Жұма, 3 Шілде 2026
Білгенге маржан 167 0 пікір 3 Шілде, 2026 сағат 13:52

Қазақтың байырғы жазулары

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Тіл – адамзаттың өзара пікір алысатын қатынас құралы десек, жазу осы қатынас құралының құралы. Екінші сөзбен айтқанда, жазу – тілді бейнелеп беретін таңбалар жүйесі. Жазудың тапқырлануы адам баласы үшін тілден қалса, екінші маңызды орында тұрады. Жазу адам ойын шалғай аралықтарға жеткізе алады. Белгілі бір кезеңдегі адам ойын, көзқарасын, қоғамдық өмір тәсілін өзінен кейінгі ұрпақтарға жеткізе алады. Бірақ, ол ауыздан-ауызға таралып келген өлең-жыр, аңыз-ертегі, мақал-мәтел, аманат-өсиет сияқтыларға ұқсамайды. Әдебиеттің бұл жанрлары ауыздан-ауызға таралып келгендіктен, әр дәуірдің сөз шеберлері оған өзінің идеялық нысайын, өмірге көзқарасын, өз басына қатысты қуаныш, қайғысын қосып отырады. Жазуда мұндай өзгеріс, қоспа болмайды. Ол өзіне түскен адам ойын, көзқарасын, қоғамдық тұрмыс тәсілін шалғай аралыққа да, болашаққа да қалтқы-бүкпесіз, өзгеріс-қоспасыз қаз-қалпында жеткізеді.

Бір заман мен бір заманның жазу арқылы бейнеленген осындай заттық және рухани мәдениетінің бірлігі мәдениет тарихын қалыптастырады. Біз Жұңгоның бес мың жылдық мәдениет тарихы бар, арабтың, гректің, Индістанның бәлен мың жылдық тарихы бар дегенде, көбінесе осы жазу арқылы бейнеленген тарихына – өндіргіш күштер мен өндірістік қарым-қатынастарының әр кезеңдегі даму жағдайын бейнелейтін жазбаларына, әр кезеңдегі ғылым, философия, көркемөнер, дін, әдебиет сияқты тараулардағы жазбаларына және оларда бейнеленген идея, көзқарас, мораль жақтардағы жай-күйінің өзара байланысының тарихына қарап айтамыз

Міне, осы тұрғыдан алғанда жазу – мәдениеттіліктің бір бейнесі болумен қатар, тұтас ұлт мәдениетінің барлық даму сатыларын өзара жалғап тұратын қасиетті жіп. Жазу болмайынша бір ұлт мәдениетінің бейнеленуі де, мәдениет тарихының жасалуы да мүмкін емес. Бұл біздің жазуды маңызды орынға қойып қарауымыздың, жазба әдебиет тарихының маңызды бөлігі ретінде оқуымыздың бірінші себебі.

Екінші, қазіргі дүние ғылымының бір саласы ұлттану ғылымы деп аталады. Ұлттану ғылымы өз ішіне толып жатқан мазмұндарды алады. Бұларды ашалап айтсақ, ұлттың табиғи физиологиялық (антропологиялық) жағын да, қоғамдық құрылым, қоғамдық шаруашылық, мәдениеттік күй,  географиялық орта, т.б. жағдайларын да негізгі мазмұн етеді.

Міне, осы ұлттану ғылымы белгілі бір ұлттың әрбір кезеңдегі даму жағдайын, бұлардың өз арасындағы берік қатынасты зерттейді. Олай болса, бір ұлттың жалпы тарихын білу, тану, оны қазіргі күнгі социалистік құрылыс, ұлттар ынтымағы сықылды игілікті жұмыстарға қызмет етістіру тіпті де көкейтесті мақсат болмақ. Демек, бұл мақсатқа жету үшін де мәдениет бірлігін іске асыруда белсенді рөл атқарып келген ұлт жазуын зерттеудің маңызды зор.

Жазудың әдебиет тарихын зерттеу, білуде де маңызы зор. Өйткені, қазақ әдебиетінің сонау ертеден бергі нұсқаларының бірсыпырасы-ақ жазуға түсіп сақталып келді. Сондықтан, жазу классикалық әдебиетіміздің ұзақ тарих барысындағы жай-жапсарын, өзара байланысын тура бейнелеген бірден-бір қару деп танимыз.

Ал, сол әдебиеттік-тарихтық мәселелерді білу үшін, «Бізде жазу қашан пайда болды? Ол қандай дамудан өтті? Әдебиетіміздің дамуына қандай рөл атқарды?» деген мәселелерді білудің маңызы зор болмақ. Бұл мақалада осы мәселеге жауап беруге тырысамыз.

1. Жазудың пайда болуы

Адамдар сөйлеу тілі пайда болған соң, өзара қарым-қатынас құралының тағы бір жаңа түрін қажетсіне бастады. Онсыз өзінің ой-пікірін, мақсат-мүддесін алыс-жақындағы адамдарға жеткізу, соңғы ұрпақтарға жалғаудың мүмкін болмайтындығын білді. Бірақ, олар өздерінің өміріне қажетті болып жатқан нәрсенің қандай нәрсе екенін, оның формасы, түрі-түсі қандай болатынын, оны қалай табады, қалай пайдаланады, оны не деп атайды – міне, мұны олар ойлап жеткен жоқ болатын. Өйткені, олар табиғаттан еңбектің, оның соң тілдің арқасында жаңа ғана бөлініп шыққан еді, ақыл-ой, сана жақтан әлі де сәби күйде тұрған. Сондықтан, олар өз қажеттерінен шығу үшін алғашында стихиялы түрде түрлі заттардан, түрлі шартты белгілерден пайдалана бастады. Мысалы, олар кеткен бағытын басқаларға білдіру үшін жолға бұтақ тастап, не садақтың оғын ағашқа бекітіп қойды. Басқалар оның қалай кеткенін осыған қарап білетін болды. Санды білдіру үшін сызық сызу, маржан тізу, ағаш ою, жіп түю тәсілдерін қолданды.

Мұндай тәсіл жалғыз ғана қазақтың ата-бабаларында болған жоқ, басқа халықтардың ата-бабаларында да болды. Мысалы, ертедегі индиандар басқа ру-тайпалармен соғысатынын білдіру үшін қарсы жаққа айбалта жібереді екен. Елші әкеліп оны жерге қояды, егер қарсы жақ оны қолына алса, соғысуға разылық білдіргені екен.

Ертедегі қазақ тайпалары да соғысамыз деген белгіні білдіру үшін қарсы жаққа барабан соғып, сырнай тартып белгі беретін болған. Қазақ халқындағы бұл құбылыс мол ертеден келе жатқан салттың жалғасы екені айдан анық. Біреуді сағынғанын білдіргісі келсе, бір тал сабанды орамалға орап жіберетін, қойының санын таяғына кертіп қоятын құбылыстар қазақ арасында ХХ ғасырда да көрілгені белгілі.

Ертеден бергі бұл құбылыстар не жазудың болмауынан, не жазуды білмеуден туылған жайлар. Демек, адам баласы тілден кейінгі ең қажетті қатынас құралын – жазуды тапқырлағанға дейін ұзақ уақыт бойы сарыла ізденумен, шартты түрде заттардан және олардың суретінен пайдаланумен болды. Осылайша іздену арқылы олар ең алғашқы жазуды тапты. Бұл жазуда айтылмақ ой сурет арқылы бейнеленді. Суреттер жартастарға қашап түсірілді. Кейбіреулерінде аңшылық кәсібі мен аңшылар бейнеленсе, кейбіреулерінде құдайларға табынатын діни нанымдар бейнеленді. Жалпылай осы суреттер арқылы өз ой-пікірін баяндау неше он мыңдаған жылдарға созылды. Міне, осы адамдардың өзара қарым-қатынасы, табиғатпен қатынасы бейнеленген жазуды ғалымдар кейінгі кезде суретті (пиктографиялық) жазу деп атады. Ескіден қалған суретті жазулардың күрделісі де, қарапайымы да болды.

Күрделісіне мына сурет мысал болады. Мұнда шауып орнатылған бір тас тұр. Тастың бетіндегі суреттің ең басқы жағында аяғы аспанға қараған бір бұғы, онан соң басы салбыраған адам, шұғыла шашып тұрған күн, айбалта, бір қараңғы ай, бір жарық ай, ең астында шалқалай құлаған қасқыр бейнеленген. Ал, үстіндегі бұғы мен адам суретінің сол жағында 7 сызық, оң жағында 9 сызық тұр. Ғалымдар бұл күрделі суреттің жазу мағынасы:

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Бұғы атты көсем жеті жорықты, тоғыз айқасты өткізді. Айдың екі тууына созылған жорықтың кезінде айбалтамен өлтірілді» деп оқыған.

Кейін адамдар табиғатта кездесетін барлық денелердің (аспан денелерінің, аң мен құстың, өсімдіктердің, үй мүкамал, қару-жарақ, т.б.) суретін толық сызбай, оның орнына бұрынғыдан гөрі икемді, ұтымды оңай көріктірер тәсіл табуға тырысты. Соның нәтижесінде заттар мен құбылыстардың ең маңызды мағыналы белгілері ғана сызылатын болды. Суретті жазудың бұл түрін кейінгі адамдар мағыналық (идеографиялық) жазу деп атады. Мұндай жазудың әрбірі жекеленген заттардың атын білдірді. Еліміздегі ханзу халқының жазуы міне осы жазудың дамыған түрі саналады.

Мұндай мағыналық жазуды ертедегі қазақтың ата-бабалары да қолданған. Мұны қазақ ру-тайпалары қоныстанған ертедегі мекендерден көп кездестіруге болады. Мысалы, мына суретке қараңыз: бұл суретте образдалған жануарлар мен заттардың негізгі белгілері ғана сызылған. Осы белгілерге бір қарап-ақ қайсысының қандай жануар, не қандай зат екенін білу қиын емес.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Бұл суреттер Шинжаң ұйғыр автономиялы районның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы таулардың және Еренқабырғаның жартастарынан көп кезігеді. Мұның бәрі де сол баяғы заманғы мағыналық жазудың куәлары. Біздің ата-бабаларымыз бұл жазуды қашаннан қашанға дейін қолданғаны жөнінде нақты дерек жоқ.

Мағыналық жазудың біртелеп дамуы адам баласын буын жазуына жеткізді. Бұл олардың бір не бірнеше буын бірлесіп бір сөз құрайтынын білген соң пайда болған деп жорамалдауға болады. Буын жазуының үлгісі біздің заманымызға дейін өмір сүріп келді.  Ханзу, инді, жапон жазулары осы буын жазуының дамыған түрі болып есептеледі. Мұнда әрбір әріп бір дауысты, бір дауыссыз дыбыстан құралады.

Буын жазуының тапқырлануы адамдардың өзара пікір алысу, қарым-қатынас жасауындағы ең ірі жаңалық болды. Жазу ғылымы ғалымдары дүниедегі ең алғашқы жазбалардың негізі осы буын жазуынан кейін пайда болды деп қарайды.

Адамдар буын жазуына жеткенде әрбір буынның бір не бірнеше дыбыстық элементтен құралғанын білді. Бұл білу адам баласын жазудың ең дамыған формасы – дыбыстық (фонемалық) жазуға жеткізді. Егер буын жазуы тапқырланбаған болса, онда онан кейінгі дыбыстық жазудың пайда болуы мүмкін болмаған болар еді.

Археологиялық зерттеулерден қарағанда, дыбыстық жазудың ең көне түрі – финикия жазуы деп аталатын жазу. Финикия жазуынан ертедегі арамей, грек жазулары тараған. Ғалымдардың айтуынша, ертедегі түркі тілдес ру-тайпаларға ортақ болған «Ескі түркі жазуы» деп аталатын жазу және араб, соғды, латын жазулары осы арамей және грек жазуларының дамып жетілген түрлері екен. Мұнан жазудың оңай пайда бола салмағанын, адам баласын неше он мыңдаған жылдар бойы толғандырып келіп әрең пайда болғанын білеміз.

Жазудың пайда болуы әр елде әркелкі болды. Қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпаларда біз айтқан дыбыстық жазудың қолданыла бастағанына бірнеше мың жыл болғанын дәлелдейтін бірсыпыра деректер табылды. Қазіргі ғылымның дәлелдеуіне қарағанда, қазақ ру-тайпаларының ең алғаш қолданған жазуы–  «Ескі түркі жазуы» деп аталатын жазу. Одан кейін қазақтар соғды, араб, латын жазуы қатарлы жазуларды қолданған. Түркі жазуын заманымыздың ХІ ғасырына дейін, соғды жазуын V ғасырдан ХІV ғасырға дейін, араб жазуын ІХ ғасырдан қазірге дейін, латын жазуын 1960 жылдан 1983 жылға дейін қолданды. Төменде осы жазулардың пайда болу, қолданылу және оның қазақ мәдениеті тарихын қалыптастырудағы рөлдеріне жеке-жеке тоқтаймыз.

2. Ескі түркі жазуы

Тарихи деректердің дәлелдеуінше, ертедегі түркі тілдес ру-тайпаларда ең алғаш қолданылған жазу – «Ескі түркі жазу» деп аталатын жазу. Түркі тілдес ру-тайпалардың ішінде тұңғыш қолданушылар – қазақ халқының этникалық құрамына енген сақ тайпалары. Онан қалса, қаңлылар мен үйсіндер.

Ескі түркі жазуы сақ тайпаларының аса ертеде қолданған жазуы екенін Үндістанның Хараппа деген көне қала ордасының қорымынан шыққан жазу үлгісі мен жазудың мазмұны толық дәлелдеді.

1853 жылы Үндістан археологы Александр Каннингем Инд өзені өңіріндегі «Хараппа» деген көне қала қорымынан қара тастан жасалған бір мөр тауып алған. Ол осы мөрде алты түрлі таңбалы жазу барлығын байқаған. Бірақ, осы жазуды кезінде ешкім оқи алмаған еді. Ғалымдар бұл орда қалдығын жалғасты қазу барысында жазуы бар шаршы, дөңгелек және цилиндр формалы мөрлерден көп табылған. Бұл мөрлердегі жазуды соңғы жылдары Совет түркологтары түркі жазуының ерте нұсқасы деп тауып, түркі жазуы сияқты оңнан солға қарай оқып, мағынасын шешті.

  • Мөрдегі «Ашупбаш матық бат» деген сөз болып шықты. Мұны қазіргі қазақ тіліне аударғанда: «Әлемге әйгілі Ашупбаш  дүниеден қайтты» екен.
  • Мөрдегі жазу «тат чараз алты об амас сан – тақы кес сыны» болып оқылған. Мұны қазіргі қазақшаға аударғанда: 1) «Кірме чарз алты оба. Енді оның санына сәйкес асқа 2) құрбандық шалып, кесіп бөлшектейік» екен.
  • Мөрдің жазуы: 1) «Кес ас ас чаһай үча ұт. 2) сын ос сок (г)». Мұның қазіргі қазақшасы: «Дәстүр бойынша өгіз ошақ басына өткізілсін де, асқа сойылсын, жаны ұшқан соң жарып бөлшектеу керек» екен.

Бұл туралы Қазақстан тіл маманы Т. Сүлейменов былай жазады:

«... бірінші мөрдің жазуы арқылы Хараппа елінің Ашупбаш аталмыш әлемге әйгілі ханы болғанын, оның қаза болғанын білуге мүмкіндік туады. Біздің ойымызша, Ашупбаш өлгесін ел арасында алауыздық етек жайып, хараппалық халықтар жауына қарсы тұра алмаған. Тегі олар Ашупбаш  қаза болғаннан кейін Ұлы Азия, Орта Азия және қазіргі Қазақстан жеріне қарай ығысып көшсе керек».

Маманның бұл ойын дәлелдейтін фактінің бірі Талас өзенінен табылған ағаш таяқтағы жазудан байқалған. Сол таяқтың бір бетіне: «Үш үлкен (апа) атош, ағын, бапаш» деген сөз жазылған екен. Мұны қазіргі қазақшаға аударғанда: «Ашупбашқа туыс, оларға апасапақ мошақ туыс» болып шыққан.

Археологиялық зерттеу «Хараппа» орда қорымының біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдың басына, төрт мыңыншы жылдың соңына тура келетінін сыпаттаған. Ал, Талас өзенінен табылған таяқтың уақыты біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларға тура келеді екен.

Заманымыздан бұрынғы төрт мыңыншы жылдардың соңында Хараппада өткен Ашупбаштың заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда аталған Ашупбашпен қандай байланысы бар? Бұл әлдеқалай бір кездейсоқтық па, жоқ әлде қазақ ру-тайпалары тарихының сорабы ма? Бұл сұрауға жауап беру үшін алдымен заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларында Талас өзенінің маңында кім жасаған еді, соған біраз тоқталайық.

Ерте заман тарихын зерттеушілер айтылған уақытта Памир-Алай  тауларының солтүстік шекараларынан Алтай тауларының батыс сілемдеріне дейінгі ұлан-ғайыр көп жерді сақ тайпалары мекендеген. Осы аралықтағы Балқаш, Шу, Талас маңайларында (яғни, Жетісу өлкесінде) сақ тайпаларының бір тарауы – «Шошақ төбелі сақтар» мекендегенін тұрақтандырды.

Қазақ халқының құрамына енген сақ тайпалары әсілінде түркі тілдес ірі ұлыс болып, олар өз ішінен массагет, баксарт, дай (немесе дахи), соғды, қарат, құмар, асқатағ, исседон (немесе асси), аримасип, сармат, каспий  деген толып жатқан тайпалардан құралған. Сақтарды еліміз заманымыздан бұрынғы мыңыншы жылдарда «Байжұң», «Шыжұң», «Шиму», «Шыжа» деп, парсы тарихшылар «Сақ» деп атаған.

Еліміздің ерте жазбасы «Мотиянзының өмірбаяны» атты еңбекте баяндалуынша, патша Жуму Уаң заманымыздан бұрынғы ІХ ғасырда батысқа сапар шегеді. Осы жолында оның Шиму тайпаларына және олардың көсемі Шиуаңмуға кездескендігі айтылады. VІ ғасырда Лияң әулеті дәуірінде өткен Шүн Хи деген адам өзінің «Будда деректері туралы» деген еңбегінде «Хан патшалығының тарихы – батыс өңір шежіресінен» мынадай үзінді келтіреді: «...сақтар әсілінде ұзақ заманнан бері Дұнхуаң жерін мекендеген Юншіндер еді. Кейін иүзілерден (ұлы жүздерден – ав.) ығысып, Памир тауының күнгейіне қоныс аударған».

Қазақ халқының арғы тегі болған үйсіндердің құрамында да сақ тайпалары болғанын еліміздің ежелгі жазбалары дәлелдейді. Онда: «Үйсін халқы ішінде сақ тайпалары да, ұлы жүз тайпалары да бар»[1] деп жазылған.

[1] «Ханнама». «Батыс өңір» тарауы, 66-тарауша.

Міне, бұл деректер сақтардың Памир-Алай таулар мен Алтай таулары аралығында ұлан-ғайыр мекенде ғана емес, онан да арылап, еліміздің Дұнхуаң, Кеңсу, Чилан (Шүлен) таулы өңірлеріне дейін қоныс алғанын көрсетеді.

Сөйтіп, заманымыздың ІІ-ІІІ ғасырларына тән Талас таяғындағы жазу сөзсіз түрде сақтар жазуы болады. Археологиялық тексерулер мен басқа да тарихи тексерулер осы айтқанымызды растайды. Олай болса, бұл сақ жазуы мен «Хараппа» жазуының қандай байланысы бар? Ондағы «Ашупбаштардың»  қандай байланысы бар. Міне, бұл – екінші түйін.

Бұл туралы да зерттеушілер «Хараппа жазуы мен оның тілі ескі түркі жазуы мен ескі түркі тілі» деп қорытындылайды.

Олай болса, Дұнхуаң, Жетісу өлкелерін мекен еткен сақтар мен Инді түбегінде Хараппа мемлекетін құрған түркі халқы бір халық, бір сақ. Олар заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдардан ілгері-ақ Инді түбегінде Хараппа деген мемлекет құрған. Олардың өзіндік жазу мәдениеті болған. Кейін жергілікті басқа халықтармен шығыса алмау салдарынан солтүстікке қоныс аударған. Бір бөлегі үйсіндер мен ұлы жүздер қоныстанған Дұнхуаң, Кеңсу (Гансу), Чилан (Шүлен) тауларына келіп орналасқан. Енді бір бөлегі онан да арылап, қазіргі Шинжияң, Орта Азия маңайларына барып ірге тепкен. Сөйтіп, олардың қонысы Дұнхуаң, Кеңсудан Памир-Алайға дейін болған. Бір шеті Алтайдан Балқашқа дейін созылған. Кейін үйсін, ұлы жүз, қаңлы, қыпшақ, жетіру сықылды ұлыстармен бірге қазақ халқының құрамына енген.

Міне, бұл тарихи барыс ескі түркі жазуы деген жазуды ең алғаш қолданған ұлыстың сақтар екенін көрсетеді. Сақтар Хараппадан ауғанда бұл жазуды өздерімен бірге ала келіп, өзімен қанаттас отырған қазақ және басқа да түркі халықтарына таратқан.

Осы сақ жазуын қазақтың басқа тайпа-ұлыстары да қолданғанын мына деректерден көреміз.

Еліміздің ерте заманғы тарихи жазбасы «Солтүстік патшалықтар тарихының»  «Қаңлы тарауында» былай деп жазылған: «Қаңлы жазуы көлденеңнен жазылады. Олардың өзі жазған кітаптары бар».

Онан қалса, заманымыздан бұрынғы 108 жылы үйсін Күнбиі Елжау биге ұзатылған Ши Жүн ханша мен заманымыздан бұрынғы 101-102 жылы үйсін Күнбиі Жөнші биге ұзатылған Жие Иүй ханша жолда (Шиянлиң қаласында) үйсін тіл-жазуын үйренгені сөз болады. Әсіресе, Хан патшалығы үйсін қатарлы елдермен қарым-қатынас жасау үшін екі рет курс ашқаны айтылады. Бірінде 100 адам, екіншісінде 60 адам үйсін тіл-жазуын үйренген. Тарихи деректер бұл жазулардың оңнан солға қарай жазылатындығын айтады.

Бұл жазуды үйсіндердің қолданғаны жөніндегі екінші дерек – «Оғызнама» туралы дерек. Атақты түрколог А. М. Шербактың дәлелдеуінше, «Оғыз жыры» ескі түркі жазуымен (іс жүзінде сақ жазуымен) тұңғыш рет жазылған. Ол былай дейді: «Оғыз жыры» – заманымыздың ІV ғасырында Үйсін мемлекетінің  территориясындағы оғыз-қыпшақ тілінде генеалогиялық (туыстық) көне аңызға негізделіп жазылған эпикалық туынды».

Академик Бартольд Шербактан да ілгерілей түсіп, бұл туындының төркінін: «Аңыздың авторы ұйғыр емес, қайта қазақ даласының тұрғындары»,- деп арнайы атап көрсетті.

Демек, үйсіндер сонау ІV ғасырда-ақ осы сақ жазуымен «Оғызнама» сықылды дастандар жазған. Тіпті, заманымыздың ХІ ғасырында өткен найман ханы Инаныш Білге қағанның ескерткіші де көне қазақ тілімен, осы сақ жазуымен жазылған.

Ескі түркі жазуын (сақ жазуын) қазақтың қыпшақ, қоңырат, керей, дулат (түргештер), уақ, тағы басқа тайпаларының да сол кезде қолданғаны тарихтан айқын.

Сақ жазуын басқа түркі тілдес тайпалар – ғұн, түрік, ұйғыр тайпалары да қолданған. Түрік тайпалары билікке отырып, көптеген түркі тілдес тайпалардың басын біріктірген кезде (Батыс, Шығыс түркі қағанаттары кезінде) қолданғанына «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіштері (VІІ-VІІІ ғасырлар) мысал болады. Шығыс түркі қағанатының ізін басқан ұйғырлар да осы жазуды қолданды.

Сөйтіп, ескі түркі жазуы деп аталатын бұл жазу «Хараппадан» жазылған, заманымыздан бұрынғы ХХХ ғасырдан заманымыздың ХІ ғасырына дейін қолданылды. Бұл жазуды сақ тайпалары арқылы барлық түркі тілдес халықтар үйреніп, түгел қолданды. Сондықтан, Моңғолиядан Еуропаға дейінгі түркі тілдес халықтары жасаған қоныстардан бұл жазумен жазылған ескерткіштер мол кездеседі. Оның кейбіреуі тасқа, металға, қышқа, ағашқа ойылған болса, кейбіреуі «Оғызнама» сияқты қағазға түскен.

Енді осы жазудың қалай-қалай аталып келгендігіне біраз тоқталайық.

«Ескі түркі жазуы» деп аталатын бұл жазу кейін соғды жазуы және ислам діні арқылы кірген араб жазуы жаппай қолданылу барысында ұмыт болып кеткен еді. 1692 жылы голландиялық Бидзен деген адам батыс Сибириядан тасқа қашап жазылған жазуды тұңғыш рет кездестірді. 1730 жылы швециялық Стринберг деген адам Енисей өзені аңғарына тасқа қашап жазылған жазу тапқанын жариялады. Алғашында бұл жазуды дүние жүзі жазу ғалымдары әр саққа жүгіртіп, әр түрлі болжаулар жасады. Біреулер оны пехлеви жазуына телісе, енді біреулер бұл жазудың Скандинавиядан табылған жазу таңбаларына ұқсайтындығына және сол жазу сияқты оқуға келмейтін құпия жұмбақтығына қарап «Руна[2]  жазуы» деді. Енді біреулер Орхон-Енисей аңғарынан табылғанына қарап, Орхон-Енисей жазуы деп атады. Бірақ, олар қалай етсе де, бұл жазуды кім қолданғанын, оның тілі қай тіл екенін таба алмады.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

[2] Руна – германдардың бір тайпасы есептелетін готтардың тілінде «жұмбақ, сырлы» деген сөз.

1893 жылы Дания ғалымы Томсен жалпы түркі тілдерінің ерекшеліктеріне сүйене отырып, бұрын «руна», «Орхон-Енисей» жазуы деп келген жазудың түркі тілін бейнелеген жазу екенін ашты. Міне, осыдан бастап «Ескі түркі тілі», «Түркі – руника жазуы» деген атаулар пайда болды. Қазір бүкіл дүние бұл жазуды «Ескі түркі жазуы» деп атайды. Бұл жалпы түркі тілдес халықтар тегіс қолданғандығына қарағанда дұрыс атау. Алайда, арғы тегінен қарағанда «сақ жазуы» деп аталуға хақылы сияқты.

Шетел оқымыстылары, тіпті түркі тілдес халықтардың өз оқымыстылары да «жұмбақ жазудың» сыры ашылғанына дейін өзінің сол жұмбақпен бірге көміліп жатқан мәдени, әдеби байлықтарын білмейтін еді. Жазу сырының ашылуы тасада, көмескі жатқан халық тарихын бергі соғды, араб жазулы мәдениет, әдебиет тарихымен жалғады. Сөйтіп, тұтас түркі тілдес халықтардың, оның ішінде қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдері өзара органикалық түрде тұтастырылып, халқымыздың қандай-қандай дамулардан өткенін, ол кезеңдердегі мәдени-әдеби байлықтар мен соңғы кездегі байлықтардың байланысын, өзара әсерін зерттеуімізге жол ашылды.

Бұл арада айта кетін бір жай – жазудың варианттары жөнінде «Ескі түркі жазуы» деп аталған бұл сақ жазуының өзара варианттары қалыптасқан. Сонымен бірге мұнда тіл жағынан да бірсыпыра парықтар бар. Мұның себебін 1) түркі тілдес барлық халықтар қолданғандықтан және түркі тілдес ру-тайпалардың тілінде азды-көпті өзгешелік болудан, 2) бұл жазудың қолданылған уақытының ұзақтығынан, уақытқа орай тілдің де бірте-бірте дамып, өзгеруінен деп білуге болады.

Жалпы түркі тілдес халықтарына ортақтау болып келетін дыбыстық әріп – 37. Оған екі түрлі айыру белгісі (?) немесе (?) қосқанда 39 таңба бар. Бұл жазу кәдімгі қазір өзіміз қолданып жүрген араб жазуы сықылды оңнан солға қарай жазылып, оқылады. Бірақ араб әрпінен айырмасы – мұнда әрбір әріп қосылмай бөлек жазылады. Сөз бен сөз қос нүкте (:) арқылы айырылады.

Ескі түркі әліппесі (алфавиті) жасалуына, айтылуына және естілуіне қарай дауысты және дауыссыз дыбыстар болып екі үлкен топқа бөлінеді. Дауысты дыбыс төртеу. Бұлар (А. О, Ы, Ұ) сегіз дауысты дыбыстың орнында қолданылады (яғни, А-Е, Ы-І, О-Ө, Ұ-Ү орындарында да келе береді). Дауыссыз дыбыс – 33. Бұлар қос дауыссыздар, жалаң дауыссыздар болып екіге бөлінеді. Қос дауыссыздың өзі жуан дауыссыздар, жіңішке дауыссыздар болып екіге бөлінеді. Жуан дауыссыздарға жуан дауыстылар, жіңішке дауыссыздар жіңішке дауыстыларға қосылып жазылады. Жуан-жіңішке дауыссыздар жіңішке дауыстыларға қосылып жазылады. Жуан-жіңішке дауыссыздың таңбасы парықты болады: жуан дауыстылары бір таңбамен, жіңішке дауыстылары екі таңбамен таңбаланады.

Ал, жалаң дауыссыздар жуан сөздерде де, жіңішке сөздерде де қолданыла береді.

Ескі түркі жазуының тағы бір ерекшелігі, жазу практикасында екі дауыссыз дыбыстың арасына дауысты дыбыстың келуі өте сирек ұшырайды.

Жалпы алғанда, әріптер қандай орынға қалай келеді, қалай жазылады, мұның бәрі де белгілі заңдылыққа бойсынады. Сондықтан, ескі түркі жазуы белгілі қағидаға түскен, әріптері біршама толық, кемелді жазу болды дей аламыз.

3. Соғды жазуы

Қазақ халқының енді бір ұзақ замандар бойы қолданған жазуы – соғды жазуы.

Соғдылар заманымыздан бұрынғы ІV-VІ ғасырларда көне Ахемен  мемлекетіне бағынышты сақ тайпаларының бірі болатын. Олар заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың басында Грек-Бактрия  патшалығына, заманымыздың І ғасырында Кушан патшалығына қарады. ІV-V ғасырлардың аяғында оларды сақтардың бір ұлысы – эфталиттер, VІ-VІІ ғасырларда түркі қағаны, VІІІ ғасырдың басында арабтар жаулап алды. ХІІІ ғасырдан кейін Алтын орда, Шағатай ұлыстарына қарады. Кейін Қазақ хандығы құрылғанда (1465 жыл) барлық сақ тайпалары қазақ халқының құрамына енді. Соғды жазуын тұңғыш рет тапқырлаушылар осы соғдылар болды. Сондықтан, бұл жазу тарихи әдебиеттерде «соғды жазуы» деп аталды.

Соғды жазуы VІІІ ғасырда Түркеш хандығына, кейін Найман хандығына, ІХ ғасырлар Ұйғыр хандығына, Х-ХІІ ғасырларда Қарақытай (Лияу патшалығына), ХІІІ ғасырда наймандар арқылы моңғолдарға, ХVІ ғасырда Манжулар мен Сібе қатарлы халықтарға қарады.

Түркеш (дулат) және Найман хандықтары соғды жазуын мемлекет жазуы есебінде қолданған. Сондықтан, бұл жазу бір кезде Түркеш, Найман атымен аталған. Олар барлық әмір-жарлық пен орданың ішкі-сыртқы жұмыстарына қатысты хат-келісімдерді осы соғды жаузымен жазған. 1204 жылы Найман ханы Таян хан Шыңғыс ханнан жеңіліп қашқанда, Таян ханның бас бітікшісі (бас хатшысы) Тататұңға (кей материалдарда Тәутік, Тататұңға, Тататұнанғұ) хандық тамғамен қолға түседі. Шыңғыс хан оны ханзадалар мен орда мансаптыларына осы найман жазуын үйретуге міндеттейді. Сонан бастап соғды жазуы моңғолдарға жалпыласып, кейін «моңғол жазуы» аталды. Онан соң, ХVІ ғасырда бұл жазуды манчжурлар мен сібелер қолданды. Соған орай «манжу жазуы», «сібе жазуы» деп аталды.

Ұйғырлардың бұл жазуды қолдана бастауы ІХ ғасырдан кейін. Ұйғырлар Тұрпанға келгенде әлі де болса ескі түркі жазуын қолданатын. Олардың ресми қолдануы Х ғасыр деуге болады. Сонан ХІІІ-ХV ғасырлардағы Жошы, Шағатай ұлысы кезіне дейін қолданды. Міне, осы соңғы кезге дейін қолданғанына қарап ғалымдар соғды жазуын шартты түрде «ұйғыр жазуы» деп те атаған.

Қазір сақталып отырған «Чаштаны еліг бег», «Алтын жарық», «Майтри смит», Темір құтлұқ жарлықтары», «Тоқтамыс жарлықтары», Жүсіп Баласағұнның «Құтайтқыш білімі» (Вена нұсқасы), «Бақтиярнама», Ахмет Жүгнекидің «Шындықтың қақпасы» қатарлы шығармалары міне, осы соғды жазуымен жазылған.

Соғды жазуының арғы тегі – заманымыздан бұрын пайда болған арамей жазуы. Арамейлер заманымыздан бұрынғы ХІV ғасырдан бұрын Арабия түбегін мекендеген көшпелі семит тайпаларының бірі болатын.  Арамейлер бұл жазуды ертедегі финикия жазуына негіздеп жасаған. Соғдылар VІ-VІІ ғасырлардағы өз жазуын осы арамей жазуына негіздеп жасады. Соғды жазуы сонан 1480-шы жылға дейін, VІІІ ғасырға жалғасты.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Соғды жазуында 5 дауысты, 18 дауыссыз, жиыны 23 әріп бар. Мұның ішінде Ы-І, О-Ұ, Ө-Ү, Б-П, К-Г әріптері бір түрлі таңбамен келеді. З және Ж-ның ұяң түрі (Д)-дан басқа әріптер бас, орта, соң әріптерден құралған. Жазу солдан оңға, жоғарыдан төменге қарай болып екі түрлі жазылады. Негізінен жалғамалы жазу есептеледі. Тыныс белгісінен бір нүкте (.), қос нүкте (:), сырты қызыл бояумен қоршалған қос нүктелер (:) қолданылған.

4. Араб жазуы және қазақ әліппесі

Араб жазуы – қазақтар мен басқа түркі тілдес халықтар ең ұзақ қолданған жазудың бірі. Қазақтар бұл жазуды VІІІ ғасырдың соңынан бері қолданып келеді. Оған 1000 жылдан артық уақыт өтті. Араб жазуы түбі шеттен кіргенімен, осындай ұзақ уақыт қолданылу себебінен қазақ халқының өз төл жазуы болып кетті. Сонан бері жазудың тілімізге үйлеспейтіндері шығарылып тасталды, жоқтары жасалды. Сөйтіп, араб жазуынан өзгертіліп жасалған бұл жазу тың жазуға айналды.

Әсілінде, араб жазуы қалай жасалып еді, бізге қалай келген? Енді соған тоқталайық. Араб жазуы заманымыздың ІV ғасыры шамасында Арабияда арамей жазуы негізінде жасалған. VІІ-VІІІ ғасырлардағы арабтардың сыртқы елдерді жаулау жорықтарына ілесіп, ислам дінімен бірге көп елге жайылған.

Араб жазуы оңнан солға қарай жазылады, негізінен жалғамалы жазу деуге болады. Араб алфавитінде 28 әріп бар. Мұның сөз басында, ортасында, аяғында жалғанып жазылатындары – 22, өзінен бұрын әріпке жалғанып жазылатын, бірақ кейінгі әріпке жалғанбайтын әріптер – 6. Бұлар: «әлиф» (ا), «дал» (д), «зал» (з),  «з ал» (сақау з), «ра» (р), «уау» (о) әріптері.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Араб жазуында үш қана дауысты дыбыс әрпі бар. Олар: әліп «ا», уау «و», я «ي» әріптері. Қалған әріптердің барлығы дауыссыз дыбыс әріптері есептеледі. Жазылуда дауысты дыбыстарға келетін таңбалар болады. Ол өз алдына жеке жазылмай, дауыссыз дыбыстардың асты-үстіне келеді. Бұл белгіні «зір-забар» деп атайды. Арабтар сөз мағынасын осы белгілері арқылы шығарып оқиды. Бірақ, қазіргі күнде мұндай белгі қою басты шарт есептелмейтін болды. Өйткені, олардың қай сөзінің қалай жазылуы қалыптасып қалды. Осының салдарынан арабтарда сөздің жазылуы мен оқылуы басқа-басқа болады. Мысалы, «Мұхаммед» деп жазуға тура келсе, (محمد) деп, «Сәлім» деп жазуға тура келсе, (سىلم) деп жазады. Мұндай қалыптасқан жазу формасының зір-забармен келуі туралы фән – «Тажуит» деп аталады. Мұны олар мектепте айырым пән ретінде оқиды.

Тажуит қағидасы бойынша әліп (ا) әрпінің үстіне бір көлденең сызық қойылса (أ)- (Ә) деп, егер сызық әліптің астына қойылса (ءى) деп оқиды. Ал, егер әліп әріптің үстіне оң үтір (,) қойылса Ү болып оқылады. Мұны қатар қойып (أ-  оқылғанда әлиф үсті – Ә, әлиф асты – І, әлиф үтір – Ү = Ә, І, Ү деп оқиды. Бұған әлифтен басқа да кез келген әріпті мысалға алуға болады. мысалға س (бұл әріп арабша «сі» болып жіңішке оқылады) әрпін алып көрейік. Бұл әріптің үстіне көлденең сызық тартылса – (сә) болып, астына көлденең сызық тартылса (сі) болып, үстіне оң үтір қойылса (сү)  болып оқылады.

Демек, араб жазуының асты-үстіне қойылатын бұл белгілер дауысты дыбыстар Ә, Ү, І-лердің белгілері болып табылады. Бірақ жазу формасы қалыптасып қалған араб елі үшін қазіргі күні бұлар онша қатты шартты емес.

V ғасырдан бастап-ақ араб жазуының екі түрі пайда болды. Оның бірін «куфи», енді бірін «нәсхи» деп атады. Куфи жазуы Эфрат өзенінің бойындағы Куфа қаласының атынан шыққан. Бұл «әшекейлі жазу» деп те аталады. Араб жазуының бұл түрі «Құран» үшін міндетті жазу деп саналған. Ал, нәсхи жазуында әдеби, ғылыми шығармалар жазылатын болған.

Араб жазуын бүкіл араб елдері мен Иран, Ауғанстан, Пакистан, Жұңго (Шинжияң, ішнара Ниңшия, Гансу, Сәнши қатарлы райондардың хұйзулары) Малайзия, Индонезия және Африкадағы кейбір елдер қолданады. Бұл жазуды қолданатын адам саны 500 миллионнан асады. Қолданылу көлемі жағынан ханзу, латын жазуларынан қалса, үшінші орында тұрады.

Қазақтар араб жазуын VІІІ ғасырдың соңынан бастап қолдана бастаған деп жоғарыда айттық. Сонан қазірге дейінгі ұзақ барыстағы қолдану жайын төрт кезеңге бөлуге болады.

1-кезең VІІІ ғасырдың соңғы жартысынан ХІІІ ғасырға дейінгі аралықты өз ішіне алады. Бұл кезде қазақтар барлық түркі тектес халықтар сықылды араб жазуын өз қалыбын құратпай (зір-забармен) қолданды. Әбу Насыр Әл-Фараби шығармалары, Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдері сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтайтқыш білім» дастаны, Қожа Ахмет Яссауидің «Хикметтер жинағы», Ахмет Жүгнекидің «Шындықтың қақпасы» қатарлы шығармалары осы кезеңдегі жазу нұсқасымен жазылған.

Екінші кезең ХІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықты өз ішіне алады. Бұл кездегі жазу араб жазуын негіз еткен парсы жазуы болып, бұл кейін шағатай жазуы деп аталды. Шағатай жазуы арабтың байырғы жазуына кейбір дауысты, дауыссыз дыбыстарды қосып жазатын жаңалыққа ие болды.

Шағатай жазуымен жазылған шығармалардан Рабғузидің «Рабғузи қиссаларын», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиқасын», Саккаки, Атаи, Сайф Сараи, Лүтфи, Науаи, Бұқар, Махамбет, Абай қатарлы ақын-жазушылардың шығармаларын атауға болады.

Үшінші кезеңге ХХ ғасырдың 13-ші жылынан қазірге дейінгі жазу нұсқасы жатады. Бұл нұсқаны араб жазуы негізінде қазақ халқының фонетикалық тіл қасиетіне лайықтастырып жасаушы Қазақстанның ғұлама ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ахмет Байтұрсынұлы тек жазу жаратушы ғана емес, ол сонымен бірге қазақ тілі грамматикасын тұңғыш рет жүйеге салып құрастырушы болып та есептеледі.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Оның араб жазуына негізделіп жасаған жазу нұсқасын «Ахмет Байтұрсынұлы емлесі» деп те атайды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқы ұзақ уақыт қолданған шағатай емлесіндегі үш дауысты (А, О, Ы) әріпке Ә, Е, І, Ұ, Ү, Ө әріптерін қосып тоғызға жеткізді. Сонымен бірге тілімізге қажеті жоқ сегіз әріп таңбасын: ث (сақау С), خ, ذ  (сақау з – зал деп оқылады). ص (жуан С – сат деп оқылады), ظ (жуан З – зат деп оқылады), ط (Т-ның бір түрі – ытқы деп оқылады), ز (жуан З-ның бір түрі – ызғы деп оқылады), غ (ғайн деп оқылады) шығарып тастады. ع (аин деп оқылатын еді) әріп Ғ-ның орнына (ғалым, ғайып дегенде келетін) қойды. Бұрынғы шағатай жазуындағы кем әріп – У әрпін дауыссыз дыбыс орнына толықтады. Сөйтіп, қазақ тілінің фонетикасына лайық жаңа қазақ жазуы қалыптасты.

Ахмет Байтұрсынұлының жазуы Қазақстанда 1929 жылға дейін қолданылды да, онан соң олар латын әріпіне көшкендіктен қалып қойды. Еліміз 1960 жылға дейін қолданды. Еліміз қазақтары 1960 жылдан соң, 1983 жылдан кейін қайтадан бұрынғы араб жазуына көшті. Қазір еліміздегі қазақ халқы осы жазуды қолданады.

Рас, Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әріптер кейінгі кейбір халықтар ара тіл ауысу, ғылым-техника жаңалану барысындағы қажетке бола кейбір әріптер (в) еліміз тіл мамандары жағынан толықтанды. Жазуда шұбалшаңдық тудыратын кейбір әріптердің (Ы, І, Ұ, Ү әріптері мен И, У әріптерінің) жазылу жүйесі тұрақтанды. Шеттен кірген сөздердің жазылу нормалары бекітілді. Сөйтіп, қазіргі қазақ тілінің жазуы біршама жетілген түрге жетті.

Солай да жазуы мен оқылуда қиыншылық тудыратын жағдайлар әлі де өмір сүріп отыр. Мұны дауысты дыбыс жүйесіндегі ауыр кінәрат деуге болады. Мысалы, А мен Ә таңбасы, О таңбасы мен Ө таңбасы, Ұ таңбасы мен Ү таңбасы, Ы таңбасы мен І таңбасы, И таңбасы мен Й таңбасы қолдану мен жазуда кейбір шатасушылыққа мүмкіндік тудырады. Сондықтан, бұл әріптердің жуан-жіңішкесін айыруда әлі де арабтардың әмзәсін (ء) немесе жіңішкерткіш белгісін) қолданып келеміз. Осының бәрі де алдағы күннің жұмысы. Тіл, жазуымыздың дұрыс арнамен дамып өркендеуі үшін мұндай кемістіктерді толықтамай болмайды.

Сөйтіп, қазақ халқының жазу тарихы, суретті жазуды қолданғандығы жөніндегі деректерден бастап есептегенде, неше мыңдаған жылдарға созылып жатады. Ал, жазу мәдениетінің жоғары формасы болған дыбыстық әріпті қолданған Хараппа жазуы дәуірінен бастап есептегенде ұзақ тарихқа ие екендігі белгілі. Қазақ халқы сол «сақ жазуы» деп атаған жазудан (ескі түркі жазуынан) кейін соғды, араб, латын, (Совет одағы мен Моңғолия қазақтары қазіргі күнде латын жазуынан өзгертіліп жасалған славян жазуын қолданады) жазуларын қолданған.

Қазақ халқы тарихтың белгілі кезеңдерінде мани, брахма, санскрит, тибет жазуын да қолданған. Қазақ халқы сонау ертеден бері жасап келе жатқан байырғы қоныстардан табылған деректер осыны айғақтайды.

Тарихи деректерге қарағанда, қазақ халқының бұл қолданған жазулары тұтас түркі тілдес халықтарға ортақ жазу болған. Түркі тілдес халықтар тарихтың ұзақ салқар көшінде аралас, не қатар қоныстанып, өзара тіл, мәдениет және өндірістік тәсілдерді үйренісіп, бірге жасаған. Жазу да осылайша ортақ тіл, ортақ дүниеге айналып кеткен. «Ескі түркі жазуы» мен «соғды жазуын» қазақтың сақ тайпалары тапқырлап қолданғанымен, бұл жазуларды жалғыз қазақтың ғана жазуы деуге келмейді.

Осыған орай осы жазулармен (араб жазуы да соның ішінде) жазылған ескі мұраларды да бір ғана қазақ халқынікі деп айту дұрыс болмайды. Басқа халықтардың да олай айтуына болмайды. Өйткені, түркі тілдес халықтар ежелгі заманда заттық және рухани мәдениет-әдебиет байлықтарын бірге жаратқан. Бұл ортақтық заманымыздың ХV ғасырына дейін (кейбір түркі тілдес халықтар үшін ХVІ ғасырға дейін) созылады.

Мұндай ортақ хал араб, славян халықтарында да бар. Олар өздерінің мәдениеті мен әдебиетінің арғы басын рулық, тайпалық кезден, бәріне ортақ болған, бірге жасаған заманнан бастайды.

Ортақ мүлікті ортақ деп мойындау, төл мүлікті төл мүлік деп мойындау – бұл тарихқа, шындыққа құрмет еткендік болады.

Тәліпбай Қабаев (1935-2017), 

Әдебиет зерттеуші, баспагер

Abai.kz

0 пікір