Жаңа Конституциядан кейін Үкімет жұмысы қалай өзгереді? Бектенов мәлімдеме жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді орындау және жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру мәселесіне тоқталды.
Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында барлық реформалардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өткенін еске салды.
Биыл инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру – орнықты экономикалық өсімнің басты шарттарының бірі. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға Ұлттық банкпен бірлесіп Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын және инфляцияны бақылау шараларын қатаң орындау тапсырылды, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр отандық өндірісті қолдау, нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, сақтау инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту, теңгерімді тарифтік саясат жүргізу жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті.
Бектенов жыл соңына дейін 12 мың шақырымға жуық инженерлік желіні жаңғырту, тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеу, өңдеуші өнеркәсіпте 200-ге жуық жаңа жобаны іске қосу, фармацевтика саласын дамыту және агроөнеркәсіп кешенін қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, Премьер-министр елді мекендерді газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу, көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту, жаңа әуежай салу, авиаотын инфрақұрылымын жаңғырту және энергетикалық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін айтты.
Үкімет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды.
«Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын іске асыру, шетелдік инвестиция тарту және Qazaq AI Research University базасында жасанды интеллект саласына мамандар даярлау басым бағыттардың бірі болады, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдау, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, «Таза Қазақстан» бастамасын кеңейту және «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктелді.
Премьер-министр әлеуметтік саладағы реформалар да жаңа Конституция талаптарына сай жалғасатынын айтып, әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.
Жаңа Конституцияның нормаларын нақты жүзеге асыратын ең жауапты кезең басталып отыр. Оларды тиімді іске асыру, құқық үстемдігін нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты, – деді Олжас Бектенов.
Ол жаңа Конституция күшіне енгенін тарихи кезең деп бағалап, бұл құжат Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындайтынын айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, жаңа Ата заң мемлекеттің барлық институттарын жаңғыртуға, құқық үстемдігін нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және Әділетті, Күшті, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құруға берік негіз қалайды.
Бектенов сондай-ақ Әділет министрлігіне қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру жұмыстарын үйлестіруді жалғастыруды тапсырды. Ал Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне білім беру ұйымдарында конституциялық-құқықтық мәдениетті, құқықтық сауаттылықты және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтуді міндеттеді.
Abai.kz