2026 жылғы Азиаданың ашылуы қалай өтеді?
19 қыркүйекте XX жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді. Басты шоу Жапонияның тарихы мен мәдениетін, заманауи технологияларды, стадиондағы жанды қойылымдарды және құрлық спортшыларының біртұтас жүрек соғысы идеясын бір арнаға тоғыстырады. Olympic.kz алдағы салтанат туралы белгілі болған мәліметтерді ұсынады.
Кештің негізгі алаңы жаңартылған Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium болады. Мұнда Азия елдерінің спортшылары мен Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері жиналады. Негізгі салтанат жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталып, шамамен екі сағатқа созылады. Көрермен үшін стадион есігі 13:30-да ашылады. Ал 16:00-де ресми бөлімнің алдында арнайы WARM-UP STAGE бағдарламасы басталады.
Ұйымдастырушылар сценарийдің басым бөлігін әзірге құпия ұстап отыр. Негізгі өнерпаздардың есімдері, кейбір қойылымдардың мазмұны және алауды алып шығатын соңғы спортшы әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен ашылу салтанатының тұжырымдамасы мен шоуға негіз болатын басты ұстанымдар белгілі.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Азияның біртұтас жүрек соғысы
Салтанат Harmonic Heart Beat деп аталады. Ол Азия және Пара Азия ойындарының HEART BEAT Aichi-Nagoya атты ортақ шығармашылық тұжырымдамасының бір бөлігі.
Бұл идея спортшының жүрек соғысына негізделген. Әр қатысушының өз ырғағы, сезімі, тілі мен мәдениеті бар. Алайда ойындар кезінде осы ерекшеліктердің барлығы бір спорттық кеңістікте тоғысуы тиіс. Жүрек бейнесі бүкіл шоу бойы негізгі желі ретінде көрініс табады. Ол музыка, қимыл-қозғалыс, сахналық шешімдер мен жүрек соғысының дыбысы арқылы жеткізіледі.
Бұл идея Азия ойындарының басты ұраны – IMAGINE ONE ASIA ұранымен де үндеседі. Оның өзегінде де спорт арқылы құрлық елдерінің бірлігін көрсету мақсаты жатыр.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Жапония, Аичи және Нагоя
Көркем бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – көрерменді ойындарды қабылдап отырған өңірмен таныстыру. Ұйымдастырушылар салтанат арқылы Жапонияның, Аичи префектурасы мен Нагоя қаласының тарихын, мәдениетін және бүгінгі келбетін таныстыруды көздейді.
Қойылымда өңірдің тарихи және мәдени мұрасы қазіргі Жапонияның бейнесімен үйлеседі. Аичи мен Нагоя ел тарихы мен дәстүрлі мәдениетімен тығыз байланысты. Сонымен қатар өңір қазіргі Жапониядағы ірі өнеркәсіптік және технологиялық орталықтардың бірі. Дәстүр мен жаңа технологиялардың сабақтастығы Аичи-Нагоя-2026 ойындарын дайындау барысында негізгі ерекшеліктердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Сонымен бірге ашылу салтанатын әзірлеушілер бүкіл қойылымды ауқымды бейнепроекцияларға негіздеуді көздемейді. Стадион кеңістігі негізінен сахнадағы әртістердің қимыл-қозғалысы, жалаулар және басқа да қойылым элементтері арқылы жанданады.
Заманауи технологиялар салтанаттың маңызды бөлігі болып қала береді. Алайда олар стадиондағы жанды әрекетті алмастырмай, оны толықтыра түсуі тиіс.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Салтанаттың өзегінде – спортшылар
Ашылу салтанатын дайындауда спортшыларды бірінші орынға қойып отыр. Бұл әсіресе делегациялардың дәстүрлі шеруін ұйымдастырудан анық байқалады.
Ұйымдастыру комитетінің қазіргі мәліметіне сәйкес, спортшылар стадионға спорт түрлеріне қарай жасақталған автобустармен келеді. Арена маңында олар ұлттық делегацияларға бөлініп, алаңға шығуға дайындалады.
Спортшылардың күтуіне стадионға жақын орналасқан жабық орын қарастырылған. Бұл шеруге дайындық уақытын қысқартуға және ауа райына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Делегациялар алаңға шыққаннан кейін спортшылар арнайы бөлінген орындарға жайғасып, бағдарламаның қалған бөлігін тамашалай алады.
Осылайша ұйымдастырушылар қатысушыларға түсетін салмақты азайтуды көздейді. Әсіресе ашылу салтанатынан кейін көп ұзамай жарысқа шығатын спортшылар үшін бұл маңызды.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Ойындардың басты аренасы
Ашылу салтанаты Аичи-Нагоя-2026 ойындарының басты аренасы – Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. Азия және Азия пара ойындары қарсаңында стадион толықтай жаңғыртылып, 2026 жылдың көктемінде қайта пайдалануға берілді.
Трибуна шамамен 30 мың көрерменге арналған. Көрерменге арналған барлық тұрақты орындар шатырдың астында орналасқан. Бұдан бөлек, мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдарға арналған шамамен 300 орын қарастырылған.
Аренада ұзындығы 400 метр тоғыз жолақты жеңіл атлетикаға арналған жарыс жолы және табиғи шөп төселген алаң бар. Ойындар аяқталғаннан кейін де стадионда жеңіл атлетика, футбол және басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Ал Азия ойындары кезінде мұнда ашылу және жабылу салтанаттары мен жеңіл атлетика сайыстары ұйымдастырылады.
Осылайша 19 қыркүйекте жаңартылған арена алғаш рет құрлықтағы басты спорттық доданың орталық алаңына айналады.
Нагояда өскен режиссер
Ашылу және жабылу салтанаттарының бас режиссері – Юкихико Цуцуми. Ол балалық шағын Нагояның Тикуса ауданында өткізген. Цуцуми кино, теледидар және театр режиссері ретінде танымал. Оның шығармаларының қатарында «TRICK», «SPEC» және «20th Century Boys» кинотрилогиясы бар.
Ол Азия ойындарымен бұған дейін де жұмыс істеген. 2023 жылы Цуцуми Ханчжоуда өткен Азия ойындарының жабылу салтанатында Аичи-Нагояның таныстырылымына жауап берді. Сол кезде Жапония келесі ірі көпсалалы спорт додасын өткізу эстафетасын қабылдаған болатын.
Енді оның командасы өз елінде өтетін ойындардың толыққанды ашылу және жабылу салтанаттарын әзірлеп жатыр. Қойылымда жергілікті мәдениет, заманауи технологиялар және жүрек соғысы тақырыбы бір арнаға тоғысады.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Шеруден Азия ойындары алауының жағылуына дейін
Жаңа режиссерлік тұжырымдамаға қарамастан, ашылу салтанатының ресми бөлігінде дәстүрлі құрылым сақталады.
Бағдарламада спортшылар шеруі, Жапонияның мемлекеттік туын көтеру және елдің әнұранын орындау, ұйымдастыру комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесі өкілдерінің сөз сөйлеуі, ойындарды ресми түрде ашық деп жариялау, АОК туын көтеру және қатысушылардың ант беру рәсімі өтеді. Ресми рәсімдер көркем қойылымдармен кезектесіп отырады.
Салтанаттың шарықтау шегі Азия ойындарының алауын алып келіп, қазанды жағумен аяқталады. Алау эстафетасы Аичи префектурасының 40 муниципалитетін, соның ішінде Нагояның барлық 16 ауданын қамтиды. Эстафетаның соңғы бөлігі басты аренада аяқталып, ашылу салтанаты кезінде алау сол жерде арнайы қазанда жағылады.
Алауды соңғы болып алып шығатын спортшының кім екені және қазанды қалай жағатыны әзірге құпия сақталуда.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Ашылу күні
Mizuho Park маңындағы Азия ойындарының атмосферасы негізгі салтанат басталғанға дейін-ақ қалыптаса бастайды.
Кешен аумағында қабылдаушы өңірге арналған мәдени бағдарлама ұйымдастырылады. Қонақтарға Аичидің дәстүрлі өнері, жергілікті қолөнер бұйымдары мен өнімдері, ұлттық тағамдары, би және фольклорлық қойылымдар, жапониялықтардың дәстүрлі барабан өнері мен шай рәсімі таныстырылады.
Стадион көрермен үшін 13:30-да ашылады. 16:00-де WARM-UP STAGE басталады. Шамамен 16:00-ден 17:20-ға дейін аренаға кіруге уақытша шектеу қойылады. Ал негізгі ашылу салтанаты 18:00-де басталады.
19 қыркүйектегі тағы бір маңызды оқиға – Жапонияның Әуе өзін-өзі қорғау күштері Blue Impulse авиациялық тобының әуедегі көрсетілімі болмақ.
Бұл көрсетілім Аичи префектурасында Азия ойындарына байланысты іс-шаралар аясында өтетіні ресми түрде жарияланған. Алайда ұшудың нақты уақыты мен бағыты әзірге айтылған жоқ. Сондықтан оның стадиондағы ашылу бағдарламасымен тікелей байланысы әзірге расталмаған.
Blue Impulse Жапониядағы ірі мемлекеттік және спорттық іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Мәселен, топ Токиодағы Олимпиада ойындары кезінде де әуеде көрсетілім ұйымдастырған.
Жапонияның ойын-сауық индустриясынан ойындармен байланысы бар танымал тұлғалардың қатарында INI тобының мүшесі Такэру Гото да бар. Ол Азиада-2026 ойындарының ресми елшілерінің бірі. Алайда INI тобының ашылу салтанатына қатысатыны әзірге расталған жоқ.

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.
Осылайша негізгі рәсім басталғанға дейін-ақ басты аренаның айналасында ірі спорттық әрі мәдени шараның атмосферасы қалыптасады. Ал кешке режиссерлік топтың ойластырғанындай, спортшылар, қабылдаушы өңірдің мәдениеті, заманауи технологиялар, музыка және жанды қойылымдар бір идея – Азияның біртұтас жүрек соғысы төңірегінде тоғысады.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Бағдарламаға 43 спорт түрі және 71 дисциплина енгізілген. Барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы сапында шамамен 560 спортшы бақ сынайды.
Abai.kz