Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Өнер тарихы 237 0 пікір 8 Қыркүйек, 2026 сағат 13:57

«Сұрайнал», «Айгөлек» биі неге Науаика (Науаи) атанды?

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

«Айгөлек-ау айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп...»

Бұл ежелден келе жатқан «сұрайнал» биінің халықтық жыр мәтіні, әрине жыр әуеннен тұрады, әуен деген күй, ал күй кейде биге арналғаны айтпасақ та түсінікті.

Осы би мен әуенді өз басым 1979 жылдар Қытайдың астанасы Бейжің телеарнасынан Алтайдың қыстық көріністері мен мұндағы халықтың тұрмыс тіршілігінен көрініс алуға келген адамдармен және мұндағы мәдениет саласындағы жұмыс істейтін адамдармен бірге жүріп, көрініс түсіру қимылдарына араласқан болатынмын. Әрине, жұмыс арасында мұндағы қонақжай елдің жайылған дастарханынан да қалмадық, арада Күрті ауылына қарасты Ертіс қыстағында бір инабатты ақсақалдың отбасында болдық. Мұнда ән айтылып, би биленіп арада бір ақсақал ортаға шығып «заманында ел арасында «Айгөлек биі деген би болғанын» айта келіп, бидің билену  қағидасына да тоқталып «Бір немесе көп адам толған Ай пішінімен дөңгелене, айланып билейтінін, мұнда ең маңыздысы билеушілер «аспандағы дөңгеленіп толған Айдан жақсылық тілейді» дегені әлі есімде.

1990 жылдар халықтық мұрағаттарын жинап жүріп жасы жетпісті еңсерген, (1947 жылдар Алтай аймағында «үш аймақ»  бір үкіметі құрылғанда «ән, би үйірмесінде» биші  болған  Кенжехан деген ақсақалдың «Айгөлек» биін билетіп кескінге алдым, Кенжехан ақсақал да «айгөлек» биінің тарихына тоқталып, «ежелде бұл биді «сұрайна» деп атайтынын ескерте кетті.

Ендеше «Айгөлек» биінің ежелде «Сұрайна» аталуының  төркіні тым арыда жатқанында ескерте кетуге тура келеді.

1941 жылы Әлішер Науаидың 500 жылдық мерейтойы Одақтық (КСРО) деңгейде атап өтілуі тиіс еді. Ұлы Отан соғысы басталып кетуіне байланысты бұл шара кейінге шегеріліп, Ташкентте 1948 жылы мамыр айында ресми түрде өтті.

Орталық үкіметтің тапсырмасымен Өзбекстанға барған қазақ өнері өкілдерін академик, композитор Ахмет Жұбанов бастап барды. Құрманғазы атындағы оркестр мен бір топ жеке орындаушылар Ташкенттегі салтанатты жиындарда өнер көрсетті.

Делегация құрамында халық әртісі, 80-нен асқан Дина Нұрпейісова да болған. Ол Ташкент сапарында өзбек ақыны Науаиға тағзым ретінде арнайы күй орындайды.   Дина Нұрпейісова апамыздың шертуінде (заманында Дина апамыз Құрманғазы Садырбайұлының шертуінен үйрендім дейтін)  халық ішінде сақталып келген «Науаика» күйін «Науаи» деп шерту бұйырылады.

Ендеше Құрманғазы бұл күйді неге «Науаика» деп шертті, ал Дина апамыз бұл реткі Өзбекстан сапарында қалайша «Науаи» деп шертуге» бұйырды? Деген сұрақ туындайды.

Құрманғазы бұл күйді «қашан, қайдан үйренді» дегенге анықтама жоқ, алайда «Қыпшақ, Ноғайлы кезінде Науан деген күйшінің дөңгелек Ай кезінде, ақ шағылы Ай нұрымен сағым ойнап жататын құм төбелердің басына шығып алып, сүттей жарық ай нұрымен сағым ойнап жалт-жұлт етіп жатқан құм арасында малына отырып осы күйді шерткенде пері қыздары мың бұралған биге басып  таң ата аққу болып ұшып кететін» аңызы айтылады,

Ендеше, бұл күйдің Ай толған кезде бұлайша биленуі Ай толған кезінде жаратушыдан осынау әлемге, мына адамзатқа тыныштық, бақыт тілеп биге басып тілек арнайды, осы арман тілектерді перілер  қауымы жаратушыға хабаршы болып жеткізуіне арналған-мыс. Бұлайша күй құдіретімен перілер қауымын шақырып алатын құдіретке ие Науандай күйшілер әулиелік деңгейде әлемнің тілсім сырын меңгеріп ғана қалмай оны домбыра, қобыз құдіретімен басқаларға да аңғарта білген, әне соның айғағы осы «Сұрайна» яғни «Сұрайнал» (айгөлек) биі еді.

«Сұрайнал» күйін Ғұндар, Сақтар елінен Қыпшақ, Ноғайлы еліне жалғасым тауып Құрманғазы бабамызға Науан күйшінің есімімен жеткен күй сол бір заманнан аз да болса мәлімет бергенін  Оралдық журналист, этнограф, музыка танушы, халықтық ән, күй жинап жүретін ақын Н. Ф. Савичов (1821 – 1885)  арнаулы Құрманғазы Садырбайұлына  1868 ж. жолығып мәлімет ала отырып, күйшінің өнеріне тамсана (Уральски войсковые ведомоствн» гәзеті  44 нөмірінде), өнер деңгейін естелікке алу барысында «Науанның шерткен күйі»  «Науайка» болып Құрманғазыға жетіп бүгінге жеткізгенін анықтайды.

Ал Өзбекстанда өтетін мәдениет фестивалына бұл күйдің «Науаи» болып шертілуі, мұндағы мәдени іс шараның бас кейіпкері Әлшір Науаиды (1441 – 1551)  еске түсіру мерей тойының дабырасын арттыру үшін делегация жауаптысы Ахмет Жұбановтың бұйыруымен атқарылып, Дина апамыз бұл күйді Ташкент сахнасында «Қазақстан халқының Науаиды еске алу сағыныш сазы» ретінде «Науаиға» арнау күйі болып шертілгендіктен «Науаи» күйі аталып келіпті.

Айтқандай, Дина апамыздың «Науаиға» арнаған «Науаи» күйі Өзбекстан халқы мен зиялыларының ыстық ықыласына ие болып, делегациядан мақтанышпен оралды. Осыдан бастап бұл күй «Науаика» емес «Науаи» болып шертіліп келеді.

Ал тарихи деректерге сүйенер болсақ  «айгөлек» биі сахара халқының айдың басы, ортасы, аяғы немесе Ай толу, Ай ортаю, Ай аяқтау мезгілінде табиғат пен тұтас мына адамзат, жан, жануар, жәнтіктердің де псхикасымен физиологиясына әсері болатындығын тіпті, бұл құбылыс адамдар тағдырына, табиғаттағы ауа-райының өзгерісіне де ықпалы айрықша екеніне дәлел келтіреді, Мысалы: «әйел затының Ай көруі осы айдың туылуы, ортаюына байланысты екенін, айдың ортасымен  толған кездерді әлемдегі жер асты, жер бетіндегі сулардың да ортайып, толысып, тасуы болатынын, осындай кездерде көшпенділер жорыққа, жортуылға, барымта, сырымталарға шығу, шықпау тұжырымын жасалатын болған, сондықтан ежелгілер Ай толған кезде мереке, мейрам ретінде қарап, той жасап, «сұрайна» немесе «айтолған», «толған ай» яғни «айгөлек» биін топтасып билейтін әдеттері бары айтылады.

Уақыт зымырап бұл күй, би болып халықпен бірге өшпей жалғасым тауып отырды, бәрінен де бұл би туралы халқымыздың өнер тарихында және бір айрықша тарихи естелік қалды, ол болса Қазақстан мен Қытай-КСРО мәдени байланыстарының шежіресінде анық сақталған тарихи фактты ескереміз. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылғаннан кейін, 1950-жылдардың басында КСРО мен Қытай арасында өте тығыз достық қарым-қатынас орнады. 1951 жылы Қытайдың Ұлттық мерекесіне (1 қазан — ҚХР құрылған күн) орай Пекинге КСРО-дан үлкен мәдениет және өнер делегациясы шақырылды.

Мыңжамал Шаяхметованың сапары және «Айгөлек» биі Күләш Байсейітованың орнына делегация құрамына Қазақ ССР Халық әртісі, белгілі биші Мыңжамал Шаяхметова қосылады.

Бейжиңдегі салтанатты концерттерде Мыңжамал Шайахметова өзінің репертуарындағы визит карточкасына айналған «Айгөлек» (халық әнінің ырғағына негізделген) биін орындайды.

Мыңжамал Шайахметова бұл сапарда тек Пекинде емес, Шанхай, Гуанчжоу сияқты Қытайдың ірі қалаларында өнер көрсетіп, қазақ би өнерін халықаралық деңгейде танытты.

Қазақ халқының байырғы биі «айгөлек» таныстырылып Меңжамал Шаяхметова (3) деген биші сақанаға билеп шыққанда бүтін сахна теңселіп, ҚХР төрағасы Мао Цздунның өзін тамсандырып, қасында отырған танымал ақын Лю Иаузыға қарап «шабытың келмеді ме?!» деп қалса керек, сонда Лю Иаузы майданда қолына қалам алып:

Жалын ағаш, күміс гүл,
Түні жоқ бүкіл аспанның.
Әпке-сіңілі, аға-іні,
Көрдік биге басқанын.
Дөңгеледі Айгөлек,
Шығандады асқақ үн… – деп тебірене жырлаған екен.

Лю Иаузының бұл өлеңінен шабыттанған Қытай перізенті Мао Цзэдунның да былай деп жыр жазады:

Түнеріп ұзақ тұрды түн,
Торлап елдің аспанын…
Бес жүз миллион халықпыз,
Қоса алмаған бастарын.
Шырқасымен әтештің,
Нұрланды асты аспанның.
Ән-күйіне бар ұлттың,
Бұйтиян (1) сазы қосқан үн
Шалқып ақын ерекше,
Ағытты жыр тасқынын».

Міне, осылайша халқымыздың тарихы тым арыда жатқан «Сұрайнал», «Айкөлек» атанып келген біи Бейжіңде Қытай көсемінің назарына ілініп, қайтадан жаңғырып халқымызды бір көтеріп тастағаны бар еді.

Халқымыздың күйі әрі биі болып келген  «Сұрайна», Айгөлек» биі талай ғасырларды бастан кешіре жүріп бүгін өз орынын тауып отыр деуге болады. Ол әсте «Науай» да «Науайка» күйі емес, ежелде «Сұрайнал» кейін «Айгөлек» күйі әрі биі еді.

Осы арада оқырманға бір нәрсені ескерте кеткенімен де артықтығы болмас деп түсінемін.

Біз қолымыздағыны біреуге беруге дайын тұратынымыз ғажап, мақаламызға тиек болып отырған «Науаи» күйі Өзбекстанда шертілгенде бір бөлім Өзбек зиялылары «мына күйде ежелгі парыстық мұқамның сарыны бар екен, Қазақтар жеңілдетіп күй етіп алған екен» деген аңыстар білдіргені бар еді, әне содан бері біздің зиялыларымыздың арасында да бұл күйді басқа елден сыбысы да естілмей талай замандардан бері Қазақ даласында шертіліп келе жатқанын, күйді кімдер шертіліп, бүгінге жеткізіп отырғанын біліп отырса да және сол басқалардың ығына жығылып «орта азиядағы Әзербайжан, Иран, Парсылық негіздегі Шығыс музыкасының «науаи» немесе «наво» деген мақам негізіндегі әуен сарына бар күй» деп «сиырдың мұрынын жұдырықпен тескендей» тұжырым жасайтыны күлкілі жәйітті қояр емес, егер мұндайларға түсіндіргің келсе «рас, домбыраға лайықтап, күй түріне түсіріп алған шеберлігін мойындауға болады»  дейтінін қайтесің, міне мұндайлар өз мәдениетінен танып жеткенің орынына, «төлінен жеріген хайуандай» өз мәдениетінен қожырап «қара жорға біздікі емес», «науырыз Парсыныкі», «беташар Араптан» келген деп арпалысады да, ғылыми тұжырым жасауды мүлдемге ұмытады, сондықтан осындайларға бақытың басыңды айландырып, балаңнан үріксең де, халықтық құндылықтарымызды басқаға меншіктеп абырой жинап, мәртебе алғандарыңызды тиыңыздар дегенді ескерте кетуге тура келеді.

Ескерту:

1. 1947 жылдарда Шинжаңда Алтай, Тарбағатай, Іле өңірі «үш аймақ» аталған болатын.

2. Музыка аспабы.

3. Тарихшы Әлімжан Мақұловдың анықтауында Мыңжамал 1958 жылдары Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп Т. Рысқұлов ауданы. Жақсылық ауылының мәдениет үйінде тұрған.

Ардақ Үсейінованың мәліметінде: Тельман  (қазіргі Қ. Сұлтанбеков атындағы орта мектепте) кітапханашы болып істесе, одан кейін: ауыл шаруашылық машиналарын дайындау техникумда жастарға би үйреткенін айтады.

1970 жылдар Алматыға көшіп келгенінде анықтап, одан ары мәлімет ала алмаған.

Байахмет Жұмабайұлы,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан тарих және қоғамдар ғылым академиясының академигі, Қатай мемлекеттік жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 992
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2541
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 698
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 669