Жұма, 4 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 76 0 пікір 4 Қыркүйек, 2026 сағат 14:42

ҰБ базалық мөлшерлемені 16,25%-ға төмендетті

Сурет: nationalbank.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды реттеушінің баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ коридорымен жылдық 16,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім болжамды кезең нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағалауларына және инфляция тәуекелдерінің теңгеріміне сүйенеді», — делінген жұмадағы хабарламада.

Тамыз айында жылдық инфляция қарқыны 9,8%-ға дейін баяулағаны атап өтіледі.

«Дезинфляциялық үдеріс қатарынан 11 ай бойы жалғасып келеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Негізгі факторлар — жемістер мен көкөністердің айтарлықтай арзандауы, сондай-ақ импорттық бағалардың төмендеуі. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының қарқыны теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін баяулады. Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқынының біршама баяулауы есебінен 8,9%-ға дейін төмендеді. Айлық инфляция тамызда 0,6%-ды (шілдеде 0,6%), маусымдық факторлардан тазартылғанда — 0,9%-ды (шілдеде 0,7%) құрады. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды. Халықтың бір жыл алдағы инфляциялық күтулері шілдеде 13,4%-дан (маусымда) 12,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ҚОС (ҚӨС) мөлшерлемесінің жоғарылауы, ТҮКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының өсуіне қатысты алаңдаушылықтың азаюымен байланысты. Сонымен қатар күтулерде ЖЖМ бағасының өсу факторының ықпалы күшейді. Нарықтың кәсіби қатысушыларының 2026 жылдың соңына арналған күтулері 10% деңгейінде сақталып отыр», — деп нақтылады Ұлттық банкте.

Реттеушінің мәліметінше, сыртқы сектордағы жағдай турақсыз күйде қалып отыр.

«Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан қақтығыс энергия тасымалдаушылардың жоғары бағасын ұстап тұр және сыртқы инфляциялық қысымды күшейтеді. Бұл жағдайда жетекші орталық банктердің риторикасы катаң сипатын сақтайды. Әлемдік азық-түлік бағасы дәнді дақылдар мен өсімдік майлары есебінен біршама өсті, ал ет бағасы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет төмендеді. Ресейде инфляция орнықты болып қалуда. Жанармай нарығындағы іркілістер аясында проинфляциялық тәуекелдер сақталуда. Шілдедегі негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, Ресей Банкінің риторикасы қатаңдай түсті. ЕО-да инфляция негізінен энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі есебінен біршама жеделдеді. ЕОБ соңғы отырысында мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. АҚШ-та инфляция баяулады, бірақ мақсатты деңгейден жоғары болып қалуда. Осыған байланысты ФРС мөлшерлемені өзгеріссіз сақтайды», — делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 2026 жылға арналған инфляция бойынша болжам өзгеріссіз қалды: ол 9-11% аралығында күтіледі.

«Баға өсімінің баяулауына қалыпты қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нығайған бағамы ықпал етеді. Қосымша шектеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйектегі ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді. 2027 жылға арналған болжам сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін бағалар алғышарттарының қайта қаралуына, сондай-ақ фискалдық импульстің артуына байланысты 6,5–8,5%-ға дейін (бұған дейін 5,5–7,5%) жоғарылату жағына қарай қайта қаралды. Бұл ретте ақша-кредит саясатының жинақталған қатаңдығы инфляциялық қысымды шектеуді және баға өсімінің одан әрі баяулауына ықпал етуді жалғастырады. 2028 жылы сыртқы инфляциялық фонның қалыпқа келуі, фискалдық консолидация, ішкі сұраныстың қалыптасуы және қалыпты қатаң ақша-кредит шарттары аясында инфляциялық күтулердің төмендеуі шамасына қарай инфляция 5% мақсатына жуық тұрақталады», — деп толықтырды реттеуші.

Инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық жаққа қарай ауытқыған күйде қалатыны хабарланады. Негізгі тәуекелдер фискалдық импульстің күшеюі аясында ішкі сұраныстың кеңеюімен, тұрақсыз инфляциялық күтулермен, ЖЖМ бағасы мен ТҮКШ тарифтерінің одан әрі динамикасымен байланысты. Сыртқы тәуекелдер геосаяси шиеленістің ықтимал күшеюіне байланысты әлемдік азық-түлік және энергия тасымалдаушылар бағасының өсуімен түсіндіріледі.

«Базалық сценарийде 2026 жылға арналған ЖӨӨ (ЖҰӨ) өсімінің болжамы өзгеріссіз қалды және 4,5-5,5% деңгейінде бағаланады. Экономикалық белсенділікті квазифискалдық ынталандыру бағдарламаларын іске асыру және тұрақты тұтынушылық сұраныс аясында жоғары инвестициялық белсенділік қолдап отырады. Ұлттық банктің өткен болжамды кезеңінің алғышарттарымен және Үкіметтің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының алдыңғы параметрлерімен салыстырғанда, 2027 жылы фискалдық ынталандыру көлемінің артуы күтілуде, бұл инвестициялық және тұтынушылық белсенділікке қолдау көрсетеді. Бұл ретте ТШО-дағы жөндеу жұмыстарының 2026 жылдан 2027 жылға ауыстырылуы есебінен 2027 жылғы мұнай өндірудің әлсіз болжамды динамикасы ішкі сұраныстың кеңеюін ішінара теңестіретін болады. 2027 жылы ЖӨӨ өсімі 4,5% шегінде қалыптасады. 2028 жылы салалық және жүйелік реформаларды іске асыру әсерінен, жоспарланған фискалдық ынталандыруды кеңейтуден, сондай-ақ мұнай өндіру мен экспортты қалпына келтіруден 2028 жылы ЖӨӨ өсімінің 4-5%-ға дейін (бұрын 3,5-4,5%) жеделдеуі күтілуде», — деп хабарлады Ұлттық банкте.

Ағымдағы инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы осы шешім шеңберінде базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бергені атап өтіледі.

«Бұл ретте 2027 жылға арналған болжамды бағалаулардың қайта қаралуына әсер еткен проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюі жағдайында одан әрі төмендету кеңістігі шектеулі. Кейінгі шешімдер келіп түсетін инфляция деректеріне, оның болжамды траекторияға сәйкестігіне, ішкі сұраныс динамикасына, инфляциялық күтулерге және реттелетін бағаларға, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандырудың ауқымы мен әсеріне қарай қабылданатын болады. Ақша-кредит саясаты инфляцияны 2028 жылы орта мерзімді 5% мақсатына дейін төмендетуге бағытталады», — делінген хабарламада.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 805
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2136
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 540
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 517