қарады.

Көк жүзінде бозғылт ай әлі өшпепті. Сол айды көргенде жүрегі тағы шым етті. «Алтынай...» Оның ішінде түсініксіз бір сезім бар. Бір нәрсе оны осында шақырғандай. Бәлкім, тағдыры, бәлкім, жоғалған махаббаты, бәлкім, бабалардың дұғасы. Түркістанның құрғақ желі оның бетін сипап өтті. Ал көне шаһар үнсіз ғана жаңа келген жолаушыны өз қойнына қабылдап тұрғандай еді. Шалғынбай дастарқан басында үнсіз отырды. Бөтен үйдің тіршілігін сырттай бақылап, әр адамның мінезін ішінен таразылап отырған. Бұл әулет алғаш қарағанда берекелі, дәулетті көрінгенімен, әр бұрышында көзге көрінбейтін бір салқындық бардай сезілді.

Үйдің үлкен залы кең екен. Қабырғада алтын түсті жақтауға салынған суреттер, қымбат жиһаздар, шетелден әкелінген ыдыстар тізіліп тұр. Тоңазытқыш гуілдейді. Теледидар дыбысын бәсеңдетіп қойыпты. Бірақ осынша молшылықтың ішінде адамға ең керек бір зат жоқтай көрінді.

Екі беті сопақша келген ақсары арық қыз дастарқанның шетінде үнсіздеу отыр. Саусақтары ұзын, тырнақтары қызыл лакпен боялған. Үй шаруасына жоқ екені бірден байқалады. Көзі анда-санда телефонына түседі. Бір қонақ үйдің бас менеджері екенін мақтанышпен айтып қойды. Дауысы сыңғырлағанымен, жанары шаршаңқы.

-Қазір адамға диплом емес, байланыс керек, - деді ол шайын баяу ұрттап. -Туризм өсіп жатыр. Түркістан енді үлкен қала болады. Отырғандар бас изеп қояды. Ал дастарқан айналасында дамыл таппай жүрген тапал қара келіншек бір сәтке де отырмайды. Біресе шәйнек көтереді, біресе табақ ауыстырады, біресе асүйге жүгіріп кетеді. Үстіндегі қарапайым көйлегі де иығына жабысып қалған. Қолының терісі жарылып кеткен. Бірақ жүзінен шаршадым деген белгі байқалмайды. Тек көзінің астындағы көгерген іздер ғана оның ұйқы көрмейтінін аңғартады. Осы үйдің шын иесі сол секілді.

Үш уақыт ас, кір-қоң, монша, сиыр, дүкен - бәрі соның мойнында. Ел ұйықтағанда да ол асүйде ыдыс сылдыратып жүреді. Таң намазы ауа бере қайта оянып, қамыр илейді. Бірақ дастарқан басында оның орны жоқ сияқты.

Біреу рақмет айтпайды. Біреу «отыршы» демейді. Күйеуі-дембелше қара жігіт-төр жақта шалқайып отыр. Қолында телефон. Анда-санда ғана тамағын кенеп қойып:

-Заң деген оңай емес, - деп қояды маңғазданып, - Халықтың көбі өз құқығын білмейді. Оның адвокат екені сөзінен бұрын отырысынан байқалады.

Шешесінің жанында көсіле отырып сөйлейді. Ал әйелі асүй мен дастарқанның арасында көлеңке секілді зыр қағып жүр.

Үйдің отағасы - жалпақ бетті, мойны сәл қиқайған факультет деканы - көп сөйлемейді екен. Бірақ сөйлесе, бәрі тына қалады. Даусында әмір бар.

- Бүгінгі жастарда тәртіп жоқ, - деді ол күрсініп, - Біз кезінде қара нанды да қадірлейтінбіз. Сол сәтте қара келіншек үнсіз ғана дастарқан шетіне төгілген нан қиқымдарын жинап жүрді. Шалғынбай осы көрініске қарап отырып, бұл үйдегі көзге көрінбейтін таразыны сезді. Шені барлар - төрде.

Шені жоқтар -қызметте. Сол кезде қара домалақ кішкентай ұл жүгіріп келіп:

-Мама! - деп қара келіншектің арқасына асылды. Келіншек алғаш рет жымиды. Шынайы, жылы жымиыс.

-Құлыным менің...

Бала оның мойнынан құшақтап, бетінен сүйді. Міне, осы үйдегі жалғыз таза мейірім осы екеуінің арасында ғана қалғандай еді. Шалғынбайдың жүрегі әлденеге шым етті. Ол өз шешесін есіне алды. Қанша бейнет көрсе де, дастарқан шетінде үнсіз жүретін қазақ әйелдерін ойлады. Бір мезет оған мына үлкен үйдің бар жылуы әлгі қара келіншектің шаршаған алақанында тұрғандай көрінді.

Таңғы астан кейін әлгі декан кісі маңғаз кейіппен:

- Біз бүгін бір жерге барайық деп отыр едік. Сен де бірге жүр, - деді бұйыра сөйлеп. Даусында «барғың келе ме?» деген емес, «жүресің» деген салқын нықтық бар еді. Көп ұзамай бәрі көлікке отырып, Түркістаннан сыртқа шықты. Қала артта қалып, айналаны бозғыл дала жұтып бара жатты. Күзгі аспан аласа. Жол жиегіндегі жусан қурап сарғайған. Алыстан анда-санда қарауытып ескі қорымдар көрінеді. Көліктің ішінде де көп әңгіме болмады. Тек радио баяу ызыңдап тұрды. Бір сағаттай жүрген соң шағын ауылға жетті. Ауыл деген аты ғана. Біртүрлі меңіреу тыныштық басып қалған жер екен. Көне тоз там үйлер қисайып тұр. Кейбірінің дуалы құлаған. Көшеде тірі жан көрінбейді. Тіпті бала даусы естілмейді. Әр бұрыштағы иттер де селқос. Бөгде көлікке арсылдап үрмейді. Тек ерінгендей шәу етіп, қайта жата кетеді.

Шалғынбайдың көңіліне біртүрлі суық сезім кірді. Көлік ауыл шетіндегі аласа саз үйдің алдына тоқтады. Терезелері кішкентай. Сырты ақталғанымен, қабырғалары жарылып кеткен. Қызы мен әйелі еш бөгелместен ішке кіріп кетті. Есікті қаққан да жоқ. Мұнда бұрыннан келіп жүргендері анық байқалады. Шалғынбай мен әлгі адвокат жігіт, әкесі үшеуі сыртта қалды.

Аула іші қаңырап тұр. Бұрышта ескі самаурын төңкерулі жатыр. Жел соққан сайын қураған жүзім сабағы сықырлайды.

Бие сауымдай уақыт өткен соң әйелдер жағы сыртқа шықты. Бірақ шыққандағы жүздері кіргендегіден өзгеше еді. Әсіресе ақсары қыздың өңі қашып кеткендей. Көзі алақ-жұлақ етеді.

- Кірейік, - деді декан ата. Ерлер ішке енді.

Үй іші күңгірт екен. Перделер қымтап жабылған. Үйден адыраспанның, май шамның, тағы бір түсініксіз иістің лебі сезіледі.

Төр жақта басында ақ тақиясы бар арық сары кісі отыр екен. Жасы елуді еңсерген сияқты. Өңі қу сүйектеніп кеткен. Бірақ көзі өткір. Ол басын жүрек тұсына қарай сәл еңкейтіп, үнсіз отырды. Шалғынбай кіргенде де тік қарамады. Тек қолымен жерді нұсқап, «мұнда отыр» дегендей ишара жасады.

Сырттағы желдің гуілі ғана естіледі. Сосын әлгі кісі күбірлей бастады. Не айтып отырғаны анық естілмейді. Арабша дұға ма, әлде басқа ма - ажырату қиын. Даусы бірде баяулап, бірде созылып кетеді. Шалғынбайдың арқасынан салқын тер жүгірді. Бөлме ішіндегі ауа ауырлап кеткендей. Әлгі кісі кенет күбірін тоқтатып, басын көтерді. Тура Шалғынбайға қарады. Көзқарасы өткір екен. Адамның сыртынан емес, ішінен қарап тұрғандай. Сәлден кейін ернін әрең жыбырлатып:

-Сенің жолың ұзақ болыпты... - деді.

Үй іші тіпті тына қалды.

- Жүрегіңде сағыныш бар...

Шалғынбайдың жүрегі зу ете түсті. Ал тақиялы кісі көзін жұмып отырып тағы күбірлей жөнелді.

- Қызметке тұрасың, бақытты отбасы құрасың, нұрға қауышасың... иең бар... , - деді бәсең дауыспен. Бұлар ауылдан шыққан соң көлік ішіндегі ауа өзгеріп кеткендей болды. Аз ғана бұрынғы меңіреу тыныштықтың орнына бәрінің көңілі көтеріңкі. Әсіресе қара апа ерекше жадырап отырды.

-Енді, міне, жолымыз ашылды, - деді ол артына бұрылып, - Бұл кісі жай адам емес. Өзбек молда. Жеті атасынан ілім қонған әулет. Не істесек те, содан кейін ісіміз оңға басып кетеді. Декан атада да үнсіз бас изеді. Адвокат ұлы маңғаз кейіппен терезеге қарап отырса да, жүзінен әлдебір сенімділік байқалады. Шалғынбай үндемеді. Оның ішінде екіұдай сезім тұрды. Молданың айтқандары жүрегіне тынштық сыйлады, жаны әлдебір тылсымға сенгісі келетіндей. Түркістанға қайта кірді. Көшелерде сирек көлік.

Сол күні қара апа:

- Жүр, сені бір жерге апарамын, - деді.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратының алдына келді. Шалғынбайдың жүрегі лүпілдеп кетті.

Өзі армандаған орта - білім ордасы. Ол Қытайда жүргенде де қазаққа қызмет етсем, жастарға білім үйретсем деп талай қиялдайтын. Енді міне, университеттің табалдырығында тұр.

Қара апа ешкімнен именбей ішке кірді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшыға да көп түсіндірмеді. Бәрі оны танитын секілді.

Аз уақыттан кейін олар ректордың кабинетіне еш кезексіз кіріп отырды.

Ректор жылы жүзді, толықша келген кісі екен. Қара апаның сөзін бөлмей тыңдады.

-Қытайдан келген оралман жігіт. Оқыған, ізденген бала. Қол ұшын берсеңіздер, - деді қара апа.

Ректор бірден білімге жауапты проректорға телефон шалды. Артынша кафедра меңгерушісі шақырылды. Сұрақ аз болды.

-Мамандығың?

-Қандай пән бере аласың?

-Қазақшаң жақсы екен.

Шалғынбай жауап берген сайын ішіндегі қорқыныштың орнын үміт басып келе жатты. Ақырында кафедра меңгерушісі орнынан тұрып:

-Жарайды. Ертең жұмысқа кел. Бір апта сынақ мерзімі, - деді.

Осы сөзді естігенде Шалғынбайдың кеудесіне бір жарық құйылғандай болды.

Атамекенге келгелі бері алғаш рет өзін керексіз емес, бір іске жарайтын адамдай сезінді. Сол түні ол ұйықтай алмады. Көз алдына аудитория елестейді. Қазақ жастары. Дәріс. Кітап. Ғылым туралы әңгіме.

Іштей үнсіз серт берді: «Маған бір есік ашылса, барымды осы елге беремін».

Таң атпай орнынан тұрды. Костюмін мұқият үтіктеді. Ескі болса да аяқ киімін сүртті. Айна алдында шашын қайта-қайта түзеді. Сөйтіп кафедраға бәрінен бұрын келді. Университет дәліздері әлі бос екен. Терезеден бозғыл күн сәулесі түсіп тұр. Қабырғадағы сағат тықылдайды.

Шалғынбай кафедра есігінің алдында біраз үнсіз тұрды.

Жүрегі дүрсілдеп соғып тұр. Бұл есіктің ар жағында оның жаңа өмірі басталғалы тұрғандай еді.

***

Шалғынбай үнсіз ғана кіріп келді. Иығы түсіп кеткен. Таңертең үмітпен кеткен адамның түрі емес.

-Не болды.

-Білімім жетпеді.

-Қалай білімің жетпейді? Қытайда қытай тілінен сабақ берген болсаң, - деп қара апа таңырқай қарады.

Үйдегілер де дастарқан басында отыр екен. Дембелше адвокат жігіт шанышқысымен ет түрткілеп қойып:

-Не болды сонша? - деді селқос.

Шалғынбай күрсінді.

-Көне қытай тілінен емтихан алды. Он бет мәтін берді. Түске дейін аудар деді.

Декан ата қасын көтерді.

-Көне қытайша?

- Иә. Ғұндар тарихынан үзінді екен.

Сол сәт қара апаның жүзі өзгеріп кетті. Ол бәрін бірден түсінгендей болды.

-Сенен емтихан алғандар Қытайдан келгендер ме? - деді ол ақырын.

-Иә.

- Онда түсінікті...

Үй іші біраз үнсіз қалды.

Шалғынбайдың көз алдына жаңағы кабинет қайта елестеді. Сақал-мұрты бетіне жайылып кеткен сары кісі - Алпамыс көзін сығырайтып отырып алған. Ал домалақ жүзді Тұрды қағаздарын ақтарып маңғазданады. Екеуінің түрінен «сынап көрейік» деген емес, «өткізбейік» деген суық ниет анық сезілген.

Ол мәтінді қолына алғанда-ақ жүрегі мұздап кетті.

Бұл қазіргі Бейжің тілі емес. Көне иероглифтер. Архаикалық құрылым.

Ғасырлар бұрынғы жазу. Мұндай дүниені Қытайдың өзінде арнайы тарихшылар мен тіл мамандары ғана аударады. Бірақ ол бәрібір «Аллаға тәуекел» деп кіріскен. Алғашқы жолдарды әрең шешті. Кей иероглифтерді мәніне қарап шамалады. Бір сөйлемді құрастыру үшін бес минут ойланып отырды. Уақыт зымырап өтті.

Қара терге түсті. Көйлегінің арқасы су болды. Қолының дірілі де басылар емес. Алтыншы бетке жеткенде түс те болып кеткен. Сонда әлгі екеуі кіріп келді. Алпамыс қағаздарды үстірт қарап шығып:

-Толық аудармапсың, - деді салқын ғана.

-Уақыт жетпеді...

-Бізге толық орындайтын адам керек.

Тұрды да ернін қисайтып:

-Емтиханнан өтпедің. Келген ізіңмен қайта бер, - деді.

Сол сәт Шалғынбайдың бүкіл денесі мұздап кеткендей болды.

Таңертең ғана үмітпен кірген есік енді тар қапас секілді көрінді.

Ол үнсіз орнынан тұрды. Ішінде бір ашу қайнап тұрса да, сыртқа шығармады.

«Студенттерге қазіргі тілде сабақ беріледі ғой... Бұлары несі?..» Осы ой көкірегін тіліп өтті. Бірақ қайта кіріп дауласпады.

Өзін әрең тежеді. Өйткені бұл жерде жалғыз екенін білді.

Университет ауласынан ілби басып шықты. Түс ауып кеткен. Күн шақырайып тұр. Түркістанның құрғақ желі бетін қарып өтеді.

Аз ғана бұрын армандап тұрған жері енді бөтен әлемге айналып кеткендей. Адам кейде өзгенің тепкісінен емес, өзіңмен тағдырлас адамның тар пейілінен қатты сынады екен. Қара апа оның жүзіне ұзақ қарап отырды да, кенет орнынан тұрып кетті.

- Жоқ, бұл жерде бір шикілік бар, - деді нық үнмен, - Сенің көне қытайды аудармайтыныңды біліп отырып әдейі істеген. Байдың асын байқұсқа қимай отыр бұлар. Декан ата да ойланып қалды. Ал Шалғынбай болса үнсіз отырды.

Кеудесінде жаңа ғана бүр жарған үмітті біреу аяқпен таптап кеткендей еді. Шалғынбай үндемей ғана төмен қарады. Оның ішкі дүниесінде бір қарсылық оянып келе жатқан. Бірақ жаңа келген елде жалғыз жүрген адам үшін әлгі қарсылықты ашық айту да қиын еді. Қара апа болса ашуға булығып отыр.

-Бірдеңе дәметіп тұрған шығар? - деді тістеніп, - Ертең ректорға қайта кіремін!

- Бармай-ақ қойыңыз, - деді Шалғынбай баяу ғана, - Шын айтамын, білімім жетпеді. Ол өзін жұбатқысы келді ме, әлде намысын қорғаштады ма - өзі де анық білмеді. Қара апа қолын бір сілтеді.

-Е-е-е, ештеңе етпейді! Сенде ағылшын тілінен де диплом бар емес пе?

- Иә...

-Болды онда. Қалалық білім басқармасында танысым бар. Ертең соған барайық. Шалғынбай тағы үнсіз қалды. Осы елге келгеннен бері бір нәрсені анық ұққандай еді: мұнда тек біліммен жүру қиын. Таныс керек. Сөйлесу керек. Дастарқан басында отырған декан ата күрсініп қойды.

- Иә, бұлар ақшаға құнығып алғандар. Мектеп директоры дегеннің де кеңірдегі бар. Сыйлық жасамасаңдар, сылтау тауып жүрмесін.

-Ағаң дұрыс айтады, - деді қара апа шапшаң. - Ертең алдымен базарға барамыз. Шалғынбайдың іші біртүрлі жиырылып кетті. Бірақ қарсы сөз айта алмады. Ертеңінде таңғы шайдан кейін екеуі көлікке отырып, базарға тартты. Түркістанның базары ертемен у-шу. Бір жақта айқайлаған сатушылар, бір жақта арба сүйреген адамдар. Ауада піскен самсаның, шикі еттің, шаң мен дәмдеуіштің иісі араласып кеткен. Қара апа әр дүкенге кіріп шығып жүр.

- Костюм алсақ па екен?.. Жоқ, ұнамай қалар... Сағат ше?.. Жоқ...

Олар базарды айнала берді. Шалғынбайдың аяғы тала бастады.

Соңында ет сататын қатарға жеткенде қара апаның көзі жайнап кетті.

-Таптым! - деді ол сыбырлай, - Ет алайық. Қазақтың көңілін ет табады.

Семіздеу бір қойдың жарты етін алды. Артынша қымбат шай, жеміс-жидек қосты. Шалғынбай үнсіз көтеріп жүрді. Ішінде әлдебір ауырлық бар.

Өмір бойы білім адамды биікке шығарады деп сеніп келген. Ал мынау тіршілікте кейде бір жапырақ ет пен бір пакет шай дипломнан да өтімді сияқты көрінді. Білім басқармасындағы таныс әйел оларды жылы қарсы алды. Қара апаның сөзі өтімді екен. Әңгіме арасында ет те, сәлемдеме де елеусіз ғана шетке сырғып кетті.

-Жарайды, көмектесеміз, - деді әйел мүсіркеп. Қазір ағылшын мұғалім жетіспей жатыр. Бір аптадан кейін Шалғынбай қалалық гимназияға жұмысқа кірді. Сегізінші сыныптарға ағылшын тілінен сабақ беретін болды.

Алғашқы күні мектеп дәлізінде тұрып балалардың шулаған дауысын естігенде жүрегі елжіреп кетті. Мынау университет емес. Ғылым ордасы да емес. Бірақ тірі орта. Сыныпқа кіргенде отыз шақты оқушы орнынан тік тұрып:-Good morning, teacher! - деп шулап қоя берді.

Сол сәтте Шалғынбайдың көзіне еріксіз жас келді.

***

Шалғынбай қара апаның үйіне бірте-бірте сіңіп кетті. Алғашында уақытша ғана тұратын адамдай келген, кейін үнсіз тіршілік ырғағына араласып, осы үйдің бір бөлшегіне айналғандай болды.

Бір күні қара апа: - Сен жоғары қабатқа жат. Бір бөлмені саған босатып қойдық, - деді.

Ол қос қабатты коттедждің оң қапталындағы бөлмеге жайғасты. Үй іші тыныш, жарық, жылы. Бірақ осы тыныштықтың өзінде бір түсініксіз толқу бар сияқты. Жанындағы бөлмеде қара апаның жалғыз қызы тұрады.

Шалғынбай алғашында мұны жай ғана тұрмыстық жағдай деп қабылдады. Бірақ түн тынышталғанда, қабырғаның ар жағындағы әр дыбыс анық естіледі. Есіктің сықыры, жеңіл аяқ дыбысы, су құйған стаканның сылдыры… бәрі тым жақын. Ол іштей ыңғайсызданды.

«Әке-ау… мені неге бұлай қойды?.. Бұрынғы төменгі қабатта жата берсем қайтеді?..». Бірақ айтуға да, көшуге де батпады. Қара апаның үйі - уақытша пана ғана емес, оның жаңа өмірге кіретін көпірі осы жер. Түндер осылай ұзара берді.Шалғынбай ұйықтай алмай, кітап оқуға кірісті. Кейде терезеден айға қарап отырады. Кейде дәптеріне бір-екі жол жазып қояды. Ал көз алдына қайта-қайта бір ғана бейне келеді. Алтынай...

Сол бір айлы түндердегі сыңғырлаған күлкі. Бір күні кешке қарсы бөлмеден есік қағылды.

-Аға, сізде зарядка бар ма? - деді қыздың даусы.

Ол үндемей барып берді. Ертеңінде тағы бір сылтау.

-Аға, интернет қосылмай жатыр…Тағы да үнсіз көмектесті.

Қыздың да мінезі жеңіл емес еді, бірақ көзқарасында бір еркіндік бар. Кейде әдейі жақындап сөйлейтіндей. Кейде көзін тайдырып кетеді.

Шалғынбай мұның бәрін байқамағандай болуға тырысты.

Бірақ адамның ішкі әлемі әрдайым сыртқы тыныштыққа бағына бермейді.

Ол өз-өзіне қатал талап қойды. «Жоқ. Мен бұған басқаша қарамауым керек. Бұл үй - маған жанашыр қара апаның үйі». Сол оймен өзін тежеп жүрді.

Алайда қара апа мен қызының оған деген жылы қабағы көбейе түсті. Дастарқан басында жылы-жұмсақты алдына қояды. Сөзге тартады. Кейде әзіл айтады. Шалғынбай болса сырттай сабырлы көрінгенімен, іштей мазасыз еді. Өйткені оның жүрегі басқа бір есікте қалып қойған. Ол ғашығы Алтынай.

Сол есім түнде де, күндіз де көлеңкедей соңынан қалмайтын. Ол кейде өзіне ренжитін. «Мына өмірде мен не істеп жүрмін өзі?.. Бірі мені биікке сүйрейді, бірі ішіме үміт салады, ал жүрегім басқа жақта…»

Сондықтан ол өзін зорлап «болашақ күйеу» секілді ойлап көруге тырысты.

Қара апаның жақсылығына жауап ретінде бір жолмен осы үйдің адамындай болуды елестетті. Бірақ ішкі дауысы оны қабылдамайтын.

«Жоқ… бұл менің жолым емес…»

Қыздың кейбір қылығын көргенде де ойы өзгереді. Ұшқалақтау, өзінікі дұрыс деп тұру. Сол үшін ол сырттай сыпайы, ұстамды, тіпті әдейі салқын болып жүрді. Ал қыз болса кейде соған қарамастан жақындай түсетін.

Шалғынбай соның бәрін сезіп жүрсе де, сезбеген адамдай өмір сүрді.

Бірақ түн болғанда бәрі қайта басталады. Бөлменің қараңғылығында ол тағы да жалғыз қалады.Ал қарсы бөлмеде басқа бір өмір тыныстап жатқандай.

Және оның жүрегінде үшінші бір әлем бар еді - ай астындағы Алтынайдың көлеңкесі. Алматыдан әкелінген Лапша шығаратын цехтың жұмысы да созылды.

-380 вольт керек, - деді маман басын шайқап. - Үш фазалы токсыз бұл жүрмейді. Қара апа самарқау.

- Ой, оны тарту да оңай емес екен… Қымбатқа шығатын шаруа. Асықпаймыз, бір күні іске қосамыз, - деді де әдетінше сабырлы күйге түсті.

Шалғынбай үнсіз тыңдады. Ішінде бір үміт бар, осы цех іске қосылса, өз еңбегімен ел қатарына тез қосылар едім. Кеш батқан сайын үй ішіндегі тыныштық Шалғынбай үшін ауырлай түсетін болды.

Бөлмесіне кіріп, есікті іштен жауып алады. Кілтін екі айналдырып бекітеді. Сосын орнынан тұрып, қайта-қайта тексереді.

Өйткені оның ішіндегі қорқыныш бір ғана нәрсеге айналып кеткен еді. Өз нәпсісінен қорқу. Өз ойынан қорқу. Қарсы бөлмедегі қыздың әр қимылы, әр дыбысы оның жүйкесін ширықтырып жіберетін. Кейде бір сәтте-ақ есікті ашып, сыртқа шығып кеткісі келеді. Кейде тіпті керісінше, қыздың өзі келіп қалар ма екен деген ойдан шошиды. «Мен не болып бара жатырмын?..» Осы сұрақ түн сайын қайталана берді. Сол сәттерде ол терезеге келеді. Түнгі аспан тыныш. Ай баяу қалқып тұр. Шалғынбай оған ұзақ қарайды. Кенет айдың бетінде әлдебір бейне пайда болғандай көрінеді. Ақ көйлекті, мұңлы қыз-Алтынай. Ол қол бұлғайды. Сыңғырлаған күлкісі түнді жарып өткендей болады.

-Менің жолдасым құмарпаз болды, бәрін бәске тікті...тіпті мені де... мен бақтсызбын… -деген үн естілді. Бірақ келесі сәтте бәрі жоғалып кетеді.

Шалғынбай орнында тұрып қалады. Жүрегі дүрсілдеп соқты. Сол кезде есігінен алыстаған бір ауыр тыныштық сезіледі. Ол дереу отырып, білген сүрелерін іштей қайталай бастайды. Дауысы дірілдейді.

- Фатиха…Аятул күрси... Ихлас… … Сөздерін бірінен соң бірі тізбеледі.

Сыртқы әлем мен ішкі әлем арасындағы жалғыз көпір сол сөздер сияқты.

Ол көзін жұмып, алақанын жайып Аллаға жалынды.

«Я, Раббым… жүрегімді өзің сақта… мені өзімнен қорға, Алтынайды бақытты ет…». Түн тереңдеген сайын оның жан дүниесі тыныштала бастады.

Қорқыныш азаяды. Ойлар бәсеңдейді. Тек ай ғана терезеден қарап тұрады.

Ал бір жерде, түс пен өңнің арасында, сыңғырлаған бір күлкі әлі де әлсіз естіліп тұрғандай еді.

Нұрхалық Абдырақын

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3040
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2144