Ясминаның ұрланған алтыны: Жауаптылар неге үнсіз?
Азия ойындарында спорттық жүрістен топ жарып, құрама қоржынына тоғызыншы алтын жүлдені салған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайға қатысты түпкілікті шешім шықты. Алтын қыз Ясминаның алтыны жойылды...
Мәре сызығын бірінші болып қиған отандасымыздың қуанышы уақытша болып шықты. Жарыс аяқталған соң, қарсылас тараптың түсірген шағымына байланысты Ұйымдастыру комитеті қазақстандық спортшының аяқ киімін арнайы тексерістен өткізген. Нәтижесінде, Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының ресми сайтында Ясмина Тоқсанбаеваның көрсеткіші жойылып (дисквалификация), алтын жүлдесінен айырылды.
Медальдар қайта бөлініп, жеңімпаз мәртебесі мәреге екінші болып жеткен қытайлық спортшы Данзэнгуцзунге берілді. Күміс жүлде оның отандасы Ма Лиге бұйырса, қола медальды жапондық атлет Юкико Уменэ еншіледі.
Қазіргі уақытта Азия ойындарының Ұйымдастыру комитеті, Азия Олимпиадалық кеңесі және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы осы оқиғаға қатысты ресми түрде түсініктеме бере қойған жоқ.
Орын алған жағдайға байланысты Ясмина Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, өзіне қолдау білдірген барша отандастарына алғыс айтты:
«Маған қолдау көрсетіп, жанымнан табыла білген жандардың барлығына, сондай-ақ қолдау білдірген әрбір жанға шексіз алғысымды айтамын. Рақмет саған, Қазақстан! Бүгін біз Азияның жаңа рекордын орнаттық, бүгін біз тарих жаздық! Тіпті бұл жеңісті менен тартып алса да, мен қайта оралып, мұны тағы да дәлелдеймін!» – деді спортшы.
Еске сала кетейік, Ясмина Тоқсанбаева әйелдер арасындағы спорттық жүрістен марафондық қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта бағындырып, Азия рекордын жаңартқан болатын. Мәреге бірінші келгеніне қарамастан, өкінішке қарай, техникалық ережелерге байланысты Қазақстан құрамасы бұл алтын медальдан айырылды.
Қазір әлеуметтік желі қолданушылары бұған қатысты өздерінің өткір пікірлерін ортаға салуда...

Сурет: Әлеуметтік желі скрині.
Аслан Қаженов, спорт журналисі:
– Ясмина Тоқсанбаева алтынынан айырылды. Болмайтын қателіктен. Жарыс алаңына киетін аяқ киімді дұрыс таңдамапты. Негізі бұл спортта тыйым салынған препарат қолданып, допингке іліксе немесе спорттық жүру ережесін бұзып, жүгіріп кетсе дисквал берілетін. О, баста осыдан қорыққанмын. Жоқ. Мұнда басқа сыймайтын олқылық. Кішкентай баланың қателігі.
Біріншіден, жеңіл атлетика федерациясы неге осыны ескермеген және неге тиісті аяқ киіммен қамтымаған?
Екіншіден, жауапты мамандар проблема туындағанда жедел араласып, неге тиісті деңгейде шешіп тастамады? Халықаралық қатынастар қайда? Қолдау қайда? Қорғау қайда?
Негізі қазақ қызы таза жүгіріп өтті. Айқын басымдықпен жеңді. Бірақ, қолда бар алтыннан айырылып отыр. Қысқасы, жауап беріңдер! Осындайда қырылмасаң, осындайда қоштамасаңдар, осындайда бірікпесең, мың қырық бір болып жүргеніңнен не қайыр?!

Сурет: Әлеуметтік желі скрині.
Елжас Әбділда:
– Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында олжалаған адал алтынынан айырылыпты. Себебін естісең, себепсіз күлесің. Спорттық жүріс ережесін түгел сақтаған. Марафон бойы жүгіріп кетпей, жүріп өтті. Допинг дауынан да ада. Тек аяқ киімі талапқа сай емес екен...
Кеше 42 шықырымды - 3 сағат, 22 минут, 20 секундта жүріп өтіп, қос қытайлық спортшыны 4 минуттай артта қалдырғанына қатты қуанып едік. Өзі де еңбегінің ақталғанына сенер-сенбесін білмей, көз жасына ерік берді. Енді соның бәрі су сепкендей басылмақ...
Армандайсың. Шүмектеп тер төгесің. Осы жолда қатарластарыңнан қалып, көп қызықты құрбан етесің. Енді міне соның ащы термен, тәтті жемісін көрдім-ау, дегеніңде жүйедегі жүйесіздік жеңісіңді құрбан етеді. Өте өкінішті...
Негізі бұл аудан аралық жарыс емес еді. Ел аты сынға түсетін құрлықтық дода. Спортшылар неліктен талапқа сай киім-кешекпен қамтылмайды?! Футболшылардың ауыстырар жейдесі болмай, жыртық футболкамен ойын өткізгенін талай көрдік. Бірақ ол елімізде ғой, қол сынса жең ішінде, деп аса әбігерленбегенбіз. Енді мынау ұят! Аузыңда тұрған несібені, ауыздығыңнан тартып алып қою деген...
Осының бәрі «гос закуп» деген жүйенің кесірі емес пе? Кім арзан баға ұсынады, соның сапасыз тауарын алғаннан басқа амал жоқ. Барлық салада сол. Сапа емес, баға төмен болса болды. Негізі бұл жемқорлықты жою үшін жасалған жүйе, дескен. Ал шын мәнінде шалағайлық пен жемқорлықтың көкесі осы тетікте емес пе? Індетіп зерттесе, кешегі Маңғыстаудағы қайғылы жағдайдың да бір ұшы осыған тиеді. Әскерилер қымбат құтқару жейдесімен қамтылуы керек болған. Бірақ іс жүзінде солай болды ма...?!
Abai.kz