Президенттің тапсырмасына сәйкес Көбейтұз көлін «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінің құрамына қосуға дайындап жатыр
Мемлекет басшысының Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын табиғиаумақ мәртебесін беру туралы тапсырмасын орындау аясында Ақмола облысында су айдынын «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта көл аумағында табиғатты қорғау шараларының кешені жүзеге асырылып келеді. Көлге іргелес аумақта қоршаулар мен ақпараттық тақталар орнатылды. Алдағы уақытта көл аумағында қонақтар үшін арнайы автотұрақ пен шолу алаңдары пайда болады. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірмей оны тамашалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, көлге қатысты бірқатар шектеу қойылып отыр: автокөлікпен кіруге, жағалау аумағына баруға, шомылуға, тұз бен емдік балшық жинауға толықтай тыйым салынады. Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетіпжатыр.
Бұл шаралар соңғы жылдары айтарлықтай антропогендік зардап шеккен көлді сақтауға бағытталған. Ақмола облысының әкімдігі азаматтарды бірегей экожүйені болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі өзінің ерекше қызғылт реңімен танымал. Осындай бірегей табиғи ерекшелікмыңдаған туристің қызығушылығын тудырып, көлге келетін адам саны жылсайын артып келеді.
Abai.kz