Композиторды қудалағаннан кім ұтады?
Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталы - еркін алаң. Мұнда Қазақстанның әрбір заңды азаматы ой жарыстырып, пікір таластыруға құқылы. Бүгін редакциямызға белгілі композитор Ермұрат Үсеновтің А.Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінен алынуына қатысты мақала келіп түсті. Біз Айгүл Үлкенбаева, Раушан Мұсахожаева, Бауыржан Ақтай бастаған есім-сойы елге белгілі азаматтардың ұшбу пікірімен келген бұл материалды Abai.kz ақпараттық порталында жариялауды жөн көрдік.
Солай бола тұра, алдағы уақытта мақалада есімдері аталатын жекелеген азаматтар редакциямызға пікір білдіруге, жауап жолдауға ниет білдірсе, олардың да пікірлеріне алаң ұсынатынымызды және мақала редакция ұстанымын білдірмейтінін ескертеміз...
Ермұрат Үсеновтей тұлғаның қадіріне жетпесек кім болғанымыз?..
Қазіргі кезде қазақ композиторларының ішінде таза ұлттық бағытта шығарма жазып жүргендердің бірі ғана емес, бірегейі – Ермұрат Үсенов деп сеніммен айта аламыз. Оның симфониялық және халық аспаптары оркестріне, сондай-ақ, хорға, жеке аспаптарға арналған туындылары белгілі өнер ұжымдарының репертуарынан берік орын алған. Халық арасына кең тараған «Кербез сұлу», аяулы ақын апамыз Фариза Оңғарсыноваға арналған «Ақжелкен» атты тамаша күйлері, Несіпбек Айтұлының өлеңдеріне жазылған «Жалт-жұлт еткен дүние», «Мерует моншақ», т.б. әндері тыңдармандардың зор ықыласына бөленген.
Осыдан оншақты жыл бұрын А.Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінің сол кездегі директоры Ақан Әбдіуәли Ермұрат Үсеновке «Аға, бізге ұлттық нақышта, қазақша жазатын композитор дайындап, оқытып беріңіз» деп өтініш айтқанда, ол сөзге келмей келісіп, өзі сыйлайтын азаматтың өтінішін лайықты түрде орындап шықты. Жатса да, тұрса да ұлттық музыканың болашағы туралы ойлауды бір сәт есінен шығармайтын таланты композитор қолға алған ісіне жан сала кірісіп, аз уақыттың ішінде тамаша жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Ермұрат аға тәлім беріп, дайындап шыққан Аржан Есіркеп атты оқушысы жазған «Ақбала» балетінің премьерасы осы жылдың 12-13 қыркүйегінде Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында өтпек. А.Жұбанов атындағы мектептің түлегі, Ермұраттың тағы бір шәкірті Әліби Жанат – қазір Н.А. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясының композиция класына грантпен түсіп, 3-курсты аяқтады. Атап айту керек, А.Жұбанов мектебінің тарихында бұрын мұндай жетістікке жеткен ешкім жоқ! (Композитор ағамыздың өзге де шәкірттері жеткен жетістіктер туралы әңгіме өз алдына бір дастан).
Ғажап емес пе? Әрине солай! Бірақ осынша жетістігі үшін Е.Үсеновке қалай «алғыс» айтылды? Енді соған келейік.
Бұйырса, композитор Ермұрат Үсенов келесі жылы мерейлі 75 жасқа толмақ. Соған орай ол өзі қызмет істеп мектептің басшылығына жаңадан келген Данияр Байжұмановқа осы жылдың тамыз айының орталарында «Данияр, келесі жылы мен 75-ке толамын. Соған дейін азғана сағатпен істей тұрайын, сосын жұмысты доғарамын. Сондықтан осы өтінішімді орындасаң дұрыс болар еді» депті. Д.Байжұманов та оны мақұлдағандай кейіп танытқан. Бірақ ол осы жылдың 24 тамызы күні Е.Үсеновке еш ескертпестен оның орнына ваканттық конкурс жариялап, басқа біреуді ала салыпты. Мұны білген Е.Үсенов «Бұл қалай?» десе, Д.Байжұманов «Заң солай!» деп бат бақтырмапты!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сонымен бірге Ермұрат ағай кезінде болашағынан үлкен үміт күтіп, крнкурста жүлделі оорны алуға ықпал еткен, бүгінде А.Жұбанов мектебінің халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Мақпал Манасбаева да ұстазын қолдап, директорға бір ауыз сөз айтпаған көрінеді...
Әрине, бәріміз де заңға бағынамыз, бірақ директор «Осындай конкурс болады, келесі жылы да осында еңбек еткіңіз келсе конкурсқа қатысыңыз» десе, Ермұрат аға алдын ала қам жемес пе еді? Тәжірибесі мол, осы мектептің атын шығаруға тер төккен композитор-ұстазды бір жыл өз жұмысында қалдыру заңға соншалықты томпақ келер ме еді? Оның үстіне аспаптану (инструменовка) сабағын жүргізетін білікті маман, А.Жұбанов мектебін былай қойғанда, бүкіл республикада жоқтық қасы ғой!
Ал енді жаңа жас басшы Данияр Байжұмановтың бұл «ірі жеңісіне» нет деуге болады?
А.Жұбанов мектебін домбыра класы бойынша бітіріп, қазір сол оқу ордасын басқарып отырған азаматтың 6-7 сынып оқып жүрген кезінде Ермұрат Үсеновтің «Түркі әлемі» шығармасын орындаған видеосын YouTube желісінен көргенімізде «Япырай, қазақ «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деуші еді, шұқитын да кезі болады екен-ау» деп таң қалмасқа шарамыз қалмады...

Суретте: Д.Байжұманов оқушы кезінде Е.Үсеновтің «Түркі әлемі» туындысын орындап отыр.
Жас директордың «Заң солай!» деуінің шындығына келсек, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 9-тармағына сәйкес, зейнеткерге еңбек шартын бұзу туралы бір ай бұрын хабарлануы тиіс еді. Ал мына жағдайда ол жоқ!
Сосын, Е.Үсенов ҚР Еңбек кодексінің 52 бабы (Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері), 1-тармағының қайсы бір тармақшасында көрсетілген қайсы себептерге сәйкес бұйрықпен жұмыстан шығарылғалы отыр? Түсініксіз...
Негізінде, зейнеткердің ваканттық конкурсқа қатысуы да заң жүзінде белгіленген. Е.Үсеновтің айтуынша, ол хабарламаны байқамаған. А.Жұбанов мектебі директорының Е.Үсенов сабақтарына ваканттық конкурс жариялап және ол туралы Е.Үсеновке ескертпегенінің өзі оны алдын ала жұмыстан шығаруды жоспарлау емес пе екен деген күдікті ой туғызады.
Тағы бір айта кететін нәрсе, Д.Байжұманов Е.Үсеновке 24 тамызда ғана «Жұмыстан босадыңыз» дегенді ауызша айтқан! Е.Үсенов директорға «75-ке шыққан соң жұмысты өзім де қойғалы отырмын. Тек адам сияқты шығарып салсаңдар болды» дегеніне директордың зілді дауыспен «Болды ғой, енді демалып, жастарға орын бермейсіз бе?» дегені қазақ музыкасына зор еңбегі сіңген ақсақалға тым ауыр емес пе?
Құдайға шүкір, Ермұрат аға жерге қарап отырған адам емес, жағдайы жақсы. Тек «75 жасымда осы мектептегі қызметімді абыроймен аяқтап, орнымды жастарға беріп кетсем. Өзім ұзақ жыл еңбек еткен ұжыммен лайықты қоштассам» деген арманы бар еді композитор-ұстаздың.
Егер Байжұманов мырза елге сыйлы, қазақ өнеріне бір адамдай үлесін қосқан Ермұрат Үсенов секілді азаматқа бір жыл мүмкінждік беріп, батасын алып, лайықты шығарып салса – ол биік адамгершілік болмас па еді? Оған Д.Байжұмановты не жібермеді? Тәкәппарлық па, әлде үлкеннің қадірін біле бермейтін жастық астамдық па? Өнерге еңбегі сіңген дарынды азаматтың заңға сыйымды бір тілегін орындамауға не себеп болды екен?
Түйін: Ермұрат Үсенов – қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз еңбек сіңіре жүріп, ешкімнен ештеңе дәметпеген тұлға. Ендеше сондай азаматтың ешкімге салмақ түсірмейтін бір өтінішін жерде қалдыру – кім-кімнің де азаматтығына сын!
Біреудің кім екенін білгің келсе айналадағы адамдардың ол туралы айтқандарын саралап көрген артық болмайды. Көптеген өнер қайраткерлері Ермұрат Үсеновтің басынан кешіп жатқан жағдайдан кейін пікір білдірді. Ендеше солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.
Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, Қазақстаның Халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры:
– Ермұрат ағамыздың қазақ домбырашылар репертуарына қосқан үлесі орасан зор. Оның туындыларын арнаулы оқу орындарында – мектептен консерваторияға дейін орындайтынымыз, көбіне соның шығармалары. Ермұрат ағамыз бүгінгі күннің қайталанбас композиторы, жүрегі тұнып тұрған әуен. Жаны өте нәзік адамнан ғана осындай терең музыка шықса керек. Аағамызға «Деніңіз сау болып, күш-қайратыңыз сарқылмай, біздің бағымызға аман болыңыз» деген тілек айтамын.
Раушан МҰСХОЖАЕВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры:
– Ермұрат Үсенов консерваторияны екі рет: бірінші – домбыра класы бойынша, екінші – музыка зерттеу мамандығы бойынша бітірген. Қобыз маманы ретінде айтарым, Сонау А.Жұбанов, М.Қойшыбаев, Л.Хамиди, Н.Тілендиевтерден кейін біз осы Ермұрат ағайдың шығармаларына қанық болдық. Сондай-ақ, ол Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін қобызға өте сәтті лайықтады. Оның шығармалары Американың жетекші радиоларында және Түркияның симфониялық оркестрінде, менің орындауымда «Өмір дастан» туындысы жазылды. Америкада Е.Үсенов шығармасын Айдона Ынтықбаева орындап жаздырды.
Біз Н.Тілендиев басқаруындағы «Отырар сазы» оркестрінде бірге жұмыс істедік, ол домбыра тобының концертмейстері, мен қобыз тобюының концертмейстері болдым. Ағай ұстаздық кызметте айтарлықтай жетістіктерге жетті, әлі де берері көп. Сондықтан ол кісіні ұстаздығын жалғастыруға мүмкіндік беріп, жастарымызға үлгі етуіміз керек!
Орақ ЖАУЫРОВ, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры:
– Әттеген-ай, ана директор баланың ісі әбестеу болған екен. Қазір Ерекеңдей маманды табу қиын ғой, бір жыл болса да пайдаланып қалу керек еді...
Ерекең – музыканың барлық жанрында жазған қазіргі ең алдыңғы қатардағыкомпозиторымыз ғой. П.И.Чайковский атындағы колледжде бір істедік, сол кезде домбырашылар кілең орыстың, батыстың шығармаларын орындаушы еді. Ермұрат осы колледжге келе сала домбыра мен фортепианоға арнап көптеген шығармалар жазды. «Майра», «Түрік әлемі», «Маусымжан», «Шәмші ждастан» спекілді туындылары сол кезде туып, домбырашылардың күні бүгінге дейін сүйіп орындайтын шығармаларына айналды.
Шын мәнінде, Ермұрат Үсенов – атақты Нұрғисаның тікелей шәкірті, ұлттық музыканы бойына терең сіңірген және шәкірттеріне де сол қасиетті сіңіре білген ұлағатты ұстаз!
Бұл күнде батыстыңғаза музыкасы біздегі, қала берді, дүниежүзіндегі жасөспірімдердің санасын улап жатыр. Еліміздегі ұлттық оркестрлер, төл аспаптарымыз – домбыра, қобыз, дәстүрлі ән өнеріміз осы жат үрдіске қарсы шама-шарқынша қызмет етіп келеді. Осы үрдіске салмақты үлес қосып жүрген композиторларымыз саусақпен санарлық қана. Е.Үсеновтің күрделі жанрдағы «Кенесары – ақ семсер», «Реквием», «Желтоқсан жаңғырығы», «Бабалар аманаты», «Қорқыт-қобыз дастаны», т.б. симфониялық кантаталары – ұлттық композиция саласына қосылған айтарлықтай жетістік саналады.
Е.Үсеновтің шығармалары біздегі біздегі өнер ұжымдарының ғана емес,, сонымен бірге Ресейдің бірқатар облыстарындағы, Қытайдың Үрімші, Құлжа қалаларының өнер ұжымдарының репертуарынан берік орын алған. Авторлық кештері еліміздің үлкен қалаларында, облыс орталықтарында өтті.
Сергей ЦХЕ, П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжінің ІІІ курс студенті:
– Ермурат Усенов – педагог, который открыл для меня композицию. Учас в его классе мы изучали гармонию, форму, инструментоведение и инструментовке. Каждое наше новое сочинение подвергается подробному анализу и в конце года исполняется на классном концерте.
Учебе у Ермурата Усенове сильно повлияло на мое мышление как музыканта в целом, что помогает мне не только при сочинений музыки, но и при её исполнений.
Бауыржан АҚТАЙ, Мәдениет саласының үздігі, «Сармат» фольклорлық ансамблінің жетекшісі:
– Арамызда жүрген тірі тарихты көргіңіз келсе – Ермұрат ағамызға қараңыз. Тілендиевтің шәкірті, қазақ музыка өнерінің талай буынына бағыт-бағдар берген, еліміздегі оркестрлер мен ансамблдердің қалыптасуына өлшеусіз үлес қостан үлкен тұлға. Бүгінде ағамыздың шәкірттері алыс-жақын шетелдерде білімін жалғастырып, өнер жолында жемісті еңбек етіп жүр. Арасында опера, балет жазып, қазақ музыкасының көкжиегін кеңейтіп жүрген таланттар көп.
Менің де композитор ретінде қалыптасуымда Ермұрат ағамыздың орны бөлек. Ағаның ақылы, талғамы мен талапшылдығы маған әрдайым үлкен мектеп болды. Жаңа шығарма жазсам, ең алдымен ағаға тыңдатуға асығамын. Өйткені ол кісінің бір ауыз сөзі – мен үшін сабақ, бағыт! Осындай үлкен азаматтың ортамызда жүргені – біз үшін үлкен бақыт!
Тірі тарихты қадірлеу – өткенді ғана емес, өнердің бүгінін де бағалау!
Байғара СӘДУАҚАСОВ, ҚР мәдениет қайраткері, «Алтын қобыз» сыйлығының иегері:
– Музыка өнері әлеміне ұлағатты ұстазымыз Ермұрат Үсенов ағамызбен көзімізді аштық. Ермұрат ағаны қазақ өнеріне Алланың берген сыйы десем артық айтқандық болмас. Қазақ оркестрлеріне, симфониялық оркестрлерге, фольклорлық ансамблдерге қаншама құнды шығармалар жазған композитордың білімі мен біліктілігі қазақ еліндегі барлық өнерпаздарға аян. Хорға, домбыра, прима-қобыз, қылқобыз аспаптарына арналған туындылары бір төбе. Республикалық орындаушылар конкурстарында ағаның шығармалары міндетті түрде орындалады. Ермұрат ағаның шығармалары орта арнаулы оқу орындарының бағдарламаларына арнаулы түрде енгізілген. Қандай өнер ұжымдарына бас сұға қалсаңыз, ағайдың шығармалары орындалып жатады. Республикалық, халықаралық конкурстарға ағаны төраға ретінде шақырып жатады.
Қазіргі таңда музыка саласына Ермұрат ағаның ұстаздығы, білім-тәжірибесі ауадай қажет!
Ағаның дансаулығы жарап тұрғанда одан алып қаларымыз көп.
Сөзімнің аяғында айтарым, Ермұрат ағаның халқына берері әлі де көп, сондықтан ол кісіні құрметтеп, шәкірт тәрбиелеуіне ықпал жасау керек, құрметті оқу орнының тізгінін ұстаған басшылар!
Міне, еліміздің қаншама айтулы өнер иелері өздерінің пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл – Ермұрат Үсеновтің қазақ музыка өнеріне сіңірген зор еңбегін бағалау, сыйлау һәм құрметтеу! Ендеше осындай білім-білігі, тәжірибесі мол талантты өнерпазды шетке қағуға бола ма? Ұлтқа қызмет еткен, халқының өнеріне, мәдениетіне ұшан-теңіз еңбек сіңірген тұлғаның қадіріне жетпеу азаматтығымызға сын емес пе? Басшы болу – біреуді жұмыстан шығарып, біреуді алып тастау емес, белгілі бір салаға өте қажет білікті мамандармен жұмыс істеуді білу болса керек!
Композитор-ұстазды шетке қаққаннан ұтылатын ұлттық өнер ғана, осыны ұмытпағанымыз жөн.
Ахмет Жұмағалиұлы
Abai.kz