Дүйсенбі, 29 Маусым 2026
Ақмылтық 182 0 пікір 29 Маусым, 2026 сағат 13:04

Идеологияны реттеп жатырмыз. Қалғанын ше?!.

Сурет ЖИ арқылы жасалған

(Мемлекеттік кеңесші «Ерлан Қариннің «Жас Алаш» газетіндегі «Біздің идеология – Ата заң» атты мақаласына қатысты бірер сөз)

Мақала негізінен мемлекеттік идеологияға, оның түп негізі – Конституцияға арналған себепті алдымен қазіргі қоғамдық ойдағы бір тенденция туралы айтайын: бізде асқынып кеткен бір псевдосарапшылық сырқат бар, яғни, «әркімнің де таласы бар» осы идеологияға келгенде кез келген, тіпті саясаттанудың әліппесінің бетін ашпағандар да аяқ астынан маман боп шыға келеді.

Оның үш себебі бар.

Біріншіден, идеология дегеннің өзі ұшы-қиыры жоқ, өлшеуге де, бойлауға да көнбейтін құбылыс, сол себепті квазимамандар «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, сан қырлы өміріміздегі оқиғаларды осы тақырыппен байланыстырып, өз үкімін шығарып отырады.

Екіншіден, мәселен, экономика, қаржы, әлеуметтік және құқықтық салалар тиісті дайындықты қажет етсе, идеология саласына қатысты бірді-екілі кітап оқыған адам да білгішсініп, көлгірсіп сөйлей береді.

Үшіншіден, аузы күйген үріп ішеді, кезінде біржақты, советтік, коммунистік идеологияның тоталитарлық табанының астында тапталып қалған азат ойлы қоғамдық сана еліміз Тәуелсіздік алғалы идеология саласына біртүрлі қарап келді. Яғни, мемлекет тарапынан осы салаға қандай да бір бастама көтерілсе (соның ішінде көңілге қонарлығы болса да), соған аса бір күдікпен, күмәнмен қарау өзінше бір дәстүрге айналып кетті.

Иә, бұған дейін де біз ескі Қазақстанның идеологиясының кемшін тұстарын, Конституцияда бекітілмеген соң, Алматының ауа-райы секілді құбылып отыратын идеологиялық басымдықтар туралы айтып келген. Әртүрлі, орынды-ақ бастамалар қолға алынып, бағдарламалар қабылданғанымен, идеология саласында мемлекеттік мүдде жолындағы бірізділік, жүйелілік, кей жағдайда қарапайым логика (қисын) болмай келді. Айтатын несі бар, ескі Қазақстан да идеологияны, оның орасан зор машинасын бір адамға табыну, оның жеке басын халықтан биік қою мақсатында пайдаланып келді.

Енді болса, жағдай өзгерген секілді.

Мақалада да осы жайт жақсы аңғарылыпты: «Бұдан былай «Біз ұстанатын құндылықтарға не жатады?», «Идеологиямыз қандай?» деген сұрақтарға анық әрі сенімді жауапты Ата Заңнан табамыз. Себебі, Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, ол – өмір салтымызды, бірегейлігімізді, бағыт-бағдарымызды көрсететін құжат. Яғни, Ата Заң – идеологиялық құндылықтар коды».

Конституцияның преамбуласы шынымен де мемлекеттің идеологиялық басым бағыттары мен ұстындарын жаңалап, заман талаптарына сәйкестендіргендей. Мәселен, «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген тұжырым 1995 жылғы Конституцияда болмады. Қарап отырсақ, бұл тезистің тек қана ішкі саясат үшін ғана емес, кейбір көршіміз совет империясын идеалдандырып, соның негізінде басқа елдердің жеріне көз алартып, қазірде әбден ушығып тұрған геосаясат үшін де аса зор маңызы бар.

Сонымен бірге, мақалада Конституциядағы «еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным», «Қазақстан зайырлы мемлекет екенін нақты белгілеу», «дәстүрлі құндылықтардың ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалатыны», «ел дамуының адами өлшемі енгізілгені» туралы жаңаша баптардың салмағы шынымен айтарлықтай, керек десеңіз, олар мемлекеттік идеология дамуының жаңа кезеңін анықтап беріп отыр.

Байырғы демократ ретінде біз, әсіресе, демократия, сөз бостандығы, адам құқы секілді либералды қағидаттарды жиі тілге тиек ететініміз рас.

Меніңше, мақалада бүгінгі Қазақстандағы осы жағдайға бұрын-соңды айтылмаған, мүлдем соны формула берілген. Бұл жаңаша жайт ерекше маңызды болғандықтан мақаланың сол тұсын толықтай келтірейін: «Маңызды нормалардың бірі ретінде бекітілген сөз бостандығын қорғау да – адами өлшемнің негізі. 23-баптың 5-тармағында «Цензураға тыйым салынады» деп жазылса, осы баптың 1-тармағында «Сөз еркіндігіне кепiлдiк берiледі» деп көрсетілген. Яғни, сөз бостандығы бұрынғымен салыстырғанда барынша кеңейтілді.

Осылайша, Конституцияда теңгерімді ұстаным белгіленді. Дәстүрлі құндылықтардың да, заманауи құндылықтардың да аражігі нақты айқындалған. Дәстүрлі дүниемізді қорғаймыз деп консервативті бағытқа да түбегейлі бұрылмай, заманауи құндылықтарға сәйкес боламыз деп либералды бағытқа да аса қатты ұрынбай, идеологиялық және саяси әралуандылық теңдей сақталды».

Меніңше, бұл формула әбден орынды. Қазақстан секілді ішкі және сыртқы қауіптері азаймай тұрған елге осындай, жұртты орға жығар шектен тыс радикализмнен ада, центристік ұстаным керек деп санаймын.

Билікке айтар бір ғана тілек: теңгерім болса, екі жақ – консерватизм мен либерализмнің - алтын өзегінен табылайық. Әйтпесе, соңғы кезде азаматтық белсенділерді, тәуелсіз журналистерді тым қатал жауапқа тарту жиілеп кеткен секілді. Әлде, құқық қорғау органдары осы теңгерімнің шынайы мәнін түсінбей жүр ме? Түсінбесе, Мемкеңесші түсіндіріп берсін! Аюға да намаз үйреткен таяқ емес пе?!

Және де сын айтушылар мен балама пікір білдірушілерді құқықтық жағынан қудалау президент Тоқаев жария еткен (және де оны барша жұрт қолдаған) «еститін мемлекет», «алуан-түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына томпақ келеді, оған қоса жұрттың наразылығын туғызады. Жаңа Қазақстан құрылысшылары соны ескерсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жә, мақалада тақырыптық мәселелер жүйелі, қисынды, қоғамдағы өткір пікірталастарды ескеріп (ең маңыздыларына нақты, мемлекеттік тұрғыдан тұшымды жауап беріліп) тәпсірленген екен. Әсіресе, ішкі саясатты жүйелендіру, рухани өмірдегі түйткілдер мен оларды еңсеруге арналған новациялар, зиялы қауымның роліне қатысты ойлар көңілге қоналы. Мемкеңесшінің қоғамның өне бойында айтылып жүрген алуан-түрлі, соның ішінде сыни, балама пікірлерден хабары бар екені сезіліп тұр-ақ. Бір сөзбен айтқанда, Мемкеңесші «бізде идеология жоқ» деушілерге лайықты жауап берген сияқты.

Мақала авторының ойларына қосар бір ойым бар.

Меніңше, мемлекеттік идеологияны біз тек қана рухани салаға ғана қатысты дүние деп түсінбеуіміз керек.

Экономикада да, әлеуметтік және құқықтық салаларды, халықаралық қатынастарда да мемлекет саясатының ең басты, басым бағыттарын мемлекеттік идеология талаптары мен Конституцияда тайға таңба басқандай жазылған стандарттар айқындап, керек кезде, осы бағыттан адасып кеткендерді түзеп, жөнге салып отыруы тиіс.

Мемлекеттік, ұлттық мүдде қоғам және мемлекет өмірінің барлық саласында бірдей қолдануы тиіс!  Мемлекеттік идеологияны орнықтыру деген осы болуы тиіс!

Мемлекеттік идеология қағидаттары бюджетті бекіту мен жұмсаудан бастап қай елден қай мақсатта, қандай шарттармен инвестиция әкелу керек деген сауалдарға дейін ықпал етуі тиіс!

Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік идеология барлық саланы қамту керек, бәрінде бір идеологияға бағынған, соны негізге алған бірізділік, қалыптасқан жүйе болу керек!

Сол тұрғыдан алғанда, бүгінгі тұрақсыз да турбулентті кезеңдегі ел экономикасына, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне, күнделікті күнкөрісіне қатысты сауалдарға тұшымды жауап жоқ. Үкіметтің есептері бір де, жұрттың жағдайы (жұмыс орындарымен қамту, мұнай мен газға телініп қалған экономиканы диверсификациялау, отандық өндіріс пен шағын және орта бизнесті дамыту, баға мен тарифтердің шарықтауына тоқтау салу, инфляцияны тежеу және тб.) одан мүлдем бөлек. Екеуі – халық пен үкімет - екі түрлі әлемде өмір сүріп жатқан сықылды.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға зәру топтарды қазіргі заман талаптары мен мүмкіндіктеріне сай демеу немесе сот, прокуратура, полициядан орынсыз зардап шеккен азаматтарды арашалау да мемлекеттік идеологияға тиесілі емес пе?!

Өкінішке орай, президент жариялап жүрген көңілге қонымды және барша жұрт қолдауға әбден лайық қағидаттар мен талаптар төменгі деңгейдегі билік органдарының, жекелеген шенділердің ескіше жұмыс істеуінің кесірінен өмір салтына айналмай-ақ келеді. Содан барып, алдымен тиісті билік органына, содан соң президенттік билікке деген сенімсіздік туындап жатады.

Осы кемшіліктерді де жою ісі – мемлекеттік идеологияның тікелей де төл міндеті емес пе?

Мақала соңында Мемкеңесшіге айтар бір ұсынысым бар.

Жә, Астанада жақсы шешімдер қабылданып жатар. Алайда азаматтар сол шешімдердің орындалуын не орындалмауын жергілікті әкімдіктердің қимыл-әрекетінен (не сол харекеттің жоқтығынан) көріп, тиісті баға беріп отырады. Мемлекеттік идеология шынымен де сондай маңызды болса, неліктен жергілікті әкім орынбасарларының иерархиясында идеология саласына жауапты орыбасарлар ылғи шеттетіледі (өзара функцияларды бөлісуде,. протокол және үстел басында отыру реті жағынан да солай), есесіне, қаржы, экономика, құрылыс, өнеркәсіп салаларына жауапты орынбасарлардың мәртебесі жоғары болып тұрады?

Мемлекеттік идеологияның маңыздылығын ескерсек, осы бюрократиялық мәселені де шешіп тастау керек сияқты.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір