Жексенбі, 21 Маусым 2026
1197 0 пікір 17 Маусым, 2026 сағат 16:53

Мәжіліс депутаты “Amanat” партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалы

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс депутаты “Amanat” партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Аида Балаеваға отандық үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ҮЕҰ өкілдіктерін шетелден қаржыландыру мәселесі туралы депутаттық сауал жолдапты. Біз аталған депуттаттық сауалдың толық нұсқасын оқырман талқысына ұсынамыз.

АМАНТАЙҰЛЫ Жарқынбек (қаз.)

Қазақстан РеспубликасыныңПремьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі
А.Ғ. Балаеваға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар Қазақстандағы гранттық жобаларды қаржыландыру үшін қомақты қаражат бөледі.

Әрине, елімізде шетелдік қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар гранттық жобалардың оң нәтижелері көп. Мұндай жобаларға және олардың тиімді жүзеге асырылуына қатысты ешқандай наразылық жоқ.

Алайда, шетелдік гранттық қаржыландыру тетігі «жұмсақ күштің» құралы ретінде де пайдаланылатыны жасырын емес. Кейбір жағдайларда мұндай қаржыландыру елімізде қоғамдық келісімді әлсіретуге, қазақстандық қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін бөгде көзқарастар мен шетелдік саясатты ілгерілетуге бағытталуы мүмкін.

Осыған байланысты Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) шетелдік қаржыландыруды бақылау саласындағы қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізілді.

Талдау нәтижесінде бұл саладағы заңнаманың айтарлықтай шектеулі екені және мемлекеттің мүдделерін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етпейтіні анықталды.

Мұндай қорытынды келесі фактілерге негізделді.

Біріншіден. Шетелдік қаржыландыру алатын ҮЕҰ қызметі елімізде Салық кодексімен және Қаржы министрінің бұйрықтарымен реттеледі.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 56-бабының 9-тармағына сәйкес қазақстандық ҮЕҰ мен халықаралық ҮЕҰ өкілдіктері шетелдік қаржыландыру туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына тек қызметтің үш түрі бойынша ғана ұсынады. Олар:

– заң көмегін көрсету; қоғамдық пікірді зерттеу және сауалнама жүргізу, социологиялық зерттеулер жүргізу;

– ақпаратты жинау, талдау және тарату.

Аталған тізімге кірмейтін барлық өзге қызмет түрлері мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.

Мысалы, мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін жоба қайырымдылық қызмет ретінде көрсетіліп қаржыландырылуы мүмкін.

Екіншіден. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің банк операциялары туралы ақпаратқа қолжетімділігі жоқ және ол ҮЕҰ қызметін бақыламайды. Сондықтан қандай ұйымдардың салықтық есептілік тапсыруы қажеттігі туралы шешім қабылдай алмайды.

Шетелдік көздерден түсетін қаражаттың келіп түсуі мен қозғалысын бақылау құқығы қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдарына – Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Ұлттық банкке берілген.

Алайда бұл органдардың мұндай ақпаратты жүйелі түрде ұсынуға немесе өзара алмасуға өкілеттігі жоқ. Бұл тек жекелеген тұлғаларға қатысты Бас прокуратура арқылы салық органының сұрауы негізінде ғана мүмкін.

Нәтижесінде салық органдарының шетелдік көздерден жеке және заңды тұлғалардың қаржы алуы туралы өзекті ақпаратқа тұрақты қолжетімділігі жоқ. Бұл мәселе нормативтік тұрғыдан реттелмеген.

Үшіншіден. Салық органдары шетелдік қаржыландыру алатын жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізіп, оны жарты жыл сайын жариялайды. Алайда бұл тізілім нақты жағдайды толық көрсетпейді.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша мониторинг нәтижелері негізінде кезекті тізілімді жариялады.

Тізілімге бар болғаны 155 шетелдік қаржыландыру алушы енгізілген. Олар шамамен 12 млрд теңге көлемінде қаражат алған.

Төртіншіден. Шетелдік қаржыландыру туралы есепті уақытылы немесе толық ұсынбағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 460-1-бабына сәйкес әкімшілік айыппұлдан бастап қызметін тоқтата тұруға дейінгі жауапкершілік көзделген.

Алайда аталған бапты қолдану тәжірибесі оны іске асырудың күрделі екенін көрсетеді. Өздерінің «кінәсіздігін» дәлелдеу барысында ҮЕҰ өкілдері Салық кодексіндегі есептілік тек жоғарыда аталған үш қызмет түрімен айналысатын ұйымдар мен тұлғаларға ғана қатысты деген талапқа сүйенеді.

Жүргізілген талдау нәтижелері мемлекеттік органдарда отандық ҮЕҰ мен халықаралық ҮЕҰ өкілдіктерінің шетелдік қаржыландырылуы туралы объективті әрі толық ақпарат жоқ екенін, ал мемлекеттік органдар арасындағы жедел ақпарат алмасу банк құпиясы қағидатымен шектелетінін көрсетеді.

Осыған байланысты төмендегілерді қарастыру қажет деп санаймыз:

1. Уәкілетті органдардың қызмет түріне қарамастан барлық ҮЕҰ-ның шетелдік қаржыландырылуын бақылауына мүмкіндік беру үшін Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағындағы нақтылаушы ережелерді алып тастау мәселесін қарастыру.

2. ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың шетелдік жобаларды іске асыруды бақылау жөніндегі өкілеттіктерін қайта қарау.

3. Мемлекеттік кірістер органдарының қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдарынан өзекті ақпаратты тұрақты негізде алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін олардың өкілеттіктерін кеңейту.

Құрметпен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ж. Амантайұлы

Abai.kz

0 пікір