Сәрсенбі, 22 Шілде 2026
Белес 135 0 пікір 22 Шілде, 2026 сағат 20:53

Жаһандық бейбітшілік һәм Қазақстан

Сурет: википедиядан алынды

Әлемдік екі держава Ресей мен Қытайдың (бірі әскери, енді бірі экономикалық) ортасына орналасқан Қазақстан БҰҰ-на мүше болған отыз жылдан астам уақыттан бері сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жетіп, ғаламдық сахнадағы өзінің орнын уақыт өткен сайын айқындап келеді.

Теңізден алыс жатқан Орталық Азиядағы өзге  көршілерімізбен салыстырып та бұл басымдылықты нақты байқаймыз.

Алпауыт көршілеріміз үшін энергетикалық тұрақтылық басты орында болса, аймақтағы басқа елдер үшін қажеттілік әртүрлі. Қазақстанда оларға қажеттінің бәрі бар. Қарапайым азық-түлік, бидай, дәнді дақылдан бастап, сирек металлға дейінгінің бәрі бар. Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы саудадағы орнының салмағынан бөлек, Еуропа мен Қытай арасында да логистикалық көпір рөлін атқарып отыр. Бұл факторлардың бәрі де жаһандық геосаясатта елімізге үлкен ұпай әкелуде.

Әлем елдері Орталық Азиямен байланыста Қазақстанымызға бірінші кезекте басымдық беруде. Осы тұрғыда "Орталық Азия +АҚШ", "Орталық Азия+Қытай", "Орталық Азия+Жапония" самиттері тұрақты өтіп келеді. Әрине, мұндай игілікті жағдайды баянды ұстап тұру үшін аймақтың тұрақтылығы бәрінен мағызды екені анық. осыны алдын ала ескерген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы-ақ өңірлік хаб ашу туралы бастама көтерген болатын.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында:

«Осы жылдың мамыр айында мен Қазақстандағы Халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі орналасты. Келесі қадам ретінде біз соның базасында Орнықты даму мақсаттары бойынша Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға қолдау көрсету мандаты бар БҰҰ-ның Орнықты даму орталығын құруды ұсынамыз», – деген еді.

Сөйтіп Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының құрылды.

Биыл маусым айының онбесінде Алматыда Өңірлік орталықтың Ауғанстан мәселелері бойынша Арнайы өкілдері мен уәкілдерінің 8-інші кездесуі өтті. Мұның өзі Қазақстан Президентінің БҰҰ алаңдарында көтерген халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларының нақты көрінісі екені анық.

Орталық Азия елдері үшін сыртқы саясатта Ауғанстан факторының негізгі бас ауруы екені анық. Әсіресе Тәліптер билікке келген соң қауіп күшейді. Ауғанстан шекарасында белсенді әрекет ете бастаған Ислам мемлекеті, Хорасан тобы қатарлы ұйымдардың Орталық Азия елдерінің ішкі бірлігіне, шекара қауіпсіздігіне төндіретін қаупі артты. Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы соғыстың тұтануына да жоғарыдағы ұйымдардың арандату әрекеттері себеп болғаны анық.

Қазақстан Тәдіптермен тікелей шекарасы болмаса да, экомикалық байланысты жақсы жолға қойып келеді. Мұның өзі аймақтың тұрақтылығы үшін жасалған сәтті қадам екені анық. Қазақстан өз кезегінде өңіраралық өзара іс-қимыл мен қауіпсіздік, орнықты даму мен гуманитарлық ынтымақтастық бойынша берген уәделерін адал да жемісті атқарып келеді деген сөз.

Жоғарыда атап өткеніміздей Қазақстан әлемдік саяси сахнада өз орнын нықтап түсуде. Үлкен державалар арасында өз мүддесін сәтті қорғап қана қоймай, өңірлік саясатта да мүмкіндігін толық көрсетіп, ырықты орынға шығып келеді.

Abai.kz

 

 

0 пікір