Бейсенбі, 25 Маусым 2026
Жағымды жаңалық 518 0 пікір 25 Маусым, 2026 сағат 20:06

Президент Abai.kz сайтын «Алғыс» хатымен марапаттады

Сурет: ЖИ арқылы жасалған.

Жыл сайын Журналистер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандық ақпарат саласы өкілдерін төлмерекелерімен құттықтап, кәсіби білігі жоғары мамандарды еңбегіне сай марапаттап келеді. Биылғы мереке қарсаңында Abai kz сайтының еңбегі еленіп, сайтымыз президенттің «Алғыс» хатына ие болды. Бұл – сайттың жылдар бойы атқарған тиянақты еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, барлық оқырмандарымызға құтты болсын айтамыз!

Өңірлердегі БАҚ өкілдеріне баспана беріледі

Ақ ордада баспасөз өкілдерімен жүздескен Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.

– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Медиа саласы мемлекеттің қауіпсіздігіне ат салысуға тиіс

Баспасөз өкілдерін осындай қуанышқа бөлеген жиын барысында Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің  қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол баспасөз өкілдерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түскендігін де ескертіп өтті.

– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, деді Президент.

«Қалам елді түзейді»

Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек, деді Президент аталған жиында. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын.  

P.S. Президент айтқандай, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын терең ойлайтын, әрі ағартушылық бағыттағы мемлекетшіл, отаншыл БАҚ-тың бірі – Abai.kz ақпараттық порталы.

Бүгінде Abai.kz ақпараттық порталындағы контентті үзбей тұтынатын оқырман саны – 1,5 миллионға жуықтады.

Тәулігіне орта есеппен 30-40 мыңға жуық оқырман оқитын бұл басылым – тек Қазақстан аумағында ғана емес, АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Қытай, Моңғолия, Малайазия, Сингапур, Түркия, Ресей секілді әлемнің үлкен мемлекеттерінен өз оқырманын тапқан бірден бір портал.

Abai.kz ақпараттық порталының жанына білімді, білікті авторлар шоғыры қалыптасқан. Мұндай сапалы әрі тұрақты колумнистер клубы сайттарды былай қойып,  байырғы дәстүрлі баспасөздің қасынан табыла бермейді.

Порталда сұрыпталған, оқырман қауымды саналы ой биігіне жетелейтін ақпараттар мен материалдар ғана жарияланатынына оқырман қауымы өзі куә.

Сондықтан, Abai.kz ақпараттық порталының Президенттің «Алғыс» хатына ие болуы – портал қызметкерлерін қанаттандырады әрі жаңа жауапкершіліктер жүктейді деп сеніммен айта аламыз.

Abai.kz порталының ұжымы

Abai.kz

0 пікір