Адамдыққа жол сілтер кітап
Мен Дәу ағаның әңгіме, эссе, публистикалық ой толғамдарынан тұратын «Еріксіз елден кету» атты жинағын толық оқып шықтым. Оқып шықтым да, ұлағатты ұстаз, парасатты адал досқа жолыққандай ойым өсіп, көз алдымда кітап емес бір нұрлы жол тартылып жатқандай сезімде болдым. Құдайдай шынымды айтсам, кітапты оқып болғанша мұқабадағы суретке зейін қоймаппын, енді назар салсам, шынымен мұқаба тысында нұр ішіндегі адам сұлбасы, жарық із және сол ізге ілескен адам суреті салыныпты. Бұл хаһтың нұрын адамзатқа жеткізуші рахман елшісі – Алланың сүйікті хабибысының нұрлы сұлбасы және оның үмметіне өнеге болған сүннеті, соны бағдар тұтқан адамның тура жолда екенінің символы еді. Шәкәрім атамыз жазған «Анық адам» жолы. Оқып шыққасын аяулы ұстаз, адал доспен сұхбатта болғандай толғанысым мен әсерлі сезімімді оқырманмен бөліскім келді.
Автордың бүкіл шығармасы өзі бастан кешкен, көңілге түйген, дәлелді ауыздан естіген, сосын дер шағында қағазға түртіп отырған естеліктері мен күнделіктері, өзінің өсу іздері, үлкенді-кішілі шынайы оқиғалар арқылы ұлы ақихаттың алтын мұнарасын сомдаған. Өткен мен бүгінгі қоғамның күре тамырларын дәп басып қойылған дягноздары мен жүрегі Хақты сүйген, алланың берген ұлы нығыметінің бірі де, бірегейі – отанын сүйген адамның талғам таразысы мен жан айқайы.
Осы кітапты оқып отырып Бауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя»-сы есіме келді. Онда автор сол ауыл өмірін болғанын болған күйде боямасыз жазды, әрі өзі жайлы жазғыштарға да солай талап қойған деседі. "Қолдан батыр жасамаңдар, болғанды боямасыз жазыңдар, ұрпақ шын тарихты білсін" деген ғой. Бауыржан атамыз да отқа оранған соғыс майданында да күнделік жазуын тоқтатпаған екен. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген айбатты батырдың ақылиясын дәу аға да берік ұстанған тәртіптің адамы екенін білеміз. Бар шығармасы да тек болған шындықты негіз еткен.
«Менің әкем» атты эссесінде түз қыраны балапанын қалай баулыса, сұңғыла әке өз баласын солай баулып, ұлын он жасынан кітаппен ауыздандырып, «кітапхана» сынды көкжиегі кең, қыр-сыры, қызығы мол әлемге енгізіп жібереді. Осылайша ойын баласы сөзбен өрілген ғаламның есігін ашады. Сөйтіп бала ғұмырын кітапқа айырбастап жібергенін өзі де сезбей қалады. Өмірдің шым-шытырық шимайы әлі із салып үлгермеген балаң санаға құнарлы дақылдың дәніндей білім нәрі егіле бастайды. Кітапта «Ғылым халы» деген тақырыппен баяндалатын эссесінде Дәу ағаның Әбдісадық дейтін атасы иманның бүкіл шарттарын арнайы Дәу аға үшін қатираға (дәптерге) көшіріп әкеп Ислам дінінен алғаш ұстаздық тәлім береді. Әр нәрсеге ыждағатты, өнегелі тағылымға тумысынан бойы үйір баланың тағдыры осылайша бала жастан ғылыммен, дінмен қыл арқандай қабысып, тәрбие мен санасына себілген илаһи нұр кісіліктің тура жолын нұсқап, өмірдің алғашқы баспалдағын адал аттауына бағыт береді.
Оған қоса дәу ағаны таныған біраз жылдан бергі таным-түсінігіміз және кітаптың алғы бөлімінде жазылған «Аға шапағаты» атты көлемді шығармада Ерболат Әбікен атты жазушы інісінің тебіреніспен толғаған эссесі де соның дәлелі. Ерболат та ағаның қарапайымдылығын, жанының тазалығын бөлекше тілге тиек еткен. Ағаның тасадан бір дарын иесін көрсе жерден алтын тапқандай соны кімге көрсетерін білмей қуанатындығын да қағыс қалтырмай жазыпты. «Сол кезде жазушылар одағына бара береміз, неге бара беретінімізді білмеймін. Ал бара қалсақ Дәу ағаны іздейміз» деп өзінің бір қыдыру қаламгер серіктерін атапты. Хабарласа қалса, "Дәу ағаға апаршы" дейтіндерін, тіпті Жазушылар одағындағы мүйізі қарағайдай көкелердің де Дәу ағаны жиі іздеп, Одаққа келе алмайтындары үйіне шақыратындығын жазыпты. "Көп жасаған біле ме, көпті көрген біле ме" дегендей, жұртты Дәу ағаның көргені де түйгені де оқығаны да көп, көкірек сандығына саралап, салмақтап жинаған құнарлы қазынасы мен алла берген имани қуатының магниті тартатын шығар деп ойлаймын.
Егемендіктің алғашқы жылдары отанға деген терең махаббатпен қытайдағы жақсы жұмысын тәрк етіп «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген асыл азаматтық ұстанымды серік етіп келген автор алғашқы жылдар Барахолкада қара базарда кісі қолында жұмыс істеп отбасының нәпақасын тауып жүреді. Бұл кез ұлы Өркен мен қызы Нұркеннің ойын баласы кезі. Қыстың күні, үйге жақындаған жолында екі баласының, шаналары бар топ баланың ішінде картон қағазды шана орнына қолданып сырғанақ ойнап жүргендерін көріп, қолы қысқа әкенің жүрегі сыздап кетеді. Ертесінен бастап қожайынның түскі тамағына беретін 200 теңгесін үнемдеп, қаншама күн түсте тамақ ішпей жинап балаларына шана апарып беріп қуантады. Содан жиырма жылдан кейін бір аудармасының қалам ақысын алған күні баяғы Барахолка базарына барып немересіне шана әкеп береді. Осы жерде Айша тәтеміздің көңілді босатар сөзі бәр «Е-е, баяғыда қара базарда қыстың шақылдаған сары аязында тамақ ішпей, ақша жинап балаларыңа шана әперіп едің, енді екпеттеп жатып кітап кеміріп тапқан ақшаңа немереңе шана әкеліпсің» дейді. Көзіңе еріксіз жас үйіріледі. «Әке» дейтін қормал адамның қомдаулы қара атандай бала үшін қашан да, ауыр жүкке арқасын тосатынын ойлап толқисың!.. Сонда Өркен «Әке, енді 20 жылдан кейін шөбереңе бір шана әпер» дейді. Бұл енді баланың әкесінің ұзақ өмір сүрсе екен деген тілегі еді!.. Иә, біз де, Дәу ағаның шөбересі емес шөпшегінің де шана тепкенін көруін тілейміз!.. Айтпақшы, бұл эссенің тақырыбы «Тағы бір Шана».
«Еріксіз елден кету» атты хикаятта автор сөз басын өзінің адуынды, сөзінің семсері бар, тебінді сесімен тентекті тиар, кең дастарқан, жомарт пейілімен алыс-жуықты жанына жияр ақжарқын әжесінің образын шынайы, қызықты тілмен былай сомдайды:
«Ертемен атқа қонып, әлде бір жаққа жолаушылай аттанған анасының артынан омбы қарды кешіп жалаңаяқ бажылдап жүгірген бала, оны естімегендей артына қайрылмаған шеше... Бір кезде желкесінен бүрген қарулы қол қанша тыртысса да, адымын аштырмай, құйрыққа шапалақпен тартып-тартып жібереді. Бүл автордың «Қарақыз» әжесі еді. «Сенің шешеңнен басқа кісі, кісі емес пе?! Қайда безіп барасың?.. Түс алдыма!» - деді ентіге, қатулы қабақпен әмір етіп. Күннің аязынан да жалаң аяғымның мұздағанынан да, әжемнің ызғары қатты білем!.. Екі сөзге келмей, алдына түсіп аяқ-аяғыма тимей енді үйге қарай безіп бердім...
«О, балшық, шешені тапқан екенсің! Біздікі бекер сор болған екен ғой! – деп, артымнан жітірмелете дебейлеп келеді. Есіктен кіре төр алдында отырған атамның артына тығылдым. «Әй, Қарақыз, болды енді!.. Баланы сонша қорқыта ма екен, бір жолғы ашуыңды маған бер, ендігәрі келіннің артынан ермейтін болады» - деді атам, маған араша түсіп».
Осы бір шағын эпизотта қазақы мынездің, отбасылық қарым-қатынастың бір қыры кестеленген. Шақылдаған сары аязда артынан жалаңаяқ жүгірген балаға шешенің қайрылмауы қатыгездік емес, ата-енеге деген үлкен құрметі. «Қариясын сыйлағанның қазынасы бар» дегенді қанына дарытқан ізетті келіннің, кәрінің жүрегін аяған махаббаты еді де, әженің ашуы – балдан тәтті немереге деген қызғаныш еді.
Осыдан кейін «Торғын көйлек»-те автор Несібелі нағашы апасының "Қарақыз құдағиымның қызықтары көп еді" деп баяндайтын әңгімесінің бірінде әжесі Қарақыздың, атасы Мәсібәлімен аталас үйдің, қызыл торғын көйлегін киіп төркініне қашқыш жаңа түскен жас келіннің жынын қағып сазайын беріп жөнге салуы былай байандалады:
«Үркіншіліктен» кейін ел есін жиып, етек-жеңін жинап, бір атаның аман қалған балалары бір жерге жиналып ауыл боп отырады. Басқа ауылмен құдандалы боп келін түсіріп, қыз ұзатады. Мәсібәлі атамен аталас туысы келін түсіреді. Қоңданып қалған бардамдау жердің қызы болса керек, келген келін түскен жерін кедейсініп, жуас енесін ұнатпай, кұйеуімен де жиі қағысып екі күннің бірінде қызыл торғын көйлегін киіп төркініне қаша береді екен. Осыны жөнге салмаққа бір күні Қарақыз апа абысынының үйіне келіп, Ақмоншақ абысынымен ұзын сонар әңгіменің тиегін ағытып шай ішеді. Шәй аяғы ұзарған сайын сабыры кетіп, шалаңдаған шәйін салқ еткізіп құйып, шыныны тарс еткізіп қойып қылық шығара бастаған келінге, Қарақыз апа:
– Әй, келін, шыққан жеріңді білеміз, жәп-жақсы әулет!.. Ал, сен қайдан шыққан бәлесің?! О-о, негізі жарымаған түйтіксіз албасты!.. Кісі қорлайтындай сен кім едің?!.. – деп, теріс қарап отырған келіннің үстіне бүркітше қона кетіп, тақымына басып, алқымынан алып, тұншықтыра бастайды. «Әй дейтін ажаң, қой дейтін қожаң, мына мен боламын!.. Момын енеңнің не кінәсі бар!.. Ұятсыз неме! Шыққан қыз шиден тысқары дегенді білмеуші ме едің?!» - деп, астында ойбайлаған келіншектің алқымын одан сайын қыса түседі. «Сені құтыртып жүрген мынау қызыл торғын көйлек шығар, желік бітірген мұндай көйлектің көзін құртқан рауа! Бүгіннен бастап шалғыш шалып сиыр сауасың, қап арқалап тезек тересің!.. Ал, әзірге сенің жазаң мынау!.. деп, үстіндегі қызыл торғын көйлектің пәре-пәресін шығарып, айырып-айырып жанып жатқан отқа салып жібереді. Сол күйі Ақмоншақ абысынына дауыстап: Әй, абысын, мынау тағы құтырса маған айт! Қәзірге келініңнің көтін жап!» дейді де, тұрып шыға жөнеледі.
Тәңір тілеуіңді берсін, келіні содан кейін төркінге қашқанды қойыпты дейді. Осындай сесінің астарында даналық жататын, сонысымен өзі кие тұтып, жанынан биік қойған тектілік қасиетті ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, дала заңын, өмір филосопиясын, адам тәрбиесін үйретер көшпенді халықтың тірі кітапханасы – Дала акедемиктерінің арқасында еш заң-закұнсыз, сотсыз-ақ ел ішіндегі дау-дамай шешімін тауып, ұрыс-керіс тиылып, тентегі жөнге салынып, дала заңымен өз шешімін тауып отырған, отбасы құндылығын ұлықтап қарға тамырлы қазақтың қасиетін сақтап келген адалдық, адамгершілік дейтін ұлы моралдың өлмес тамшысын ғасырдан-ғасырға ұрпақ санасына, сүйегіне сіңіріп келген сол сесімен сескендіріп, айбатымен ықтырар қайран қара нардай қарттарымыздың жаны жаннатта болсын дейсің!».
Құдағиының (Қарағыздың) тағы бір жолы көп қызбен көрші ауылға айттап барып, өзіне тап беріп атылған арлан төбетті құлақтан басып, жамбасқа алып ұрып, басын жерге төпештеген батырлығы да бар еді дейді. Сол адуын әжесі мен Мәсібәлі атасы автордың бала күнінде о дүниелік болып, ата мен әженің мейірлі алақан, мол құшағынан ажырап қалған Дәу аға ендігі бала ғұмырының көбін Рақымберді нағашы атасы мен Несібелі нағашы апасының тәрбиесінде өткізеді. Отын-су тасып, нағашыларымен бірге шөп шауып, шөмеле салысып, кешкісін нағашы апасы Несібелінің ертегілері мен бастан кешкен хикаясын естіп бала санасы ерте естілікке өріс алады.
«Гүлсімхан» атты әңгімеде автор өзінің көшпенді елдегі оқудың қолайсыздығы себепті атасы Мәсібәлімен тамыр, кезінде шекара асып келген отырықты Рахайыл ақсақалдікіне жатып оқуын жалғастырады. Рахайыл ақсақал қайтыс болған, бала Дәулетбек ұйғыр апасы Гүлсімханның бүкіл тірлігін тәртіпке бағындырған өте пысық, ісмер, асы да дәмді, сұңғыла апаның өнегесін жүрегімен қабылдайды. Мұқият тәртіп – тұрмыстың ауырлығын жеңілдететінін санасына түйе біледі. Көңіл аударарлығы сол, бұл естелік сол кездегі ауыл өмірінің тыныс-тіршілігінен дерек береді. Шаруашылық кадрларының, адам, мал дәрігерлерінің, мұғалімдердің де, көшпелі елмен бірге көшіп-қонып адам, мал дауалап, мұғалымдер балаларды киіз үйде, ағаш көлеңкелерінде тағыда сондай қолайы келген кез-келген жерде оқытатынын, өзінің де бұл мектептен өткенін, тізесі мен тасты парта етіп талай жазу жазғанын еске алады. Осы бір шынайы өмір іздері бізге сол замандағы халық пен үкіметтің етене байланысын, халық үшін істеу дегеннің бүгінгідей құр жалау, құрғақ ұран емес шынайы өмір екенін, шынайылықтың, адалдықтың, мейірімнің, жауапкершіліктің ертегі емес, өткеннің ізі екенін түсінеміз. Қара радионы рухани қуат тұтып күнделікті тірлік тынысымен біте қайнасып, баққан малының тілін, күйін ұғып, көзі жетер кеңістігіне махаббатпен қарап, ыждағатпен үңіле білетін санасы сергек, өзі сұңғыла, ойы терең, жұпыны өмірі мен қарапайым тірлік қағидасы көз алдымызға келеді. Өздері кие тұтқан кісілік тұғырдан елес беретін сұлбасы еріксіз оқыған адамға кеше мен бүгінді салыстыртып іштей толқытып, адамды ойға салмай қоймайды. Құдық басында малшылардың суатқа таласы, бапты еңбектің жемісі болған бақ, мұңлы дұттар үні, кейуананың бейуақтағы күрсінісі... Соның бәрі-бәрі автордың балаң санасы мен нәзік жүрегінде өз мәнер мәнімен таңбаланып қала берген. Сол өмірді көре қалғандардың да көз алдынан ескі естеліктер лентадай сырғып, экраннан өткендей еске түсетіні айқын.
Автор әсіресе ұқыпты, ісмер һам шебер, тәртіпті Гүлсімхан апаға баса назар аудартып осы әңгімесі арқылы көркемдікті сүйетін Алла тағаланың күллі ғаламды тәртіппен, үйлесіммен жаратқандықтан Рахманның рухы үрленген біз құлдарының да жан мен тәнді бірдей тәртіп пен тазалыққа, мұқияттылық пен махаббатқа үйреткенде өмірден үйлесім мен мән тауып өмір сүретінімізді дәріптейді. Бұл әңгімесінің соңында автор өзінің атажұртқа келгесін ертеде ел үріккенде кеңестен қытай асып, сол кезде совет атанған, кеңестер одағына қарайтын қазақ жерінде дүниеден қайтқан Гүсімхан апасының Ілияс ұлынан қалған жалғыз немере қызына жолығып әжесі Гүлсімханның сәлемін жеткізіп, аманатты орындайды.
Аманат құранда да көп қайталанған өзекті тақырып. Осы кітаптан автордың сол аманатқа жауапкер тақуалыққа сай болмысын көруге болады. Бірі осы Гүлсімхан апаның аманаты. Енді бірі, Рақымберді әулеті Қытай асарда екі солдатпен ауылға келетін Несібелі апаның ағасы Берікбай ақсақалды, елге келген соң іздеп тауып нағашы апасы Несібелінің сәлемін жеткізіп аманатын орындайды.
«Көкпарда» автор бала күнінде Көкен нағашы ағасының Бәйгеқарасымен көкпарға түсіп, көк серкені тақымға басып, додадан шеберлікпен алып шығып, тәуекелмен өткел бермес Жіңішкесу өзеннің иірімді жалпақ жерінен қара арғымақпен қарғып өтіп жігіттік намыстың туын желбіретіп ауылдың намысын бермей, бәсекелес ауылды жер соқтырып Балықсуға алып кеткенін, сөйтіп батылдықтың, ептіліктің де мектебінен өтіп жігіттің беделі сыналатын ауылдың абыройын асырар, көшпелі қазақтың рухын өрлетіп, қайратын қайрап отыратын, ептілікке баулитын дала мектебі саналатын мәдени мұрамыз Көкпарды да сағына, әспеттей еске алады.
«Кішкентай оқиғада» аруақтың киесі, «Қыпшақ қыстағында бензин бар» да өзбек даласындағы өзбектерге жалданған қара сирақ қазақ балаларының жадау күйінен дерек береді. «Өлместің суы бар ма?» шағын әңгіме болғанмен адамға ой салар өтімді, өте әсерлі, автордың санаға қонымды, жұрекке әсерлі козқарасы сезіміңді қозғап советтік идеадағы адам мен арадағы озара ымыраласпайтын кереғар козқарастар, сауал-жауап арқылы әлгі адамның «Ала дорба арқалаған Қазақстаннан не іздеп келдің?! Әлде мұнда өлместің суы бар ма?» деген сауалына басқаша толғанып өзі үшін өлместің суы – туған тілі, ділі, діні бар Егемен отан екенін нықтай түседі.
Осы кітаптағы автордың шоқтығы биік, тілі де шұрайлы, бір романның жүгін көтеріп тұр дерлік шығармасы «Еріксіз елден кету» дер едім. Өйткені, бұл хикаятта ашаршылықта Қытай асқан бірнеше әулеттің қанды тағдыры мен тірі қалғандардың, соның ішінде автордың нағашы атасы Рақымберді мен нағашы апасы Несібелінің меһнатты, азапты өмірі арқылы екі елдегі бірнеше саяси толқын, бірнеше дәуірдің тынысы, қазақ халқының басындағы ауыр нәубет кезеңі көрсетілген. Бұл қазақтың ашаршылық тағдыры көп жазылып келе жатқан тақырып болғанымен кітаптың айтпағы, сол азапты ашаршылық, аласапыран ауыр күндерде де өзінің киелі ұлттық мінез, бітімінен жаңылмаған, кесек болмысын кемітпеген, берекесінің іргесі сөгілмеген, мейіріміне салқын тигізбеген қара орман халықтың қасиеті әсіресе, әңгімені баяндаушы автордың нағашы апасы Несібелі апа мен нағашы атасы Рақымберді атаның жанға жылы қарапайым кісілік обыразы, қатыгез де сараң тағдыр мен жаны жомарт, жүрегі мейірімге толы адами қасиеттің қатар сынға түскен әр сәтімен ашылып отырған. Қилы заманда дәуірдің ауыр доңғалағы жаншып, алып тиірменінде үгітілсе де, ар-иман алдында айнымаған, биік мінберлерде марапатталмаған, атақ пен даңқтың шекпенін кимеген, бірақ, адамилықтың, шын мұсылмандықтың асыл қасиеттерін өле-өлгенше жанына серік еткен, ауыр күндерге адамгершілікпен жауап беріп, ұрпағына сәулелі ізі қалған ғибратты ғұмырлардың таңбасы еді бұл хикая.
Хикаят Несібелі апаның аузынан беріледі. 1931-1932 жылғы ашаршылықта әулеттің отын өшірмей аман алып қалу ер-азаматтардың мойнындағы ауыр аманатқа айналады. Сөйтіп, енді үйленген Рақымберді мен Несібелінің қара шаңырағы әулетімен, тума-туысқанымен Қытай жеріне Шалкөдеден бір түнде үдере көшеді. Осы жерде көшуге ел бекініп буынып-түйіне бастағанда, ауыл аралап екі солдатпен бірге келген Несібелі апаның Берікбай дейтін ағасы келеді. Несібеліге туған ет жақындарынан ажырап шетел асу ауыр сынға түскен сәт еді!.. Жүрегі қан жылап тұрса да, бірақ, ол осы бір ауыл елдің тағдыры өз қолында, қыл үстінде тұрғанын білгесін ағасына сыр бермейды, жайбарақат кейіп танытып, жерошаққа шай қойып, дастарқанын жайып, сыбыс аңдып келгендерге секем алдырмайды. Шалкөдеден бір түнде үдере көшкен жұрт шекара түбіне барғанда арттарынан қызылдар қуып жетеді. Үш ер азамат қуғыншылардың жолын тосып, Рақымберді көшті бастап қытай асып кетеді. Жол тосқан үшеу оқтары таусылғанша жауды бөгейді, оқтары таусылғасын қызыл әскердің қалың оғының додасында жауды «әуегінен» адастырып бөліп әкететін Арлан бөрілерше бір кезеңде қанға бөгіп қала береды. Қайырылып оларды көмуге мүмкіндік болмайды.
Кезінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін Абылай Хан қолынан қырғын тауып жойылуға шақ қалған жоңғар шапқыншыларының шет ел асып қашып-пысқан жұқанасы осы қытай жерінде Моңғұлкүре, Шапшал, Қорғас, Бұратала өңірлеріне таралған екен. Осы жақтағы шекара күзетінде де солар тұрады. «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кескен жең болмас» дегендей жан беріп, қайғыдан қан жұтқан, қолында көк темірдің сынығы жоқ жұрт енді қалмақтарға тоналады. Сұлу қыздарына сұғанақ қолдарын салған қалмақтар ара түскен қыз ағасын атып тастайды. Ақыры қалған елінің амандығын ойлаған сорлы, шарасыз қыз қауқарсыз жұрттың бостандығы мен ғұмыры үшін амалсыз қалмаққа қатындыққа көніп қала береді. Осы бір тұс өте аянышты. Намысыңа тиіп, жігеріңді құм қылып, көкірекке өксік, көзіңе жас келеді. Елі үшін өзі қалмақтың күңдігіне көнген қыз тағдырына жаның ашиды. Босқын ел сол Моңғұлкүре жерінде қалмақ пен ұйғырдың малшы-жалшысына айналып өмірдің өгіз арбасына жегіліп кете барады. Осыдан кейін хикаядағы өмір күрделі кезеңдерге жалғасып Рақымберді мен Несібелінің басындағы қиындығы, сынағы көп тағдыр баяндалады. Қадыр ақын айтпақшы, «бір жақсысы мен бір жаманы егіз жүретін» ағайын ортасында Несібелі апа мен Рақымберді ата екі бейуаз мың өліп-мің тіріледі. Ұйғырдың малын бағып жүріп ұрлатып кеткен атан өгіздің айғақсыз делосына сот шешім жасай алмағасын, ауыл ақсақалдары дала заңы бойынша дінни рәсіммен "жан беру" тәсілімен шешеді. Мұнда, көр қазылып, айыптаушы мен айыпталушы кезек сол көрге түсіп жатады, кімнің айтқаны өтірік, ісі қара болса сол Алланың кәріне ұшырап көрде жанынан жұда болатыны айтылады. Рақымберді өзінің ақтығы мен адалдығына сеніп көрге түсіп аман шығады. Кезек ұры Қазақбайға келгенде қайқалақтап тайсап шығады. Құдай алдындағы қатаң сынға шыдамай ұры ұрлығын мойындап малды айыбымен төлейді. бұл әңгімеден қазақ даласы мен санасынан көшіп бара жатқан дала заңының соңғы ізін көреміз.
Жастайынан жетім боп аға жеңге босағасын паналап өскен Рақымберді мен Несібелінің тұла бойы тұңғыш қызын Моншақ дейтін жеңгесі қырқынан шығып талпына бастағанда тартып әкетеді. Қолқа жүрегін суырып әкеткендей күйікке шыдамаған Несібелі жас ана есінен адаса жаздайды Рақымберді ағайынға өкпелеп, ірге бөліп Сайрам жаққа көшіп кетеді. Онда барып тағы бір бай ұйғырдың малын бағып жүріп екінші қыздары Әшімханды Несібелі көшіп жүріп қар үстіне босанады. Көп өтпей «У ішсең ұруыңмен, ағайыннан іргеңді бөлме» деп, екі жамағайыны іздеп келіп оларды көшіріп әкетеді. Ағайын ортасына келгесін еңбекқор, құдайға адал екеу «Ырыс – мал кіндігінде» деп, тірнектеп мал жиып, босағаларына мал бітіп, кісіге жалданғанды қойып өз алдыларына шаруашылығын құрып, Төралты қыздан кейін ұлды болып, «қағанақтары қарқ, сағанағы сарқ болып» қуанысады. Рақымбердінің «Атбайлары» дүниеге келді, кіндігін кесіп, жомарт пейіл адамнан ат міне қоямыз деп, таласқан қатындардың бірі асығыс қимылдап баланың кіндігін түбінен кесіп жіберіп, содан кіндігінен қан тоқтамаған бала шетінеп кетеді. Өзегін өкініш қарып қайғыдан қан жұтып жатып қалған Рақымбердіні енді ауыл ақсақалдары жиылып келіп жұбату айтады. «Сөз қадірі өз қадірім» деп бір суыз сөзге тоқтайтын қазақы мінезден аттап өте алмаған Рақымберді ата еріксіз бас көтереді. Қыздың төртіншісі – Дәу ағаның шешесі Шадан апаның атын артынан ұл ерсін деген үмітпен алғашында Шарубай деп ер адамның атын қойады. Онда да ауыл ақсақалдары жиылып келе қалып «Жаман қыздарыңа руымыздың басы – Шару атаның атын қойып алыпсыңдар, о кісінің атын ру боп үлкен-кішісі түгел тергейді. Аруаққа шет келмеңдер, дәстүрден аттамаңдар!» - деп Шарубай есімін – Шадан деп қойып кетеді.
«Күйеу бала» дейтін бөліміндегі оқиға трагикомедяға жақын, оқып отырып күлесің де күйінесің, жүрегіңді сыздатар бір аяушылық сезімің оянады!.. «Үш аймақ төңкерісіне» ел ішінен әскер жиғанда ара түсер ағайыны жоқ жетім бала Жақып барлығына сүйенген бай баласының орнына бір, ағайынды ата баласының орнына бір, өз кезегіне бір үш рет әскерге қайта-қайта барып жиыны 8 жыл майданда міндет өтеп «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деп аман оралады. Сол Жақыппен сөз байласқан баяғыда Рақымберді мен Несібелінің Моншақ жеңгесі тартып әкететін тұңғыш қыздарын, Моншақ істі боп түрмеге түскен ұлын ақтап алу үшін, сақшы бастығының жамағайын інісіне ұзатып жібереді де, оны шеше орнында силайтын Рақымберді және де алдын тоса алмай, соры қалың, жаны сірі Жақыпқа жаны ашып, бүйрегі бұрылып 13 ке келген қар үстінде туылған екінші қызын атастырып, 15 ке келгенде екеуін үйлеп отау шығарады.
Бұдан кейін қытайда басталған солақай саясаттың нұсқауымен коперациялану, комуналасу басталып, жекелік мал тәркіленіп ортақ қазанға салынып, көшіп-қонып жүрген ел малы тартып алынып, дадұй, шяудүйге бөлініп, оқығандардан кадр сайланып, сол кадрлар қосыны қатарындағы мал дәрігер, жеті сыныптық білімі бар Дәу ағаның әкесі Байтұрсын ата онда бозбала жігіт, шаруа дүйге келіп әр кімнің үйінде жатып істеп жүреді. Кімге болсын жылы жүрекпен мейірім танытатын Рақымберді ата «Әр үйде қысылып қымтырылмай біздің үйде өз үйіңдей жата бер» деп дәрігер жігітке кең пейілін танытады.
Тырнақтайынан ат жалында өскен, мектепке әлі түспеген титімдейінен әке-шешесі атқа мінгізіп жіберсе, екі мес қымызды артына бөктертіп қалашыққа сатып келетін шаруақор боп пысқан Шадан апамыз да төрт сыныптық білімімен кадрлар қосынына қосылып белсенді кадр боп шыға келген, бұйрық боп Байтұрсын дәрігермен сөз байласып, көнелікті жою саясаты дәурендеп тұрғанда, өзіне ертеде үкі тағып атқарылып қойған құдалықтың жұз сом ақша, бір шапан қалыңмалын өзі барып қайтарып автордың әкесі Байтұрсын – дәрігер жігітпен ұйленеді.
Боғдадан Қаратауға дейін мың шақырымға созылып жатқан, Шынжаңды оңтұстык пен солтұстыкке бөліп тұрған Тәңіртауынан екі елдің арасын «Мұздауан» мен «Шыңдауан» деп аталатын екі өткел жалғасырды. Бұл өткелдерден жаздың шілде-тамыз айлырында ғана арнайы жол бастаушылардың көмегімен өту мүмкін болатын. Сол уақытта екі елдің халқы осы жол арқылы қарым-қатынас жасап, сауда саттық жүргізетін.
Ұйғыр саудагерлері өрік-мейіз, қыз-келіншектерге арнаған зергер бұйымдар, кілем-кілшелерін есек пен қашырға артып, Құлжа базарына апарып сататын. Сол керуендердің бірінен ауырып бөлініп, панасыз қалған ұйғыр бала Обылханды Рақымберді ата мал базарынан жолықтырып, өз панасына алады. Оны өз баласындай бағып-қағып, ержеткізеді. Обылхан ержеткенде тұған еліне барып, жар тауып әкесі Рақымбердіге ертіп келеді. Рақымберді ата олардың тойын жасап, еншісін беріп, жеке отау шығарады.
Ұлтқа, руға, жерге бөлмей адам баласының барлығына мейірім мен жанашырлық көрсету туа бітті қасиеті Рақымберді атаны осы хикаяны оқып отырып жақсы көрмеске лажың жоқ. Ол – қазақ халқына тән қажыр-қайраттың, адал нииеттің, жомарттық пен кеңпейілдіктің жарқын үлгісі. Алла тағала оған өмірдің талай сынағын жіберсе де, ол тағдырдың әр қыйындығына сабырымен, қанағатымен, қажыр-қайратымен, ізгілігімен жауап беріп отырады.
Несібелі апаның әңгімесі автордың сезімтал жүрегімен, апаның өз аузынан берілген толық нұсқасымен әсерлі. Алайда, толғаныс, оқырмандық әсер сипатында жазылған бұл мақалаға бәрін кіргізіп толық қамту мүмкін емес.
Ендігі айтарым, бұл кітаптың салмағын асырып тұрған екінші бөлімі – публистикалық ой-толғамдарын, мен де мақаламның 2-бөліміне қалдырдым.
Осы әңгіме-эсселерден байқағаным көмескіленіп бара жатқан қасиетті көне жұрттың ізін шолғандай, жүректі әлде бір сағыныш сыздатып, бүгінде матерялдық тұрғыдан да ғылым-білімнен де жоғары дәрежеге жеткен жетістігіміз қанша көп болса да, рухани тұрғыдан төмендеп айрылғанымыз одан да көп екенін сеземіз. Осы айырмашылыққа ой жүгіртіп тереңірек сезінгенде, көңілің құлазып уайымға бататынымыз анық. Оқып отырып иіріміне тартқанын сезінесің. Автор бұл жағын шұқып көрсетпегенімен өзің іштей мазасыз күйге түсесің.
Бұл кітап өткеннің естелігі ғана емес, ұлт ретінде де, адам ретінде де, жоғалтуға болмайтын қасиеттеріміз бен ұмытуға болмайтын қасіреттеріміздің, пенде ретіндегі «бір кем дүниенің» де айнасы іспетті.
Айгүл Нұрыш, этнограф жазушы
Abai.kz