Дүйсенбі, 27 Шілде 2026
Билік 614 0 пікір 25 Шілде, 2026 сағат 16:08

Тарихи жетістік: Қазақстанның бес киелі нысаны бүкіләлемдік мұралар тізімін толтырды!

Сурет: Е.Қариннің телеграм арнасынан алынды.

Қазақстанның рухани және тарихи мұрасы үшін маңызды жаңалық. Маңғыстау өңіріндегі Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Тынымбайұлы Қарин мәлімдеді. Тиісті шешім Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясында қабылданған.

Маңғыстаудың жерасты мешіттері – ғасырлар қойнауынан жеткен сәулет ескерткіштері ғана емес, қазақ халқының рухани тарихын сақтап тұрған бірегей орындар. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан діни білім, ағартушылық дәстүр мен тарихи жады осы қасиетті мекендермен тығыз байланысты.

Ерлан Қариннің сөзінше, бұл нысандардың халықаралық деңгейде мойындалуы олардың тарихи маңызын айқындай түседі.

«Маңғыстаудың жерасты мешіттері тек құлшылық жасайтын орын болған жоқ. Өз дәуірінде олар білім мен ағартудың өзіндік орталығына айналды. Бұл мекендерде халқымыздың тарихи жады мен ата-бабалардан қалған аманат сақталған», – деді ол.

Маңғыстаудың қасиетті нысандарының ЮНЕСКО тізіміне енуі Қазақстанның мәдени мұрасын әлемдік деңгейде таныту ісіндегі маңызды кезең саналады. Себебі отандық тарихи нысандардың бұл беделді тізімге соңғы рет 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері енгізілген еді.

Ал Маңғыстау мешіттерін ЮНЕСКО мұралары қатарына қосу бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Президент 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында осы бағыттағы жұмысты бастауды тапсырған болатын.

Енді Маңғыстаудың бес бірегей нысаны әлемдік мәдени мұраның бір бөлігі ретінде халықаралық қауымдастықтың назарында болады. Бұл шешім өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, тарихи орындарға апаратын инфрақұрылымды дамытуға да жаңа мүмкіндік береді.

Дегенмен ЮНЕСКО тізіміне ену – мәртебе ғана емес, үлкен міндет. Тарихи нысандарды сақтау, қорғау және келер ұрпаққа бастапқы болмысын бұзбай жеткізу ендігі маңызды мақсатқа айналады.

Қазақстанның алдында ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізімдеріне өзге де ұлттық құндылықтарды енгізу міндеті тұр. Атап айтқанда, Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуі, Қаратау петроглифтері және Абайдың «Қара сөздері» халықаралық деңгейде танылуға ұсынылмақ.

Маңғыстаудың жерасты мешіттерінің ЮНЕСКО тізіміне енуі – қазақ даласының тарихы мен руханиятының шекара асып, әлемдік мәдени кеңістіктен өз орнын тапқанын көрсететін айтулы оқиға.

Ерлан Қариннің мәлімдемесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданды.

Бұл – Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені, төл мәдени мұрамыз ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын (2003 жылы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы – Таңбалы петроглифтері). Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.

Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырды.

ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – біз үшін зор мақтаныш. Әрі бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи жетістік.

Комитеттің 48-ші сессиясында сөйлеген сөзімде атап өткенімдей, Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады.

Тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкеледі. Әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда, Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған еді. Дәлірек айтсақ, алдымызда таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін, хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Біздің ендігі күш-жігеріміз осыған бағытталады.

Abai.kz

0 пікір