Дүйсенбі, 31 Тамыз 2026
Жаңалықтар 124 0 пікір 31 Тамыз, 2026 сағат 14:56

Непалдағы су тасқыны: Қаза тапқандар саны 900-ден асты

Сурет: REUTERS / Navesh Chitrakar.

Непалдың Ұлттық апаттардың зардаптарын жою жөніндегі басқармасының мәліметінше, елде табиғи апаттан қаза тапқандар саны 903 адамға жетті. Бұл туралы BBC хабарлайды.

Сонымен қатар Непалда 4200-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұр. Мемлекеттік БАҚ-тың мәліметі бойынша, көршілес Қытайда 16 адам қаза тауып, тағы 546 адам із-түзсіз жоғалған.

Өткен аптада су тасқыны басталған аймақтан төменірек орналасқан Непалдың Читван ауданының билігі жағалаудан табылған белгісіз мәйіттерді жерлеуге көшті. Мәйіттерді қоймас бұрын, кейін марқұмның жеке басын туыстарының генетикалық деректерімен салыстырып анықтау үшін ДНҚ үлгілері алынып жатыр.

Табылған 272 мәйіттің 200-ге жуығы жексенбі күні жерленді. Шенеуніктердің айтуынша, қалған мәйіттер де бүгін жерге тапсырылуы тиіс. Бұған дейін Читван билігі дененің қатты зақымдануына байланысты марқұмдардың аты-жөнін анықтау өте қиынға соғып жатқанын хабарлаған еді.

Непал полициясы әрбір жерлеу процесінің мұқият құжатталатынын жеткізді. Қабірлерге арнайы реттік нөмірлер бекітіліп, ДНҚ үлгілері мен марқұмдарды тануға көмектесетін барлық қолжетімді ақпарат сақталады.

Еске салсақ, 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасы маңында кенеттен басталған су тасқыны жойқын көшкінге ұласқан болатын. Су, балшық пен тас аралас жойқын ағын аңғарлар мен елді мекендерді шайып кетіп, үйлерді, жолдарды, көпірлер мен өзге де инфрақұрылымды талқандады.

Бұған дейін Непалдағы су тасқыны салдарынан 794 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.

Abai.kz

0 пікір