Жұма, 19 Маусым 2026
Жаңалықтар 207 0 пікір 19 Маусым, 2026 сағат 14:27

Қазақстанға Черногория Президенті келді

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алындщы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті Тәуелсіздік сарайында қарсы алу рәсімі өтті.

Тәуелсіздік сарайында Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін мәртебелі мейманның ресми сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен шағын құрамдағы келіссөз басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді.

Яков Милатович:

– Құрметті Президент! Ең алдымен Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз.

Айта кетейік, 18-20 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға ресми сапарлайтынын жазған едік.

19 маусымда тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылайды.

Еске салсақ, бұған дейін Черногория Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді.

Abai.kz

0 пікір