Нобель сыйлығының иегері Энн Карсон кім?
Әдебиет бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығының иегері атанған жазушының есімін Швед академиясы 8 қазанда жариялады. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленген канадалық қаламгер-ғалым Энн Карсонның шығармашылығы классикалық әдебиет пен қазіргі заманның көркемдік ізденістерін тоғыстырады. Канадалық ақын, эссеист, аудармашы әрі антикалық әдебиет зерттеушісі Энн Карсон бұл марапатқа «классикалық дәстүрмен ойнақы сұхбат құра отырып, қазіргі әдебиет үшін жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі жаңашыл шығармашылық мұрасы үшін» лайық деп танылды.
1950 жылы Торонтода дүниеге келген Энн Карсон — ағылшынтілді әдебиеттегі қалыптасқан жанрлық шекараларды қайта қарастырған қаламгер. Ол поэзияны, прозаны, әдеби сын мен ғылыми эссені, аударманы, драматургияны және визуалды өнерді біртұтас шығармашылық кеңістікке біріктірді. Оның кітаптарында көне грек мифтері мен антикалық авторлардың мәтіндері бүгінгі адамның махаббаты, жалғыздығы, қайғысы, тіл мен болмыс туралы толғаныстарымен астасады.
Карсонның ерекшелігі — өткен дәуірдің әдеби мұрасын жай ғана қайта баяндамауында. Ол классикалық мәтіндерге жаңа сұрақтар қойып, бұрын қосалқы кейіпкер саналған тұлғаларға дербес үн береді, ал көне сюжеттер арқылы қазіргі адамның ішкі қайшылықтарын ашады. Сондықтан оның шығармашылығын тек ақынның немесе аудармашының еңбегі деп шектеу қиын: Карсон әдебиеттің формасын, тілдің мүмкіндігін және оқырманның мәтінді қабылдау тәсілін қатар зерделей білген қаламгер ретінде өзгелерден ерекшеленеді.
Ғалымнан жаңашыл қаламгерге дейін
Энн Карсонның әдеби қалыптасуына көне грек тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы айрықша ықпал етті. Мектепте латын тілін оқытуға көмектескен ұстазының ықпалымен ол ежелгі грек тілін үйрене бастайды. Кейін Торонто университетінде білім алып, 1974 жылы бакалавр, 1975 жылы магистр дәрежесін иеленіп, 1981 жылы классикалық филология бойынша докторлық диссертациясын қорғайды.
Оның ғылыми білімі шығармашылықтан бөлек тұрған жоқ. Керісінше, сөздің шығу төркінін, мағыналық өзгерісін, аудармадағы баламалар мен жоғалтуларды зерттеу Карсон поэтикасының түп негізіне айналды. Ол ұзақ жылдар бойы Солтүстік Американың бірқатар университетінде антикалық әдебиеттен сабақ берді.
1986 жылы жарық көрген Eros the Bittersweet («Тәтті де ащы эрос») кітабы Карсонның әдебиет пен ғылыми зерттеуді ұштастыратын әдісін айқын көрсетті. Ежелгі грек әдебиетіндегі эрос ұғымын талдай отырып, автор махаббаттың ләззаты мен азабын, адамның қалауы мен қол жетпейтін нысан арасындағы қашықтықты қарастырады. Мұнда ғылыми пайым поэтикалық тілмен араласып, әдеби сын өз алдына дербес көркемдік сипат алады.
Кітаптың маңызы — махаббат тақырыбын жалаң сезімдік құбылыс ретінде емес, тіл, таным және адам санасының күрделі мәселесі ретінде талдауында. Карсонның кейінгі шығармаларында да қайталанып отыратын негізгі ұстаным: сөзді зерттеу — адам тәжірибесін зерттеу — осы туындының тінінде қалыптасты.
Герионның жаңа тағдыры: «Қызылдың автобиографиясы»
Карсонның халықаралық әдеби ортадағы беделін айрықша нығайтқан шығармалардың бірі — 1998 жылы жарық көрген Autobiography of Red: A Novel in Verse («Қызылдың автобиографиясы: өлеңмен жазылған роман») болды дей аламыз.
Шығарма ежелгі грек ақыны Стесихордың Герион туралы мифологиялық поэмасының сақталған үзіктеріне сүйенеді. Антикалық дәстүрде Герион — Геракл өлтіретін қызыл қанатты құбыжық. Карсон осы кейіпкердің тағдырын жаңаша түсіндіріп, оны сезімі, қорқынышы, махаббаты мен өзіндік болмысын іздеуі бар күрделі тұлғаға айналдырады.
Шығармадағы Герион күнделік жүргізеді, сурет салуға қызығады, ғашық болады, сүйіспеншіліктің қуанышы мен күйзелісін бастан кешіреді. Мифологиялық кейіпкердің тағдыры арқылы жазушы адамның өзгеге тәуелділігі, жеке шекарасы, өзін қабылдауы және махаббаттың өзгермелі табиғаты туралы мәселелерді көтереді.
Кітаптың көркемдік жаңалығы оның жанрлық құрылымынан да байқалады. Autobiography of Red — өлеңмен жазылған роман, бірақ ол дәстүрлі эпикалық баяндаудың өлшеміне сыймайды. Лирикалық үзінділер, қысқа диалогтер, баяндау мен мифологиялық ишаралар өзара алмасып отырады. Соның нәтижесінде көне миф қазіргі психологиялық романның мүмкіндіктерімен ұштасады.
Бұл туынды Карсонның антикалық мұраны бүгінгі оқырманға жақындату қабілетін танытты. Ол классикалық сюжетке сырттай заманауи бояу қосудан гөрі, оның ішіндегі әлі де шешілмеген адамдық мәселелерді алға шығарады.
Поэзияның шекарасын кеңейткен шығармалар
Карсонның кітаптарын бір ғана жанрға басы бүтін жатқыза салуға еш болмайды. Оның шығармаларында өлең, эссе, ғылыми зерттеу, аударма, сахналық мәтін және визуалды композиция бір-бірімен астаса қатар қолданылады. Бұл тәсіл кездейсоқ тәжірибе емес, жазушының әдебиет туралы «мазмұн өзгерсе, оны жеткізетін форма да өзгеруі керек» деген түсінігінен туындайды.
Glass, Irony, and God (1995) («Шыны, ирония және Құдай») жинағында поэзия мен философиялық толғаныс, жеке тәжірибе мен мәдени сілтемелер өзара сабақтасады. Жинақтағы «The Glass Essay» («Шыны туралы эссе») шығармасы жеке күйзелісті Эмили Бронтенің әдеби әлемімен және адамның ішкі санасындағы қайшылықтармен байланыстыра қарастыруымен айрықша ерекшеленеді.
Plainwater: Essays and Poetry (1995) («Тұнық су: эсселер мен поэзия») кітабы эссе мен өлеңнің арасындағы шекараны одан әрі көмескілейді. Ал Economy of the Unlost: Reading Simonides of Keos with Paul Celan (1999) («Жоғалмағанның экономикасы: Симонид Кеосскийді Пауль Целанмен қатар оқу») еңбегінде көне грек ақыны Симонид пен ХХ ғасырдағы Пауль Целанның поэзиясы өзара салыстырылады. Мұнда тарихи қашықтықтағы екі ақын сөздің, естеліктің және жоғалтудың мүмкіндіктері арқылы өзара сұхбатқа түседі.
Men in the Off Hours (2000) («Бос уақыттағы адамдар») жинағында өлеңдер, эпитафиялар, прозалық үзінділер мен өлең-эсселер қатар беріледі. Кітап тарихи тұлғаларды, әдеби кейіпкерлерді және қазіргі адамның тәжірибесін бір кеңістікке тоғыстырады. Бұл шығарма Карсонның мәтіндерді дәуірлер арасында байланыстырып, олардың арасындағы күтпеген мағыналық үндестікті таба білетінін көрсетеді.
2001 жылы жарияланған The Beauty of the Husband: A Fictional Essay in 29 Tangos («Күйеудің сұлулығы: 29 тангодағы көркем эссе») махаббат, опасыздық, некелік қатынас пен естелік мәселелерін қарастырады. Туындының «29 танго» түрінде құрылуы мазмұн мен форманың өзара тәуелділігін айқындайды: қарым-қатынас біртіндеп ашылатын тұтас баяндау емес, ырғақпен алмасатын көріністер мен пайымдар арқылы беріледі. Осы еңбегі үшін Карсон 2001 жылы T. S. Eliot поэзия сыйлығын иеленді.
If Not, Winter: Fragments of Sappho (2002) («Әйтпесе — қыс: Сапфоның өлең үзіктері») — ежелгі грек ақыны Сапфоның сақталған фрагменттерін аударуға арналған еңбек. Карсон мәтіндегі бос орындарды ойдан толықтырмай, үзінділердің үзік қалпын сақтауға ұмтылады. Осы арқылы аударманың міндеті тек жоғалғанды қалпына келтіру емес, мәтіннің бізге жеткен шектеулі күйін де көркемдік тәжірибеге айналдыру екенін көрсетеді.
2005 жылғы Decreation: Poetry, Essays, Opera («Декреация: поэзия, эсселер, опера») поэзияны, философиялық эссені және музыкалық-сахналық форманы біріктірді. Бұл кітап Карсонның әдебиетті тұйық мәтін ретінде емес, басқа өнер түрлерімен байланыста дамитын құбылыс ретінде қарастыратынын танытады.
2010 жылы жарық көрген Nox («Түн») — жазушының ағасы Майклдың өмірі мен өліміне арналған ерекше көркем туынды. Кітап дәстүрлі жинақ түрінде емес, ашылып-жазылатын қатпарлы композиция ретінде жасалған. Онда фотосуреттердің, хаттардың, қолжазба жазбалары мен аударма мәтіндерінің көшірмелері қатар орналасады. Жеке қайғы осылайша естелік, тіл және жоғалған адамның бейнесін сақтау мәселелерімен ұштасады.
2012 жылы шыққан Antigonick («Антигоник») Софоклдың «Антигона» трагедиясын жаңаша түсіндіреді. Карсон көне пьесаның этикалық қайшылықтарын қазіргі тілдік және көркемдік шешімдер арқылы қайта оқырман назарына ұсынады. Ал Red Doc (2013) («Қызыл туралы құжат») «Қызылдың автобиографиясындағы» Герион мен Геракл кейіпкерлерін жаңа шығарма кеңістігіне қайта әкеледі.
Float (2016) («Қалқыма») — әртүрлі мәтіндер мен көркем тәжірибелерден құралған жинақ. Оның құрылымы да автордың әдебиетті бірізді баяндаумен шектеуге қарсы өзіндік ұстанымын аңғартады. The Trojan Women: A Comic (2021) («Троялық әйелдер: комикс») атты суретші Розанна Бруномен бірлескен туындысында Карсон антикалық трагедияны графикалық баяндау формасына көшіреді.
Ал Wrong Norma (2024) («Қате Норма») жинағы поэтикалық проза, шағын мәтіндер, мәдени ишаралар мен автордың өз суреттерін біріктіреді. Кітаптың әркелкі құрылымы оның шығармашылықтағы «әдеби туындының тұтастығы міндетті түрде бір сюжетке немесе бір жанрға бағынудан туындамайды» дейтін тұрақты қағидасын тағы да айқындайды.
Қаламгерлік мәнері: дәлдік, үзіктілік және мағыналық қабаттар
Энн Карсонның жазу мәнерін үш негізгі ерекшелік арқылы сипаттауға болады.
Біріншісі — филологиялық дәлдік. Ол сөздің шығу тегіне, тарихи мағынасына, дыбыстық және семантикалық реңктеріне ерекше мән береді. Көне мәтіндер Карсон үшін дайын сюжеттер жиынтығы емес, қазіргі тіл мен ойды сынауға мүмкіндік беретін күрделі интеллектуалдық кеңістік.
Екіншісі — жанрлық еркіндік. Оның шығармаларында поэзия ғылыми пайыммен, жеке естелік мәдени талдаумен, аударма дербес авторлық туындымен қатар жүреді. Жазушы форманы алдын ала белгіленген қалыпқа сыйғызбайды; әр тақырыптың өзіне сәйкес көркемдік құрылымын іздейді.
Үшіншісі — үзік арқылы тұтастық жасау. Карсон кейде оқиғаны толық түсіндірмейді, кейіпкердің ішкі күйін тікелей атамайды, мәтіннің кейбір тұстарын әдейі ашық қалдырады. Оқырманға ұсынылған фрагменттерді байланыстырып, олардың арасындағы мағынаны өзі іздеуге тура келеді. Бұл тәсіл әсіресе «Nox» пен «Қызылдың автобиографиясында» айқын көрінеді.
Карсонның тілі интеллектуалдық тұрғыдан күрделі болғанымен, оның шығармашылығы суық академиялық баяндауға құрылмайды. Керісінше, ғылыми дәлдік пен эмоциялық осалдық бірін-бірі толықтырады. Ол қайғыны, махаббатты немесе жалғыздықты дайын қорытындыға айналдырмай, олардың адам санасында қалай қалыптасатынын көрсетеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Карсонның жаңашылдығы тек дәстүрлі жанрларды бұзумен шектелмейді, қайта ол оқырманның мәтінмен қатынасын да өзгертеді: шығармаға дайын жауап алуға емес, ойлау мен сезінудің жаңа жолдарын байқауға мүмкіндік береді.
Әдеби ортадағы бағалануы және марапаттары
Энн Карсонның шығармашылығы әдеби ортада жоғары бағаланып, бірқатар беделді марапатқа ие болды. 1990-жылдардың соңында «Қызылдың автобиографиясы» арқылы кеңірек танылған жазушы кейінгі еңбектерінде де жанрлық ізденістерін жалғастырды.
2001 жылы ол The Beauty of the Husband кітабы үшін T. S. Eliot поэзия сыйлығын алып, бұл марапатты иеленген алғашқы әйел атанды. Сол жылы Men in the Off Hours жинағы алғашқы Griffin Poetry Prize сыйлығының лауреаты болды. Бұған дейін, 1996 жылы Lannan әдеби сыйлығын, 1997 жылы Pushcart Prize марапатын алған. 1998 жылы Гуггенхайм стипендиясына, 2000 жылы MacArthur Fellowship грантына ие болды.
2010 жылы аударма саласындағы PEN сыйлығымен марапатталды. 2014 жылы Red Doc кітабы Griffin Poetry Prize сыйлығын иеленді. 2016 жылы Blue Metropolis әдеби сыйлығына лайық деп танылды. 2019 жылы Manuel Acuña халықаралық поэзия сыйлығын алды. 2020 жылы Испанияның Астурия ханшайымы атындағы әдебиет сыйлығын иеленді. 2021 жылы PEN/Nabokov халықаралық әдеби жетістік сыйлығымен марапатталды. 2024 жылы Wrong Norma АҚШ Ұлттық кітап сыйлығының поэзия санатындағы финалистері қатарына енді, ал 2025 жылы The Paris Review журналының Hadada сыйлығын алды.
2026 жылғы Нобель сыйлығы осы ұзақ шығармашылық жолды халықаралық деңгейде мойындаған ең жоғары марапат болды.
Әдеби сыншылардың Карсонға деген қызығушылығы оның шығармаларының бір мезгілде әрі ғылыми, әрі көркем, әрі эмоциялық тұрғыдан әсерлі болуымен байланысты. Жазушы Сьюзен Зонтаг Карсонның ағылшын тілінде жазатын авторлардың арасында өзі жариялаған кез келген мәтінін оқуға дайын санаулы қаламгердің бірі екенін айтқан. Бұл баға оның әдеби ортадағы беделін ғана емес, шығармашылығының алдын ала болжанбайтын сипатын да көрсетеді.
Карсонның туындылары оқырманға әрдайым жеңіл беріле бермейді. Жанрлық ауысулар, мәдени сілтемелер мен үзік құрылымдар белгілі бір дайындықты қажет етеді. Алайда дәл осы ерекшеліктер оның әдебиеттегі орнын айқындайды: Карсон көпшілікке таныс сюжетті қайталаудан гөрі, әдебиеттің нені және қалай жеткізе алатынын қайта сынайды.
Нобель сыйлығы және әлемдік баспасөздің бағасы
2026 жылғы 8 қазандағы хабарландырудан кейін Энн Карсонның жеңісі халықаралық ақпарат құралдарының назарын бірден өзіне аударды. Әлемдік баспасөз бұл таңдауды, ең алдымен, оның поэзия, проза, аударма мен антикалық зерттеуді біріктіретін өзгеше көркемдік әдісімен байланыстырды.
Reuters агенттігі Карсонның шығармашылығында өлең, проза, диалог пен аударманың бір-бірімен араласатынын атап өтті. Агенттік Швед академиясының шешіміндегі негізгі ойды — классикалық дәстүрмен шығармашылық сұхбат арқылы қазіргі әдебиетке жаңа формалар әкелуін — марапаттың басты себебі ретінде көрсетті. Reuters материалында Карсонның жанрға қатысты ұстанымы да назарға алынған: әдебиеттің құндылығын кітап дүкеніндегі сөре арқылы анықтау мүмкін емес.
Associated Press (AP) агенттігі Карсонды классикалық және заманауи әдебиетті ұштастырып, поэзия мен прозаның арасындағы шекараны көмескілеткен жазушы ретінде сипаттады. Агенттік «Қызылдың автобиографиясы», «Тәтті де ащы эрос» және «Түн» шығармаларын оның көркемдік ерекшелігін танытатын негізгі туындылар ретінде атады. Сонымен қатар AP Карсонның Сапфо, Софокл мен Еврипид шығармаларын аударуын да атап, бұл аудармалардың дербес әдеби туынды деңгейіне көтерілгенін жеткізді.
The Guardian басылымы Нобель сыйлығының Карсонға берілуін оның төрт онжылдыққа созылған әдеби ізденістерінің мойындалуы ретінде бағалады. Басылым автордың поэзия мен прозаны ғана емес, тарихи мәтіндерді, визуалды өнерді және жеке тәжірибені бір композицияда ұштастыруына назар аударды. Әсіресе «Түн» кітабындағы қатпарлы құрылым мен «Қызылдың автобиографиясындағы» мифтің жаңаша түсіндірілуі оның формалық жаңашылдығын көрсететін мысалдар ретінде берілді.
The Indian Express газеті оқырманға Карсонның негізгі шығармалары арқылы оның әдеби әлеміне ену жолын ұсынды. Басылым «Тәтті де ащы эрос», «Қызылдың автобиографиясы», «Күйеудің сұлулығы», «Сапфоның өлең үзіктері» және «Түн» кітаптарын бөліп көрсетті. Бұл шолу жазушының бір ғана жанрмен шектелмейтінін және көне дәуір мәтіндерін қазіргі оқырманға жақындатудағы қабілетін танытуға бағытталған.
Ал The Guardian басылымында жазушы Юйюн Лидің Карсонға арналған мақаласы жарияланып, оның тілге, қайғыға, құштарлыққа және адам болмысына қатысты терең пайымдарына назар аударылды. Бұл материал Карсон шығармашылығының тек әдеби формадағы тәжірибе емес, оқырманның жеке өмірлік сезімдерімен де байланыс орнататын күш екенін көрсетуімен маңызды.
Халықаралық баспасөздегі осы материалдарды салыстырғанда, Карсонға берілген бағаның ортақ өзегі анық байқалады: ол көне әдебиетті қазіргі заманға жай бейімдемейді, классикалық мұраның ішкі мүмкіндіктерін қайта ашып, әдеби форманың өзін жаңғыртады. Сондықтан Нобель сыйлығы жеке бір кітаптың табысын емес, бірнеше онжылдық бойы жалғасқан көркемдік ізденістің ауқымын мойындау ретінде бағаланды.
Сөз түйіні: классиканы қайталаған жоқ, әдебиеттің мүмкіндігін өзгертті
Энн Карсонның Нобель сыйлығына лайық деп танылуы — қазіргі әдебиетті бағалауда көркемдік жаңашылдықтың, интеллектуалдық тереңдіктің және жанрлық ізденістің маңызы жоғары екенін көрсететін оқиға болып саналады. Оның шығармашылығы антикалық мұраны жаңғырту арқылы өткен мен бүгінді жалғастырып қана қоймай, әдеби мәтіннің құрылымы, мағынасы мен оқырманға ықпалы туралы қалыптасқан түсініктерді қайта қарауға мүмкіндік береді.
Карсонның қаламгерлік келбетін айқындайтын басты сипат — ғалымның дәлдігі мен ақынның сезімталдығын бір көркемдік жүйеге біріктіруі. Ол көне грек мәтіндерін зерттегенде де, жеке қайғыны бейнелегенде де сөздің мағыналық қуатына, үнсіздіктің мәніне және айтылмай қалған ойға назар аударады. Оның шығармаларында миф қазіргі адамның тәжірибесін түсіндіретін құралға, аударма дербес шығармашылыққа, ал әдеби жанрлар жаңа мағына іздеудің ашық кеңістігіне айналады.
Осы тұрғыдан алғанда, Энн Карсонның әдебиетке қосқан үлесі — жаңа тақырыптар ұсынуымен ғана өлшенбейді. Ол әдебиеттің қандай формада өмір сүре алатынын, ғылыми білімнің көркем шығармашылыққа қалай айналатынын және классикалық мәтіннің жаңа дәуірде қалайша тың мағынаға ие болатынын іс жүзінде көрсетті.
Карсон феноменінің түйіні де осында: ол өткеннің мұрасын қазіргі заманға икемдеумен шектелмей, сол мұра арқылы бүгінгі әдебиеттің өзін жаңаша ойлауға шақырады. Нобель сыйлығының оның шығармашылығына берілуі — әдебиетті дайын үлгілерді қайталау өнері емес, тілдің, ойдың және адам тәжірибесінің әлі ашылмаған мүмкіндіктерін зерттейтін үздіксіз ізденіс ретінде танудың көрінісі.
Автор:Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz