Саяси майдан және Дос Көшім...
Еркіндік, тәуелсіздік үшін күрестер негізінен майданда шешім табады. Тағдыр шешті бұл күрестер тек ыс түтек қаптаған соғыс майданында ғана емес, бейбіт саяси майданда да болады.
Қызыл империяның отары болған 70 жылда қазақ халқы негізінен әдеби майданда ұлт үшін күрес жасай алды. Тек тәуелсіздіктің таңы жақындағанда қазақ ұлты саяси майдан ашты. Саяси майдандағы ұлттық мүдде әділдік теңдік үшін күрестер бүгінге дейін жалғасып келеді.
Бейбіт саяси майдан ақпараттық соғыс алаңы мен ереуілдер формасында көрініс табады. Ақпарат алаңындағы соғыста саяси сауаттылық басты рөл атқарса, ереуілде тұлғалық ұйымдастырушылық қабілет алға шығады. Саяси майдан саяси сауатты, саяси мәдениетті дамытады.
Бүгінгі Қазақстанның саяси майдан мәдениеті қалыптасу үстінде. Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдан астам саяси майдандағы күресте көптеген тұлғалар жарыққа шықты. Саяси бағытты айқындай түсті. Біз бүгін тәуелсіз ел атанған Қазақстанның 30 неше жылдық саяси майдан тарихына ой жіберіп ойланатын, кім не айтты, не істеді дегенді сарапқа салатын, еңбегін бағамдайтын кезеңге де жеткен сияқтымыз. Бұл тек өткенге ой жіберу ғана емес, болашақ туралы жаңаша ойланудың бастамасы болар. Тәуелсіз Қазақстанның өткен 30 неше жылындағы саяси майданда аянбай еңбек еткен , еңбегі ерен деп айтуға болатын тұлғаның бірі – Дос Көшім.
Дос Көшім теуелсіз Қазақстан тарихы қалыптастырған саяси қайраткер. Саяси қайраткерлік жеке тұлғаның қоғамның саяси сауатын дамутыға қосқан үлесі мен саяси күрес майданындағы еңбегі арқылы қалыптасады.
Отарлық-тоталитарлық саяси жүйеден тәуелсіз демократиялық капиталистік саяси жүйеге ауысқан қазақ елі үшін, қазақ елінің негізгі тұлғасын құрайтын қазақ ұлтын жаңа саяси құндылықтармен тәрбиелеп саяси сауатын арттыру, қазақ ұлтын саяси ұлтқа айналдыру өте өзекті еді. Капиталистік саяси жүйедегі саяси сауаттылықтың өзегі қоғамның демократиялық ой пікірінің өсуімен қалыптасуында жатыр. Дос Көшім қазақ қоғамы үшін дер кезінде демократия туралы кітап жазды. Демократияға қосқан үлесі үшін Американың Техас штатының құрметті азаматы атағын алды. Қазақ қоғамының демократиялық ой пікірінің өсуіне осылай теңдессіз үлес қосты.
Дос Көшім бүгінгі саяси майданның ақпараттық соғыс алаңында өзіне қарсы пікірдегілердің қандайына болмасын дес бермеді. Дәлелді, логикалы, сауатты пікірлер арқылы қазақ қоғамының саяси сауатын арттырып отырды. Өз басым Дос Көшімнің саяси танымдық мақалалары мен сұхбаттары арқылы жаңа саяси білімдер алып, саяси сауатымды өсіріп, бағытымды айқындап отырғандардың бірімін.
Тәуелсіз Қазақстанның биыл 35 жылға толған тәуелсіздік тарихындағы тұлғаларға баға бергенде таразыланатын басты фигурант экс-президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Экс-президентіміз Әбішұлы атамызға мақтау мен жағымды пікірлер қаншама көп болса, даттау мен жағымсыз пікірлер де соншалықты мол болды. Бақ беттерінде: «Жемқор», «әулетімен Қазақстанның байлығын тонаушы», «оның өлімі саяси күресті жеңілдетеді», - деген ауыр сөздерге дейін айтылды. Ал мен Назарбаевқа ең ауыр сөзді фактімен Дос Көшім айтты деп санаймын. Дос Көшім Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы өз ішінен президенттік сайлауға кандидант шығаруы туралы айтқан бір сұхбатында: «Н.Назарбаев бұл жерде саяси сауатсыздық көрсетті. Партияның ішінен ешқандай бәсекесіз, демократиясыз кандидант бекіту – тап-таза саяси сауатсыздық», - деді. (Дос Көшімнің сөз саптауы бұдан сыпайы, бірақ дәл осындай пікір айтты).
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ғұмыры тек саясаттан тұратын дара тұлға жалғыз саясаткер, әлемдік саясаткер санатындағы Н.Назарбаевқа бұдан ауыр тиетін, бар еңбегін жоққа шығаратын сөз бар ма? Мен таппадым. Бұл шынында бұлтартпас фактке табан тіреген пікір. Қазір ойласам шынында партия ішінде демократия, әділдік болмаған жерде сол партия басқарған қоғамда қалайша демократия, әділдік орнасын.
Дос Көшімнің саяси ұстанымы айқын, батыл әрі өткір. Ол жаңа Қазақстан құруда көне Қазақстанға еңбек еткен адамдардың билік эшалонында отыруға моральдық құқы жоқ деп санайды. Н.Назарбаев тұсында биліктің жерді жекеге шетелдікке сату заңына қарсы Атырауда ереуіл туылды. Осы еруілді бастаған, басқарған сөйтіп Қазақстанның жерін жекеге сатылып кетуінің алдын алған Макс Боқайды билік түрмеге жапты. Қ.Тоқаев билікке келген соң жер заңын қайталай жазу болды. Әу баста билік жерді жекеменшікке беруді қолдады. Әрі арнаулы комиссия ұйымдастырды. Бұл комиссия әр жерде азаматтық қоғам уәкілдерін шақырып талқы жасады. Осы жер комиссиясының кезекті бір отырысында сөз алған Дос Көшім: «Н.Назарбаев кезінде туылған жер дауында билік Макс Боқайды түрмеге жапты. Бүгінгі билік жер дауында әділдік орнатамын десе, Макс Боқайдың жер үшін күрестегі еңбегі үшін оған мүсінін тұрғызып құрмет көрсету керек» деді. Қазіргі таңдағы экс депутат Айдос Сарым 2022 жылы Қ.Тоқаевтің 7 жылдық бір кезекке президенттікке сайлану қарсаңындағы бір сұхбатында: «Қазақстанда Қ.Тоқаевтан басқа президент болатын адам жоқ» деді. Осыған жауап ретінде Дос Көшім бүгінде президенттікке толымды 100 адам көрсетіп бере алатындығын айтты. Дос Көшім «Қанды қаңтар» оқиғасын халықтың ұзақ жылдық әділетсіздікке қарсы жиналған ашу ызасының қопарылыс жасауы деп санайды. Тәуелсіз ой айтып, билікшіл саясаттануышыларды ақпарат алаңында нокаунтқа жіберіп отырған тұлғалардың бірегейі Дос Көшім.
Дос Көшім саяси майданның тек ақпарат алаңында жалаулатып жүрген тұлға емес. Саяси қоғамдық іс-қимылдар арқылы саяси күрес жасаған көрнекті тұлға. Қазақстанда тәуелсіздік таңы атуға жақындаған сол жылдары «Қазақ социалистік демократиялық партиясын» құрды. Қазақстанның егемендігі үшін күресті, «Азат» қозғалысын құрды, төрағасы болды. Алматыда парламентті қоршап алып, тәуелсіздікті жариялауды талап етті. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін өшпес үлес қосты.
Қазір қазақ қоғамында алдымен шешімін табуға тиісті екі мәселе бар. Бірі – қазақ тілі мәселесі. Қазақстанда қазақ тілінің бағы жанбай қазақтың еңсесі көтерілмейді. Тіл ұлттың жаны. Қазақ тілінің қорлануы - қазақтың қорлануы. Қазақ қорланған Қазақстанда Қазақстанның егемендігінің еш құны жоқ. Сол себепті де қазақ тілі үшін күрес – күрестердің ұлысы. Мәселе Қазақстанның бүгінгі жағдайында тіл мәселесімен қалай күресу керек? Бұған Дос Көшімнің өзіне тән күрес жолы бар. Дос Көшім қазақ тілі қоғамының төрағасы. Бұл қоғам елімізде орыстар шоғырлы қоныстанған өңірлерге дейін барып қазақ тілін насихаттайды. Қазақ мектебін ашуға жұмыс жасайды. Дос Көшім осы жұмыстың алдыңғы шебінде жүреді. Енді бірі – сайлау мәселесі капиталистік саяси жүйеде барлық мәселенің түйіні сайлауға байланған. Сайлау – демократияның мерейтойы, саяси күрестегі бар мәселені бейбіт шешетін жалғыз заңды жол. Сондықтан Қазақстанда сайлам түзелмей ештеңе түзелмейді. Әділетті сайлау өткізу әділетті Қазақстан құрудың бәрінен маңызды жалғыз тетігі. Дос Көшім сайлау заңын жаңалауды, орталық сайлам комиссиясын тәуелсіз тұлғалардан жасақтап, комиссияның тәуелсіздігін күшейтуді талап етеді. Әділетті сайлау жасауды әділетті Қазақстан құрудың саяси жолы ретінде дәріптейді. Осындай мазмұндағы жаңа сайлау заңы мәтінінде даярлап отыр. Дос Көшім қазіргі сайлауларда дауыс беруге бармайды. Бірақ бақылаушыларды ақысыз тәрбиелейді. Бұл оның саяси күрестегі ең маңызды жолға басымдық беретін саяси ұстанымының, жағдайды барлай білетін сезгірлігінің белгісі. Дос Көшім саяси публицистикалық мақалаларында, сұхбаттарында, пікірталастарында өзіне қарсы саяси ұстанымдағы әрқандай адамға мәдениетті сөз саптайды. Салмақтылық көрсетеді. Біреулерге бұл қорқақтық болып көрінер. Бірақ бұл қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан жаңа саяси мәдениетке үлгі болатын жол.
Дос Көшімнің тұлғалық харизмасынан біртүрлі толеранттылық бейне көрінеді. Бұл әсте Дос Көшімнің саяси ұстанымынан емес. Қазіргі жағдайда саяси күресті қалай жасау дұрыс болатындығын сезіне білген Дос Көшімнің өзіндік мәдениетті күрес жолының нәтижесі. Қазір саяси бағыттардың арасындағы ор тереңдеп кетті.
Қалайда болмасын, Дос Көшім бүгінге дейінгі еңбегімен-ақ тәуелсіз Қазақстанның саяси майданындағы орнын ешкім баса алмайтын саяси қайреткер. Қазақтың саяси ұлтқа айналуына ерен еңбек сіңірген саналы саяси тұлға.
Жаңа Атазаңның жасалып, күшіне енуіне ілесе саяси майдан қыза түсті. Бұл жаңа майданда Дос Көшім сынды саяси тұлғаның саяси пайымдарының, ой пікірінің орны бөлек.
Ағыбай Әкбарұлы
Abai.kz