Шындық пен шығармашылықтың тоғысы
Осы заманғы ұғымдарды өте дәл беретіндіктен жазу-сызуы ертерек дамыған орыс классиктеріне соқпай кетпеске болмайды. Солардың бірі – Николай Некрасов еді. Сол кісіден қалған бір шумақ, мысалы, былай өрбитін:
Знай,дитя:ей долгим,ярким светом
Не гореть на имени моем:
Мне гореть на имени моем:
Песни мне мешали быть бойцом
Осы шумақты жазушы Мереке Құлкенов туралы әңгімемізге тұздық етудің еш айыбы жоқ. Рас, Мерекенің әдебиетшілерді жабыла атқа отырып, жалаң қылыш жарқылдатуға шақырған кезі жоқ. Бірақ қылыш жарқылдатудың соңы немен аяқталатынын, ал ұран көтерушілердің нені көздейтіндіктерін Қырғызстандағы бірнеше дүрбелеңнен соң дұрыс пайымдағандай болдық. Сондай дүрбелеңнің бірін өзіміз де бастан кеше жаздадық. Оның есесіне Мереке Әбдешұлы Қазақстандағы танымал саясаткер Әміржан Қосановпен «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бірнеше рет байыпты әңгіме-сұхбат жасады. Қарап отырсаңыз, Әміржандардың да, Мерекелердің де илейтіні бір терінің пұшпағы екен. Ауызекі әңгімелерде де, азын-шоғын материалдарда да мынау қазақ деген халықтың әр ісін менсінбейтін кесір мінезділер енді салауатты ұлт боламыз ба деген талпыныс өркен жайып келе жатқанда, тырнақ астынан кір іздеуге тырысып, баяғы кемшіліктердің бәрін қайта тізбелеп, соларды еске салу арқылы «ай, енді ел болуың қиын-ау, қазақ» деген мағынада үгіт-насихатты қоздатып отыратын «аса қиын дертке шалдыққанын» осы екі қайраткердің сұхбатында біршама айтылды да.
Мұны Мереке Құлкенов бір әңгімесі арқылы ешкімнің жанына батырмай, сыпайылап ескертіп өткен болатын. Біз жазушының «Аймүйіз» әңгімесі туралы айтып отырмыз. Бұрынғы дүниелерінен кейінірек жазылған осы әңгімеде қазақтың өткені мен бүгінгі болмыс-бітімі толық бейнеленеді. Әңгімеде аса көп кейіпкер де жоқ: Мұрат деген бала мен оның «Аймүйіз» атанып кеткен қозысы, соңынан әлдекімдерге сойып жеуге берілген асыл тұқымды қошқары. Бар-жоғы осы. Бірақ осы аралықта өткен оқиғалар бүкіл ғасырымыздың ащы-тұщы оқиғаларын жанамалай қамтып өтеді. Қамтығанда, тұрмыстық-статистикалық деректер арқылы емес, оқырманның жүрегін шымшып өтетін баяндаулар арқылы қамтиды. Адамның жан-жануарға деген сүйіспеншілігін пендешіліктің қарау көзқарасы жеңіп шығады. Ең қасіретті тұс - қозының әйдік қошқарға айналған соң тарттырылуы. Әрине, бұл әрі-беріден соң ана бір айтқандай тосын жаңалық та емес, ауылдағы кәдімгі тұрақты түрде болып жататын тіршілік. Дегенмен, мәселе осы жерге келіп тірелгенде оқырман жазушының негізгі мақсаты не болғанын айқын түсіне бастайды. Сол сәт былай суреттеледі: «...Қане, бала, енді қошқарыңның барына назар аударалық, «бисмилла» деп ісімізді басталық. Сен, бар, қошқарыңның басына ие бол, мен жаққа қарама. ...Кенет ақ қошқар басын кекжең еткізіп, қинала ышқынды. Бейқам отырған мені ұшырып жібере жаздады. Мен қайта ұмтылып бар күшіммен мүйізінен баса түстім. Құлағым шыңылдап, бойым дірілдеп, ішім алай-түлей. Пыс-пыс етіп, күйбеңдеп жатқан Елеусіздің: - Па, па, бар-ақ екен, дүние шіркін! - деген көңілді дауысы шыққанда ғана есімді жидым. Ақ қошқар да сұлық, қимылсыз жатыр».
Жазушының басты кейіпкер етіп әлі кәмелеттік жасқа жетіп үлгермеген баланы алуы заңдылық та сияқты. Біріншіден, бала әлі бетіне сия түсіп үлгермеген таза парақ тәрізді. Екіншіден, обал-сауап деген ұғым құлаққа бала кезден сіңе беруге тиіс. Рас, қошқарды тарттыру (ақтау) күнделікті шаруаның бірі ғана. Бұл жерде үлкендердің көзқарасы бірдей. Ал, балаға бұл әрекет обал сияқты көрінеді. Оның үстіне нақ осы шаруаның бел ортасында жүру қозысын шарана кезінен білетін балаға шетін жағдай болып көрінбек. Осы ретте мына жайды да айта кетелік. Батыс-армян поэзиясының ірі өкілі Даниэл Варужанның «Алғашқы күнә» («Первый грех») деп аталатын ақ өлеңмен жазылған балладасы бар. Тауда, қызылды-жасылды сәнімен құлпырған қыратта әппақ лағын бағып жүрген әдемі қызды өзін «таулардың қожасымын, рухпын» деп сендірген ібіліс арбап, әлгі лақты құрбандыққа шалуға көндіруге тырысады. Солай болады да. Ақыр соңында «алданғанын білген қыз тоқтамастан еңірей жылап, көз жасымен еліктірген Күнәні жуып жатты», – деп аяқталады өлең.
Мына әңгіменің соңына таман Мұраттың да тамағына өксік тығылады. «...Кенет «осы мен мына ақ ісекті қайда алып келемін?» - деп өз ойымнан өзім шошып, арқам терлеп кетті. Бұған дейін қалайша ойыма келмеген, мен мұны әлдекімге сойып алу үшін алып келе жатыр екенмін ғой. Мен сонда өзім бағып-қағып өсірген ақ ісегімді ажал аузына өз қолыммен апарып бермекпін бе?! Тамағыма өксік тығылып, жылағым келіп кетті», - деген жолдар бар әңгімеде. Бірақ бұл алдану да емес, әлденеге қызығу да емес, шарасыздық болатын, үлкендердің бұйрығына қарсы шыға алмайтын дәрменсіздік еді. Осы деталь арқылы жазушы қазіргі қоғамның кескін-келбетінің кей тұстарын бейнелеп отырғанын да байқаймыз. Бұл жерде ауылдың қалай болғанда да қаланы асырайтындығы дейсіз бе немесе қолында билігі барлардың әлсіздерге әлімжеттік жасай беретіндігі дейсіз бе әйтпесе қазақ психологиясындағы көнбістік мінез дейсіз бе, әйтеуір, кейіпкердің ешқандай бұйрыққа қарсы келе алмайтын жасқаншақтығын қалай жорамалдасыңыз да еркіңіз.
Жалпы Мерекенің қозыны, жоғарыда аталған армянның көрнекті ақынының лақты мотив ретінде алуының өз сыры бар. Тып-тыныш дүниені бағзы бір реттерде төл нәсілі де емес, ақыл ойы толыса қоймаған балалар да емес, үлкендер бүлдіреді. Тіпті, дұрыс ниетпен болса да бір бүлінген нәрсені қайтадан орнына келтіру мүмкін болмайтын жағдайлар көп кездеседі. Қайта өзіне-өзі сенімді үлкендер, айталық, сол бүлінген нәрсені әрі қарай жалғастыра бермек. «Қайран, ақ-адал малым-ай, тағы да мен алдадым-ау сені», - деп өксігіме тұншығып соңына қарап қала бердім» деп аяқталады әңгіме. Мерекенің әңгімесіндегі «Аймүйіздің» ақыр аяғында осылайша әлдекімдерге сойыс ретінде аттандырылуының немесе шапқылап жүрген сүйкімді лақтың құрбандыққа шалынуының осындай ұқсас түйіні бар. Ал сондай ұқсастықтарды публицистикаға айналдыру барлық кезеңдерде өзін-өзі ақтамай бермейді. Мысалы, лирикалық туындыларды оқуға қалыптасқан оқырман орта жолдан киліге кеткен көсемсөзге оқшырай қарауы мүмкін. Әр түрлі басылымдарда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен М.Құлкенов мұның құпиясын, әрине, жақсы біледі. Сол себепті кей ойларын публицистикаға сүйреуден гөрі проза жанрына айналдырғанды мақұл көреді. Ал мына әңгімедегі басты кейіпкер «неге бала?» дегенге келсек, Мәкең әуелгіде Фариза Оңғарсынованың қасында, «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналында қызмет еткен ғой. Ұзақ жылдар бойы балалар өмірін, олар қызыққан тақырыптарды зерттеген қаламгерге нағыз таныс тақырып – балалар өмірі болатыны да содан.
Газет деп қалдық қой. Енді Мерекенің бұл тараптағы қызметтеріне де тоқтала кеткеніміз жөн болмақ. Тіпті газетте қызмет етпей-ақ, сондай-ақ газет беттеріндегі публицистикадан аулақ жүріп-ақ жазушы боп кеткендер де жоқ емес. Әйтсе де кешеге дейін көп қаламгердің жазушылыққа газет арқылы келгені дау тудырмаса керек. Жоғарыда Н.Некрасовтың қаламына іліккен «Песни мне мешали быть бойцом» деген жолды келтіруіміздің осындай мәнісі бар еді. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде көрнекті жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетовтің әріптес ағасы Сайын Мұратбеков туралы шын ықыласпен жазған мақаласы жарияланды. Сонда Тынымбай: «...Жұмысты тастау - тек Распутиннің табандылығынан туындап тұрған мінез. Бір жағынан ХІХ ғасыр жазушыларының өнегесінен де болар деп ойлаймын. Ал біздің Сайын Мұратбеков ана жерге, мына жерге бастық болғаннан не тапты? Жүздік, топтық айтыстардың ортасында жүрді. Одан не тапты?.. Мен бұл өкінішімді Сәкеңді табалау үшін айтып отырған жоқпын. Өкінішпен айтып отырмын. Өйткені Сайын Мұратбеков әдебиет есігін ашқан бойда-ақ әдебиетіміздің үлкен үміт артқан таланты болғанын бұрынғы да, қазіргі де қаламгерлеріміз жоққа шығара алмайды» деген болатын.
Кім білсін, бәлкім, С.Мұратбековтің сол жерлерде қызмет етуге лайық іскерлігі, тиянақтылығы, ала жіпті аттамайтын адалдығы, таланттарға жанашырлығы тәрізді өзгелерде бола бермейтін қасиеті ол кісінің лауазымын өсіріп отырған шығар. Оның үстіне ірі қызмет кім көрінгенге бұйыра (тапсырыла да) бермейді ғой. Беріде демократиялық жолмен Грузия президенті боп сайланған Звиад Гамсахурдианың қызметі екі жылдан аспағаны баршаға мәлім, ақыры ел ішінде туған бүліктен соң Звиадтың бұл мансабы да көпке созылмағаны аян. Демек кадр таңдау оңай-оспақ шаруа емес болғаны анық.
Бұны айтып отырғанымыз, Мереке де қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалығына дейін әр жылдары «Ана тілі» газетінің, «Жалын», «Таң Шолпан» журналдарының бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары тәрізді ірі қызметтер атқарды. Соның барлығында да абыройлы, беделді болды. «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Бұл да қазақтың өзіне дейінгі атақты адамдарынан Мерекенің бойына сіңірген үлгі еді. Арғы жақтағы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиндерді былай қойғанда, бертіндегі Әнуар Әлімжанов пен Олжас Сүлейменовтер де қоғамды дүрліктірерліктей артық-ауыс қадамдарға бармағаны белгілі.
Ал осы қызмет баспалдақтары Мерекенің жеке творчестволық кәсібіне бөгет жасады ма? Әрине. Қаламды емін-еркін сілтеуіне мүмкіндік бола бермегені рас. Әйтпесе қатардағы қызметте жүргенде жас Құлкенов газет оқырмандарын өткір тілді, шебер иіріммен жазылған талай мақалалармен қуантқаны шындық еді. Қуантқаны дегенді айтып отырған себебіміз, «Қарапайым халық», «Әкім және оның командасы», «Шындық және өтірік», «Сүттен ақ, судан таза», «Бай мен кедей», «Қазақ неге жалқау?», «Министр және басқа атқа мінерлер» деген атаулармен басталып «Пысық жігіт», «Жатақханадағы сәбилер», ««Волга» мінген балалар», «Пас», «Бір сабақ жіп», «Пара», «Арылу» тәрізді заголовкалармен жалғасқан өзекті туындыларға оқырмандар шынымен де ризашылықпен үңілген болатын. Қай кезде де көркем проза проблемаларға құрылған елгезек публицистикадан сәл кейіндеу жүретіні белгілі ғой. Осыны қолына алғаш қалам ұстаған кезінен бастап анық түйсінген жазушы ілкі қадамдарын осындай өзекті тақырыптарға барудан бастады. Кейін осының жемісін татты да.
Олай болатыны, ілуде біреуі болмаса жазушылар шығармаларының өзегін негізінен күнделікті өмірден алатыны белгілі. Тіпті қағазға түсірмеген күнде де белгілі бар тақырыпты зерттеп жүргенде көрген-баққаны кейін әлдебір әңгімесіне (хикаятына, романына) сенімді абзац болып ене кетеді. Бұл ретте Сәбит Мұқановтың әйгілі «Мөлдір махаббат» романын мысалға алуға болады. Сұлтанбек пен Бәтестің арасындағы махаббаттың соңы трагедиялық жағдайға әкеліп соғып, сотқа ұласқанда осы процеске Сәбең «Социалды Қазақстан» газеті атынан қоғамдық айыптаушы болып қатысады. Кейін соттағы құжаттарды, куәгерлердің түсініктемелерін пайдаланып жазушы «Адасқандар» деп аталған романын жазады, соңынан «Мөлдір махаббат» атауы берілген үлкен шығарманың дүниеге келу жайы осы еді. Бұндағы айтпағымыз, шын жазушының көзі мен көңілінен ешбір оқиға тыс қалмайды, оқиға ғана емес, кішігірім детальдар да кәдімгідей роль атқарып жатады. Тек бір ерекшелігі, газетке, журналға жарияланған материалдардың ішінде бір қайнауы кем болуы мүмкін. Ал көркем прозада сол олқылықтың орнын толтыру онша қиынға да түспесе керек.
Осыны толықтырып айтар болсақ, сексенінші жылдардан бастап қазақ сөз өнерінде публицистика ілгері орынға шықты. Оны қаламгерлердің өзі де мойындады. Оған дейін проза мен поэзияның алдына еш жанр түсіп көрмеген болатын. Енді қоғамдық құрылысқа еніп жатқан өзгерістер баптануы жайбарақат прозаны да, атқан оқтай шапшаң жазылатын ұшқыр поэзияны да екінші орынға ығыстырғандай болды. Бұның бірінші себебі, оқырманның әдеби көркемдік толғаныстарды асықпай күтіп отырарлықтай уақыты болып жарытпады, ештеңе бітпесе де бітіргендей болып көрінетін жанталас көбейді, екіншіден, тіршіліктің әр саласындағы қым-қуыт сапырылыстар дереу үн қатуды талап етті, оқырман созалаңдай қимылдауға дағдыланып қалған қалам қайраткерлерінен жаңа сөз күтті. Мысалы, әйгілі романдарымен оқырманын оқтын-оқтын сусындатып отыратын Шыңғыс Айтматовтың өзі «Известия» газетінде сталинизм зардаптары жөнінде көлемді көсемсөз толғағаны есте қалыпты. Қазақ жазушылары да бұл додадан тыс қалуы мүмкін емес еді. Сол кезде қазақ кітаптарының тиражы күрт азая бастауы да қаламгерлерге басқаша сөз толғаудың жолын көрсеткендей болды. Міне, қазақ тілін (қазақ болмысын) өркендетуге жұмылған сол көштің бас жағында Мереке Құлкенов те жүрген болатын. Жоғарыда біз атап өткен мақалалардың жазылу себебі де, проблемалардың ащы айтылуының қисыны да сол.
Әрине, публицистикада өзіндік із қалдырған Мереке Құлкенов дайын прозашы да еді. Қадамын аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі болып бастағанымен, жүрек түкпірінде жазушылық арман бүлкілдеп тұратын. Күллі қазақ танитын Фариза апасының қасына келгесін, оған қоса бірде осында, бірде Жазушылар одағының ақ сарайында үлкенді-кішілі қаламгерлермен жүздесіп жүрген соң прозаның ауласына кіру үшін не қажеттігін де көңіліне түйіп жүретін. Демеушісі - әскери қызмет пен университеттегі оқу. Ауылда өскен қысқаша өмірбаяны екібастан бар, бұл өмірбаян тым шолақтау көрінгенімен, оның астарында аз-кем өмірлік тәжірибе де жатқан. Осы үшеуін түгендеп алған соң Мәкең келесі баспалдақты аттауға әзірленіп жүрген. Кейін әңгімелеріне, мысалы, жоғарыда сөз еткен «Аймүйіз» хикаясындағы алғашқы абзацтан соңғы нүктеге дейін созылған оқиғаларды байыпты баяндауының түпкі негізінде сол кезде көргендері, сезгендері жататын еді.
Былайша айтқанда, Мереке ауыл өмірін жазуда аса бір қиыншылықтарға тап болған жоқ. Мысалы, ол бір әңгімесінде ауылын былай суреттейді: «Біздің Мұқыр деп аталатын ауылдың табиғатының бір жаман, бір жақсы қасиеті бар. Ауыл шұңқыр сияқты үлкен сайда орналасқандықтан ба, таң атып, күн шыға бере оңтүстік жақтан ышқынған қатты жел тұрады да төңірек алай-түлей топырақ дауылға айналады. Көз аштырмайтын топырақ боран. Оған жаздың аптап ыстығын қосыңыз. Үйден шыққан адамның тамағын, кеңсірігін кептіріп дем алдырмай тастайды. Ал екпіндей соққан топырақ дауыл аузы-мұрыныңа кіріп, көзіңнен жас сорғалатып әбден ұйқы-тұйқыңды шығарады. Ауылға сырттан келіп, қыр басынан қараған адамға Мұқырдың барлық үйі, қора-қопсы, мал-жайы ышқына соққан топырақ дауылға қасқая қарсы тұрып, өршелене алға ұмтылып келе жатқандай көрінер еді. Менің түсінбейтінім: мына қатты жел мен дүлей дауылдың жаз бойы тоқтамай үздіксіз борайтындығы. Мен ылғи, «шіркін анау киноларда көрсететін орыс ормандарындай ауылды қоршап ағаш егіп тастасам» деп армандаймын. Бірақ бұл арманымнан тез қайтамын, өйткені ауылда су тапшы. Сонша көп ағаш ексем, суды қайдан табамын деп күйінемін. Өйткені біздің Мұқырдың тұрғындары ауызсуды сатып ішеді, малын да сол сатып алған судан суарады. Бір водовоз су біржарым мың теңге тұрады».
Осы тұста оқырман кейіпкерге жақындай түседі. Оның өмір сүріп жатқан ауылы туралы біраз мәлімет алады. Бәлкім, өздерінің де тап осыған ұқсас ауылда өмір кешкендері еске түседі. Яғни, автор оқырмандарын оқиғаның нақ ортасына әкеледі. Келесі бір тұста сол шағын елді мекеннің түнгі тынысынан да хабардар етеді: «...Ал мұнда мұқырлықтардан басқа жан баласы білмейтін бір рақат бар. Ол - ауылдың мақпал түні. Күні бойы үздіксіз соққан топырақ боран қас қарая сап тыйылады. Тып-тыныш тылсым дүние. Ауыл түгелдей терезелеріне күннен қорғанып газет жапсырып тастаған қапырық үйлерінен шығып, кешкі астарын далада, сәкінің үстінде ішіп, далада ұйықтайды. Тәңірі күні бойы көрген азаптарының өтеуі болсын дегендей мұқырлықтарға осындай ғажайып түн сыйлаған. Ауыл түгелдей мәре-сәре болып жатады, түнгі тынықты бұзған күлкілер, самбырлай сөйлеген сөздер, ара-кідік мөңіреген бұзау, маңыраған қозы-лақтың, боздаған ботаның, үрген иттің дауысы, бәрі бәрі қосылып, осы момақан ауылдың арқайын өмірінен хабар бергендей болады. Біз - балалар бір көрпенің астында жатып тұп-тұнық аспанға қараймыз. Жыпырлаған жұлдыздар, жарқыраған Ай біздің бала қиялымызды өсіріп жібереді. Құсжолын, Темірқазық жұлдызын тамашалаймыз. Артына ақ жолақ қалдырып, шамдары жыпылық қағып, ракеталар ұшады».
Бұл үзінділерді ұзақтау етіп беріп отырған себебіміз, жазушылар тек кейіпкердің өзін ғана емес, оның мекен-қонысын жан-жақты суреттеу арқылы да әрқилы ой түюге әсер ететіні рас. Тағы бір себеп, кейінгі жас прозашылар оқиғаның қай жерде өтіп жатқанын ұғындыру барысында қазаққа таныс емес объектілерді бүге-шігесіне дейін суреттегенмен, ауыл адамдары жақсы білетін тіршілікті бейнелегенде қаламын сияға сирек батырады, сірә, оқырманға онсыз да мәлім ғой деп ойлайтын болуы керек. Сондықтан да Мәкеңнің Мұқыр ауылының табиғи ерекшелігін егжей-тегжейлі баян етуі құптарлық қана емес, өте қажет көркемдік принцип деп ойлаймыз. Яғни әлеуметтік орта онда өмір сүретін адамдардың психологиясын да өзіне ыңғайлап қалыптастыратынын авторлар еске ұстауы тиіс. Айталық, әлдебір түкпірдегі Мұқыр ауылының абыр-дабырдан ада тыныш өмір кешуі кейіпкер Мұраттың да мінезіне өз бояуын қосқан. Бара жатқанның балтасына, келе жатқанның кетпеніне жармаспай-ақ тіршілік кеше беретін ауылдан осы Мұрат тәрізді қақ-соқта шаруасы жоқ, сезімтал бала тәрбиеленіп шығуы заңдылық.
Иә, Мәкең ауыл тіршілігін көрген, білген. Ал қала өмірі... Бір кедергі болса осы тұстан шыға келуі керек еді. Бірақ жас кезіндегі журналистік ізденістері осы тұста оны қос қолтығынан демеп жүрді. Алматы үлкен шаһар екендігіне кімнің дауы бар. Еуропалық қала ретінде бой түзегені де рас. Дегенмен елуінші-алпысыншы жылдары астана өздерінікі екенін анық түсіне бастаған, оқыған-тоқыған қыр қазақтары осы ордаға біртіндеп келе бастады. Солайша субмәдениеттің іргетасы қаланды. Енді КазГУ, КазПИ, ЖенПИ, АЗВИ тәрізді ылғи қазақтың ұл-қыздары оқып жүрген жоғары оқу орындарының түлектері реті келсе Алматыда қалуға тырысатын болды. Бұларға мұнда әуелі білім, өнер іздеп келген осы Мереке тәрізді отбасы иелері қосылды. Қосылғанда бұлар өз бастарын ғана әкелген жоқ, бала-шағаларын жетелеп жетті. Сөйтіп қазақы элиталық қауымдастықтың уығы шаншылып, шаңырағы тіктеле бастады. Жеке пәтерге қолдары жетпей жүріп, қазақ мектебінде оқыту үшін балаларын қаланың ана шетінен мына шетіне таң атар-атпастан тасымалдаған да осылар еді. Бұл буынның қалалық қазақ интеллигенциясын қалыптастыруға сіңірген осы еңбектерін біз ұмыт қалдырмауымыз керек-ақ. Бұның әдебиетке тиген бір пайдасы - шаһарға қоныс тепкен жазушылар, әрине, ауыл өмірін жақсы білді, бұл ретте сауырына қамшы тигізбейтін. Бұдан соң қалалық жаңа тұрмысқа біртіндеп бейімделу арқылы шаһардың тыныс-тіршілігіне де барлау жасап қоятын.
Мерекенің «Бөлмеге түскен сәуле», «Үрей», «Қылкөпір», «Қоштасу», «Ескерткіш», «Жарық беруші», «Үшінші дауыс» тәрізді әңгімелері бірыңғай қала өмірін қамтиды. Жазудың құпиясын меңгерген қаламгерге, расын айтқанда, тақырыптың (әңгімедегі оқиға орнының) ауысуы кері әсерін тигізе алмайтын сияқты. Себебі кейіпкерің - таныс бейне; қыста түйіршік қары, жазда құм аралас топырағы борайтын шалғай ауылдан келгені болмаса, бұлар да қазір қаланың зиялы тұрғындары. Әрине, ауыл мен қала тіршілігінің психологиясы арасында аздаған айырмашылық бар. Ауылда жағаң жайлауға кетіп емін-еркін жүретін болсаң, қалада анда-санда өзіңді-өзің бақылап қойғаның жөн. «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» дейтін кеңесті сөздің керек жері осы. Мұндағы адамдардың әуелден қалыптасқан қазақы салт-дәстүрді ескермей кететіндері де бар. Жазушы осыларды да ұмыттырмай, үнемі жадты жаңғыртып отыруы керек. Осы ретте жазушының «Үрей» әңгімесін сөз ете кеткенді мақұл көріп отырмыз.
«Көп қабатты зәулім үйдің подъезінен шыққан ащы дауыс тұрғындарды кенет әбігерге түсіреді. Бірақ ащы дауыстың иесіне - мысықтың кіп-кішкентай баласына жақындауға ешкімнің ықыласы болмайды. Интеллигент шал: «Осы жасқа келгенше бейбастақтың талайын кездестіріп едік. Бірақ мысықтың баласын подъезге лақтырған көргенсіздікті алғаш көруім» де күңкілдесе, жалғызбасты әйел: «Сұрамаңыз, бүгінгінің адамдарынан бәрін күтуге болады» деп көсемсиді. «Жолама! Жұқпалы ауруы болса, қайтесің» деп қисындаған келіншек те тап бола кетеді». Сөйтіп подъездегі әңгімелер одан әрі нәтижесіз талқылауға ұласа береді. Оның соңы қашанға дейін созыларын кім білсін, әйтеуір, бір адам ғана батыл қимыл көрсетеді. Ол да маскүнем біреу еді. Сол маскүнем мысықты сыртқа лақтырып, подъездің есігін жауап алады. Осыдан соң әлгінде анталай ашылған есіктер бірден сарт-сұрт жабылып, ауызекі талқылаулар да сап тиылады. Бәлкім, тұрғындар іштерінен әлгі маскүнемге алғыс та айтып жатқан шығар деп ойлайсың. Бұл жердегі автордың позициясын сырттай тап басып айту қиын. Қайырымсыздау қылық көрсеткен маскүнем жанды іштей жек көріп қалуыңыз да мүмкін, бірақ батыл сөйлеп, батыр қылық көрсете алмаған бір подъезд толы тұрғындарға не деріңді білмейді де екенсің. Осының бәрі біздің қоғамның тап қазіргі ылғал жерді басудан алдын ала сақтанып тұратын әсіре сақ мінезін де көрсетпей ме?! Жазушының былайғы жұрт назар аудара бермейтін әрекетін қағазға түсірудегі басты мақсаты, бәлкім, осы шығар. Мораль туралы әңгімелеу тек әлдекімнің қаныпезер қылығын әшкерелеу де емес, осындай сәттерде үнсіз қалмау, әрекетсіздікке мойынұсынбау да екенін ескере береміз бе? Әңгіменің «Үрей» деп аталуының осындай себептері де бар екен.
Жазушының «Жүрек» әңгімесін оқығанда подъездегі осы оқиға және еске түсе кетеді. Сәрсен - оқығаны мол, қажет десеңіз, жазуды былай қойғанда, сөйлегенде де дес бермейтіндердің бірі. Өстіп қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматтың көңіл-күйін телефонмен жеткен бір ауыз сөз бұзады - «Тез жетпесең, мынау мені шаршатты». Зайыбының даусы. Жалғыз ұл тағы да ішіп келген. Ал ішкіліктің соңы - үй ішінің берекесін кетіретіні әркімге де мәлім. Біз әңгімені соңғы нүктесіне дейін қайталамай-ақ қоялық, бірақ осы тұста тағы да моральға соқпай өте алмаймыз. Жоғарыда әңгіме туралы сөзімізді «оқығаны мол» деп бастадық та, алайда оған «тоқығаны да мол» деген өзі сұранып тұрған тіркесті қоса алмадық. Қазір осындай адамдардың ұқсас типтері пайда болғаны мәлім. Көптің алдында да, өз отбасында да сөйлеуге шебер. Шебер болатындығы, осы күні тәлім-тәрбие хақында жазылған кітаптар жеткілікті, газет-журналдарда да мақалалардан аяғыңды алып жүре алмайсың, керек десеңіз, жалпы жұрт біле бермейтін неше түрлі деректер де табылады. Бірақ осының бәрін оқығанмен сол сөздер Сәрсеннің санасына сіңіп жарытпайды да. Әуелі өз санасына сіңбеген сөзді Сәрсен кейіпкеріміз қайтіп өзгелерге сіңіре алсын? Бұны бір десек, екіншіден, кез келген кісінің қауашығына тағылымды сөз тәрбие боп жұғыса бере ме.
«Жаңбырдан кейін» деп аталған әңгімедегі Мәрзия кемпір де көңілі жарымжан ана. Кемпірдің үйлі-күйлі, балалы-шағалы боп көркейіп өсіп келе жатқан қызы опат болады да, күйеу бала оның жылын күтпей үйленіп алады. Қазақы көзқараспен қарағанда бұл тіпті де адамгершілік нормасына сыймайтын қылық. Міне, осы тұста да алдымыздан көлденеңдеп мораль мәселесі шыға келеді. Жалпы мораль дегеніңіз – қалалық немесе ауылдық, ескі немесе жаңа болып бөлінбейді. Қай ортада жүрсеңіз де адамгершілік қасиетті ұстану – парызыңыз. Сірә, жоғарыда айтылған, газеттерде жарияланған публицистикалық мақалалардың әсері кейін Мереке прозаға қадам басқан соң соңынан қалмай еріп жүрген тәрізді. Немесе сол мақалаларда әлдебір жағдайлармен айтылмай қалған ойлар жазушының қаламын осы мораль тақырыбына қарай сүйрете беретін болуы керек. Әлбетте мораль – қолына қалам алған сөз иесінің тіліне ілікпей қалмайтын тақырып. Тек бұл ретте кейіпкерді ұнамды немесе ұнамсыз ету үшін жасандылыққа бармау керек екен. Мына әңгімеде автор алдына тап ондай мақсат қоймағаны аңғарылып тұрады. Күйеу бала қызының зиратын тұрғызбағаны бір соққы болса, сол қызының төсегі сумай жатып төсек жаңғыртқаны кемпірге екінші соққы болып тиеді. Осы жерде оқиға ширығып, оқырманға екі жақ бірін-бірі көрместей болып айырылысатындай жағдай туындап келе жатқандай көрінеді. Сөйтер ме еді, тек қызының орнына келген жас келіншектің ибалы, әдепті, көргенді мінезі ғана қарт ананың жүрегін жібітеді. Әлгінде айтқанымыздай, жазушы алдын ала ұнамды (ұнамсыз) бейне жасауға ұмтылмауы, оқиғаны өз желісіне қарай өрбітіп отыруы әуелгіде өкпе-ренішпен басталған жайды осылайша жайбарақат аяқтауға негіз болғанын аңғарамыз. Расында да бұл ретте принцип оқырман іздеп отыратын ұнамды (ұнамсыз) кейіпкер жасау емес, әдеби характер жасауда еді ғой. Қаламгер сол мақсатына жеткен.
Егер тізбектей берсек, М.Құлкенов сомдаған кейіпкерлердің әрқайсысына әр түрлі мінездеме беруге болады. Бірақ біз оған бармаймыз. Өйтсек қою қаймақ көк сүтке айналып кете ме деп те қорқамыз. Тек әр әңгіменің астарында мораль мәселесі жататынын ескерткіміз келеді. Ең алдымен судай таза, сүттей ақ адамгершілік қасиет ілгері қойылған қазіргідей заманда прозаның осындай бағыт алуынан, оған осы Мәкең тәрізді қаламгерлердің үн қосуынан күтетін үмітіміздің көптігін айта кетсек дейміз. Қала десек те, дала десек те, көз алдымызға сол мекендерде ғұмыр кешіп жатқан тұрғындар келетіні сөзсіз. Олар, әрине, ылғи бейтаныс біреулер емес, осы өзіміз немесе өзіміздің қасымызда жүргендер. Оңашаланып кітап оқып отырғанда өзіңді айнадан көріп отырғандай әсерде қалатын кездерің болады. Ал айнаға өкпелей алмайсың.
Сол айнаңыз - жазушы. Сол айнаңыз бүгінгі күнді ғана емес, өткен дәуірлерді де анық көрсетіп береді.
Жазушы, көсемсөзші, баспагер М.Құлкенов «Махамбет кітапханасы» сериясымен 20 томдық кітап шығарып, «Махамбет елі» атты кітап-альбомды үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) даярлап, «Букеевской Орде 200 лет» жобасы бойынша жарық көрген алты томдық кітаптың жалпы редакциясын басқарды. Бұған қосымша «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» деп аталатын пьесалар жазғаны да мәлім.
Ал Жазушылар одағын басқару кезеңіне келсек, бұл мансапта жүріп те Мерекенің қыруар істер тындырғанын білеміз. Кейінгі екі-үш жылдың ширегінде Жазушылар одағы Мәдениет және ақпарат министрлігімен біріге отырып «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деген серия бойынша бірнеше жас қаламгердің кітаптарын шығарып берді. Жас қаламгерлердің «Жазушылардың әдеби мектебі» жобасы бойынша тағылымдық-тәлімдік дәріс тыңдауын ұйымдастырды. Ал үш бірдей жас жазушыға қаламақы төлеткізіп, үш роман жазғызуы талапкерлер түгілі, үлкен тәжірибе жинағандар да айта жүрерліктей іс болды.
Дегенмен, қалай болғанда да, Мереке Құлкенов – жазушы. Жазушы болғанда да шығармалары көңілге қонымды, оқиғалары, оқиғаларға қажетті көріністері тұтас мәтіннің бойында шебер қиюласып тұратын, психологиялық бедерлері есте қалып қоятын, көркемдік, әдемілік компононттері сезімді оятып, көңілді қанағаттандыратын туындылар иесі. Ол ұсынатын, мысалы, мораль тақырыбы жалаң уағызға жығылмайды, жалтылдақ, жылуы жоқ сөздерді қуып кетпейді, қаламгер ұтқанда да көркем баяндауларымен, суреткерлігімен ұтады.
Abai.kz