Түркі әлеміндегі жаңа серпін: Ильгар Велизаде Қазақстан бастамаларының стратегиялық мәнін бағалады
Әзербайжандық саясаттанушы Ильгар Велизаде Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде көтерілген бастамалар мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсыныстарын талдай отырып, олардың түркі әлемінің интеграциясы мен жаңа даму бағытын айқындаудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде түркі мемлекеттері тек саяси немесе экономикалық байланыстарды ғана емес, сонымен қатар цифрлық, гуманитарлық және технологиялық салалардағы ынтымақтастықты да тереңдетуге ерекше назар аударуда.
Сарапшы Қазақстан ұсынған бастамалардың цифрлық мемлекет құру, жасанды интеллектіні дамыту, IT-хабтар желісін қалыптастыру, ортақ терминологиялық база жасау және далалық өркениетті насихаттау сияқты бағыттардың барлығы түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеретін жүйелі қадамдар екенін атап өтті. Велизаденің пікірінше, бұл жобалар тек ішкі өңірлік дамуды ғана емес, сонымен бірге түркі әлемінің жаһандық процестердегі орнын нығайтуға бағытталған.
- Президент ОТМ саммитінде сөйлеген сөзінде бүгінде Қазақстанда «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» сияқты аса маңызды бастамалардың және басқа да көптеген жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл тұжырымдамалардың қазақстандық қоғамның дамуы мен республиканың әлемдегі рөлі үшін қандай маңызы бар?
- Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл тұжырымдама ел басшылығы, саяси элита және қоғам арасындағы кең ауқымды диалогты көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және өзге де бастамалар аталған тұжырымдама аясында жүзеге асырылып, оның ажырамас құрамдас бөлігіне айналып отыр. Қазақстан қоғамы, соның ішінде экономикалық тұрғыдан, қарқынды дамып келеді. Бұл үдерістің саяси жүйені реформалаумен және экономикалық өзгерістермен қатар жүріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан қоғамдық диалог та осы өзгерістерге сай болуы қажет. Билік пен қоғам арасындағы диалог алдағы кезеңдегі даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға, сондай-ақ билік үшін қоғамның сұранысы мен көзқарасын жеткізетін негізгі тетікке айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай бастамалардың маңызы зор. Сонымен қатар, олар қоғамның өзін шеттетілген сезінбеуіне, керісінше, бүгінде Қазақстанда жүріп жатқан саяси үдерістердің толыққанды қатысушысы болуына мүмкіндік береді.
- Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің бірлігі турбуленттілік кезеңінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сіз бұл ұстаныммен келісесіз бе? Сіздің ойыңызша, ортақ прогреске қол жеткізу үшін тараптардың күш-жігерін біріктіруге қандай ынтымақтастық бағыттары ықпал ете алады?
- Түркі мемлекеттерінің бірлігі қазіргі құбылмалы кезеңде ерекше маңызға ие болып отыр. Себебі түркі елдері өзара жоғары деңгейдегі келісім мәдениетін көрсетуде. Біз бір-бірімізді тыңдаймыз, түсінеміз және өзара құрмет пен ортақ мүдделерді мойындау негізінде диалог құрып келеміз. Кейбір өзге өңірлерде немесе түрлі саяси әрі экономикалық платформалар аясындағы мемлекеттер арасында мұндай бірлік пен өзара түсіністік әрдайым байқала бермейді. Тіпті белгілі бір қайшылықтар мен келіспеушіліктер де кездеседі. Ал біздің арамызда мұндай келіспеушіліктер жоқ және ортақ ұстанымдар бар кезде олардың болуы да екіталай. Аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша көзқарастардың үйлесуі — түркі ынтымақтастығының бүгінгі кезеңдегі және алдағы жылдардағы басты ерекшелігінің бірі.
Ортақ прогресс жолында елдерді біріктіре алатын ынтымақтастық бағыттарына келсек, ең алдымен ІТ саласындағы өзара іс-қимылды атап өткен жөн. Қазіргі таңда цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Сонымен қатар ақпараттық саладағы, өнеркәсіптік өндіріс бағытындағы ынтымақтастықтың да маңызы зор. Бұл жаңа жеткізу тізбектерін қалыптастыруды, жоғары қосылған құны бар бірлескен өнімдер шығаруды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту қажет.
Климаттық қауіп-қатерлер күшейген қазіргі жағдайда экологиялық мәселелерді шешу бағытындағы бірлескен жұмыстар да аса маңызды. Сонымен бірге мәдени-гуманитарлық байланыстар, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық, мәдени алмасулар біздің өзара серіктестігіміздің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Мұның барлығы бүгінгі таңда белсенді дамып келе жатқан кең ауқымды гуманитарлық диалогтың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.
- Президент цифрлық мемлекетке айналуды Қазақстанның стратегиялық басымдығы деп атады. Республика бұл бағытта қандай жетістіктерге қол жеткізді деп бағалайсыз?
- Қазақстан Президенті цифрлық мемлекет құру елдің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті және бұған толық негіз бар. Бүгінде Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуда және жоғары технологиялар саласында жұмыс істейтін компанияларды қалыптастыруда жоғары қарқын көрсетіп келеді. Бұл — мемлекеттің де, қоғамның да даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Қазақстан тек ішкі нарықты дамытып қана қоймай, өзінің зияткерлік өнімдерін шетелге де экспорттап отыр. Қазіргі таңда шетелдік компаниялар мен экономикалық үдерістердің көптеген қатысушылары қазақстандық ІТ мамандар әзірлеген бағдарламалық өнімдерді кеңінен қолдануда. Белгілі бір деңгейде дәл осы саланың дамуы Қазақстанның жаңа брендіне айналып келеді.
Жасанды интеллектіні білім беру және оқыту жүйесіне енгізу туралы шешімді шын мәнінде революциялық қадам деуге болады. Жуырда осындай шешім қабылданды және бүгінде Қазақстанның осы бағытта сенімді қадамдар жасап жатқанын біз үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Белгілі бір дәрежеде бұл тәжірибе түркі әлеміндегі өзге мемлекеттер үшін де өздерінің цифрлық және технологиялық бастамаларын жүзеге асыруда үлгі бола алады.
- Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұл жобаны жүзеге асырудың қандай перспективаларын көресіз?
- Шынында да, жасанды интеллект орталықтарының желісі — жай ғана заман ағымына ілесу емес, бүгінгі таңда түркі мемлекеттерінің алдында тұрған сын-қатерлерге берілген нақты жауап. Біз АҚШ, Қытай және Еуропа елдері секілді дамыған мемлекеттердің технологиялық платформалары бар екенін жақсы білеміз және дәл осы елдер бүгінде жасанды интеллект саласындағы шешімдерді белсенді түрде ілгерілетіп отыр.
Алайда мұндай технологиялық платформалардың белгілі бір тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, олар түркі әлемі елдерінің сыртта қабылданатын шешімдерге тәуелділігін күшейтіп, түркі мемлекеттерін сыртқы ойыншылардың цифрлық архитектурасына кіріктіруі мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президентінің бастамасы үлкен практикалық мәнге ие. Себебі бұл ұсыныс өз технологиялық платформаларымызды құруға және түркі мемлекеттері арасындағы белсенді ынтымақтастықты өзіміздің ғылыми-технологиялық әзірлемелеріміз бен шешімдеріміз негізінде дамытуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
- Президент Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бірлескен IT-хабтар орталығын құру бастамасы Ұйымның дамуына қандай әсер етеді және елдер арасындағы әріптестікке қалай ықпал етеді?
- Қазақстан Президентінің бірлескен IT-хабтар орталығын құру жөніндегі бастамасы — ұзақ мерзімді мақсаттарға бағытталған маңызды әрі келешегі зор бастама. Бұл түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа бағытын айқындайды. Мұның маңыздылығы неде? Ең алдымен, осы саладағы өзара іс-қимыл бүгіннің өзінде болашаққа бағдар жасап, цифрлық экономика үшін мамандар даярлауға және цифрлық кеңістіктегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шешім киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан да аса маңызды. Осындай IT-хабтар түркі мемлекеттеріне сыртқы ықпал ету тәуекелдерін азайтуға көмектесіп, сонымен бірге ортақ түркі цифрлық және технологиялық платформасын дамытуға ықпал етеді.
- Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен озық технологиялар дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарға назар аудару қажет екенін атап өтті. Осы мәселеге қатысты пікіріңіз қандай? Астанада далалық өркениетті насихаттауға арналған арнайы орталық құру, онда көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениеті кеңінен дәріптелетін болады, бұл тұрғыда қандай рөл атқарады?
- Далалық өркениетін насихаттау жөніндегі бастама, сөзсіз, маңызды әрі өзекті болып табылады. Ол түркі интеграциясының контекстіне толық сәйкес келеді. Біз, әдетте, өзара байланыстар, коммуникациялар және бірлескен жобалардың болуына қарамастан, бір-бірімізді жеткілікті деңгейде жақсы біле бермейміз.
Мұндай бастамалар жалпы алғанда елдер арасындағы этникалық туризмнің дамуына ықпал етіп, адамдардың білім деңгейін арттыруға және түркі халықтарының тарихи бастаулары мен өркениеттік мұрасын тереңірек тануына жағдай жасайды. Бұл тек Қазақстан қоғамына ғана емес, барлық түркі елдерінің қоғамдарына да қатысты.
Сонымен қатар, мұндай орталықтардың басқа мемлекеттердің азаматтары үшін де ашық болуы маңызды. Мұндай орталықтар мен туристік дестинациялар неғұрлым көп болса, оларды пайдаланатын адамдардың таным-түсінігі соғұрлым кеңейіп, білім деңгейі арта түседі. Түркі халықтарының тарихи бастаулары туралы білімнің артуы тек түркі елдерінен келетін туристерге ғана емес, басқа мемлекеттерден келетін қонақтарға да қатысты.
Бұдан бөлек, мұндай орталықтардың имидждік маңызы да зор. Олар Қазақстанның терең тарихи тамыры бар ел екенін және әлемдік өркениеттің дамуына елеулі үлес қосқан көшпелі өркениеттің мұрагері екенін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік береді.
- Қазақстан Президентінің түркі тілдерінің ортақ терминологиялық базасын қалыптастыруға қатысты бастамасын қалай бағалайсыз?
- Терминологиялық базаны қалыптастыру, сөзсіз, маңызды әрі өзекті міндеттердің бірі болып табылады. Бұл бағыт бірнеше жылдан бері назарда болып, осы бойынша жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Алайда бұл жұмыс ғылыми-зерттеу институттарының, лингвистика саласының мамандарының, тарихшылардың және басқа да сарапшылардың қатысуын талап ететін ауқымды қызмет түрі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президенті түркі әлемі аясында ауқымды жобаны бастамашылық етті деуге болады. Бұл — ірі гуманитарлық жоба, гуманитарлық ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты. Алдағы уақытта осы жұмыстың алғашқы нәтижелерін көреміз деп ойлаймын.Терминологиялық базаны қалыптастырудың маңыздылығы — ол түркі елдері тұрғындарына құбылыстарды өздеріне түсінікті тілмен түсіндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол шет тілдерден сөз алуды азайтып, түркі халықтарының бай тілдік қорын және тілдік мұрасын кеңінен пайдалануға жағдай жасайды.
- Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Түркия ұсынған «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын құру бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл ұйымның трансформациясына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
- Бұл тақырып Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында өткен жылы Әзербайжанның Габала қаласында өткен саммитте көтеріліп, өз қолдауын тапқан болатын. Ал бұл жолы ол неғұрлым кең ауқымда және салмақты форматта қарастырылды. Бұл нені білдіреді? Ең алдымен, қазіргі талқылаудың әлдеқайда практикалық сипат алғанын атап өткен жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы оқшау жүйе емес, ол әлемдік саясат пен экономикадағы жетекші орталықтармен — Еуропалық одақпен, Ресеймен, Қытаймен, сондай-ақ Оңтүстік Азия елдерімен және Парсы шығанағы мемлекеттерімен өзара іс-қимыл жасайды.Түркі әлеміне қатысты көптеген мәселелер тек өңірлік күн тәртібімен шектелмейтінін ескерсек, басқа мемлекеттермен және өңірлермен үйлесімділік пен ынтымақтастық қажет. Осыған байланысты бұл бастама маңызды саяси мәнге ие. Ол түркі мемлекеттерінің тек өз ішіне тұйықталмайтынын көрсетеді. Олар үшін ішкі ынтымақтастықтың тюрк әлемімен әріптестікке мүдделі елдермен және өңірлермен өзара іс-қимыл арқылы толықтырылуы маңызды.
Abai.kz