Жұма, 18 Қыркүйек 2026
Мәдениет 246 0 пікір 18 Қыркүйек, 2026 сағат 14:31

Ешкім

Сурет: livejournal.com сайтынан алынды.

Кино тарихында күн сайын жаңа фильмдер мен жаңа идеялар жарық жылдамдығындай бір-бірімен жарыса дүниеге келіп жатыр. Өйткені кино – ешқандай шектеуді білмейтін уақыт есігі. Сол есіктен өтіп, өткенге де, келешекке де, тіпті ғаламның қалаған нүктесіне де жете аласың. Ал бұл әлемдегі ең алпауыт қару – қиял.

Осы тұрғыдан алғанда, Джордж Р. Р. Мартиннің «Мұз бен от жыры» романдар желісі бойынша түсірілген америкалық «Тақтар таласы» телесериалы да көрерменді қиял мен шындықтың арасындағы шекарасы көмескі әлемге алып келеді. Фэнтези жанрындағы бұл туындыда жеті патшалықтың тағдыры, билік үшін күрес, адам мінезі мен пенделік болмыс қатар өріледі.

«Тақтар таласы» – тек Жеті патшалықты билеу мәртебесін беретін тақтың айналасындағы талас емес. Мұндағы әрбір кейіпкер мен әрбір оқиға бір-бірімен тығыз байланысты. Сериалда ерлер мен әйелдер арасындағы гендерлік мәселелер де, нәпсінің ауыздықталмаған көріністері, әйел табиғатына қатысты қоғамның сан алуан көзқарасы да кеңінен көрсетіледі. Әйелдің тұрмыстағы орны, күнделікті тірлігі, қолөнерге жақындығы, нәзік жаратылысы туралы қалыптасқан түсініктер жиі алға шығады.

Алайда осы қалыптасқан көзқарастардың бәріне өзіндік болмысымен қарсы тұрған кейіпкерлердің бірі – Арья Старк.

Арья Старк – Уинтерфелл лорды Эддард Старк пен Кейтилин Старктың екінші қызы. Оның өзгелерден басты ерекшелігі – бала күнінен леди болуға еш қызықпағаны. Қазақша айтқанда, ол «еркекшора». Сериалдың алғашқы маусымынан-ақ Арьяның қалыпты қыз баласына тән қылықтарға аса құлықты еместігі байқалады. Садақ атуды, ағаш қылышпен жаттығуды, ер-азаматтарға тән саналатын жауынгерлік өнерді үйренуді ұнатады. Оның қызығушылығы әкесіне алғашында онша ұнай қоймайды. Бірақ Эддард қызының таңдауына құрметпен қарап, оны қолдайды. Тіпті оған «би сабағын» үйрететін ұстаз – семсерлесу шеберін жалдайды.

Арьяның ең үлкен қаруы – «Ине». Бұл оған ағасы Джон Сноудың сыйлаған қылышы. Аты «Ине» болғанымен, ол жай ғана ине емес еді. Кішкентай ғана қылыштың жүзіне үлкен тағдыр мен үлкен кек сыйып тұрғандай.

Осыдан кейін Старк әулетінің қанды күндері басталады. Әкесімен бірге астанаға барған екі қыз оның басының кесілгеніне куә болады. Бір сәтте олардың бала күнгі әлемі ойран болып, екі қыздың да тағдыры тәлкекке түседі. Арьяны әкесінің танысы ешкімге көрсетпей қаладан аман алып шығады. Осы сәттен бастап ол ер бала кейпінде өмір сүре бастайды.

Бұл өзгеріс оның санасында мүлде жаңа Арьяны дүниеге әкелді. Ол өз өміріне енді ешкімнің емес, өзінің ғана жауапты екенін сезінген күннен бастап кек алатын адамдардың тізімін жасайды. Бұл тізім біртіндеп оның жан дүниесіне сіңіп, жас қыздың мінезін қатайта түседі. Ол бала күнгі аңғал әнрі тентек Арьядан біртіндеп тағдырдың салмағын арқалаған қайсар қызға айналады.

Бір жолы құлдықта жүрген кезінде өзі көмектескен бейтаныс адам оған алғыс ретінде тиын беріп, қажет болса үш адамды өлтіруге көмектесетінін айтады. Осы бір сәттен кейін Арьяның «Ешкімге» айналу сапары басталады. Бірақ оның бұл сапарының қайда апарарын сол кезде Арьяның өзі де білмейді.

Кейін оның жолсерігіне айналған адам – әкесі Эддард Старкты өлімге қиған қатыгез король Джоффридің оққағары болған Сандор Клиган, яғни Ит еді. Ит сырт көзге жауыз әрі қатал қанішер адам. Бірақ оның өзі де бір кездері зорлық-зомбылық көрген қатардағы сарбаз. Отбасынан айрылған Арьяны барынша қорғады. Алғашқы ұстазды болды. Екеуінің арасында ерекше байланыс орнады. Ол байланыс әділетсіздікке бойсынудан бастартқандардың ұраны іспетті еді. Ит оны отбасына қосу үшін соғыс майданында жүрген ағасы мен анасына апармақ болды. Бірақ Арья анасы мен ағасына жетуге ұмтылған кезде, тағы бір қасіретке – Старк әулетінің «Қанды тойда» қырылғанына куә болады. Арьяның шын мәніндегі өзгеру кезеңі осы қырғыннан кейін басталды. Осы оқиға оның санасына кек алу сезімін мызғымас тас секілді қатырып тастады.

Арьяның қыз болып жылауға да мұршасы болмады. Өмір оған қайғысын көтеруге уақыт бермеді. Бәлкім, адам өзін ең қорғансыз сезінген сәтте ғана шын мәнінде өзгеруге мәжбүр болатын шығар.

Маған ерекше әсер еткен сәттердің бірі – Арьяның «Ешкім» болу үшін храмға кірген кезі. Кейде тіршіліктің мәні адам атына, мансабына, басынан өткерген қиындықтары мен қуаныштарына ғана тіреліп тұрғандай көрінеді. Қайғы-қасірет, қуаныш, тіпті махаббаттың өзі – егер адам өміріне мәңгілік өлшеммен қарасақ, уақыттың ұлы кеңістігінде қаншалықты маңызды? Бәлкім, біз аса қастерлеп жүрген дүниелердің бәрі уақыт алдында түкке тұрмайтын шығар?

Арья өзі сенген құдайларынан біртіндеп айырылған кезде, оның санасында өзгермейтін жалғыз шындық қалды. Ол – ажал.

Ажал – өзгермейтін, бәрімізге бірдей келетін жалғыз шындық. Маған осы ой ұнайды: біз ешкім емеспіз, ешкім бола алмаймыз және ақыр соңында бәрібір ешкімге айналамыз. Өйткені адам өмірінде ештеңе тұрақты емес. Уақыт адамзат тарихын бір белбеумен буып ұстап тұрған жоқ. Ғарыштық кеңістіктің биігінен қарағанда, адамзат үшін аса ұзақ саналатын бір ғасырдың өзі көзді ашып-жұмғандай ғана сәт.

Ал Арья өз ішіндегі бұрынғы менін өлтіріп, «Ешкімге» айналды. Ол өз кегін алды. Бірақ сол кекпен бірге бұрынғы Арья да өзгерді. Ол туған үйінде қалмайды. Сүйген жігітіне тұрмысқа шықпайды. Өзінің ішіндегі Арьяны бір бетперде секілді сақтай отырып, өз жолына, өз шайқасына аттанды.

Ал оның шайқасы патшалықтар арасындағы қарапайым билік таласы емес. Ол өлілер мен тірілер арасындағы ұлы шайқаста өзіне жүктелген міндетті орындады. Көгілдір көзді жойды. Бірақ ол үшін қаһарман атануға ұмтылған жоқ.

Ол – «Ешкім» болды.

Мүмкін, ең үлкен еркіндік те, ең үлкен бақыт та осында шығар.  Ешкім болу – ешкімге тәуелді болмау. Ешкімнің үмітіне байланбау. Ешкімнің бағасына мұқтаж болмау. Өз жолыңды өзің таңдау. Меніңше, Арья ақырында өз ішіндегі тыныштыққа жетті. Ал адам өз ішіндегі тыныштықты тапқан кезде, оны сыртқы дүниенің ешбір дауылы бұза алмайды.

Нұржан Думанқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1311
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2877
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 968
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 902