Уәде мен жүйесіздік арасында қалтырап тоңған қала...
Қазан айының салқыны басталысымен қазақстандықтар үшін жыл сайын қайталанатын «жылу маусымына дайынбыз» деген жаттанды есептер мен шенеуніктердің баяндамалары тағы да сын көтермеді десек артық айтпаймыз.
Үкіметтің соңғы отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновтің Абай облысы әкімінің орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсыруы — жыл сайынғы атқамінерлер салқындағы салғырттығының кезекті көрінісі болып табылады.
Басты мәселе: Күн суыса да, қазандықтар іссіз тұр
Ресми ақпаратқа сәйкес, елдің 11 өңірінде жылу беру маусымы уақтылы басталды. Алайда Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласы бұл көштен жауыр аттай көп кейін қалып қойды. Оған негізгі себеп ретінде орталық жылу пункттеріндегі жөндеу жұмыстарының кешігуі және жабдықтарды жеткізудің уақытылы орындалмауы баса көрсетіліп, алға тартылып отыр.
Қала тұрғындары үшін бұл жағдай ешбір тосын жаңалық емес. Жылу жүйелерін жөндеу мен дайындық жұмыстарын 1 қазанға дейін толық аяқтау туралы үкіметтің қатаң тапсырмасы болғанына қарамастан, өңір басшылығы аталған мерзімде жер сипап міндетін орындай алмады. Соның салдарынан қаладағы жылуды беру дайындығы тек 5 қазанда ғана қамтамасыз етілді. Ал бұл аралықта қарапайым халық пәтерлерінде бүрісіп, әкімдіктің есігін тоздырды.
Жаза жеткілікті ме, әлде жүйелік өзгеріс керек пе?
Премьер-министрдің «барлық өңір мерзімінде орындады, тек Семей ғана кешікті» деп қатаң сынға алуы өте орынды. Бірақ мәселе тек бір орынбасардың жауапкершілігімен шешіле ме?
Жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, жылу желілері мен қазандықтар жөнделеді. Бірақ мерзімінен кешігу, құрал-жабдықтың уақытында жетпеуі сияқты сылтаулар қайталана береді. Бұл – атқарушы биліктің жоспарлау қабілетсіздігі мен бақылаудың әлсіздігі екендігін анық танытады.
Жылу маусымы – саяси науқан емес, халықтың амандығы мен денсаулығы. Кешіктірілген әрбір күн – қарттар мен кішкентай балалардың денсаулығына төнген қатер болып саналады.
Құрылыс-жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамаған мердігер компанияларға қатаң шара қолданылмайынша, бұл олқылықтар қайталана береді.
Сөз түйіні: Семейдегі жағдай – өңірлік биліктің шындықтан көз жұмып, мәселені тек жоғарыдан нұсқау келгенде ғана қозғайтынының айқын дәлелі деуге де негіз бар. Облыс әкімінің орынбасарына берілген тәртіптік жаза – әділ қадам, бірақ бұл жеткіліксіз. Семейліктер үшін ендігі басты мәселе — қыстың көзі қырауда жылу жүйелері сыр бермей, үйлерге тұрақты түрде жылу жеткізілуі болып табылады.
Үкімет пен облыс әкімдігі бұл жағдайдан тиісті қорытынды шығарып, жылу беру маусымының қалыпты жұмыс істеуін тәулік бойы қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Халықтың төзімі шектеулі, ал инфрақұрылымдық олқылықтарды тек уақытша жазамен жабу мүмкін емес.
Семейдегі жылу жүйелерінің кешігуіне негізгі себеп кім немесе не болып отыр? деген мәселе атайлап алдан шығады.
Abai.kz