Машина жасау жаңа деңгейге көтерілді: саладағы өндіріс 21,2%-ға өсті
Қазақстанда машина жасау саласының өндіріс көлемі 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,2%-ға артты. Салада 68 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Автомобиль, теміржол және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, отандық өнімнің үлесін арттыруға басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Машина жасаушылар күніне арналған шолу материалында айтылды.
Қазақстанда Машина жасаушылар күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Биыл кәсіби мереке 27 қыркүйекке сәйкес келеді. Машина жасау елдің өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі бағыттардың біріне айналып, автомобиль және теміржол техникасынан бастап ауыл шаруашылығы машиналары, электр жабдықтары, тұрмыстық техника мен өнеркәсіптік құрал-жабдықтарға дейінгі өндірістерді қамтиды.
Өндіріс қарқыны артты
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда машина жасау саласында 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеген
2026 жылдың алғашқы сегіз айында саладағы өндіріс көлемі бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 21,2%-ға жоғары болды. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жалпы өсімі 8,4%-ды құраған.
Автомобиль жасау өндірісіндегі өсім 27,7%-ға жетті. Бұл жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техникалар өндірісінің артуымен байланысты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 12,9% болды. Салаға салынған негізгі капитал инвестициясы шамамен 30%-ға өсіп, 376,6 млрд теңгені құрады.
Қазақстанда жаңа автомобиль зауыттары ашылды
Соңғы жылдары Қазақстанда машина жасау өндірісі қарапайым құрастырудан толыққанды өндірістік циклге қарай бет алып келеді. Кәсіпорындарда дәнекерлеу, бояу, механикалық өңдеу және автокомпоненттер шығару сияқты операциялар игерілуде.
2025 жылы Қостанай облысында Kia Qazaqstan зауыты іске қосылды. Жобаға 131,5 млрд теңге инвестиция салынып, жылына 70 мың автомобиль өндіруге мүмкіндік беретін қуат құрылды. Кәсіпорында шамамен 1,5 мың жұмыс орны ашылды.
Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan көпбрендті зауыты пайдалануға берілді. Кәсіпорын Chery, GWM және Changan автомобильдерін өндіреді. Жобаға 182 млрд теңге инвестиция тартылып, өндірістік қуаты жылына 120 мың автомобильге дейін жетеді. Мұнда шамамен 3,6 мың жұмыс орны құрылған.
Автокомпоненттер өндірісін дамытуға да назар аударылуда. Қазақстанда мультимедиялық жүйелер, климаттық модульдер, еден жабындары мен автомобиль орындықтарын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Теміржол және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі
Теміржол машина жасау саласында Wabtec, Alstom және Stadler сияқты халықаралық компаниялардың қатысуымен өндірістік база қалыптасқан.
2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол машина жасау өнімдерінің көлемі 734 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 22,5%-ға өскен. Осы кезеңде 114 локомотив және әртүрлі типтегі 3 068 вагон өндірілді.
Астанада Stadler Kazakhstan зауыты жылына 100 жолаушылар вагонына дейін шығара алады. 2030 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» үшін 557 вагон жеткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы машина жасау саласында да жаңа өндірістер іске қосылуда. «АгромашХолдингKZ» базасында John Deere техникасын шығару басталып, Valley жаңбырлатқыш машиналарын өндіру бойынша оқшаулау жұмыстары жүргізілуде.
Салада 68 мыңнан астам адам жұмыс істейді
Қазақстан машина жасаушылар одағының Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап келтірген мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында салада 68,3 мың адам еңбек еткен.
Олардың ең көп бөлігі машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату саласына – 30,4 мың адам, машиналар мен жабдықтар өндіруге – 14,2 мың, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндіруге – 10,5 мың адам тиесілі.
Өндірістің кеңеюіне байланысты жаңа мамандарға сұраныс та артып отыр. 2025 жылы машина жасау саласында кемінде 40 жаңа өндіріс іске қосылып, шамамен 10 мың жұмыс орны құрылған. 2026 жылдың соңына дейін тағы 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 3,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Кадр даярлауға басымдық берілуде
Машина жасау саласының дамуы білікті жұмысшылар мен инженерлік-техникалық мамандарға деген сұранысты күшейтті.
2026 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Машина жасау бейініндегі мамандар еліміздің 305 колледжінде даярланады.
Сұранысқа ие мамандықтардың қатарында станокшы, бағдарламалық басқарылатын станок операторы, техник-механик, электргазбен дәнекерлеуші, слесарь-жөндеуші, электрслесарь және техник-электромеханик бар.
Дуальды оқытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Saran Machinery Қарағанды облысындағы он колледжбен меморандум жасап, студенттерді өндірістік практика, тағылымдама және дуальды оқыту арқылы даярлауды ұйымдастырған.
Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты мамандарға қойылатын талап та өзгеріп келеді. Машина жасау саласының жаңа кәсіптер атлағына 11 жаңа кәсіп енгізілген. Олардың басым бөлігі автоматтандырылған және цифрлық өндірістік жүйелермен жұмыс істей алатын кадрларға бағытталған.
Мемлекеттік қолдау күшейтілуде
Машина жасау кәсіпорындарына инвестиция, экспортты ынталандыру, жеңілдетілген қаржыландыру және лизинг сияқты мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылады.
2026 жылдан бастап Қазақстан тауар өндірушілерінің тізілімі енгізілді. Ол отандық өндіруші мәртебесін растауға және тиісті қолдау шаралары мен реттелетін сатып алуларға қатысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ұзақ мерзімді және оффтейк-келісімшарттар тетігі дамып келеді. 2026 жылдың бірінші жартысында «Самұрық-Қазына» тобы отандық өндірушілермен жалпы сомасы 594 млрд теңгені құрайтын 3,8 мыңнан астам шарт жасасқан.
Кәсіпорындардың технологиялық жаңғыртуына да қаржы бағытталуда. 2026 жылдың сегіз айында жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындардың бір бөлігі ретінде кәсіпорындарға 418,7 млн теңге өтелген.
Цифрландыру жаңа мамандарды қажет етеді
Қазіргі машина жасау автоматтандыру, роботтандыру, цифрлық басқару және жоғары дәлдіктегі технологиялармен тығыз байланысты.
Жаңа өндірістерде бұған дейін шетелде орындалған бірқатар технологиялық операциялар Қазақстанда игеріле бастады. Бұл өз кезегінде цифрлық бағдарламамен басқарылатын станок операторлары, электромеханиктер, инженер-технологтар, дәнекерлеушілер және автоматтандыру мен сапаны бақылау мамандарына сұранысты арттырып отыр.
Осылайша, Қазақстандағы машина жасау саласының дамуы тек өндіріс көлемінің өсуімен шектелмейді. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндірісті оқшаулау, цифрландыру және кадр даярлау бағыттарының қатар дамуы саланың технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың шетінде 8-ге жуық көлік ауыстыру торабы салынатынын хабарлаған едік.
Abai.kz