Домбыра - ұлттың рухын жаңғыртқан киелі аспап
Алматыда Ұлттық домбыра күнін мерекелеу қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының майталман педагогтары мен өнер иелері домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы рөлі мен қазіргі жай-күйі туралы ой бөлісті. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде домбыраның дәуірлеген жаңа кезеңі басталды, ал аспапқа деген қызығушылық елімізде де, шетелде де жыл санап артып келеді.
Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева қоғамдағы көзқарастың түбегейлі өзгергенін атап өтті. Ол бұрын домбыраны өзге аспаптардан төмен қоятын кезеңдер болғанын, бірақ бүгінде жағдай мүлде басқа екенін айтты. Оның сөзінше, 2018 жылы Ұлттық домбыра күнінің бекітілуі, өткізілетін концерттер мен әлеуметтік желілердегі контент домбыраның мәртебесін биіктете түсті. Қазір ұлттық аспапқа шетелдіктер де ерекше қызығушылық танытуда.
Өз кезегінде «Құрмет» орденінің иегері Абдулхамит Раимбергенов бабалардан қалған он мыңнан астам күй мен ән – өлмес мұра екенін еске салды. Ол бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында ғылыми ізденістер мен архивтік деректердің, соның ішінде Қазанғап күйшіге қатысты зерттеулердің кеңінен жарияланып жатқанын атап өтті. А. Раимбергенов жылдар бұрын аймақтарда домбыра үйрету әдістемесін енгізгенде балалардың аспапты ұстаудан ұялғанын, ал қазір мектеп оқушыларының домбыраны мақтанышпен алып жүргенін, бұл ұлттық өнердің нағыз қайта өрлеуі екенін жеткізді.
Консерватория профессоры Кәрима Сахарбаева болса, домбыраның кәсіби деңгейде дамуына Ахмет Жұбановтың сіңірген еңбегі орасан екенін баса айтты. «Биыл 120 жылдығы тойланып жатқан А. Жұбанов домбыра өнерінің негізін қалап, оркестр құрды, консерватория ашты. Осының арқасында ауызша дәстүр ғылыми тұрғыда жүйеленді», — деді ол. Кәрима Сахарбаева бүгінде консерватория түлектерінің композитор, дирижер ретінде жаңа туындылар жазып, еліміздің түкпір-түкпірінде домбыра үйірмелерінің ашылуына мұрындық болып жүргенін мақтанышпен тілге тиек етті.
Бұл ойды доцент Ержан Жәменкеев те қуаттап, он бес жыл бұрын бес мың күй туралы айтылса, бүгінде олардың саны он мыңнан асқанын алға тартты. Оның айтуынша, мұндай бай дәстүр ешбір көрші елде жоқ. Сонымен қатар Ержан Жәменкеев болашақта домбыраның жиырмадан астам түр-түрін кеңінен насихаттау және заманауи домбырашының репертуарына әлемдік классиканы енгізу мәселелері консерваторияда талқыланып жатқанын сөз етті.
Басқосу соңында сарапшылар Ұлттық домбыра күнінің маңызы жыл сайын арта беретініне сенім білдіріп, қазақстандықтарды мерекемен құттықтады. Домбыраның тек өткеннің емес, жарқын болашақтың да аспабы болып қала беретінін баса айтты.
Abai.kz