Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 130 0 пікір 17 Қыркүйек, 2026 сағат 15:39

Денис Тен турниріне 25 елдің фигуристері келеді

Сурет: gazeta.ru сайтынан алынды.

Биыл бұл турнирдің мәртебесі өзгерді.

7-10 қазан аралығында Алматыдағы «Halyk Arena» мұз айдынында фигуралы сырғанаудан өтетін VIII Denis Ten Memorial Challenge 2026 халықаралық турнирі ұйымдастырылады. Биыл бұл жарыс 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series күнтізбесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл туралы Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында турнирдің оргкомитет жетекшісі әрі «Денис Тен қорының» директоры Оксана Тен мен жарыстың баспасөз хатшысы Ботагөз Алдоңғарова хабарлады.

Турнирге әлемнің 25-тен астам елінен (соның ішінде АҚШ, Франция, Германия, Канада, Венгрия, Оңтүстік Корея және Жапония бар) 150-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Еске алу кешінен басталған турнир әлемдік серия кезеңіне қалай айналды?

Оксана Теннің айтуынша, турнир өткен жылдар ішінде үлкен жолдан өтті: ол Денис Тенді еске алуға арналған жергілікті жарыстан басталып, толыққанды халықаралық стартқа айналды. Жарыс 2019 жылдан бері өткізіліп келеді және бастапқыдан-ақ үш негізгі міндетті қатар атқарады: спорттық нәтижелер, халықаралық байланыстар және ел ішінде фигуралы сырғанауды дамыту.

«Біз үшін Денис Тенді еске алу тек оның өнер көрсеткен сәттері мен жетістіктерін еске түсірумен ғана шектелмей, нақты іс арқылы көрініс тапқаны маңызды. Ол — халықаралық турнир өткізу, спортшыларды қолдау және фигуралы сырғанауды одан әрі дамытуға мүмкіндіктер жасау», — деп атап өтті ол.

Денис Теннің өзі Олимпиада тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық фигурист ретінде тарихта қалды (Сочи-2014 Олимпиадасының қола жүлдегері). Оның спорттық мансабында 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесі, 2015 жылғы әлем чемпионатының қоласы, Төрт құрлық чемпионатының титулы, сондай-ақ Азия қысқы ойындары мен Универсиададағы жеңістері бар.

ISU Challenger Series сериясына ену турнирдің беделін айтарлықтай арттырады. Енді оның нәтижелері ISU жүйесінде тіркеледі, ал фигуристер халықаралық рейтингте есепке алынатын ұпайларды жинауға мүмкіндік алады. Жарыстарға ISU аккредитациясынан өткен мамандар төрелік етеді, ал турнир федерацияның ресми ережелері бойынша өтеді.

Негізгі жарыстарға кіру тегін болады, сондай-ақ көрермендерге негізгі өнер көрсетулерден бөлек, спортшылардың жаттығуларын тамашалауға да мүмкіндік беріледі.

«Турнирдің тек кәсіби спорт қауымдастығы үшін өтіп қоймай, жастар мен студенттерді де қызықтырғанын қалаймыз. Оларға жоғары деңгейдегі фигуралы сырғанауды өз көздерімен көріп, үлкен спорттың атмосферасын сезінуге мүмкіндік бергіміз келеді», — деді Ботагөз Алдоңғарова.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирдің тікелей трансляциясын 56 елде тамашалайды. Кесте, нәтижелер және жаңалықтар Denis Ten Foundation ресми әлеуметтік желілерінде жарияланып тұрады, ал журналистер үшін аккредитация мен ақпараттық қолдау ұйымдастырылған.

Турнирдің қорытынды бөлігі 10 қазанда өтеді: оған соңғы өнер көрсетулер, марапаттау рәсімі және жеңімпаздар мен әлемдік фигуралы сырғанау жұлдыздарының қатысуымен өтетін Gala Show кіреді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1283
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2832
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 935
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 878