Сейсенбі, 8 Қыркүйек 2026
Жаңғырық 1593 0 пікір 7 Қыркүйек, 2026 сағат 14:23

Орталық Азия өзгелерге жұтылып кетпесін десек...

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Бүгінде Орталық Азия тағы да айналасында тым көп нәрсе өзгере бастаған тарихи кезеңге тап болды: күш тепе-теңдігі, сауда жолдары, қауіпсіздік және ірі державалар арасындағы қарым-қатынас түбегейлі жаңаруда.

Мұндай кезеңдерде ішкі бөлшектенудің бағасы ерекше жоғары болады. Егер аймақтағы бес ел өзінің ортақ негіздерін өзі анықтауды үйренбесе, сыртқы күштер өз мүддесіне сүйене отырып, оны біздің орнымызға істейді. Сондықтан ортақ тарихымыз туралы пікірталас, сайып келгенде, өткен шақ туралы емес, болашақ туралы пікірталасқа айналады.

1991 жылдан кейін бес елдің әрқайсысы өз жолын таңдады. Біз әртүрлі экономикалық модельдерді, әртүрлі саяси жүйелерді таңдап, Ресеймен, Қытаймен, Батыспен және көршілерімізбен әртүрлі қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, әр ел өзінің өткенін қайта жинақтай бастады: өзіндік бастапқы нүктесін іздеп, ұлттық тарихи баянын (нарративін) қалыптастыруға кірісті.

Дегенмен, тіпті елдердің өз ішінде де бірыңғай нұсқа жоқ:

  • Қырғызстанда қырғыздардың қайдан шыққаны әлі де талқылануда: Енисей өзені бойынан ба, әлде қазіргі қырғыз қауымдастығы негізінен осында, Тянь-Шаньда қалыптасты ма?

  • Қазақстанда пікірталас қазіргі заманғы қазақ мемлекеттілігінің Алтын Орданың тікелей мұрагері екендігі төңірегінде өрбуде. Ескі тарихнамалық мектеп оны қазақ тарихынан бөліп, Ақ Орда мен Қазақ хандығына көбірек көңіл бөлген еді. Бүгінгі таңда Жошы ұлысынан қазақ мемлекеттілігіне дейінгі мұрагерлік сабақтастығы әлдеқайда сенімді түрде жүргізіліп келеді.

  • Өзбекстанда да осындай сұрақ туындайды: қазіргі өзбек мемлекеттілігі мен бірегейлігінің тамырын қайдан іздеген жөн? XV-XVI ғасырлардағы Шайбанилер мен көшпелі өзбектерден бе, Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихи баянда басты орынға шыққан Темір әулетінен бе, әлде Мавераннахрдың ежелгі өркениеттерінен бе?

  • Тәжікстанда Саманилер мемлекеті тәжік мемлекеттілігінің «алтын ғасырының» символы ретінде ерекше орын алды. Сонымен бірге, тәжік ұлты үшін ежелгі «арийлік» негіз идеясы дамыды. Мұнда тарих, сөзсіз, көршілес Өзбекстан тарихымен қиылысады, себебі ортағасырлық Мавераннахрды бүгінгі мемлекеттік шекаралармен нақты бөлу мүмкін емес.

  • Түркіменстанда бұл процесс, мүмкін, ең шұғыл (радикалды) сипат алды. С.Ниязовтың тұсында «Рухнама» ресми тарихи баянның негізіне айналды, ал Оғыз хан, ежелгі түркімендер мен эпикалық батырлар ежелгі дәуірден қазіргі түркімен мемлекеттілігіне дейін тікелей сабақтастық желісін жүргізу үшін пайдаланылды.

Осылайша, бүкіл аймақта «кімнің тарихы ежелгірек» деген жасырын бәсекелестік өршіп тұр. Кімнің мемлекеттілігі бірінші пайда болды, кімнің ұлы билеушісі шынымен «біздікі», кімнің халқы бұл жерде бұрынырақ өмір сүрді деген таластар толастар емес.

Алайда бұдан да маңыздырақ мәселе бар: Халықтың тарихи жасы қазіргі мемлекеттің сапасы, азаматтарының бостандығы, білімі, технологиясы немесе өмір сүру деңгейі туралы ештеңе айта алмайды. Осы жерде өрескел сұрақ туындайды: егер біз бәріміз соншалықты ежелгі, дана әрі ұлы болсақ, неге аймағымыздың айтарлықтай бөлігі әлі де салыстырмалы түрде кедей?

Мәселе өз тарихыңды сүюде емес. Өз өткеніңді құрметтеу мен зерттеу — табиғи құбылыс. Мәселе тарих «ежелгілік үшін бәсекеге» айналғанда және ортақ мұраны бөлшектей бастағанда туындайды:

  • Әмір Темір тек бір халыққа тиесілі болуы керек;

  • Саманилер — екіншісіне;

  • Алтын Орда — үшіншісіне;

  • Ұлы Жібек жолы — төртіншісіне.

Ал шын мәнінде бұл мемлекеттер, мәдениеттер мен сауда жолдары қазіргі заманғы шекаралар мен ұлт-мемлекеттер пайда болғанға дейін әлдеқайда бұрын өмір сүрген.

Кейде мұндай көзқарасқа бір халықтың екіншісінен ерекшелігін атап көрсеткісі келетін сыртқы зерттеу орталықтары, идеологтар мен тарихшылар от май тамызып отырады. Мұнда біз ерекше сақ болуымыз қажет. Бір Орталық Азия халқының екіншісінен тарихи тұрғыдан жоғары, өркениетті немесе маңыздырақ екенін дәлелдеуге тырысатын кез келген тұжырымдама, сайып келгенде, аймақты бөлшектеуге қызмет етеді. Бұл жерден тек қастандық іздеудің қажеті жоқ — «Бөліп ал да, билей бер» қағидасы сыртқы бақылаусыз-ақ іске аса береді, ол үшін өткенді өз арамызда шексіз бөліске салсақ та жеткілікті.

Жаңа кезеңдегі ортақ тарихи қажеттілік

Бізге 1991 жылдан кейінгі Орталық Азияның ортақ тарихын пайымдау қажет. Мұнда XV ғасырда қай ханның қайда билік жүргізгені туралы дауласудың реті жоқ. Біз бәріміз бір империядан бір мезгілде дерлік шығып, өте ұқсас мәселелерге тап болдық:

  1. Бірыңғай кеңестік экономика мен өндірістік байланыстардың күйреуі.

  2. 1990 жылдардағы өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуі, жекешелендіру және жаңа элиталардың пайда болуы.

  3. Төл валютамызды, армиямызды, дипломатиямыз бен мемлекеттік институттарды құру.

  4. Бұрынғы ішкі әкімшілік шекараларды мемлекеттік шекара ретінде айқындау, жаппай еңбек миграциясы.

  5. Жаңа тілдік және ұлттық саясатты іздеу, мемлекет пен дін қатынасы, радикализмнен қорқу.

  6. Сыртқы билік орталықтарына тәуелділік және климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, су ресурстарын бөлісу мәселелері.

Дегенмен, соңғы отыз бес жыл әр ел үшін әртүрлі өтті:

  • Тәжікстан азаматтық соғысты бастан кешірді.

  • Қырғызстан революциялар мен наразылықтар арқылы биліктің бірнеше рет ауысуын бастан өткерді.

  • Өзбекстан Ислам Каримов тұсындағы жабық жүйеден соңғы жылдары ашық аймақтық саясатқа өтті.

  • Түркіменстан саяси оқшауланудың ерекше моделін таңдады.

  • Қазақстан ұзақ мерзімді президенттік басқару жүйесін құрып, 2022 жылғы оқиғалар мен өзгерістерді бастан кешірді.

Көршілер арасында да қақтығыстар болды: жабық шекаралар, анклавтар, жер мен су үшін даулар. 2021 және 2022 жылдардағы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар шешілмеген шекара дауының қаншалықты қайғылы болатынын көрсетті.

БІРАҚ дәл осы себепті тарихымыздың жағымды беттерін де есте ұстаған жөн: 2025 жылы Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үш шекараның түйіскен нүктесін келісті. Онжылдықтар бойы шешілмей келген мәселелер ақырында аймақ елдерінің өз күшімен шешімін тапты. Осындай оқиғалар ортағасырлық билеушілер туралы шексіз даулардан да маңыздырақ.

Соңғы отыз бес жылдағы тарих — ең ежелгі ата-баба үшін бәсекелесетін бес халықтың емес, империя ыдырағаннан кейін өз бетінше мемлекет құру қажеттілігіне тап болған бес қоғамның тарихы.

Болашаққа көзқарас

Тарих тек ата-бабамыздың ұлылығын дәлелдеу құралы болмауы тиіс. Бұрын жіберген қателіктерімізді, арадағы келіспеушіліктерді сыртқы күштердің қалай пайдаланғанын түсіну және оның қайталанбауын қамтамасыз ету әлдеқайда маңызды.

Жеке-жеке алғанда, әрқайсымыз ірі билік орталықтарының жанындағы шағын немесе орта ел болып қала береміз. Бірлескен жағдайда Орталық Азия мүлдем басқа саяси, экономикалық және демографиялық салмаққа ие болады.

Орталық Азияның ортақ заманауи тарихын жазуды үйренсек, бұл мыңдаған жылдық өткенімізге де салауатты көзқараспен қарауға жол ашады. Сонда бізге бүгінгі шекараларды XV немесе X ғасырларға таңудың, тарихи тұлғаларға заманауи төлқұжат таратудың қажеті болмайды. Бұл кеңістікті ғасырлар бойы араласып, ықпалдасып келген халықтардың, мәдениеттер мен сауда жолдарының тоғысы ретінде қабылдай аламыз.

Қорытындылай келе, ортақ тарих бізге не береді?

  1. Түп-тамырды түсіну: Ғасырлар бойы сауда жасап, мәдени дәстүрлерді бірге дамытқан көршілер екенімізді ұғыну.

  2. Мәдени сабақтастық: Тілдік, музыкалық, аспаздық және діни ұқсастықтардың табиғатын түсіну.

  3. Шекараларға дұрыс қарау: Қазіргі картаның жақында қалыптасқанын және оның тарихи байланыстардан тереңірек екенін түсіну.

  4. Стереотиптерден арылу: Өткеннің күрделі болғанын және ол тек бір халыққа ғана тиесілі еместігін ұғыну.

  5. Ынтымақтастық орнату: Ортақ мұраны экономикалық, білім беру және саяси интеграцияның берік негізіне айналдыру.

Ортақ тарих біздің бірдей екенімізді білдірмейді, ол бізге ортақ мұрамызды да, ғасырлар бойы қалыптасқан ерекшеліктерімізді де қатар құрметтеуге мүмкіндік береді.

Керімсал Жұбатқанов,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық ғылыми-зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 974
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2493
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 678
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 651