Сенбі, 10 Қазан 2026
Әдебиет 437 0 пікір 9 Қазан, 2026 сағат 16:36

Қытай қазағының тұғыш романы...

Сурет: Abai.kz, oq.gov.kz сайттарынан алынды.

Жақып Мырзаханұлы 1940 жылы ҚХР ШҰАР Іле Қазақ облысы Қорғас ауданының Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Шыңжаң институтының (қазіргі Шыңжаң университеті) Тарих-география факультетіне оқуға түседі. Алғашқы тырнақалды туындысы «Жайлау гүлдері» атты әңгімесі 1962 жылы «Шыңжаң әдебиеті» (қазіргі «Шұғыла») журналының №5 санында жарияланды. Туған жерінің әсем табиғаты мен ауыл адамдарының ақжарқын, асыл мінездерін әсерлі суреттеген бұл әңгіме өз айналасында жақсы аңыз қозғап, сол жылы қытай тіліне аударылып «Шыңжаң газетінде» жарияланды.

Қытай ҒА Шыңжаң филиалының тарих институтына жұмысқа тұрып, зерттеу мен әдеби шығармашылықты тең қолға алған жас таланттың жолы болмады. Қытайдағы атышулы «Мәдениет төңкерісі» кезінде айдалып, сотталудан аман қалған Жақып Мырзаханұлы заманның қабағын бағып, дертін ішіне жиып, сол кездерде билік мүддесі үшін ұйымдастырылған экспедицияға, қоғамдық тексерулерге қатысып, Үрімжінің айналасын, Іленің, Алтайдың тау-тасын, ел-жұртын аралап өмірлік азық жиды. Сақтардың молалары, Түрік заманының балбал тастары, көкірегі даңғыл, көзі ашық көнекөз шежіреші қарттардың таңға жалғасар әңгімелері жас жігіттің бойына нәр, рухына дем беріп, шабытына шабыт қосты. Заман сәл-пәл тынышталып, азырақ шығармашылық ерік тигенде ешкімнің тісі бата бермейтін күрделі тақырыпты арқау етіп, 1973 жылы Қытай қазақтарының тұңғыш романы «Арман асуында» жазып шықты.

Шыңжаңды билеген милитаристер өздерін жергілікті халықты аяусыз қанап, өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Алтайдың әр жерінен басталған бүлік Іленің Нылқы ауданында Совет одағының қолдап қуаттауымен ұйымдастырылған көтеріліс соңында бүкіл Шыңжаң халқының ұлт-азаттық көтерілісіне айналып, 1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасы құрылды. Жазушы «Арман асуында» романында Алмалы деген ауылдың өмірін суреттей отырып, ғұмыры қысқа Республиканың арғы-бергі тарихына көз жүгіртеді. Көсемдері құрбан болып, үлкен атмосфера өзгерген, тағдыры империялардың талқысына түсіп, қайтерін білмей дал болған, ел иелерінің әлсіз қарсылығы соңғы тұяқ серпуі, Совет тәрбиесін көріп, «Коммунизм-Елес» дақпыртына сенген ұлт зиялыларының күрделі көңіл күйі, әлеуметтік теңсіздікті таптық күрестен іздеген дәрмені аз, дәмесі зор жастардың алды-артына қарамайтын алаңғасарлығы романның өң бойын коммунистік идеология қаншама тұмшалап тұрса да, белгілі дәрежеде көрініс табады. Аспан түстес туын қызыл туға ауыстырған Көне Үкіметтің 100 мың сарбазы, зеңбірегі күркіреп, тобығынан қан кешкен Жаңа Үкіметтің 100 мың әскері, күнкөріс көзі мал мен жер болған, өркениеттен тым алыс қалып, байырғы Жібек жолының бойында томаға-тұйық өмір кешіп жатқан туысқан екі халықты – қазақ пен ұйғырды тізелетіп тастады. 1957 ж. Оңшыл ұлтшылдыққа қарсы қозғалыс ұлт қаймақтарын қиша сыпырса, мәдениет төңкерісі бүкіл ұлттың жадын ұмыттырды. Дәстүр мансұқталды, құндылық өзгерді. Отбасы ойрандалды. Әйел еркекке, бала әкеге, шәкірт ұстазға жау болды. Конституция құр қағазға айналды. Қарны да, қадірі де қашып, кетеуі кетіп тұралап қалған осынау қоғамда аз жылымықты пайдаланып дүниеге келген «Арман асуында» сол заманның қоғамдық санасына дүмпу тудырды. Партияның, биліктің өткінші екенін, тарихтың доңғалағы сәл-пәл тайғанаса да, өз даңғылынан ауытқымайтынын дәлелдеп берді. Роман осы жағынан да құнды еді. Роман 1982 жылы «Шыңжаң» халық баспасынан қытай тілінде жарық көрді, 1983 жылы өлке бойынша Республика құрылған 30 жылдан бергі ең үздік әдеби туынды сыйлығын алды.

Жақып Мырзаханұлы 1981 жылы Пекиндегі Лушун атындағы әдебиет институтына білім алуға шақырылады. Сонда оқып жүріп «Таңқурай» атты сүбелі шығармасын дүниеге алып келді. Роман 1984 жылы Пекиндегі «Орталық ұлттар» баспасынан жарық көрді. Жазушы не жазса да тыңнан түрен салады, таптаурын тақырыпқа бармайды. «Таңқурайда» қызыл үкімет орнағаннан кейінгі қаладағы қазақ зиялыларының тауқыметке толы, аянышты, күйіністі тағдыры сөз болады. Билікке қарулы күрес, зорлық-зомбылық арқылы келген қызыл үкімет, етек-жеңін жиған соң, көл-көсір уәдесін қайырып тастап, шын бет-бейнесін көрсетті. Елдің ұйытқысы, рубасыларды, діни тұлғаларды, билерді, әсіресе, ұлт зиялыларын басты жау санады. Диктатор Мао қоғамды 14 жікке бөліп, зиялыларды жезөкшелерден де төмен 9-шы орынға қойып, «Сасық 9-шы» деп атады. Жазушының замандастары жаңа үкіметке сеніп, еліме пайдам тиер деп, жатпай-тұрмай оқыды. Шала құрсақ жүріп, көз майын тауысып ғылым соңына түсті, бірақ оңшыл ұлтшылдарға қарсы қозғалыс, «мәдениет төңкерісі» өмірді астаң-кестең етті. Зиялылардың барар жері түрме болды, одан аман қалғаны қызметтен қуылды, қара жұмысқа жегілді. Осы сүркей өмір романда қарапайым ауылдан шыққан Бекен деген жігіттің қиын да қысталаң тағдырымен қабаттаса суреттеледі. Сол кездегі идеологияның бір көрінісі – ұлттар ынтымағы дәріптеледі. Бас кейіпкер «оңшыл» атанып қуғынға түскен қытай зиялысының қызымен көңіл қосады. Бірінің елі азып-тозған, екіншісінің отбасы ойрандалған екі мұңлықтың тағдыры сол заманның шын көрінісі еді. Бұдан сырт Жақып Мырзаханұлының 1984 жылы Шыңжаң жастар өреңдер баспасынан «Дала гүлі» атты прозалық шығармалар жинағы жарық көрді.

Жақып Мырзаханұлы өткен ғасырдың 80 жылы соңынан бастап, өз мамандығына көбірек үңілді әрі көптеген ғылыми жобаларға басшылық етті. «Қазақтар» (қытай тілінде 1989 жылы «Пекин» орталық ұлттар баспасында басылды), «Тарихи этнографиялық зерттеулер» (1990 ж. «Күйтің Іле» халық баспасы), «Қазақ халқы және оның салт санасы» (1992 ж. Үрімжі, «Шыңжаң халық» баспасы), бұдан басқа «Күшлік хан», «Абылай хан» атты тарихи танымдық еңбектері жарық көрді. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар», «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер» атты үлкен ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, мәресіне жеткізді.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 924
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1236