Такла-Макан шөлінен өткен көш
1949 жылы 23 желтоқсанда Көкіліктен көш басталады. Бұл ұзын да, қауіп-қатерлі көштің қашан, қанша айда аяқталатындығы белгісіз еді. Осылайша бір тараптан жаудан қорқып, шаршап жол алады. Өте ауыр жағдай астында екі апта сандалып, өлім-қалым арасында жүрген бойда Лоб Нұр көліне жетеді. Көл қатқан көрінеді. Екі жағы қоба қамыс. Бұл арада екі күн болып тағы жүреді де, екі аптадай көлді жағалап көше береді. Малдар, барған сайын жүдеп, арықтай бастайды. Көл бойындағы құм менен неше күн көшіп келе жатқанда, Көнші ауданының әкімі ұйғыр Әмин Да Молла екі жолдасымен келіп қосылады. О да Отанын тастап қашып шыққан көрінеді.
Бұл кісі де жақсы бір ұлтшыл азамат еді.
Таклимакан шөлінен аман-есен өтіп шығу оңай бір іс емес еді. Бұл ұзақ та, ауыр жолға түскелі бір ай болғандықтан ат-көлік мейлінше арықтаған еді. Түйеден басқа көлікте дәрмен қалмайды. Ел топ-тобымен жүре бастайды. Ұзын бір жаяу-жалпы жүргеннен кейін Лоб Нұр көліне таяйды. Ортасы қатып, шеті қатпаған көлді жағалап жүріп, жан-дәрмен таңертең ерте өтіп шығуға кіріседі. Солқылдап, әрең қатқан арал-арал жерлерден елдің алды өткенде, мұз түсіп кетіп, елдің арты өтелмей қалады. Екі жақ бір-біріне хабарсыз қалады. (Өткендер,) Таклимакан шөліне кіру үшін алдарына шалғыншы жіберіп, артынан көш жүреді. Кейбіреулер біраз мұз артып алады. Таңертең ерте көшіп, күн батқанға дейін жүріп, кешке қонып, келе жатады. Шалғыншыға кеткендерден су табылмаған хабары келеді. Қатты тұз, малдың аяғын жыртып, жаралайтын еді. Су табылмағандықтан шөлдеген адамдар қан ішуге мәжбүр болады. Осылайша Таклимакан шөлінде бес күн жол алады. Неше күн ылғи тұздың үстінде жол алады. Күн, көк жиекте тұздан шығып, түзға бататын еді. Тек қана Хамза Ұшардың қолында бір қарита (карта)бар еді. Бірақ одан да бір нәтиже шығару мүмкін емес еді. Таклимакан шөліндегі бесінші күні, алдарында бір томпақ көрінеді. Бірақ бұл көрінген томпаққа жету де оңай болмайды. Көрінгеннен кейін екі күн жүргенде де жете алмайды. Томпаққа жақындаған сайын үміттенген көш, ақыры томпаққа жақындағанда қамыс-құрақ көрінеді. Әрине бұл осы маңда су болатындығының белгісі еді. Бұдан кейін тұздан шығып, құм керіш бастайды. Хамза Ұшар, ілгерлеп барып су табады. Бірақ, тұзды су екен. Ел мұзын ерітіп пайдаланады. Өйткені тұзды судың мұзы тұз болмайды. Ішуге келеді. Ел осы мұздың суын ішіп жанын шақырады. Лоб Нұр көлінен өткеннен кейін үш күн тұздың үстінен, құм кәріштің үстінен өтіп, өліп-талықсып осында, ес кетіп, жан шыққанда әрең жетеді.
Бұдан кейін бұлар қарлы жерлерден өтеді. Бірақ, малға шөп табылмайды. Әйтеу, Таклимакан шөлінен құтылады. Малдың көбі аштан қырылады. Қалибектің Әділбек деген ағасы адасып кетеді. Қатты боран соғып, көзге құм құйылып, көз аштырмайды. Лоб Нұрдан өте алмай қалғандар да, көлдің аяғынан айналып, арттан келіп қосылады. Бұлар, Гәс көлінде 1940 жылдан бері мекендеп отырған Құсайын тәйжінің еліне келіп қосылады.
Бұл елмен араласып, жамырасып жырғап қалады. Бұлар да қарсы алып, қолдарынан келгенінше көмектеседі.
Бұл көштің басшысы Қалибек Хакім, көмекшісі Хамза Шөмісбайұлы еді. Көште болған ел ағалары, Сәбәділ ақсақал, Омар Шопанұлы, Нұрсапа зәңгі, Тәкмән батыр, Нұрмұхаммед молла(Нұрпай батырдың інісі), Қайнаш Мұхаммеджанұлы, Омарбай ақсақал және балалары, Ислам ақсақал және балалары.
Халифа Алтай
"Алтайдан ауған ел" кітабынан
Abai.kz