Іздеген қызымыз табылды!
Кеше ғана «Қытай сақалға жол жапты» атты мақала шығардық...
Сонда құнды жазбасын қалдырған «ағылшын тілі мұғалімі Жанна» деп қол қойған авторға іздеу салған едік. Бірақ, таппаған соң, материалдың өзектілігіне байланысты жұмбақ қыз Жаннаның жазбасын мақалада со қалпында жарияладық. Мақала қызу оқылып жатыр.

Сурет: Abai.kz скрині.
Содан біршама уақыттан соң, «Аға, сәлеметсіз бе? Жанна мен боламын» деп жазған сәлемдеме келді, іздеген қызымыз табылды. Қарасақ, ол Алматыда « Alem Centre Arai» ЖШС Бас директоры, балаларды ағылшын тіліне үйрету мектебінің жетекшісі әрі ұстазы Жанна Есеналы болып шықты.
Қыз табылған соң, одан сайтымыздың оқырмандарына өзін таныстыруды өтіндік. Жанна төмендегі жазбасын жіберіпті, назарларыңызға ұсынамыз:
Мен 15 жыл бойы Алматыда тілдер үйрететін оқу орталығын басқарып келемін әрі осында ағылшын тілінен және шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ беремін.
Бұл менің маңдай теріммен құрған жеке кәсібім, маған сеніп жұмыс істеп жатқан қаншама оқытушының құтты шаңырағы.
Шынымды айтайын, осы жылдар ішінде түйгенім өте көп. Тіл үйретуші маман іздеп, хабарландыру бергенде әңгімелесуге (собеседование) небір адамдар келеді. Бірақ есікті ашып, ішке арабтың қара тұмшасын жамылып, хиджабпен кіріп келгендерді көргенде, көзқарасым кілт өзгереді.
Амандасып, жөн сұрасқан соң: «Ренжімеңіз, мынадай кірме киіммен, бөгде идеологиялық атрибутпен сізді жұмысқа ала алмаймын», - деп бірден шығарып саламын. Кейін тіпті хабарландырудың өзіне нақтылап жазатын болдым: «Оранып, тұмшаланып жүргендер мазамды алмасын!»
Сонда мен мұны не үшін айтып отырмын?
Менің орталығым арабтың ортағасырлық догмаларын немесе сектанттық түсініктерді таңайын деп отырған медресе емес. Ол ғылым мен білімнің, өркениеттің ошағы.
Тіл үйренуге сенім артып келген әрбір өскелең ұрпақтың, әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен сана тазалығы үшін мен ең алдымен өзімнің ар-ожданым мен абыройымның алдында баспен жауап беремін!
Маған сеніп тапсырылған өзгенің өрімдей баласына оқытушыларымның сапалы сабақ емес, бөгде ағымның уағызын айтып, санасын улауына, болашағына балта шабуына ешқашан жол бермеймін! Білім ордасының киелі табалдырығын діни үгіт-насихаттың алаңына айналдыруға құқығым да, моралдық хақым да жоқ.
Бізге ғылымды, заманауи технологияны, әлемдік тілдерді меңгерген, санасы ашық, өркениетті мамандар керек. Жастардың санасын кішкентайынан кірме догмалармен улап, «оранбасаң күнәһарсың» деген қорқынышпен өсіру елдің болашағына жасалған шабуыл.
Кәсіп иесі және оқытушы ретінде де, Қазақстан Республикасының патриот азаматы ретінде де айтарым жалғыз: Біздің жолымыз арабтану емес, білім, ғылым және егемендік!
Ата Заңымыз үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Сіздерге құрметпен: Жанна Есеналы
Мақаланы дайындаған Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz