Сейсенбі, 14 Шілде 2026
Әне, көрдің бе? 257 0 пікір 14 Шілде, 2026 сағат 13:36

Үш соққы: Әлиев Мәскеудің танауынан ұрды!

Сурет: euronews.com сайтынан алынды.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев кезекті рет Мәскеуге ұнамайтын мәлімдемелер жасады. Кеңес Одағы дәуірін ашық сынға алды. КСРО билігін «отаршы» деп атады. Ол Әзірбайжанның КСРО құрамында болған кезеңін ресми түрде «отаршылық» деп атады.

Шуша медиафорумында айтылған бұл сөздер – сөзсіз Мәскеудің амбицияларына соққы берген сөздер болды!

БІРІНШІ: «Әзірбайжан КСРО құрамында болған кезде өзінің тәуелсіздігінен толықтай айырылып қалды. Біздің халқымыздың барлық құқықтары шектелді. «Отар болудың қандай екенін» Әзірбайжан жұрты естерінде жақсылап сақтап қалды. Әзірбайжандықтар «отар елден» қалай тәуелсіз елге айналуға болатынын біледі. КСРО кезінде Әзірбайжаннан миллиардтаған тонна мұнай сыртқа шығарылды. Ал КСРО ыдыраған тұста еліміз газ бен электр энергиясына мұқтаж күйде қалды. Бүгінгі Баку әлі күнге сол Совет билігі келтірілген зардаптарды жоюмен келеді. КСРО жойылған кезде көп сарапшылар одақтан шыққан елдерді аяққа тұрып кете алмайды деп болжаған. Тіпті, мемлекет ретінде жойылып кетеді деп айтқан. Ал бүгін біз соңғы отыз жылда «орта державаға» айналдық», - деді Әлиев.

Бұл Әлиевтің Мәскеудің тұмсығынан ұрған бірінші сөз. Себебі – «КСРО 2.0» жобасын жатса-тұрса қиялдайтын Кремль идеологтары үшін КСРО-ны қаралау – бүгінгі Путинді қаралаумен тең.

«КСРО-ның ыдырауы мен үшін де, көпшілік халық үшін де трагедия болды. КСРО-ның ыдырауы дегеніміз не? Бұл дегеніміз КСРО деп аталған тарихи Ресейдің құлауы ғой. КСРО-ның құлауы Ресей үшін үлкен шығындарға әкеп соқты. Атап айтқанда 40% территориясын жоғалтты, дәл осындай экономикалық күш пен халқынан айырылды», - деген Путиннің нақ өзі еді. Бұл сөздер Ресей Украинаға соғыс ашардан бұрын айтылған (2021 жылы).

Онан соң: «Совет одағынан бөлініп шыққан елдер Ресей жеріне қарық болды», - деген де Путин.

ЕКІНШІ: Әлиев аталған жиында Баку мен Уашингтонның жақындасуы жайлы көбірек айтты. Ал кейінге дейін Ресей өзінің ықпал ету аймағы санап келген Оңтүстік Қапқаздың айтарлықтай өзгерістерді бастан кешіргенін қадап айтты.

«Оңтүстік Қапқаз өте-мөте өзгерді. Оны өзгерткен – Екінші Қарабақ соғысы. Енді Оңтүстік Қапқаз – геосаяси айқас алаңы емес. Біз ешкімге біздің аймағымызды өздерінің геосаяси ойындарының құралы етуге жол бермейміз!», - деді.

Бұл сөздер де Мәскеуге ұнай қоймасы анық. Себебі – Ресей Оңтүстік Қапқазды (Армения, Әзірбайжан мен Гүржістанды) Батысқа қарсы өзінің ықпал ету аймағы санап келген. Соның ішінде мәдени-гуманитарлық және транспорттық-логистикалық мақсатта.

Тіпті, Армения аумағына әскери контингент орналастырған. Арменияның Түркия мен Иран шекараларын Ресей ФСБ-сы қорғап, күзеткен. Ал 2020 жылы Қарабақ соғысы басталғанға дейін Әзірбайжан мен Армения арасында Ресейдің бітімгерлері тұрған. 2023 жылдан бастап Ресейдің сол бітімгерлері шығарылып, артықшылықтан айырылды.

Ал экономикалық жағынан бұл өңір Ресейдің «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі үшін айрықша маңызға ие. Бұл Ресейді Иранмен, Үндістанмен байланыстыратын тораб саналады. Ал саяси тұрғыда Мәскеу Баку мен Ереванның ортасына түскен. Басты делдал болып келген. Соңғы жылдары Ресей бұл артықшылықтан айрылып, оның орнын Түркия басуда.

Ал Әлиевтің: «Оңтүстік Қапқазды саяси ойын алаңына айналдырмаймыз», - дегені әлбетте Мәскеуге қара айтылса керек...

ҮШІНШІ: Мәскеу үшін тағы бір жағымсыз сөз Ресей-Украина соғысына қатысты айтылды.

Әлиев: «Бұл соғысты дереу тоқтату керек деген түсінікке келетін уақыт әбден жеткен. Бұл біздің позициямыз. Бұл менің позициям. Бұл Әзірбайжанның ұстанымы», - деді.

Бұл соғыста келіссөзді Ресейден өзгесінің бәрі қалап отырғаны жасырын емес. АҚШ-та, Украина да, Батыс та, басқасы да соғысты тоқтату, келіссөз үстеліне отыру керектігін сан мәрте айтты.

Келіспей отырған, әуелгі шарттарынан қайтпай отырған жалғыз – Ресей. Күні кеше ғана Ресейдің СІМ бастығы Лавров: «Ресей ұрысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға мүлде келіспейді», - деп кесіп айтты.

Бұл деген сөз – Ресей әлі соғыстан бас тартпай отыр деген сөз. Сол себепті де, Әлиевтің: «Соғысты тоқтату керектігін түсінетін уақыт жетті», - деуі кімге бағытталғанын іштеріңіз біліп, сезіп-ақ отыр ғой...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір