Сенбі, 3 Қазан 2026
Көкжиек 339 0 пікір 2 Қазан, 2026 сағат 12:09

Қазақстанның ақыл-ой экспорты: Заттан ми қымбат!

Сурет: trends.rbc.ru сайтынан алынды.

Кешегі AI & Digital Bridge форумындағы Президент сөзін жалғастыра талдасақ, назар аударатын үш мәселе бар.

Дональд Трамптың бастамасымен жасалған Суперинтеллект туралы келісім, Қазақстанның миллиард доллардан асқан IT-қызметтер экспорты және цифрлық шешімдеріміздің 100-ден аса елде қолжетімді болуы. Осы үшеуі технологиялық дамудың ауқымын да, оған жүктелетін жауапкершілікті де көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Американың жетекші технологиялық компаниялары Трамптың бастамасымен Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанына тоқталды. Президент мүдделі елдер осы тәсілді мұқият зерделеп, жаһандық деңгейде қолдану мүмкіндігін қарастыра алатынын айтты. Мұндағы маңызды ұстаным жасанды интеллектінің мүмкіндігі ұлғайған сайын, оны дамытуға қойылатын жауапкершілік те артатынын көздейді. Технологияның жылдамдығына қызығумен қатар, оның қандай қағидалармен жұмыс істейтінін де келісу қажет.

Қазақстан үшін бұл әңгіменің практикалық мәні бар. Өйткені біз де халықаралық технология нарығына өнім ұсынып отырмыз.

«Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді», – деді Мемлекет басшысы.

Бір миллиард доллар. Осы санның артында мамандардың білімі, инженерлердің еңбегі, кәсіпкерлердің тәуекелі тұр. Шетелдік тапсырыс беруші қазақстандық команданың қызметіне ақша төлесе, демек, біздің маман оның мәселесін шеше алған. Білімнің экономикалық құны осылай қалыптасады. Ол экспорттық түсімге, жалақыға, бизнестің өсу мүмкіндігіне айналады.

Ал 100-ден аса елде қолжетімді болу сол білімнің географиялық шекарадан өте алғанының белгісі. Әрине, бұл барлық нарықта бірдей орнығып үлгердік дегенді білдірмейді. Бірақ қазақстандық цифрлық өнімдердің халықаралық ауқымға шыға алатынын көрсетеді. Ендігі міндет осы мүмкіндікті тұрақты сұранысқа, ұзақмерзімді келісімшарттарға айналдыру болып тұр.

Сондықтан Президенттің жеткен межемен шектелмей, стартаптарға нақты қолдау көрсету туралы сөзі орынды. Өнеркәсіптің қажеттіліктеріне негізделген міндеттер тізімін жасап, соған сай AI Challenge өткізу ұсынысы да осыған қызмет етеді. Команда нақты өндірістік мәселені шешіп, жобасы кәсіпорынға енгізілсе, оның келесі тапсырыс берушіге ұсынатын дәлелденген тәжірибесі болады.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 528
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 785