Сейсенбі, 6 Қазан 2026
Абай мұрасы 296 0 пікір 6 Қазан, 2026 сағат 14:29

Абайдың жетілу сатылары...

Коллаж: Abai.kz

Әрбір жан иесі өмірге келгеннен кейін жетілу барысында белгілі бір деңгейге жетеді. Оның тәнімен бірге ой-өрісі және жан дүниесі де жетіліп, түрлі сатылардан өтеді. Адам өмірінің мақсаты – жетілу.

Абай да бірден хакім болып туа қалған жоқ. Хакімдікке барлық жан иелері тәрізді эволюциялық даму жолымен жетті.  Данышпанымыздың өзі дамудың негізгі мақсаты – Түп Иеге қайту деп беретіні белгілі. Қасиетті Құрандағы «Түбінде барлығы Маған қайтады»  /Құран, 21-93 / деген аяттағы барлық жан иелеріне ортақ бұл ұлы мақсатты Абай өзінің «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде «Және Оған қайтпақсың, оны ойламай, өзге мақсат ақылға тола ме екен» деп нақтылай түседі.

Бұл мақсат – бүкіл адам өмірін негізгі мақсаты, және оған кемелденудің жоғары сатысында ғана жетеді. Абай бұл жоғары сатыны «Толық адам» деп атайды. Сондықтан, бұл жоғары сатыға жету жолын «Толық адам» жолы деуге болады. Жетілудің бұл жолын Абай ілімі бойынша «жарым адам», «адам», «толық адам» деп үш сатыға бөлуге болады. «Жарым адам» – бір деңгейге (бейберекет өмір), «Адам» сатысы – үш деңгейге (имандылық, дәулет, сезім қанағаты), «Толық адам» сатысы төрт деңгейге (кәміл мұсылман, хакім, әулие, пайғамдар) бөлініп, сонда «толық адам» жолы жалпы сегіз деңгейден құралады. Бұл деңгейлерден әрбір адам өмірдегі өзінің орнын, ой-өрісінің шеңберін, және өзінің алдағы нысанасын көре алады. Себебі, бұлар сана-сезімнің түрлі деңгейлері. «Абайтану» (2002 ж.) және «Абай мұрасын қолдану жолдары» (2020 ж.) атты кітаптарда бұл деңгейлерді бір жүйеге келтіріп, молынан бергенбіз.

Абайдың өз өмірін осы «толық адам» жолымен қарастыратын болсақ, оның өмірі, хакімдігі түсінікті бола бастайды.

Абай иманды және дәулетті отбасында дүниеге келгендіктен, оның өмірі сезім қанағаты деңгейінен басталып, хакім деңгейіне көтерілді.

Балалық шағы. Анасы Ұлжан Абайдың жасынан дұрыс тәрбие алып, жетілуіне үлкен көңіл бөледі. Абай үшін елдің атақты әнші-жырларын арнайы шақырып, бірнеше күн күтіп, қонақ етіп, ән-жырларын тыңдатып, кейін оларды сый-құрметпен шығарып салады екен. Абай ослай жастайынан туған халқының рухани байлығынан мол сусындап, ұлттық сананы бойын терең сіңіре білген. Өмірінің көпшілігін далада өткізетін көшпелі елдің баласы Абайға қоршаған табиғаттың әсері де мол болды. Бұл оның табиғатқа деген сүйіспеншілігін өсіріп, нәзік сезімдерін жетілдіріп, ой-өрісін кеңейтіп, қоршаған ортаға деген махаббат сезімін тәрбиеледі.

Он жасынан Семейдегі Ахмет Риза медресесіне түсіп, үш жыл сабақ алып, қосымша «Приходская школаға» түсіп үш ай орысша сабақ алады. Сонан кейін 13  жасқа толған Абайды әкесі Құнанбай ел басқару ісіне араластыру үшін ауылға қайтарып алады. Осылай, Абайдың балалық шағы бітіп, өмірінің келесі кезеңі басталады.

Жасөспірім шағы. Абай жасынан-ақ салмақты, пысық, әр нәрсеге қызыққыш, еліктегіш, жақсыға үйірсек, естігенін жадына сақтайтын зерек бала болып өседі. Бұл зеректігі оған өмір көріністерін дұрыс түсініп, ой жүйесіне терең бойлатып, сабақ алып, сана-сезімін кеңейте түсуге мүмкіндік берді.

Ел басқару ісіне араласу Абай үшін үлкен өмір мектебі еді. Ол өмірдегі қилы-қилы жағдайларды ой сарабынан өткізіп, дұрыс қорытынды жасауға, өзінің әділ шешімін айтуға тиіс болды. Ол кітаптан оқыған, өмірден түйген білімін нақты істе сынап көруге мүмкіндік алды. Жан-дүниесінің тазалығы, адалдығының сынға түсер шағы осы кез еді. Жігерлі де алғыр ойлы Абай өмір ағымымен кетпей, өзінің әділдігімен, білімділігімен қоршаған ортасын дұрыс түсіне біліп, оған әсер етуге ұмтылды.  Аз уақыттың ішінде-ақ ол ел ішінде өзінің зеректігі мен білімінің арқасында үлкен беделге ие бола бастайды.

Ағартушылық кезеңі. Озық ойлы, турашыл Абай енді елдің тыныс-тіршілігіне сын көзбен қарай бастайды. Өмір әділетсіздіктерін көріп, шексіз шырғалаңдардың себебін іздеп, олардың шешу жолдарын себебін іздейді. Ол адамды түзетуге, халықтың жағдайын жақсартуды мақсат етіп ағартушылық жолға түсіп, «Ғылым таппай мақтанба», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз» деп елді ғылым-білімге үйретіп, үйлесімді өмірге шақырады.

Сол мақсатпен Абай енді өзінің білімін толықтыруға ұмтылады. Жасы отыздан асқан соң, бұрынды азды-көпті білімін еске түсіріп, орыс кітабын мықтап оқиды. Семейге барып, ондағы кітапханада ұзақ отырып, өз-өзінен ізденіп қармана бастайды. Орыс революционерлерімен танысып, әлемдік мәдениеттен хабар алады. Орыс ақын-жазушыларының кітаптарымен танысып, оларды қазақшаға аударады. Орыс ақындары арқылы Еуропа мәдениетіне де қол созады. Ойын нақты жеткізу үшін ақындығын мықтап қолға алады. Сонымен, М.Әуезов сөзімен айтқанда «1884 жылдары , жасы қырыққа таман келгенде, ол дүнинден көп мағлұматы бар адам болады».

Абайдың өзі «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазаққа қара сөзге дес бермедім» деп жазғанындай, келешек данышпан өмірдің барлық қызығын көріп, оны бойына сіңіре білуге ұмтылған. Ол осылай «қарапайым адам» сатысында болып, өмір көріністерінен тәжірибе алып, қырық жасына дейін «бай» да болды, сұлу қыздарға ғашық болып «жүргіш» те болды, атақ-даңққа беріліп «болыс» та болды, халқының қамын ойлап «ағартушы» болып, өлең жазып, ән де шығарды. Тіпті, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген еңбек жазып, тарихшы да болды. Осылай Абай өмірдің барлық «соқтықпалы, соқпақсыз» кезеңдерін өтіп, фәни әлем болмысын молынан түсінеді.

Бірақ, Абай байлыққа, қызыққа басын байламай, жаны одан да жоғары мақсатқа ұмытылып, өмірдің жарқылынан бас тартып отырған. Себебі, бұлардың барлығының рахаты ұзаққа бармай, оны жалықтырып жібереді. Елін де түзете алмады. Осылай, Абай істеп жүргенінің барлығы қоршылық, баянсыз-байлаусыз әрекет екенін түсініп, жалығып, рухани тығырыққа тіреледі.

Бұл табиғи құбылыс еді. Қырық жастың шамасында психология өзгеріске түсіп, адам болмысында үлкен өзгеріс пайда болады. Үлкен кризис болуы мүмкін. Мысалы, Шәкәрім, Л.Толстой тәрізді адамзат әулиелері де осы деңгейден өткен. Л.Толстой «Моя вера» атты кітабында өзін өлтіріп тастамас үшін түнде пышағын, пистолетін тығып тастайтынын жазады. Абай да «Егер менің ішімді жарып көрсең, жылауыңды тоқтатып, шошыр едің» деп  осындай жағдайын білдіреді. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!», «Қайратым мәлім, Келмейді әлім, Мақсұт – алыс, өмір – шақ», «Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының жалғыз қалдым – тап шыным», «Әм жабықтым, әм жалықтым», «Мен ішпеген у барма» деп енді бұл фәни өмірден бас тартқандай болады.

Тығырықтан шығу жолын іздеп Абай жаны жанталасады. Енді фәни өмірдің жалғандығын түсініп, мәңгілікті бақи әлемге бет бұрады. Осылай тығырыққа тірелген Абай жаны «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, жалғаны жоқ бір Тәңірім кеңшілік қыл» деп Тәңірден медет сұрап, бақи әлемге бет бұрады. Абайдың өзі мұндай ауыр сыннан өтіп, рухани сатыға көтерілу тек қана ойлы адамдардың үлесі екенін жазады.

Толық адам сатысы. Кәміл мұсылман деңгейі. Қырық жастан асқан Абай жетілудің келесі жоғары сатысына көтерілді. Ол тағдыр берген өмір қоршаған ортаны түзету үшін емес, оны дұрыс пайдалана отырып түпкі мақсатқа жету екенін түсіне бастайды. Жақсылыққа ұмтылып, адам өмірін жақсарту – бұл ұлы мақсатқа жету әдісі, яғни, жолы ғана. Мақсат басқа – одан жоғары. Бұл сатыға фәни әлемнің жалғандығын толық сезініп, енді бақи әлемге толық бет бұрған адам ғана көтеріле алады.

Бақи әлемге өту үшін рухани толық білім керек. Осылай, Абай енді өмірді түсіну емес, сол өмір көріністері арқылы Жаратушыны тануға ұмтылады. Құдайтану ілімі дегеніміз осы. Осылай ол материалдық ғалым-философтан рухани ғалым деңгейіне көтеріледі.

Ол енді бүкіл өмір көріністерін бір Алланың  хикметтері ретінде қабылдап, зерттей бастайды. Сол мақсатпен өмір туралы өзіне сұрақтар қойып, «Жүрегіңе сүңгі де, түбір көзде, Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме» деген оймен көрген-білгенін жүрегінен өткізіп, Алланы тануға кіріседі. Болмыстың түпкі сырына үңіліп, қара сөздерін жаза бастайды.  Жүрек көзі ашылған Абай өзінің іштегі кірін қашырып, нәтижесінде кеудесі хиткметке толып елу жасынан асқанда хакім деңгейіне көтерілді.  Біз Абайды енді осы деңгейден көруіміз керек.

Хакім Абай. Абайдың ұлылығы да рухани тығырықтан шығып, мәңігілікті бақи әлемге бет бұра білуінде жатыр. Бұл деңгейге сирек адамдар ғана көтеріле алады. Абайды халыққа, сонымен бірге, бүкіл әлемге де осы деңгейде көрсете білуіміз керек.

Хакім деңгейінде ол «Тасдиқ» (қазіргі аталып жүрген отыз сегізінші қара сөз) шығармасын жазды. Қара сөздері мен «Тасдиқ» арасында үлкен айырмашылық бар. Екеуінің деңгейі екі түрлі. Қара сөздер ізденіс жолы болса, ал «Тасдиқ» сол ізденістің қорытындысы. Бұл шығармада данышпан екі жаққа үңіліп барлық сырттан және іштен алған рухани дүниесін қорытындылап, оқырманға өзінің ішкі байлығы ретінде ұсынады. Ол бұл шығармасында Болмыстың бірлігін Алла тағаланың көрінісі ретінде қабылдап, мәңгілікті Жаратушыны, оның сипаттарын көрсетіп, адам болмысы мен оның әлемдегі алатын орнын,  адамның Құдаймен және қоршаған табиғат пен байланысын береді.

Абайдың өзі хакімдерді адамзат ұстаздары деп атайды. Ұстаздардың берген рухани білімі ғана емес, олардың өмірі де үлкен үлгі болып табылады. Жоғарыда келтірілген қысқаша шолудан-ақ данышпан бабамыздың ілім ғана емес, оның өмірінен де үлкен ғибрат алуға болатынын көреміз.

Өкінішке қарай, біз әлі де Абай бабамыздың заңғар тұлғасын көре алмай, оның шексіз мұрасынан  рухани сусындай алмай келеміз. Оның жақсы дәлелі кейінгі кездері Абайды дұрыс түсінудің орнына, керісінше,  оған қарсы ұнамсыз ойлардың айтыла бастауы.

Жуырда (17.08.2026 ж.) Гульмира Сарбасова деген журналист-блогердің қара сөздерді Абайдың өзі жазғанына күмән келтірген ойын оқыдым. Оның алдында осыдан бір жылдай бұрын Зәуре Матаева деген әдебиетшінің «Абай деген болмаған», «Абайдікі деген шығармаларды Ә. Бөкейханов жазған» тәрізді теріс ойлары бұқаралық ақпарат құралдарында елді  дүрліктірді. Елімізде «Абай бай болған..., жүргіш болған..., көп әйел алған..., орысты жақтаған..., қазақты жек көрген..» тәрізді, тіпті «Абайды Абай еткен Құнанбайдың малы» тәрізді түрлі керітартпа ойлар айтылды. Ақындармен салыстырып, оларды Абайдан жоғары қоятындар да бар. Бұл жаңсақ ойлардың себебі неде? Себебі данышпан бабамыздың рухани тұлғасын түсіне алмағандықтан, оны әркім өз деңгейіне  тартып, өз деңгейінде түсінуде жатыр.

Оның шынайы тұлғасын көре білген адамның данышпанымызға қарсы қаруласпақ түгілі, ондай ойға баруға да дәті шыдамас еді.

Сондықтан, оның ұлылығын дұрыс түсіну үшін абайтануды мектеп бағдарламасына енгізіп, оның рухани мұрасын халыққа кеңінен насихаттауға ықпал жасаудың маңызы өте зор деп білемін.

Досым Омаров,

абайтанушы, философ, теолог-ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 849
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1138