«Әділет» әділетсіздіктің ең талмау тұсынан ұстады…
«Әділет» партиясы Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар әзірлеуге кірісті. Партияның Іскерлік кеңесі алаңында өткен кездесуде сала кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері өндірісті жаңғырту, шикізатты терең өңдеу, инвестиция тарту және инженерлік кадрларды даярлау мәселелерін талқылады»,- деп хабарлады БАҚ.
Бұл туралы «Әділет» партиясының Төрғасы Айбек Дәдебай мырза: «Бұл тек экономикалық мәселе емес, бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан біз шикізатты терең өңдеуді дамытуға және жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған бастамаларды толық қолдаймыз», – депті.
Айбек Арқабайұлы өте дұрыс айтады!
Иә, бұл тек экономикалық мәселе емес, бұл ӘДІЛДІК мәселесі!
Құдайға тәубе, «Әділет» партиясы ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ең ТАЛМАУ ТҰСЫНАН ұстады!
Бір кезде, сонау 1993 жылы атақты Шерхан Мұртазаның: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», дейді. Біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылған көрінеді. Сондықтан, ұяты кеткендердің талан-таражыға салып жатқаны ашылып жатыр. Жай-жалаң сөз емес, нақты-нақты фактілермен айтты. Естіген құлаққа, түсінген миға бәрі жетіп жатыр. Осындай күдік көбіміздің көңілімізде бұрыннан жүрген. «Қайда кетіп жатыр, бұл Қазақстанның байлығы?!» деген. А, бірақ нақ басып, тап басып ешқайсымыз айта алған жоқпыз. Қазір соның бәрі фактілермен ашылды. Мына жерде мынау табыс – кіріс көзі дейтінде бәрі бар – салықтан түсетін кіріс, анадан түсетін кіріс, мынадан түсетін кіріс, иә, астық сатудан түсетін кіріс. А, бірақ мұнайдан түсетін, көмірден түсетін, алтыннан, күмістен түсетін, мыстан түсетін кіріс деген жоқ мынаның ішінде...», – деген мына сөзі естеріңізде болар!
Дәл осы мәселеге сол Шерхан Мұртазадан кейін ат ізін салған пенде болған жоқ!
Тағы қайталап айтам, ешбір партияның және ешбір депутаттың тісі батқан емес…
Міне, араға тұп-тура ОТЫЗ ЕКІ ЖЫЛ салып, екінші мәрте сөз қоған отырған — «Әділет» партиясы және оның Төрағасы Айбек Дәдебай мырза ғана!
Бұл — Әділетті Қазақстанның шындап атқа мінгенін көрсететін тарихи оқиға!!
Өте құптарлық, ел-жұрт болып қолдауға татитын ең өзекті бастама!!!
Мәселе көтерілген екен, бұл жерде оның шешуді қайдан бастау керектігі —ең маңызды!
«Әділет» партиясы көтерген бұл мәселені өз деңгейінде ӘДІЛЕТТІ жолмен шешу үшін, жұмысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңынан бастаған дұрыс!
Аталған Заңның 28-1-бабында: «Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісім шарттарының орындалуын мониторингтеуді, сондай-ақ оның қорытындыларын интернет-ресурстарда жариялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, электрондық сатып алу жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ұсынатын мәліметтері негізінде жүзеге асырады»,-деп жазылған.
Бар мәселе осы 28-1-бапта тұр!
Айбек Арқабайұлы көтеріп отырған осы ӘДІЛЕТТІЛІККЕ қол жеткізу үшін, ең алдымен осы 28-1-баптың көзін құрту керек!
Қалғаны — бос әурешілік!
Мен «Әділет» партиясына және оның Төрғасы Айбек Дәдебай мырзаға тек қана ЖЕҢІС тілеймін!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz