Сәрсенбі, 1 Шілде 2026
122 0 пікір 1 Шілде, 2026 сағат 20:55

AMANAT Құрылтай сайлауына қатыспайды – партия ОСК-ға ресми хат жолдады

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.

ОСК-де алдағы Құрылтай сайлауына қатысты мәселелер бойынша отырыс өтті. Онда Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова сөйлеп, жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нәтижесінде саяси партиялар туралы заңнаманың кезең-кезеңімен жетілдірілгенін және көппартиялылықтың одан әрі дамуына жол ашылғанын айтты. Оның сөзінше, 2022 жылы партияларды тіркеу шегі 5 мың мүшеге дейін төмендетіліп, партия құру талаптары айтарлықтай жеңілдетілген.

«Соңғы жылдардағы тәжірибе жүргізілген заңнамалық реформалардың тиімділігін растап отыр. Тіркеу шегі төмендетілгеннен кейін 3 жаңа саяси партия тіркелді. Бұл азаматтардың бірлесу жөніндегі конституциялық құқығын іске асыру мүмкіндіктерінің кеңейгенін көрсетеді», – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр қазіргі уақытта Қазақстанда сегіз саяси партия тіркелгенін атап өтті. Соның бірі – AMANAT партиясы.

«Саяси партиялардың съездерінде AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шаралар жүргізілуде», – деді Жақселекова.

Оның баяндамасын қорытындылаған ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясына AMANAT партиясынан партияның алдағы Құрылтай сайлауына қатыспайтыны туралы ресми хат келіп түскенін хабарлады.

Abai.kz

0 пікір